Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 3386 8 пікір 28 Қазан, 2022 сағат 13:19

Қасқыр бабам – акуласы құрлықтың!

АНА ТІЛІНЕ АРАША
немесе суицидтік мінез-құлықтың алдын алу

Жақсылардың қалған теріп жаңқасын,
Тәу етемін туған жердің әр тасын.
Ойға қалам музейлерден көргенде,
Динозавр, мамонттардың қаңқасын.

Әлем біздің мойындайды деңгейді,
«Ел көңілі даласындай кең» дейді.
Неге бірақ Алғыс айту күнінде,
Отандастың тілі «Р»- ға келмейді.

Болашағың набыт болар жәйітті аңда,
Аман қалам тоқтататын тәйт барда.
Өз шындығым алар бәрін түзетіп,
Өз тіліңде өтірік айт, айтсаң да!

Намыстының соры артта, бағы алда,
Немкеттілік құлатпасын тағы орға.
Сене бергін, сөндіреміз жабылып,
Өрт болғанын өз тіліңде хабарла!

Келін түсті әкеп үйге ырысты,
Қуғыншылар әдетінше «құрысты».
Дәу жеңгесі, қарасаң да сөздікке,
Өтінемін, өз тіліңде ұрысшы!

Ертеңіме алаң көңіл, жүндейді ой,
Күдігіңді таң ататын түндей жой.
Өз жеріңде өз тіліңде сөйлемеу –
Өз-өзіңе қол салумен бірдей ғой!..

КҮЛІП ОЯН ҰЙҚЫҢНАН!

Кеудемді кеміріп ой жейді,
Уақыттың ұраны: «Тез, үлгер!».
Адамдар тістеніп сөйлейді,
Күстеніп барады сезімдер.

Оп-оңай жиналар жоқ бедел,
Лүпілге тәуелді сайт-сана.
Бір себеп табамыз өкпелер,
«Сағатың қате» деп айтса да.

Арыңды байлықпен өлшерсің,
Намақұл нарықтың ол заңы:
Бөтеннің баласы өлсе өлсін,
Өз итім болса аман болғаны.

Арғымақ арымай астымда,
Қайтадан көктесін топ алшын.
Келмейді құмырсқа басқым да,
Әкелер үйіне оралсын!

Тәңірден көшпейтін бақ сұра,
Айларды азайтар жыл үптеп.
Түсіңді жорғын да жақсыға,
Күн сайын ояншы күліп тек!

ОРАЛУ

I

Қала шуы қамықтырған қайсың бар?!
Мені, достар, үйде жоқ деп айтыңдар.
Әр кеудеде ашылмаған гүл аз ба?!
Ел аралар кетті деңдер біразға.
Ойландырмас үлкендердің есебі,
Абитуриент қалпым қайда кешегі?!
Қашқың келер қарансудан қашқандай,
Сұрғылт қала... суық еді тас қандай.
Алыстығын, жол жаманын сылтау ғып,
Көп жүріппін туған жерден сырт ауып.
Сыр жағасы біздің қоңыр ағайын,
Жұртқа барып жұпарынан жағайын.
Кесіртке бас келте жалдар артта қап,
Ауыл жақта жатайын бір апталап!

II

Оралу да бір бақыт қой көш аман,
Амансың ба, менің алтын босағам?!
Еске түсер шыбықты ат қып мінгенің,
Өсіп-өнген шаңырағым бұл менің.
Көршісімен шекрасы ауызша,
Біздің шалдар қауқылдасар қауышса.
Шақшасы тұр тозған әбден қолдана,
Шал тіріде «жан бар еді» онда да.
Шәмші қауын үзіп апам бақшадан,
Әңгімесін айтушы еді жақсы ағам.
(Өмір тәтті болғанымен набаттай,
Ай қадалар қабіріңе қалақтай.)
Жеңешемнің күрең шайын сораптап,
Қора жаққа қой айдаймын қомақтап.
Ақын бала оралды деп ел сүйген,
Бір қауым ел келер қазір көрші үйден.
Мұз қатқанша ағатұғын күш алып,
Мынау біздің көп шомылған кіші арық.
Мектебі бар ауыл болып шалғай тым,
Көпірі оның өркениетпен жалғайтын.
Ұрлап шығып өз үйінің тауығын,
Пәленшеден барын айтар қауібін,
Қайран, менің бала күнгі достарым,
Білдік пе біз алда ұзақ көш барын?!
Бір-бірінің ысқырығын танитын,
Жігіттерді жинаушы еді шағи түн.
Бағанада жанған сәтте ескі шам,
Жарығымен басталатын кешкі сән.
Құстар ән сап нотасына қарамай,
Жұлдыз сөнбей, атпаушы еді таң оңай.
Көрші қызға жүрегіңді ұрлатып,
Сұлу айға қарап тұру бір бақыт!
Әжімі жоқ ақ қамырдай алқымы,
Сол арудың ерекше еді тартымы.
Қазір бізден уақыт озып бәйге алды,
Ол - кептертөс келіншекке айналды.
Қайда сол бір біз сырласқан ақ қайың,
Жаңартты екен қай тапшанның тақтайын?!..

III

Дәрігерге барғанымен ем қонбай,
Тәуіп іздеп кететұғын жандардай,
Кешіріңдер, кейде осындай күйге енем,
Бұлай өмір сүруді де үйренем.
Дарияның бір сүңіп ап суына,
Қайта сіңем Алматының шуына!

ЖІГЕРЛЕНДІРУ МАРШЫ

Сый көрсетсем гүл ап барып,
Боласыз ба қарсы не?!
Сахнада құлап қалып,
Жасымаған әншіге!

Тергеушіні кім тыя алған
Қорқытатын торымен?
Әйел затын тінти алған
Бала ойнатар қолымен.
Намысыңды етпе көкпар,
Сынақ аз ба соққы алар?
Межесіне жетсе тоқтар
Қасапшы да сертке адал.

Әсем бейбіт таң ырғағы,
Ондай зергер жоқ ұста.
Қайғыра алар жаның бары
Қуантады соғыста.

Ойлап арсыз заман барын,
Түсер көңіл, деңгей тым.
Қайтыс болған адамдарын
Музыкамен жерлейтін.

Арзан қойсаң зат бағаға,
Науқанды ел қолдайды.
Ал ажалдың патшаға да
Жеңілдігі болмайды.

Өмір жүйрік қара жирен,
Жылдар өтер сан түлеп.
Өлімге де қарап үйрен
Ата-баба салты деп!..

МЕНІҢ АЛИБИІМ

Сұлу ойдан аршып алдым алты кен,
Мейірімсіз адам шығай заты кем.
Су жәндігі медузада, о, тоба,
Жүрек деген болмайды екен атымен!

Ақын өлсе қайғырмаңдар тым қатты,
Оқырманы тірілтеді қымбатты.
Кітап болып қайта келем әр үйге,
Суретім де айта алады сыр жақсы.

Тұқмат даудың оңай тимес қорлығы,
Жанарларда жасырулы көл мұңы.
Ізгілікке шақыратын жыр жазам,
Қылмыс саны азаятын сол күні.

Антқа адал алғадайға сай нәтім,
Алыстаған ағайыннан ай жақын.
Ақымақты ойландырар сөз айтам,
Етке өткізіп жіберетін бәйге атын.

Шабытымның шаңқан бозы сенерім,
Арғымақ жыр қолтығын бір сөгемін.
Дәлелдейтін болғанымды өмірде,
Жалғыз менің алибиім – өлеңім!

ҚҰРЛЫҚТЫҢ АКУЛАСЫ

Сексен алты сынап берген серт үлгi,
Тоқсан бiрдiң рухы неге кертiлдi?!
Қазақшалап сөйлегенге таңғалдық,
Тiсi бүтiн кемпiр көрген секiлдi.

Тамырынан безген алмай сазайын,
Түнге тұтқын азат реңдi арайым.
Тiлiмiзге теңдiк келмей қойды ғой,
Тойға ауызша шақырғандай ағайын.

Тез ұмыттық таптағанын әлдiнiң,
Қабiрi жоқ жапырақтың тағдырын.
Ұлт мүддесi – гострольдiк баладай,
Әке табу қиын одан дәл бүгiн.

Алынғанмен мойнымыздан қарғыбау,
Жайын ауыз жаһандану – алғы дау.
Жариялы, ашық қоғам құруды
Стриптизбен шатастырып алдық-ау.

Өз жерiнде бiзден басқа кiм кезбе?
Ұлттан кету жамап бiттi түрдi өзге.
Хазар халқы сақтау үшiн өз тiлiн
Тоты құсқа жаттатыпты бiр кезде.

Бұл мысалдан мәнi терең сырды ұқтым,
Сау басымды бәңгi етерлiк мұң жұттым.
Ойлант бiздi, түркiлердiң тотемi –
Қасқыр бабам – акуласы құрлықтың!

Бекжан Әшірбаев

Abai.kz

8 пікір