Сәрсенбі, 28 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110832. Жазылғандар — 105883. Қайтыс болғандар — 1825
Жаңалықтар 2027 0 пікір 4 Ақпан, 2013 сағат 05:46

Мүсілім Әмзе: «Өнер бәсекелестікке ғана дамиды»

Суретте: дирижер Мүсілім Әмзе

Мұқан Төлебаевтың туғанына  - 100 жыл

 

Өнер - халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі.  Мәдениет арқылы ұлттың бейнесін айқындар болса, қазақ өнері - әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеу салып, өрнегін айшықтағаны анық. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған,  шырайы кетпеген өңірі - Жетісу жері. Осындай шұрайлы жерден Мұқан Төлебаев сияқты ұлы композитор  шықты. Биыл қазақтың бір туар композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына байланысты Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрі еліміздің жер-жерінен танымал дирижерлерді шақырып, бірге концерт беруді жоспарлаған екен. Бұл шара жыл бойы жалғасады. Міне, сол бастаманың алғашқы шымылдығын Талдықорған төрінде халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе «Сырлы саз» атты концерттік кешімен ашты. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен шараға өңірдегі оркестрдің шымыр үнін, сыйқырын жүрегімен сезінетін, ұлттық өнерді ұлық тұтатын тыңдарман тегіс жиналды.

 

Суретте: дирижер Мүсілім Әмзе

Мұқан Төлебаевтың туғанына  - 100 жыл

 

Өнер - халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі.  Мәдениет арқылы ұлттың бейнесін айқындар болса, қазақ өнері - әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеу салып, өрнегін айшықтағаны анық. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған,  шырайы кетпеген өңірі - Жетісу жері. Осындай шұрайлы жерден Мұқан Төлебаев сияқты ұлы композитор  шықты. Биыл қазақтың бір туар композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына байланысты Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрі еліміздің жер-жерінен танымал дирижерлерді шақырып, бірге концерт беруді жоспарлаған екен. Бұл шара жыл бойы жалғасады. Міне, сол бастаманың алғашқы шымылдығын Талдықорған төрінде халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе «Сырлы саз» атты концерттік кешімен ашты. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен шараға өңірдегі оркестрдің шымыр үнін, сыйқырын жүрегімен сезінетін, ұлттық өнерді ұлық тұтатын тыңдарман тегіс жиналды.

 

Орыс композиторы М. Глинка: «Музыка халықтан шығады, ал біз, композиторлар оны тек өңдейміз», - деген екен. Осы сөздің жаны бар, дирижер Мүсілім Әмзе - Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев салған ұлы жолдан нәр алған дирижер. Оның осы біліктілігі кеш барысында Мұқан Төлебаев атындағы оркестр өнерпаздарының шеберлігімен ұштасып, ұлы өнердің өшпес үнін жүректерге сеуіп кетті. Дені халық музыкасымен астас, түп-тамырынан нәр алып, біте қайнасқан дүниелер. Мұны кеш барысында анық ұғындық.

 

Тартымды кеште  бірқатар дүниелер тыңдарман назарына ұсынылды. Құрманғазының «Саранжап» күйімен басталған бағдарлама барысында жаңадан жазылған Бөрі Исаның «Мерекелік күйі» мен «Желтоқсаны», Кенжебек Күмісбековтың «Биші қайың», «Аманат», Қайырғазы Төленнің «Көне қала

 

Бытығай», Ермұрат Үсеновтың «Шыңырау құс», Ахмет Әлпекұлының «Увертюра» туындылары оркестрмен бірінші рет орындалды. Сонымен қатар, Мұқан Төлебаевтің «Той», Сүгірдің күйі «Ыңғайтөк», Еділ Құсайыновтың «Алтын орда», Дайрабайдың күйі «Дайрабай», Әшімтайдың күйі «Қоңырқаз» Н. Тілендиевтің күйі «Ақсақ құлан» (домбырада Талғат Оразаев) және «Махамбет» поэмасы, Николаидидің «Концерттік күйі» орыстың халық әні «Как у бабушки козел» (баянда Талғат Полатов) шығармалары да тыңдаушысын тапты. Сондай-ақ, оркестрдің сүйемелдеуінде ҚР мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков халық әні «Халәулім-ай» және «Дей салдым-айды» шырқаса, республикалық байқаулардың лауреаты Құралай Шаяхметова халық әні «Гаккуді» нақышына келтіреорындады. Қай қырынан келсек те, кеш тамаша өтті.

 

Расында оркестрмен орындалған әрбір туындыға нар сіңіретін, жан кіргізетін дирижердің еңбегі болып табылады. Яғни, бір күйді әр дирижер әр түрлі жеткізуі мүмкін. Өйткені, дирижердің шеберлігі - нотаға қарай аспапты ойната білу мен аспаптың үніне сай орындалатын шығарманың жалпы құрылымын құрумен парықталады. Осы тұрғыдан келгенде, жас дирижер Мүсілімнің әуеннің музыкалық-поэтикалық құрылымның күрделі формасын таңдап алып, оны шығарманың даму барысы, қалыптасуы, шарықтауы және шарықтау шыңына (кульминациясы) үйлесімді қолдана білуімен ерекшеленді. Көпдауысты, толыққанды дыбыс үндестіктері фактура мен музыкалық шығарманың оркестрлік мазмұнын аша түсті. Осылардың барлығы шығармаға мақтаныш, жігер, рухтық тебіреніс пен ұлттық рең берді.

 

Мүсілім Әмзе: «Сегіз қырлы, бір сырлы» дирижер, үш жоғары оқу орнын тамамдаған білікті музыка маманы, жастайынан музыкаға әуестеніп, сол әуесін кейінгі ұмтылысымен ұштастырып, қазақ музыка әлемін өзіндік талғаммен, шеберлікпен, сүйіспеншілікпен жоғары биікке көтерген өнерпаз. Сондықтан Талдықорған төрінде оның дирижерлік қыры толығымен ашылды. Қай қырынан келсек те, композитор да, әнші де, халық-аспаптар оркестрінің өнерпаздары да бар өнерін ортаға салды. Әрине, төрт құбыласы тең түскен өнер туындысы бар жерде шабыттың биік белеске шығатынын аңғардық. Кеш соңында көпшілік өнер адамдарының бағын ашып, талантын ұштауға қашан да дайын тұратын, аталмыш кешті ұйымдастыруға мұрындық болған облыстық филармония басшылығына алғысын білдіріп тарқады.

 

Тыңдарманды біліктілігі, шеберлігі, жан-жақты білімділігімен тәнті еткен  дирижерді орайы келгенде әңгімеге тарттық.

- Мүсілім, әңгімені Талдықорғанға келу мақсатыңнан таратсақ?

- Өнердің сан қырын терең меңгерген, қазақ операсын әлемдік деңгейге көтерген, айта берсек, Нұрғиса Тілендиев атамыздың өзі құрметтеген, ұстаз тұтқан  Мұқан атамыздың мерейтойына орай көпшілікке концерт беру екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ деп есептеймін. Концерттің негізгі мақсаты кеш барысында айтылды. Десе де, осындай мүмкіндікке жол ашқан Сүйінбай атындағы облыстық филармония басшылығына алғысымды білдіре кеткенім дұрыс шығар. Өйткені, сазгердің бағын тек осындай салиқалы қадамдар ашады. Алайда, бүгінгі концерттің орны бөлек. Себебі, мұндағы көрерменнің дені Мұқан атамыздың аруағын сыйлап келеді. Сондықтан көрерменге ұсынатын туындыларымыз соған сай болғаны жөн. Осы мақсат аясында біраз дайындалдық. Репертуарымды кезінде тыңдарманын тапқан, алайда, кейінгі кезде сахнада көп ойналмаған  шығармалар мен жаңадан жазылған туындылармен толықтырдым. Көргеніңіздей, төккен теріміз өтелген сияқты. Көпшілік жақсы қарсы алды. Шымылдық ашылғаннан бастап, концерт аяқталғанша дуылдаған шапалақ үнінен зал тыншыған жоқ. Мұндай көңіл-күйге Мұқан атамыздың атындағы оркестрдің де шығармашылық деңгейінің жоғарылығы сеп болды.

- Дұрыс, «Отызында орда бұзады» деп жатамыз, осы ретте жеке шығармашылығыңыз туралы да біле кетсек?

- Қазірше орда бұздым деу ерте шығар. Бірақ, біраз еңбек еттім деп айта аламын. Басында өнерге домбырашы болып келдім, кейін оркестр факультетінде контрабас мамандығын меңгердім, операда, балетте оркестрлік білімімді сыннан өткіздім, «жігітке жеті өнер де аз» дегендей, тағы да дирижер мамандығын меңгеруге жол түсті. Қазірде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында опера-симфония дирижері мамандығы бойынша магистрантпын. Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев ағамыздың жетекшілігімен ғылымға ден қоюдамын. Өнер жолында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижер болдым, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында, Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде дирижермін. В. Папянның жетекшілігімен Израильдің Ашдод симфониялық оркестрінде, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында тәжірибеден өттім. Қысқасы, өзімнің шығармашылық біліктілігімді шыңдайтын қомақты тәжірибе жинадым деп айта аламын.

Әлбетте, отыздағы жігіттің осындай өреге жетуінің өзінде үлкен талпыныс жатқаны анық. Десе де, таным тұрғысынан келгенде нақты неге қол жеткіздіңіз?

- Еліміздегі және шетелдердегі өнер ұжымдарында жиған тәжірибем мен көкейге түйгеніме сүйеніп айтсам, халқымыздың бай да мазмұнды музыка мұрасы ешбір ұлттың жауһарынан кенде емес екендігіне көз жеткіздім. Бірақ, біз соның бағасын асырып,  қадір -қасиетін бағалаудың  жолына түсе алмай келеміз. Айталық, Мұқан Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсы шетелдік опера жауһарлары қатарында тұратынын  мақтанышпен айта аламыз. Ал Нұрғиса Тілдендиев атамыздың «Отырар сазы» оркестрі күллі дүниені тамсандырғаны да кеше ғана. Осы жайларды ой елегенінен өткізе келіп, қазіргі ұлттық музыкасының қаймағын бұзбай халыққа насихаттауды өзіме мақсат етіп,осы жолда ізденіп, талпынып келемін. Қазақ музыкасын тек мерекелік шараның ғана көркін ашатын өнер ретінде қарамай, ұлттық саз өнердің саф туындысы ретінде таныту үшін алдыма үлкен мақсат қойдым.

- Қазақтың ұлттық музыкасын әлемге танытуға не кедергі болып тұр?

- Қазір өнер де бәсекелестік негізде өрбиді. Сондықтан өнерден нәпақа іздеген мақсатты жұмыста ұжым мен концерт ұйымдастырушы тарап шығынға ұшырамауы керек. Ол үшін оркестр, ансамбль репертуары жаңа әрі заман талабына сай дүниелермен толығып, көрерменді өзіне баурай алуы керек. Біздің отандық оркестрлердің қазіргі деңгейі төмен емес. Тіпті, репертуары, өнерпаздары, музыка аспабы, костюмі тұрғысынан келер болсақ, бабаларымыздың бай да мазмұнды мұраларды қалдырғанына тәнті болмасқа  шараң жоқ. Өкініштісі, жарнамалық тұрғыдан жетіспей жатқан жеріміз көп ақ. Қазір интернет заманы. Шетел ұжымдарының бәрінде жеке сайт бар. Олар кез келген уақытта бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатып, өзіне керекті дүниені іздеп таба алады. Біздің ел бұл жағынан кенже қалған.  Сазгерлермен де байланыс осы шамалас. Шығармашылық байланыс болмаған жерде өнер өркендемейді. Егер осы мүмкіндікке қол жеткізсек,  ұлттық өнердің бағы жанып, басқа елдердің сахнасында салиқалы өнер көрсете алар едік.

- «Концертті көрермен таразылайды» деген түсінік бар...

- Әлбетте, көрермен концертке жүрек қалауымен келеді. Сондықтан композитор, дирижер, өнерпаздың жадында көрерменнің талғамы тұрғаны жөн. Тек кеш өтсе, міндетім бітсе дейтін ұғым орын алса, ол музыканттың да, ұжымның да соры, көрерменнің де сенімінен айырылады. Жасыратыны жоқ, арамызда өзі үшін өнер көрсететін арзан концерттер жетерлік. Ал, шетелдерде мұндай жағдай аз ұшырайды. Концерт берген әрбір ұжым міндетті түрде бірінші концертін екінші шығармашылық ізденісіне арқау етіп, елдің ықыласын баурауға ұмтылатынын байқадым.

- Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі концерт сол ойдан шығады деп айта аласыз ба?

- Әрине, бұл концерттің мақсаты бөлек. Бірақ, мен осы жолы тыңдарманға ұмыт бола бастаған көне әуендерді жеткізуді мақсат еттім. Сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен бірқатар жаңа туындылар орындалды. Бұл тыңдаушыға белгілі деңгейде әсер етеді деп айта аламын. Ал келесі концерт беретін дирижерлер өз өнімін басқаша қырымен, өзгеше жаңалықпен ұсынатын болса, олар да тыңдарманның алғысына бөленетіні айдан анық.

- Дирижерліктің қызығы мен қиындығы неде?

- Расында, көпшілік бұл мамандықтың тылсым құпиясын толық түсініп  біле бермейді,білуі де шарт емес. Жұрт алдына шыққан дирижердің мақсат міндеті  -таяқты арлы-берлі сермеу емес, өнердің барлық саласынан хабары бар білікті де білімді болып, өнерпаздарды бір идеяға жұмылдырып, иіріп әкетіп, тыңдаушыны өзгеше күйге бөлеп, рухын көтеру болса керек. Оның қызығы да қиындығы да сол.

-Өзіңіз бірнеше орында жұмыс істейсіз, алдағы уақытта еліміздің бірқатар өңірінде концерт беруді жоспарлап отырсыз. Соның бәріне қалай уақыт табасыз?

- Бұл - менің мамандығым, таңдаған жолым, алысқа жеткізетін бағытым. Әрине, арман таусылмайды. Алға жүрген сайын қиындық пен келеңсіздіктер көбейе түседі. Бірақ, қайтар жол жоқ. Ең бастысы, тыңдарманымның талғамынан шықсам болғаны.

-Әңгімеңізге рахмет.

 

Түйін

Әлбетте, Мұқан Төлебаев өз ойы, өз үні бар дарын иесі ретінде жарқ етті. Әсіресе, композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған ән-романстары музыка өнеріне деген талғамын, суреткерлік шеберлігін танытатын бір белгі. Ол туған халқының ұлан-ғайыр ән-күй шығармашылығынан, халықтың музыкалық университетінің бөлімдерін толық меңгеріп барып, кәсіптік музыка жолына түсті. Сондықтан да оның шығармашылық туындылары рухани қазынаға қосылып жатқан үлкен үлес деп қараймыз. Мұқан Төлебаев үздіксіз оқу, іздену, ерінбей еңбек етудің арқасында музыка өнерінің ең биік шыңы - опера жазып, соңында өшпес із қалдырды. Сондықтан бүгінгі ұрпақ оның дарынын, ұлылығын қалай бағалап, қадірлесе, дәріптеп, насихаттаса артықтық етпейді.

Сұхбаттасқан - Қажет Андас

ABAI.KZ

0 пікір