Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 1866 0 пікір 26 Қазан, 2022 сағат 12:53

Мәжіліс жер учаскелерін беру процесін цифрландыру туралы заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды. 

«Бүгінде жер үшін, ол жердегі жылжымайтын мүлік үшін бөлек мемлекеттік акт беріледі. Ендігі уақытта екеуі біріктіріліп бір ғана мемлекеттік акт болады. Аталған жаңашылдық жүйені, саланы дамыту үшін қабылданып отыр. Өйткені халықаралық тәжірибе бойынша жер мен жылжымайтын мүлік бірге жүреді. Мысалы, Нидерланд, Оңтүстік Корея және көптеген елдерде кадастрлық төлқұжат әрдайым жер және жылжымайтын мүлікпен бірге болады. Менің ойымша, кадастрларды біріктіру тиімді. Сондай-ақ азаматтар үшін құқықтық және жер кадастры туралы, қоғамдық кадастрлық картадағы жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Мәжіліс отырысында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, жаңа мемлекеттік кадастрлық карта арқылы бос жер учаскелері туралы ақпарат алуға болады.

«Осы картада өзіңізге ұнаған жер учаскесін таңдап, заңнамаға сәйкес бұл жерді аукционға шығару үшін өтінім беруге бастамашылық жасай аласыз. Содан соң «Электронды үкіметтегі» жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Осылайша бос жер учаскелерін алу бойынша ашықтық пен қолжетімділік арта түседі», - дейді ол.

Abai.kz

0 пікір