Сенбі, 10 Маусым 2023
Құйылсын көшің 2239 8 пікір 27 Қазан, 2022 сағат 13:49

Ұлттық тұтастану һәм шеттегі қазақ диаспорасы

Ұзаққа созылған сыртқы шапқыншылық, ішкі тақ-талас кесірінен әсіресе, екі көрші алып империяның ірге кеңейтуінен Қазақ хандығы ыдырап, территориясы бөліске түскенде Қазақ ұлты шекара аттаған ұлтқа айналды.

Одан кейінгі Тәуелсіздік үшін қарулы күрестің жеңіліске ұшырауына байланысты, отаршылдардың түрлі-түсті саяси қоғамдық өзгерістері мен науқандарының кесірінен Қазақ халқы аштыққа, репрессияға ұшырап, жан сауғалап көрші елдерге босып кетті. Сондықтан әлемнің қырық неше мемлекетінде Қазақ диаспорасы қалыптасты.

Қазақстан Тәуелсіздік алғанда жетпіс жыл бойы жүргізілген жоспарлы экономиканың негізінде қосалқы бөлшектері одақтас республикаларға тәуелді өнеркәсіп системасы қалыптасса да, табиғатқа, көрші славян елдеріне иек сүйеген аграрлы елге айналды. Сонымен бірге ғасырлар бойы жүргізілген отарлық саясаттың зардабынан көп дінді, көп ұлтты, дәстүр мен салт-санасы бөгделеніп Кеңестер Одағының «ұлттар лабораториясы» болып қалыптасты. 1989 жылы жүргізілген бүкіл Кеңестік халық санағында Қазақстандағы жергілікті ұлттың үлес санағы 40,1%-ды әрең құрады. Олардың 40%-ға жуығы өз ана тілінен мақұрым қалды.

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда, Қазақстан нарықтық қатынастарды жолға қойып, Батыстың инвесторларының елге кіруіне қолайлы атмосфера қалыптастырды.

Екінші, ұмыт болған салт дәстүрлерді, ұлттық мерекелерді қалпына келтіріп, діни наным-сенімге еркіндік берді.

Үшінші, Тәуелсіздік үшін күрескен батырлар мен хандарды дәріптеп олардың мерей тойларын республика көлемінде атап өтті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Абай, Мұхтар, Жамбыл, Құрманғазы сынды тұлғалардың мерей тойлары БҰҰ-ның, ЮНЕСКО-ның көлемінде тойланды.

Төртінші, елді мекендердің атаулары мен ірі қалалардағы көше атауларына жаңарту жасалып , ұлттық рең берді.

Бесінші, ең маңыздысы әлемнің қырық неше еліне пытырап  кеткен қандастарға үндеу жарияланып, олардың тарихи отанына қайтып келуіне заңды, құқықтық тұрғыдан мүмкіндік берілді.

Міне, осы заңдардың қабылдануы, жоғарыдағы жұмыстардың атқарылуы, көші-қонға қатысты заңдардың қабылдануы барысында Қазақтың ұлттық тұтастану үдерісі мемлекеттік, халықтық, халықаралық сипат алып, барлық ұлттар мен ұлыстарды жетекші ұлттың айналасына топтасып саяси бірліктің нығаюына, экономиканың өсуіне игі әсерін тигізді. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі ең шарықтаған кезде 9,1%-ды құрады. Тәуелсіздік тұсында жалпы халық болып нарыққа көшкенімізде зауыт, фабрикалар жабылып, халықтың әлеуметтік жағдайы қиындағанда елімізден неміс, орыс, украин және кавказ ұлттарынан үш милионға таяу адам өз тарихи отандарына үдере көшті. Міне, осы бостықты қандастарымыз келіп толтырды.

«2011 жылға дейін келген 860000 қандастарымыздың 9,2%-ы жоғары білімді, 20,5%-ы арнаулы орта білімді, 65,0%-ы  жалпы орта білімді. Еңбекке қабілетті жастағылар 54,1%-ды құрады, он сегіз жасқа дейінгі балалар 41,2%, қалғандары зейнеткерлер», ( Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу 1991-2012 «509» бет ). 2021 жылы халықтық жалпы санақта мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы 70%-ды құрады. Міне, бұл еліміздің ішкі-сыртқы саясаты үшін стратегиялық маңызы бар үлкен табыс болып табылады.

Диаспоралардың өз еліне оралуы әлемдік құбылыс. Осы үдерістің басында Германия, Израиль сияқты дамыған елдер көш бастап тұр. Қазір осының қатарына Қазақстан, Польша, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты елдерде қосылды. Олардың жинақтаған тәжірибелері әлемдік өркениеттің дамуына, бейбітшіліктің қалыптасуына, адам капиталының дамуына игі әсерін тигізуде.

Диаспора елімізге жаңа қан болып құйылды. Дәстүр мен тілді, салт пен сананы алып келді. Сонымен бірге елімізге қосылған демографиялық, экономикалық, қаржылық, техникалық, мәдени, ғылыми және еңбек ресурстары ретінде әр салада еңбек етіп, ұлттық тұтастану үдерісін сандық, сапалық деңгейге жоғарлатты. Ұлт көшбасшысы ортаға қойған «мәнгілік ел» жобасын толықтырды әрі кемелдендірді.

Омарәлі Әділбек

Abai.kz

8 пікір