Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаш аманаты 2491 4 пікір 28 Қазан, 2022 сағат 13:24

Той үстіндегі ой

Қостанайдан қос бірдей ақын бауырым хабарласты. «Өткен жолы Торғайдағы ұлы жиында бір жақсы ұсыныс, қаперге алардай ой айтып едіңіз. Біз соны қостап, көтермелеп, қолдау көрсетейік десек, ешбір БАҚ бетінде жарық көрмеген сияқты. Осы жағын ескерсеңіз екен» депті. Шынында ескерерлік ой еді, еріксіз қолға қалам алдық.

Төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылған Алаш көсемі Ахаңның тойы қазанның бір жаңасында Торғайда бір-ақ күнде дүркіреп өтсе де, бір жылға татырлық жаңалық-жақсылықтарымен жан жүрегімізге жазылып қалды. Осыдан отыз жыл бұрын араға аттай алпыс жыл салып  «ақталған» Ахаңды туған жұртымен қауыштырып Торғайда айлап жүрген күндеріміз жадымызда жаңғырды. Отыз жыл бұрынғы Торғай Елі (осы аттас энциклопедиямыз да жарыққа шыққан) қандай еді?!. Отыз жыл бұрын біз қандай едік?!. Өтіп бара жатқан өмір, дөңгеленген дүние дейміз де...

Бір күнді алдымызға салып жеткендіктен Торғай басындағы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейін әбден араладық. Ширек ғасыр бұрын осы музейдің жасақталып жатқанын көзбен көріп, қол көмегімізді де бергенбіз. Жаңарған, жаңғырған мұражай жұтынып-ақ тұр. Қос алыптың ғана емес, күллі Торғай өлкесінің шежірелі жылнамасы! Ерді елі туғызады, көне де жаңа Торғайдан кімдер түлеп ұшпады дейсіз?!.  Алаш қайраткерлерінің шоғыры... Жұлдызды Ақындар шеруі... Оқымысты Ғалымдар алқасы... Тұлғалар тұнбасы, Тұңғыштар аллеясы... Киелі Торғай топырағына еріксіз басыңды иесің.

«Ахметтану: күнгейі мен көлеңкесі» атты ғылыми баяндама жасадық. Әрине, қазақпыз ғой, кем-кетікті тізбелеп ұлы тойдың шырқын бұзу әбестеу іс, әйтседе тірлігіміздегі әсіре науқаншылдықты, ғылымдағы жадағай жасандылық пен пәтуәсіздеу жалғандықты айтпасымызға тағы болмады. Торғай-Қостанай туғызған тағы бір қайраткер алып тұлға Мұхаметжан Сералиннің де биыл мерейлі 150 жылдығы екенін еске салдық. «Алаш» партиясына ұйтқы болған «Қазақ» газетінен екі жыл бұрын іргедегі Троицкі шаһарында жалғыз өзі қазақтың тұңғышы  – «Айқап» журналын шығарғанын ұмытуға болар ма?!. Ақиқатын айтсақ, болашақ публицист, дарынды редактор Ахаңның қаламгерлік һәм қайраткерлік тұсауын кескен осы «Айқап» пе?!. Оның қаламын ұштауға септескен қандасы, құрдасы өзі ақын, өзі журналист  Мұхаң еді ғой. Ал қазақтың тұңғыш газеті қайсы дегенде сонау 1911 жылы қиырдағы Орда мен Оралда «Қазақстан» басылымының кіндігін кескен Елеусіз Бұйринның, Ахаң мен Мұхаңның тағы бір құрдасының есімі еске оралады. 1925 жылға шекті «қырғыз» атанған ұлтымыздың атын ақпатша заманында тура атап, мемлекетін түстеп ту қылған сол Тұлғаға қандай құрмет көрсете алдық?!. «Қазақстанын» жауып, Қазақстаннан қудық. «Алашшыл», «халық жауы» деген ғайбатты арыздарды қыр соңынан боратып, қиырдағы Душанбеде қызы екеуі бірдей 1933 жылы бір үзім нанға зар болып, аштан қатты емес пе?!. Салтанаттың үстінде осындай-осындай салмағы ауырлау ойларды да айтуға тура келді. Кім біліпті, мүмкін Жаңа Қазақстанымызға жалпақ, жалпылама мақтау емес, сын-сынақтар да керегірек шығар.

Ал енді ұсынымызға келсек, оны сонау 2013 жылы Қостанай төрінде талай айтқанбыз, шенділердің өзін ұйытып, мақұлдатқанбыз. «Қазақ» газетінің (1913 – 1918) ғасырлық мерейтойын өткізбек болып Қостанай қаласында біршама әуре болған кездеріміз бар-тұғын. Бірақ...

Өзге жұрты көбірек, өз тілін төрге шығара алмаған  Қостанайға қазақтың ұлттық құндылықтарын асқақтататын нақыштар керек-ақ. Қостанай облысы әкімдігінің ғимараты алдында биік тік шаншылған тұғыр (стелла) тұрғызып, қос қапталына қос кітап – «Айқап» пен «Қазақты» бейнелесек деген ұсынымыз сол кезде айтылып еді. Бұл ұсыныс әлі де көкейімізде тұр. Сол себепті үлкен мінберден, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы  мен Қостанай облысы әкімінің алдында тағы да айтылды...

Кей облыс орталықтарына бара қалсаңыз, көңіл сүйсінеді, менмұндалап сол өлкенің паспортына айналған Тұлғалардың ескерткіші қасқайып тұрады. Атырау облыстық әкімдігінің алдында – Сұлтан Бейбарыс, Оралда – Сырым Батыр, Ақтөбеде – Хан Әбілқайыр... Сонда дейміз ғой, Қостанайда неге бір ғасыр бұрын алты миллион Алаш баласын өрге, өркениетке сүйреген «Айқап» пен «Қазақ» ардақталмасқа...

Совет заманындағы иттен көп (компартия газеттері) «Искра» мен «Правда» атаулары есіңізде ме? Неге біз «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа»... атауларын, Алаштың атаулы даталары мен айғақты істерін (мәселен, «Алаштың бірінші сиезі», «Қазақ комитеті», «Алаш әскері», «Оян, Қазақ», «Маса», т.б.) көкке көтеріп, жүрегімізге сіңдіріп, даңғылдарымыз бен парктерімізге, бақтарымыз бен кафелерімізге, мектептеріміз бен мешіттерімізге бермеске...Кім біліпті, қазан аузы жоғары, ол күндерге де жетерміз.

Қостанайдан үшкіл хабар жолдаған қос бірдей ақын бауырым осы бір ұсынысты тағы бір тірілтіп, рухани ойға қозғау салды.

Ғарифолла Әнес

Abai.kz                 

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563