Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3525 0 пікір 4 Ақпан, 2013 сағат 05:12

Ғарифолла Әнес. ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН «ҚАЗАҚ» (жалғасы)

1-суретте: (оңнан солға қарай) Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы

2-суретте: "Қазақ" газетінің бірінші беті

3-суретте: филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес

 

Биыл - «Қазақ» газетінің 100 жылдығы. Қазақ баспасөзінің қарлығашы һәм бұлақ басы осынау газет тұтас ұлтты жаңа сапаға көтерген басылым. «Қазақ» газеті - ұлттың шамшырағы.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды үш алып бәйтеректің қара тырнақтарынан хәл кеткенше ұлтына қызмет еткендігінің өлмес айғағы да осы - «Қазақ».

«Қазақ» қазақтың жаңа заманда саяси ұлт болып қалыптасуына негіз болған әрі бірден бір жоқшысы бола білген газет.

Осы жылдың өн бойында жарық көргеніне бір ғасыр толған басылым жайлы мақалаларды жария етіп,  өткізілетін іс-шаралар турасында да толықтай хабар беріп отыратын боламыз.

Төменде филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің «Қазақ» газеті жөніндегі мақаласының жалғасын жариялап отырмыз.

Abai.kz

1-суретте: (оңнан солға қарай) Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы

2-суретте: "Қазақ" газетінің бірінші беті

3-суретте: филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес

 

Биыл - «Қазақ» газетінің 100 жылдығы. Қазақ баспасөзінің қарлығашы һәм бұлақ басы осынау газет тұтас ұлтты жаңа сапаға көтерген басылым. «Қазақ» газеті - ұлттың шамшырағы.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды үш алып бәйтеректің қара тырнақтарынан хәл кеткенше ұлтына қызмет еткендігінің өлмес айғағы да осы - «Қазақ».

«Қазақ» қазақтың жаңа заманда саяси ұлт болып қалыптасуына негіз болған әрі бірден бір жоқшысы бола білген газет.

Осы жылдың өн бойында жарық көргеніне бір ғасыр толған басылым жайлы мақалаларды жария етіп,  өткізілетін іс-шаралар турасында да толықтай хабар беріп отыратын боламыз.

Төменде филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің «Қазақ» газеті жөніндегі мақаласының жалғасын жариялап отырмыз.

Abai.kz

1911 ЖЫЛ, «АЙҚАП» ЖУРНАЛЫ. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман өткен ғасыр басында бес жыл бойы тұңғыш ұлттық журналымыз «Айқапты» Троицк қаласында көрнекті ақын, қарымды журналист Мұқаметжан Сералиннің (1872-1929) шығарып тұрғанынан хабардар. Басылымның ғасырлық тойы кезінде кең көлемді насихатты, дерегі мол зерттеуді, ең бастысы М.Сералиннің шығармаларының көптеп таралуын күткеніміз рас. Оған қоса бірегей әдеби-мәдени жәдігеріміздің мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасынан сырт қалғаны да түсініксіз жайт болды. Кеңес заманының өзінде тыйым салынбай қолжетімді болған, барлық сандары шашаусыз түгел сақталып бүгінге жеткен осы бірегей ескерткішімізді әлі күнге толық, түпнұсқа (факсимельді) күйінде жарыққа шығарып, мұра ретінде бойға сіңіре алмай келе жатқанымыз өткенге деген енжарлығымыздың көрінісі ғана емес, тарихи деректану, филологиялық ғылым-біліміміздің деңгейін де айқындаса керек...

Біз қаншама жылдар бойы іздестірсек те бірде-бір қазақ басылымының, баспа мен баспаханасының архивін таба алмай-ақ келеміз. Сол себепті олардың штаттық кестесінің қандай болғандығын, кімдердің шығармашылық және техникалық қара жұмыс атқарғанын,  нақты тираждарының сан-мөлшерін тұжырып айта алмай, осыдан жарты ғасыр бұрын проф. Б.Кенжебаев, проф. Х.Бекхожин, қаһарман ғалым апамыз Ү.Сұбханбердиналардың жазып кеткендерінің өрмегін өзгертіп, қайталаудан танбай келеміз. Біздің пайымымызша, «Қазақстанның» да, «Айқаптың» да таралымы ең көп дегенде мыңнан аспаса керек. Әрине, ол кезде 1000 дана деген де қомақты тираж саналатын, өйткені атақты татар газет-журналдарының өзі шауып шыққанда 5 мың, ал жалпыұлттық газет «Қазақ» өзінің шырқау шегінде 3 мың жарым  (3000 жазылушы және сатылымға 500 данасы түсті дегенде) дана таралымнан артпады...

Бізге бір белгілісі 1913 жылы «Қазақ» газеті: «Осы ағұсты жұлдызының 7-нде сағат 12-де «Айқап» журналының хатшысы Акрам мырза Ғалимов дүниеден қайтып, 8-нші ағұста Тройскіде зор тәрбиемен жаназасы шығарылды. ...Акрам мырза Ғалимовтың заты ноғай. Ақмола шаһарының мешаны, жасы 22-де еді. Өзі қазақ ішінде туып-өскен һәм көбірек ғұмырын қазақ ішінде молдалыққа тұрып өткізгендіктен қазақ тілін таза, бір қазақ баласынан артық білмесе, кем білмеуші еді. Ғылымын Тройскідегі медресе «Расуеде» алған. Ноғайша һәм қазақша жазған бірталай өлеңдері бар, өз атының орнына көбінесе «Шала татар», «Қараторы жігіт» деп қол қоюшы еді. Қазақша «Жастық жемістері» деген өлең кітабы бар. Жұрт білімдар, қолынан іс келетін адамдарға өте мұқтаж бір заманда Акрам мырзаның арамыздан жоғалуы ұлт үшін зор қайғы», - деп жазады. «Тройскіге келгеніне жыл да толған жоқ» дегеніне қарағанда «Айқапта» да көп істей қоймаған сияқты. Сонымен бірге «Қазақ» осы жылғы желтоқсанның 22-дегі санында: «Айқап» журналының басқарушысы Мұхамеджан мырза Сералин сүзек ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Сол себепті ...  «Айқап» журналы уақытша тоқтап тұрады» деген хабарлама басып, редакция өз атынан: «Ұлтқа қызмет ету жолындағы жолдасымыз Мұхаметжан мырзаның тезірек саламаттанып іске кірісіп, журналын ілгері бастыруына тілектеспіз» деп түйіндейді.

«Қазақ» газеті әдеттегідей алғашқы сандарында өздерінің тұсаукесеріне байланысты арнау, құттықтауларды көптеп жариялады. Солардың қай-қайсысында да «Қазақтан» екі көйлек бұрын тоздырған «Айқап» атаусыз қалған емес. Мәселен, 4-ші санда журналдың қызметкері Сұлтанмахмұт Торайғыров Тройскіден сәлем жолдайды: «Қараңғы тұман түнде еді/Қара қазақ баласы./Бір жағынан «Ай» туып,/Бір жағынан «Күн» туып,/Жарық көрді Алашы».

Әрине, «Қазақтың» тұсауы кесіліп, екпіні күннен-күнге үдеген сайын «Айқап» жабылып қала ма деген күдік те тумай қоймады. Ондай көңіл-күйдің көрінісі елде жатқан Шаһкәрім ақсақалдың мына бір уайым-хатынан жинақы көрінеді: «Білімсіз ел жас бала сияқты. Бір жаңа нәрсе көрінсе бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп күдік көремін. Тәмам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас. Екеуін де алу керек!  Тағы бір сөзім: осы бір газета, бір журналымызды үлкейтеміз, көбейтеміз демей, қолдағы бар екеуін көп кісі алып оқуға тырыссақ болар. Осыдан артықты көтерер шамамыз жоқ қой әзір деп ойлаймыз. Оқушымыз бен байлығымыз белгілі ғой!..» («Қазақ», 1913, №18, 16 июнь). Жылдық жазылым бағасы 3 сом («Қазақ» аптасына 2 рет шыққанда оны 4 сомға көтерді) болған қос басылым нөмір сайын «қазағым, қасқыр тартып кететін, болмаса қонаққа соятын бір тоқтыңды қи» деп жалына беруі ол кезде де, бүгінгі күн биігінен де ойланарлық-ақ мәселе, қарындас ноғай бауырлардың белсенділігімен салыстырғанда намысқа да тимей қоймайды. Бас жазушы Ахаң - А.Байтұрсынұлы 1915 жылғы беташар бас мақаласында: «Газета алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды. Келесі жылы 3 мыңға таяу болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды. ... Газета жетісіне бір шығып тұрған кезде біріміз жұмыс басында қалып, біріміз сондай жұмысқа (газета алдыруға. - Ғ.Ә.) жүруге мұршамыз келді. Газета екі шыққан кезде жүруге мұршамыз келмеді, алушылар азайды. Тағы бір шығаруға түсіп, жүруге мұршамыз болып еді, алушылар тағы көбейе бастады», - деп өз тұсының шындығынан хабардар етеді. Және газет алушыларды, яғни оқырмандарды былайша жіктеп-жіліктейді: «Қазақта газета алушылар үш түрлі. Олардың біреулері газета оқуға ынтық, газета оқу керек нәрсенің бірі деп тұтынады. Бұлар жұрт халіне көз салып, жұрт ісіне ой бөліп, газета сол жұрттың  көзі, құлағы, тілі екендігіне иман келтірген оқушылар. Бұлар ешкімге айттырмай-ақ намазын қаза қылмайтын ғибадатшылар сияқты газетаға мезгілімен жазылып, үзбей алып, оқып тұратындар. Екінші түрлі алушылар газета оқуға ынтасыз да емес, онша әлгілер сияқты ынтық та емес. Бұлардың ішінде газета жұртқа көз-құлақ болады деп білетіндер де бар, оны білмей газета құр хабар үшін керек деп түсінетіндері де бар. Бұлар газетаға біреу жазыл десе іркілмейді, өз беттерінен құнттап мезгілімен жазылып тұрмайды. Сондықтан бұларға жыл сайын газетаға жазылуын есіне салып тұрушылар болуы қажет. Үшінші түрлі алушыларды оқушылар деп айтуға аузымыз барыңқырамайды. Бұлар газетаны керек деп алушылар емес, малының шөбіне ортақ болмас деп алатындар. Бұлар көбінесе ауқатты, тамағы тоқ, жұртқа келер жамандық-жақсылықпен жұмысы жоқ. Ойы от басынан аспайтын, қорасындағы шөбінен басқа нәрсеге келер пайда, зарар бар деп ұқпайтын тоқтығына мәз «торсық емген топыраштар». Бұлар газетаны өз беттерінен алып оқымақ түгіл, біреулер ал дегенде қиналып, зордан алады».

Иә, газет шығару мен оны таратудың машақаты бүгін де, бұдан бір ғасыр бұрын да көп өзгере қойған жоқ. Біздің айтпағымыз - «Айқап» журналының 1915 жылы жабылуы жайы еді. Бұл кезде әлемді шарпыған жиһандық соғысқа Ресей де дендеп кірісіп, алым-салық күннен-күнге көбейіп, қымбатшылық, бүгінгі тілмен айтсақ, инфляция бой бермей бара жатқан кез-тұғын. Сондықтан жалғыз өзі қара нардай Алаштың маңдайына біткен жалғыз журналды өрге сүйреген, бар күш-қуатын соған сарп қылған Мұқаметжан ақсақалға ескерткіш тұрғызса да оның еңбегін ұрпақтары, біз өтей алмас едік. Өйткені, ертеректе бір данышпан айтқандай, ол «өзіне ескерткіш дайындап кетті, біздікі тек оның тұғырын орнату ғана».

1913 ЖЫЛ, «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ. Өртеп, жоюдан жұқаналары аман қалған, барының өзі 50-60 жыл құлып астындағы «жабық қорда» қамауда жатқан «Қазақ» газетіне жан кіріп, жарыққа шығып, туған халқымен қайта қауыша бастағанына да ширек ғасырдың жүзі болыпты. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Бұл ұлы Мұхаңның - М.Әуезовтің осыдан тура 90 жыл бұрын Ахаңның жарты ғасырлық тойында айтқан сөзі. Бұл «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен», «Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққан», «саясат толқынына түсіп ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басқан» жас алашшылдың, оқиға ортасында жүрген куәгердің, замана жылнамашысының сөзі. Біз: «Қазақ» газеті - ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық энциклопедиясы» дейміз. Оның жоқшысы мен жаршысының бірі болғандықтан емес, араб қаріпті мұрамен біршама таныс болғандықтан, оны танып-білуге тырысқандықтан айтамыз. Ошақтың үш бұтындай «Қазақ» көтерген мәселе қадау-қадау: біріншісі - осыдан 100 жыл бұрынғы халқымыздың хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, рухани және материалдық құндылықтары, түйіндей айтқанда, «Ұлт-Алаш» мегатақырыбы. Екіншісі - «Жер, жер һәм жер мәселесі». Империялық отаршылдық саясат, натуралды көшпелі мал шаруашылығы потенциялының сарқылуы, көшпелі һәм отырықшы норма, т.б. -  «Табиғат-Шаруашылық-Күнкөріс» мегатақырыбы. Үшіншісі - оқу-білім, дін, басқасу (съезд), партия құру, империялық һәм әлемдік дамуда Қазақ Елінің өз орнын табуы, т.б. - «Қоғам, саяси-қоғамдық қатынастар» мегатақырыбы. Осы толағай-толағай мәселе-сұрақтарды көтере отырып, оған жауап іздеу, қалың бұқараға өз құқықтары мен міндет-парыздарын қолға ұстатқандай айқындап беру, рухани, мәдени тұрғыдан өркениеттің жаңа өресіне көтерілу, осы мақсатта ағартушылық бағыт ұстанып, саяси күреске шығуы - 1917 жылы қазақ оқығандарының  «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін жасақтап, ұйымдастыруына алып келді...

Кейбір зерттеушілеріміз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті басшыларының арасында саяси пікірталас болды, бірі жаңа «батысшыл», екіншілері ескі «түрікшіл» бағытты ұстанды деп мәселені тым қоюлатуға құмар. Әрине, басқосу - сиез өткізбеу, отырықшы болу - нормамен жер («надел») алмау, қара жұмысқа жігіттерді жіберу - жібермеу, қазақ жазуын (емлесін) өзгерту - өзгертпеу және басқа мәселелер бойынша айтыс, әртүрлі көзқарастарды талқылау болғаны шындық. Бірақ бұл екі бағыт, екі партиялық көзқарастың (ол кезде бірде-бір партия құрылып та үлгерген жоқ қой!) күресі емес, сол тұстағы қоғамдағы түрлі қайшылықтардың жарияға шыққан формасы ғана болатын.

«Қазақ» газетінің бас жазушысы, бас авторы да үш адам болды, олар: Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейханұлы («Қыр баласы) һәм Міржақып Дулатұлы. Әрине, барлық жауапкершілік және газетті ұйымдастырып, тоқтатпай жүргізіп тұру оның бас шығарушысы (редакторы) Ахаңның мойнына түсті. («Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын» - М.Әуезов).

Қазір біз алты жыл үзбей шығып тұрған газет материалдарының автор-жазушыларын айқындап, мақалалардың әрқайсысына жіп тағып өз иесіне қайтару ісін аяқтап келеміз. Есебімізше, газет көлемінің үштен біріне жуығы, яки 60 баспа табақтай көсемсөз үлгілері А.Байтұрсынұлының қаламына тиесілі екендігі текстологиялық жолмен дәлелденіп отыр.  Газеттің алғашқы 5 санын (02.02 - 09.03.1913 ж.) жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңның жалғыз өзі қара нарша тартып шығарды. Газеттің 5-ші санының ең соңғы бетінің аяғында  «5-нші мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қазақ бауырларына қосылды» деген бірауыз хабарлама басылды. Осы және келесі сандарда Жақаңның аударма-үзінділері жариялана бастады, ал 7-ші санға (22 март) ол «Андрианопол» деген алғашқы бас мақаласын жазып, «М.Д.» деп өз қолын қояды. С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебінде» М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің секретары, ал Ж.Жәнібековтің газет таратушы, экспедитор болып істегендігі туралы мәлімет келтіреді. Біздіңше, Жақаң ресми болмаған күннің өзінде, шын мәнінде редактордың орынбасары қызметін атқарушы. Өйткені, ол кейінірек Ахаң жоқ кезде оның орнына қол қояды, кезектесе отырып бас мақалаларды жазады, жалпы «Қазақ» газетіне Ахаңнан жетеқабыл дәрежеде шығармашылық та, ұйымдастырушылық та үлес қосады. Ал Әлекеңнің шағын мақала, заметкалары 7-10-шы сандарда көріне бастайды да, 12-ші сандағы (28 апрель) «Сайлау» деген бас мақаладан бастап салмақтана түседі. Бұл жерде Ә.Бөкейханның Самара қаласында тұрғандығын, негізгі байланыс пошта, хат жазу арқылы жүргізілгенін ескерген жөн. Бір айта кетер жайт, саяси мақалаларын, талдау-шолуларын бұл үш автор да бір деммен, бір ырғақпен жазады, тіптен олар бір адамның қолынан шыққандай ұқсас, үндес болып келеді. Газеттің ел ішіндегі зор абыройы мен ерек беделі осы өзекті-өзекті жалпыұлттық мәселелерді көтеруінде және  оның нақты шешімін тауып, ұсынуында десек, осы мақалалары арқылы олардың да Алаш қайраткері болып қалыптасып, одан соң көшбастар көсемге айналу эволюциясын айқын көруімізге болады.

Газеттің соңғы аяққы нөмірлеріне 1918 жылы Жанұзақ Жәнібеков (1889-1937) қол қояды. Қуғын-сүргін құрбаны, «Қазақ» газетіне еңбегі сіңген қаламы қарымды журналист ретінде ол туралы айтылар әңгіме көп. Әзірше белгілі деректерде оның 1908 жылы Қазан қаласынан «Айна» атты кітабы шыққандығы, 1912-13 жылдары Петропавл қаласының баспаханасында терімші (наборщик) болып істегені, 1913 жылы Орынбор қаласына ауысқаны баяндалады. Ол кездегі қазақтың аз санды оқығандары мен Ресейдің түрлі қалаларындағы шәкірттер туралы толымды дерек-мәлімет Ахаңдардың қолында болғаны сөзсіз. Сондықтан талапты да талантты, қаламының желі бар әрі баспахана ісімен таныс Жанұзақты Орынборға А.Байтұрсынұлының өзі арнайы шақыртып алу да ғажап емес. Оның аты-жөні газеттің алғашқы сандарынан бастап көріне бастайды, кейін «Сарыарқа» мен «Қазақта» қатар басылған атақты «Алаштың тұңғыш құрбаны» мақаласымен мәщһүр. Орынборда «Алаш» партиясының Торғай облыстық комитеті құрылғанда оның басшылық құрамына Әлекең, Ахаң, Жақаңдармен бірге сайланып, қазынашы (казначей) болады. «Қазақ» газетінің соңғы сандарының біріндегі (№ 261, 1918, 14 февраль) «Орынбор жайы» деген мақаласында: «Өздерінен болмаған себептермен Орынбордан шығып, ел ішіне кеткен «Қазақ» газетіндегі азаматтар әлі Орынборға оралған жоқ», -  деп іштарта жазғанына қарағанда оның Алаш көсемдері тарапынан үлкен сенімге ие болып, тіптен «Қазақ» газетінің шаруашылық, қаржылық шаруаларын жүргізіп отыруы да мүмкін деп ойлаймыз.

Осылайша 1913 жылдың 2-ші ақпанында Орынбор қаласында бас шығарушы-редакторы ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болған «Қазақ» газеті большевиктердің 1918 жылғы лаңында баспаханасы тартылып алынып, 265-ші нөмірінен соң тоқталуға мәжбүр болды. Бұл сусыған замана-уақыт ғана емес, аумалы-төкпелі дүние-тірліктің өзі төңкеріліп, қопарылған бір аласапыран кезең еді. Әйтсе де, қазақтың бағына туған «Қазақ» өз тарихи миссиясын орындап үлгерді. Алаш рухты жұртының намысы жанып, еңсесін биіктетіп, қайратын тасытып, өз ортасынан Ұлт көсемі мен Ұлт ұстаздарын, Алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды. Заманына үн қосқан оқыған азаматтар қалам-қағазын тастап, қолға қару алып, атқа қонуға мәжбүр болды. Қылыш сілтенді, оқ атылды... Ұлт азаттығы жолында  Алашшылдардың бірқаншасы шәйіт болып, хақ жолымен қара жерге тапсырылса, кейінгі кеңестік қуғын-сүргін құрбандарының біз тәу етер соңғы мекені, мола-бейіттері, бастары қарайған белгісі де жоқ...

ЕСКЕ АЛУ МЕН ЕСКЕРТКІШ-БЕЛГІ. Биыл Алаштың үні, тарихтың көзі - «Қазақ»-тың 100 жылдығы. Жалпы «Алаш» пен «Алашорданың» да ғасырлық тойы жақындап келеді. Олардың ұлт алдындағы ұлағатты да ұлы істерін ұлығтау - елдігімізге сын. Жеңіл істің бірі - бастамашы боп, ұсыныс айту. Одан да оңайы - сол ұсыныс-пікірлердің ешқайсысын қаперге алмау, ештеңеге жауап бермеу...

...Қостанай қаласының орталығында бас даңғылды қиып өтетін Қазақ көшесі («Казахская улица») бар екен. Осыны көзбен көріп, таңғалғанымыз бар. Жергілікті жұрт оны елеп-ескеріп жатқан жоқ: баяғыдан бар, әбден құлаққа сіңімді болып кетіпті...

Осы көшені осы жылы «Қазақ» газеті» көшесі деп өзгертше ше... Жанындағы ешкім түстеп танымайтын, болмаса адам атына қатысы, сұрауы жоқ көшелердің бірін «Айқап» журналы» көшесі иеленсе... Алматыда қаншама жылдар «Правда» (толық аты - «Правда» газеті») көшесі болды, оны да түп-тамыры Қостанайға қосылатын Ыбырай Алтынсаринге алып бермедік пе... Басқа қалалардың әкім-қараларына қайырыла сөз айту, әрине, қиын емес, бірақ...

«Айқаптың» атасы Мұқаметжан Сералин Қостанайдың тумасы. Тройцск де ол шаһармен іргелес. Түптері торғайлық Ахаң мен Жақаң да бұл күнде Қостанайдың бетке ұстар мәдени брендтері. Осы облыстың әкімдігінің ғимаратының алды, бас алаң көптен бері ескерткішсіз жетімсіреп тұр. Түсінген шығарсыз, бұл бұрынғы алтыннан ардақты, күмістен салмақты қайран Ленин бабамыздың қолын созып, жарқын болашақты нұсқап тұратын бас ескерткішіміздің орны еді ғой. Ретін тауып, оны көп жерлерде ауыстырып үлгердік: Оралда - Сырым батыр, Ақтөбеде - Әбілқайыр хан, таяуда ғана Өскеменде тұғырға Абай атамыз отырды... Сонда дейміз-ау, Қостанай облыстық әкімдігінің алдына тарихымыздың өшпес парақтарының бірі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін ұлықтайтын стелла-ескерткіш белгі орнатылса, оның фонына Ыбырай атамыздан бастап, Ахаңның, Жахаңның, М.Сералиннің, т.б. ардақты арыстарымыздың, еңбек ерлерінің, құрметті азаматтардың аты-жөндерін жазып, рельеф-суреттерін ілсе ғой, шіркін ... деп қиялдайсың. «Өскен ел тарихын тасқа жазады» деген бар ғой. Шындығында, ондай тас мүсіндер, ескерткіш-белгілер, шашпа тойлар бүгінгі біз үшін керегірек ғой...

Соңы

ABAI.KZ

0 пікір