Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 14022 0 пікір 2 Ақпан, 2013 сағат 11:21

Мұхтар Мағауин. ПОДОНОК

Бүгін, ақпан айының 2-сі - Тәңірі мәртебесін асырып, ұлт рухының ту ұстаушысы етіп жаратқан әйгілі жазушымыз Мұхтар Мағауинің дүние есігін ашқан күні. Қадірлі ағамыздың туған күніне орай «Подонок» атты шығармасымен қоса, профессор Тұрсын Жұртбай мен  филология ғылымдарының кандитаты Ақеділ Тойшанұлының жазушы шығармашылығы турасынан жазылған мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Мұхтар МАҒАУИН. ПОДОНОК

Белгiлi, белгiлi емес, атақты, жай ғана атақты емес, даңқты сiлiмтiк Подоноктың кезектi ерлiгi туралы естiген сайын... қаным бұзылатын. Ақыры қолыма қалам алдым. Дәрменсiздiң iсi. Жалғыз мен емес, бүкiл қазақ қауымының басындағы ахуал. Қауқарсыз қара халықты айтасыз, өз келесiне келгенде айдаһардай ақырып, аузынан жалын шашып тұрған билеушi таптың бейшаралық айнасы. Әйтеуiр бiзден сөз қалмасын деп жазып отырыңыз.

Бүгін, ақпан айының 2-сі - Тәңірі мәртебесін асырып, ұлт рухының ту ұстаушысы етіп жаратқан әйгілі жазушымыз Мұхтар Мағауинің дүние есігін ашқан күні. Қадірлі ағамыздың туған күніне орай «Подонок» атты шығармасымен қоса, профессор Тұрсын Жұртбай мен  филология ғылымдарының кандитаты Ақеділ Тойшанұлының жазушы шығармашылығы турасынан жазылған мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Мұхтар МАҒАУИН. ПОДОНОК

Белгiлi, белгiлi емес, атақты, жай ғана атақты емес, даңқты сiлiмтiк Подоноктың кезектi ерлiгi туралы естiген сайын... қаным бұзылатын. Ақыры қолыма қалам алдым. Дәрменсiздiң iсi. Жалғыз мен емес, бүкiл қазақ қауымының басындағы ахуал. Қауқарсыз қара халықты айтасыз, өз келесiне келгенде айдаһардай ақырып, аузынан жалын шашып тұрған билеушi таптың бейшаралық айнасы. Әйтеуiр бiзден сөз қалмасын деп жазып отырыңыз.

Бұл - феномен еді, - тәуелсіздік замандағы таңғаларлық құбылыс. Осының алдында ғана атағы жер жарып шыққан. Әлем үшін болмаса да, қазақ үшін. Жиырма бес жасында - ғылым кандидаты, жиырма сегізінде - доктор. Бірі шынтақ елі, бірі бармақ елі, екі кітабы іркес-тіркес жарияланды. Көшпенді қазақ мәдениеті, көшпенді өркениет тарихы. Екі кітапқа да билеуші орталық - Мәскеу тұрғысындағы беделді басылымдар назар аударды, жәй ғана назар емес, әлде орыс, әлде жойыт, қайткенде де кеңестік ғылымның үлкен тұлғалары тарапынан айтылған қошемет, мадақ. Енді қазақта не жан қалсын. Бірінен бірі озып, дәріптей бастады. Бейресми саналатын, кең таралым, әрқилы сыпаттағы ақпарат, тіпті комсомол жаршысы тұрыпты, республикалық жетекші партиялық газеттің өзі «Жарқырап шыққан жаңа нұр» деген тақырып, басынан башпайына дейін еңселі суретімен, тебінгідей үлкен, түбінен қозғаған терең мақала берді. Бүгінгі қазақи ғылымының тұлғасы - осы... Подонок екен. Бұл Подонок ұлтшыл, кертартпа күштердің зиянкес қарсылығына қарамастан, Қазақстан тарихындағы жаңа бағдардың негізін салған. Ғасырлар қойнауынан қопарып, қаншама жаңалық ашқан. Атақты кеңес оқымыстылары Гундарев пен Губерман жоғары бағалаған. Тек өз жұртында ғана лайығымен танылмай отыр. Жас деп, отызға жаңа келді деп, қисынсыздан тағы бірдеңелерді бықсытып, күні кеше Академияға өткізбей қойды... Алдағы сайлауда Подонок академик болмағанда кім болуы керек? Жетекші партиялық газеттегі жұлдызды мақала осындай, доңайбат сұраумен тәмамдалатын. Келесі жылғы жаңа сайлауда академик дәрежесіне кім өтері айдан анық еді.

Бірақ әлде бақыт, әлде сор... тәуелсіздік келді. Сор болмаса да, бақыт екен. Подонок үшін. Келесі сайлауда, өткен жолғы маңайламағаны тұрыпты, бір де бір дауыс ала алмай, тақыр қайтты. Көлденең жұртшылық бұрынғы ұят-аят, әдеп-тәртіп жайына қалып, бейбастық білгірлік, яғни берекесіз анархияға бой алдырған кәрі академиктердің кенеусіз іштарлығына балаған. Бірақ ескі де болса жаңа атанған егемен өкіметтің көзқарасы түзу болатын. Жақсы есепте тұр. Рухани номенклатура. Ұлт үшін, жұрт үшін, өкімет пен партия үшін қажетті кісілерді аялап сақтау керек, өсіп-өнуіне жағдай жасау керек. Ту көтеріп, Тәуелсіздік алған кезде бұлардың бағасы бұрынғыдан да арта түспек.

Бұл кезде, яғни кеңес өкіметінің соңын ала, шалғай шет елдерде қоғамдық ғылымдар тарабында қаншама халықаралық конференциялар ұйымдастырылып жатар еді. Әрине, әуелгі кезекте заманы өткен, ескілік жаршысы - қаусаған шалдар емес, жаңа дәуірмен бірге көтерілген қылшылдаған жігіт - біздің Подонок аттанатын болды. Көбіне жалғыз, кейде екінші қатардағы тағы бір жастармен бірге. Пәленің шетін шығарған да осы тіркеме серіктері.

Францияда, әлде Германияда өткерілген әлдебір симпозиумда басқа әңгіме жайына қалып, бірге келген екі қазақ өзара айтысып кетеді ғой. Біздің Подонок әлемнің әр қиыры - жиырма жеті елден жиналған ғұламаларды тегіс аңтарып, "Басқа емес, Қазақстанға тәуелсіздік тигені бекер болды, қазақ халқы өркениетке тән мұндай игілікке дайын емес, қара бұқара надан, ғылыми интеллигенция әлсіз, өнер мен әдебиет мешеу, яғни қазақта саналы, ұғымды, білімді элита жоқ, сондықтан қазіргі кезде біздің ел үшін ең зәру, өмірлік, көкейкесті мәселе - Ресейге қайта қосылу!" - деп тұжырымдайды ғой. Жаңа Нұрға тіркеме ретінде барған татымсыз жігіт арнайы баяндамасын жиып қойып, осыған қарама-қарсы түрғыда сөйлепті дейді. Әрине, біздің Подонок жауапсыз қалдырмайды. Тіркеме де тоқтамайды. Сонымен... тегін концерт. Қалған жұрт ауылдағы дау-дамайын шұбалтып әкеп, Еуропаның қақ ортасына жайып салған бейбақ екеуге жымия күліп, қараған да отырған. Ұят болды дейді. Бар кінә жолсыз тіркемеде. Үндемей-ақ қойса ғой, түк те жоқ. Ол аз болғандай, қайтып келген соң тағы қаншама әңгіме көйіткен. Бірақ бұл кеп баспасөзге, не эфирге тарамады, көпшілікке беймағлұм қалған. Естіген бірлі-жарым жұрт мән бермеген.

Осы оқиғадан соң Подоноктың бағы көтерілді. Енді берідегі, өзі қызмет атқаратын жарлы-жалбағай университеттің де, жоғарыдағы, көрінгенге бір жапақтап, қалтырап отырған өкіметтің де керегі жоқ. Қазақстандағы әр түрлі халықаралық қауымдастық пен ұлттық мәдениет ұйымдары қамқорлығына алған. Еркін ойлы ерен ретінде таңдаулылар санатына қосылған еді. Мұхиттың арғы, бергі жағындағы әлдебір алыс шет елдерде бүгінгі Орталық Азия туралы ғылыми конференция немесе абыройлы симпозиум. Тақау төңіректе кешегі кеңестік кеңістікке қатысты, болашақ бірлік қамындағы дабыралы жиын. Тек игі жақсылар, таңдаулының іріктеулісі ғана шақырылатын атаулы басқосулар. Бәріне де Подонок барады. Қайтып келген соң еркін бағдар, демократиялық ой-пікірді орысша басылымдарға құлаш-құлаш сұхбаттар береді. Бүкіл қазақтың, қазақтың емес Казахстанның ақыл-ой, ар-намысы - компартия... е-е... басқа емес, сол ғана сияқты. Алай деп айтқан. Мынаны дәлелдеген. Бүкіл Батыс жұртының көзін ашқан. Көздері онсыз да ашық қой өз тарабында. Мынау - бөтен тарап, яғни сөз - біздің сұрықсыз, демократиялық, адамгершілік қасиет атаулыдан мақұрым қалған жабайы өлке туралы. Неткен шалқар ой, қисапсыз білім. Бірақ... шет елдік сұхбаттарды, оған жалғас толғау мақалаларды бажайлап оқыған жұрт... бұл мәселеде әлденендей кілтипан барын аңдай бастап еді. Арғы беттен де там-тұм хабар жеткен. Америка Құрама Штаттарында, әйгілі Пенсильвания университетінде өткен атаулы кеңесте... біздің Подонок бұл қазақтар ешқашан ерікті ел болып көрген емес, мемлекет құрған емес, өзара қырқысып жатқан жеке рулар ғана болды, олардың өзі әр текті; осындай, пышыраған, бей-берекет жұрт Ресей бодандығына өткеннен соң ғана территориялық-әкімшілік тұтастығын сезіне бастады, ал кеңес өкіметі кезінде қолдан жасалған, иелігі артығымен қиылған жасанды республи¬ка құрамында мәдениеті мен экономикасының өркендеуіне мүмкіндік алды, енді міне, ешкім ойламаған, тілемеген тәуелсіздік нәтижесінде пайда болған жаңа мемлекет - тамырсыз ағаш сияқты... деп гәпіреді. Польшадан келген жас профессор сұрақ қойды дейді. «Сіз Қазақстаннан келе тұра, қазақ деген халықтың дүниеде барлығына күмән келтіреді екенсіз. Жөн. Сонда сіздің... ғафу етіңіз, сіздің ұлтыңыз кім болады?» «Онда тұрған ештеңе жоқ!» -дейді біздің Подонок. «Ештеңе бар. Мен полякпын. Орыс емес, француз емес. Және өз ұлтымды ешкімге айырбастамаймын. Екінші сұрақ. Егер сіз айтқандай, бұл қазақ - әр түрлі, әр текті рулардың жабайы жиынтығы болса, олар өзара қандай тілде сөйлеседі? Жетекші диалект қандай?». «Сұрау байыпсыз, -дейді біздің Подонок. - Мен тілші емеспін». «Сіз тілші емессіз, - дейді жас поляк. -Бірақ тіліңіз бар. Жаңа тәп-тәуір ағылшын тілінде баяндама жасап шықтыңыз. Мен сіздің өз Отаныңызда қай диалектіде сөйлейтініңізді сұрап тұрмын». Бұл жолғы сауал тіпті орынсыз еді. Бірақ амал не, әрі жас, әрі поляк. Өзінің киген киім, кескін-кейпі де ғалымнан гөрі көшеде жүрген есірік балаға көбірек ұқсайды. Енді жауап та сауалға сәйкес дөкір шықты дейді. «Мен ондай артта қалған, қараңғы елді өзімнің Отаным деп айтуға арланам!» -депті біздің Подонок. Сол кезде жер түбінен, әлемнің әр қиырынан келелі кеңеске жиналып отырған қасқа мен жайсаң төбеден ұрғандай, түгел аңырып қалды дейді. Әлде Ресей, әлде Армения өкілдері отырған тұстан күлкіге ұқсас шиқыл шықты дейді. Әлде парсы, әлде зәңгі жөткірінді дейді. Міз бақпаған біздің Подонок қана, содан соң жаңағы жас профессор. Кенет жас профессор сыпайы жүз, нақ дауыспен, әуезді, қатқыл, белгісіз бір тілде сөйлеп кетті дейді. Қазақ тілінде. Біздің Подоноктың әлде әкесін еске алған, әлде шешесін мадақтаған. Ата-бабаларын қозғаған. "Я не позволю так оскорблять себя!" - яғни "Мен өзімді бұлайша қорлауға жол бермеймін!» - депті мінбеде құнысып тұрған Подонок күдірейе көтеріліп, таза орысша. Поляк та орыс тіліне көшті дейді. «Кешіріңіз, сіз қазақ бола тұра қазақша білмейді екенсіз. Мен мына сізді көрсе ата-анаңыз қайтер еді, ата-бабаңыз не істер еді дедім. Артық кеткеніме ғафу өтінем. Ал жаңағы, мен айтпаған сөзді айтатын кісі өз еліңізде әлі талай рет алдыңыздан шығады...». Әлде рас, әлде өтірік, осындай шатақ болыпты. Шет ел, мәдениетті жұрт, Құдай сақтап, ақыры дау-жанжалсыз біткен.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ал Түркияда осы сөз арты - мұрын бұзар төбелеске айнала жаздаған. Осы сөз болатыны - біздің Подоноктың барлық ел, барлық кеңестегі барлық сөзі - бір-ақ сөз. Қазақ - миғұла. Қазақ - хайуан. Тарихы жоқ, мәдениеті жоқ. Ешқашан дербес ел болмаған. Бүгінгі тәуелсіздік - көктен түскен зорлық. Түкке қажеті жоқ. Орыстілділер үшін қасірет. Қазақ үшін азап. Сондықтан да ешкім керексінбей отыр. Шартты түрдегі егемендік деген - билік басындағы жебір топқа ғана қажет. Бәрі де тарихтың мазағы. Бұл жолғы халықаралық ғылыми конференция ұйтқысы - Анкарадағы түрік-американ Билкент университеті екен. Мұндағы көпшілік қауым түріктердің көзі атыздай болды дейді. Осындай, ақылға сыймайтын ғаламат баяндамадан соң естерін жия алмай, мәңгіріп отырып қалса керек. Абырой болғанда, әуелгі сөзді американдық әріптес алыпты. «Сіз, құрметті профес¬сор, адамзат тарихында болмаған жаңалық ашып отырсыз. Жер әлемде азаттық аңсамайтын, еркін өмірден құлдық бұғауды артық көретін халық бар екен. Осы тараптағы ғылыми-философиялық ізденістеріңізді одан ары жалғастыра беріңіз. Бүгінгіден де зор нәтижеге жетесіз. Бірақ менің байқауымша, Сіз философ емес, тарихшы сияқтысыз. Конференцияға қатысушылар анықтамасында солай жазылған. Мен де тарихшымын. Құрама Штаттарда Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан турасында жазылған еңбектер бірталай. Негізі сізге де таныс болуға тиіс. Ендеше, бір сұрақ. Сіз баяндамаңызда, қақас естімесем, бұрын қазақта мемлекеттік құрылым болған жоқ дедіңіз. Ел басқару жарғылары, құқық, заң жүйелері болмады, қауымның жұпыны тіршілік кебіне орай, жабайы түрдегі кейбір нысандар ғана ұшырасты дедіңіз. Мен бергі, Қазақ Ордасын айтпай-ақ қояйын. Сонда қалай, сіздіңше, Алтын Орда - мемлекет емес пе? Ұлы Түрік қағандығына қалай қарайсыз?» «Бұл - жартылай феодалдық, жыртқыш құрылымдардың қазақ тарихына ешқандай қатынасы жоқ!» - дейді біздің Подонок. «Жауабыңызға толық қанағаттанам, - дейді арық, ұзын бойлы, бурыл шашты американ профессоры болмашы тағзым жасап. - Біз білмей жүр екенбіз. Қазақтар Орталық Азияға XV ғасырда космостан десант ретінде түсіріліпті. Мырзалар мен айымдар, құрметті әріптестер, ғафу өтінем, менің әлгіндей сауал қоюымның өзі бекер шықты.» Бірақ сауал қоюға құлшынып отырғандар көп екен. «Түріктер қайдан келген? Олар да космос¬тан түсті ме?» - деп сұрайды біреуі. Түрік. Ағылшынша. «Это, должно быть виднее вам!» - депті біздің Подонок орысша. Қасақана. Өздерің жақсы білуге тиіссіңдер. «Ыс табой харашо пагауарим другой хароши место!" -дейді залда отырған, қызыққа келген көпшілік ішінен тағы біреу, орысша. Сенімен басқа бір жерде жақсылап сөйлесеміз. Қалай екені белгілі. Чешен екен. Қазақстандағы чешен диаспорасы туралы әлдебір ағайын сөйлемек, соған қосшы болып қелгендердің бірі. Төраға жұртшылықты тәртіпке шақырады. Сұрақ та тәмам. Келесі баяндама басталады.

Бұл, соңғы, шатақ әңгіменің ұзын-ырғасы Алматыға өсіп, өркендеп жетеді. Осыдан соң Подоноктың мәртебесі бұрынғыдан әрмен көтерілді. Мәселе Билкенттегі, немесе Пенсильвания, немесе басқадай бір білім ордасындағы, ол тарапта қанша дабыралы болса да, мұнда жаңғырығының өзі үзіліп жеткен, ғылыми ортадан аспаған анти-қазақ баяндамаларға ғана тіреліп тұрмаған. Бұл кезде біздің Подонок ҒЫЛЫМДЫ түгесіп, саясатқа араласа бастаған еді. Төтеден, немесе етектен емес. Тура төбеден. Қазақ деген жұрт тарихтан тыс, ғылымда жоқ, мәдениеттен кенде болса, осыншама құйқалы, кеңбайтақ қоныста дербес мемлекет болып отыруға хақысы бар ма? Жарар, кездейсоқтан тәуелсіздік алып қалыпты. Сол «тәуелсіз» аталатын елді басқаруға санасы, ұстап тұруға шамасы жете ме? Жауап нақты еді. Хақысы жоқ. Басқара алмайды, ұстай алмайды. Манаты, бір жағы Батыс, бір жағы Шығысты дабылдатқан ғылыми баяндамалардың жекелеген тезистері әр кезде, күнделікті баспасөз бетінде сұхбат, шағын мақалалар түрінде көрініс берген еді, жадағай емес, басқа бір, екінші, үшінші қатардағы демесек те, мәнісі азырақ, азырақ емес, уақыт оза келе шешілетіндей көрінген - ғылымның ахуалы, оқымысты жұрттың күнкөрісі қиындап кеткені турасындағы, көпшілік көңіліндегі даусыз ақиқаттармен астас өтіп жатқан. Дұрыс-ау дескен жұрт. Профессордың айлық ақысы апталық ас-суына жетпейді. Акаде¬мия анау, азып-тозып бара жатқан. Ғылым қалай дамымақ. Ақыл-парасат қалай өрістемек. Даму, өрістеу қайда, құлдырап кері кеттік. Подонок бұл жағын жеткізіп-ақ айтқан екен. Көңілден шықты. Соған орай, басқа айтқандары көлеңкеде қала берген. Бірақ көп ұзамай-ақ ғылымның дамуы, күнкөріс, тіршілік мәселесі солғындай келе, біржола ұмытылды. Замана талабынан, парасат биігінен туындаған саяси-әлеуметтік ахуал - шынайы болашақ мәселесі алға шыққан. Ол дегеніңіз - Қазақстан, Қазақ... емес, Казахстан тағдыры.

Иә! Қазақсыз Қазақстан. Десе де, артық емес пе? Қазақсыз болса, неге Казахстан? Шынында да. Ойлап қарасаңыз, мұнда тұрған ештеңе жоқ екен. Сонау ұлы Америка мемлекетінде... бұдан бес жүз жыл бұрын өтіп кеткен үндістердің көптеген жер атаулары әлі тұр емес пе. Казахстан да сондай, шартты географиялық атау болып қала бермек. Тек бес жүз жыл бойы емес. Әзірше ғана. Арада белгілі бір мерзім озып, қазақ атаулының үні біржола өшкен кезде өзгерту оп-оңай. Еуразия дей салыңыз. Немесе Центральная Азия. Оңтүстік Африка деген сияқты. Экуадор деген сияқты. Бұдан гөрі тәуірірек атау да табылады. Оңтүстік - Өзбекке кетсе. Шығыс - Қытайға кетсе. Маңғышлақ - Түркіменге берілсе, әрине, қазір емес, саппас Сапармұрат өлгеннен соң. Ал қалған, алтынды, мұнайлы байтақ қоныс, әрине, Ресейге. Қазынасын алып, қалдығын өзіне сыйлайтын көмекші рес¬публика - арзан жұмысшы, тегін мал. Южная Сибирь болады да шығады.

Біздің Подонок дәл осылай деп айтқан жоқ. Бірақ басқаша да айтпаған. Мына казахтар өздері тәуелсіз деп атаған бай мемлекетті дұрыстап меңгере алмай отыр. Меңгерер қисыны да жоқ (манағы, жүз мәрте қайталанған, даусыз дәлелдер: тарихы болған жоқ, мәдениеті болған жоқ, дербес мемлекеттің жұқанасын да көрмеген). Ендеше, үлкен қауіп бар. Төңіректегі қуатты державалар: бір жақта Қытай, бір жақта Ресей, бір жақта Қырғыз... жоқ Қырғыз емес, Өзбек бөлшектеп әкетуге тиіс. Қандай аялы арман! Жұрттың қамын жеген болып отырып, Қазақстанды қирату программасын сызыпты. Боршалап, еншілеп алуға толық мүмкіндік бар! Сөз жоқ, жүзеге асуы керек. Сонда бүгінгі шиеленіскен барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік, яғни ұлтаралық қиын мәселенің барлығы да өз шешімін таппақ.

Біздің Подонокқа қарсы шын айқай осы¬ кезде ғана көтерілген. Көтерген - ел¬дің қауіпсіздігіне жауапкер сүйікті өкімет пен туысқан партия емес. Олар онсыз да бас¬қалар олжалауға тиіс тегін байлықты өздері иемденіп қалу жолындағы ұйқысыз, күлкісіз ауыр жұмыстан қолдары тимей жатқан. Айғай-аттанды көтерген - қайткенде де құралақан қалуға кесілген қара бұқара. Журналистер, жазушылар. Ресми емес, мәдени, әдеби ақпарат бетінде. Қарсы жақ қыңқ етпеді. Яғни орыстілді, еркін ойлы басылымдар. Олар қазақша оқымайды. Оқыса да... қыстырмайды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Біздің Подонок өзі туралы айтылып жатқан, тұншығып, екі қат жер астында қалған дүмпуді естіді, естімеді - осыдан соң ашық кеткен. Төрт жыл бойғы тоғыз баяндамасын жинақтап, негізгі тезистерін қазір бүкіл жер жүзі үңіліп отырған «Интернетке» жіберіпті. Қазақ деген - мақұлық. Түгел азғын. Түгел тозғын. (Азған, тозған емес, әуелден кәкәй.) Түгел хайуан. Хайуан болғанда, шошқадан садаға кетсін, - баран. Бұлардың екі аяқтылар қауымдастығы қатарында жер басып жүруінің өзі артық деді. Еркін радиотолқынға шығып, бұлардың ел басқарып отырған кісілерінің бәрі қылмыскер: парақор жеміт, ұрлықшы кәззап, солай болмас жөні жоқ, бұл - қазақ деген халықтың кім екендігінің көрсеткіші, яғни қазақ болғандықтан жебір, қазақ болғандықтан обыр деді. Тәуелсіз теледидарға шығып, мәдениет пен тіл туралы толғанды; мәдениет - анайы екен, ал тіл - қазақ тілі жабайы ғана емес, мүлде жоқ, бүкіл лексикалық қоры он бес-жиырма сөзден аспайды, ғылым мен техника түгілі, күнделікті тұрмыс қажетін өтей алмайтын доғал, көркем ой, көрікті суретке құрылатын әдебиеттің сұлбасы жоқ, мұндай тілмен Абай керемет өлең жазды деген, Әуезов ғаламат роман жазды деген - қисынсыз ертегі, жазылмайды, жазбаған, бопсалап жасалған бірдеңе, түпнұсқа да түкке тұрмайды, орысшаға аударғанда өңдеп, жөндеп, жобаға келтірген, соның өзіндегі шамасы белгілі деді. Тағы басқа жерде тағы басқа айтқандары көп. Бірақ негізгі түйін - ортақ. Бұрын тарихы жоқ, мәдениеті жоқ болса, енді тілі де мақау болып шықты. Ештеңе де жоқ. Жер бетінде болмаған қазақ деген халықтың жұртында жалғыз Подонок қана бар.

Міне, осы кезде дауылдады ойбай-ат¬тан. Алтайдан Атырауға дейін. Жетісайдан Қызылжарға дейін. Сегіз миллион қазақ түгел көтерілген жоқ. Бірақ сегіз мыңының атой салғаны анық. Оның ішінде әлде сексен, әлде сегіз... тісін қайрап, қаламын ұштап, аудандық га¬зетке жетіпті. Одан облыстық, одан орталық басылымдарға. Бұл не сұмдық. Бұл не қорлық. Осылай басына ма. Тоқтау бар ма. Тыйым бар ма. Өкімет қайда. Партия қайда. Сот не бітіріп отыр. Ойбай-аттан тура сегіз айға созылды. Содан соң солықтап барып тынды. Өйткені бұл кезде біздің Подоноктың атақ-абыройы бұрынғыдан да аспандай түскен. Әлемге әйгілі білгір ғалым, Батыс жұртына кеңінен танылған күрескер, демократиялық оппозиция өкілі Подонокты отандық құқық қорғау ұйымдары ғана емес, халықаралық қалталы мекемелер де өз қамқорлығына алған. Өркениетке аяқ басқан елде жеке бастың, яғни бір кісінің мүддесі мемлекет мүддесінен, яғни бүкіл халықтың мүддесінен жоғары болуға тиіс екен. Яғни мұндағы сегіз, сырттағы әлде төрт, әлде бес - пәленбай миллион қазақтың адамдық, азаматтық құқығы, ұлттық намысынан - қандай лас жатырда қандай арам сідіктен жаралғаны белгісіз Подоноктың жеке бас пайдасы жоғары көрінеді. Айтса - сөз бостандығы, демократияға ұмтылыс. Қысым жасалса, тыйым салынса - ол нағыз тағылық, кешегі тоталитарлық жүйе сарқыншағы, керек десеңіз, азаматты қорлау, адамдық құқығына қайшы жауыздық. Сөйтіп, дәл осы жолы сөз ұшығы өздеріне де тиіп жатқаны көңіліне жақпаған, сыпайылап болса да қабақ шытпақ, яғни еркін ойлы демократты тәртіпке шақырмақ болған өкімет пен партия, әділ сот орындары басталмай жатқан істі біржо-ла тоқтатты. Шынын айтқанда, қазақ баран болмақ түгілі, тышқан болып кетсін. Пәленше, Түгенше деп, ел басшыларының ешқайсысын түстеген жоқ, ендеше, тыныштық жақсы.

Енді Подонок әбден есірді. Айрықша қуатқа жеткен. Атақты ғалым ғана емес, еркін ойлы саяси қайраткер ғана емес, өкіметке қарсы демократиялық оппозицияның көшбасшы көсемдерінің бірі. Ресми тұлға. Үлкен үйдің баспалдағына кәк етсе де қой дей алмайсың. Елдегі ең үлкен кісілердің өзінің тісі батпайды.

Міне, дәл осы кезде біздің Подонок сәл-пәл ғана тактикалық қате жіберген. Бұрын қазақты сорлы дейтін. Өкіметті ұры дейтін. Соның бәрі аман-есен бойына сіңіп жатушы еді. Көрмейсіз бе, кезекті бір сұхбатында басшы көсемдерімізді рушыл деп қалыпты. Рушыл емес, бір рудан. Онда не тұр. Барлық заманда барлық жұртты билеуші тап бір династиядан болған. Мәселен Бұлғар хандығында - Дулат. Алтын-Ордада - Қият. Ресейде - Рюрик әулеті. Тағысын тағылар. Бірақ ескі тарихты кім тексеріпті. Біздің Подоноктың сүрінген жері осы болды. Бөтен-бастақ ойы жоқ еді. Қазақтың - халық емесін, күні бүгінше ескі қауымдық құрылым деңгейінде жатқанын айғақтау үшін айтып қалған. Рулық тәртіп, рулық сана, рулық ұжым дейді ғой. Қолы жеткен кісі басқа руларды шетке қағып, өз руының ғана өкілдерін көтеретін көріне¬ді. Бізге тәуелсіздік әперген, енді елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, алтын шайқап, мұнай сапырып жатқан көсемдеріміз. Бұдан бұрын тоқсан жеті атасын көрінде сілкілеп қаққанда қыңқ етпеген өкіметім мұндай көпе-көрнеу жаланы қалайша мойындамақ. Тас-талқан ашуланады. Тәуелсіздік алғаннан бергі тоғыз жыл бойы тайраңдап келген Подонок төрт тараптан бірдей қыспаққа түсіпті. Сегіз қырынан бірдей тексерілген. Бала кезінен бергі барлық ісі.

Сөйтсе... өмірбаянында мін жоқ. Әкеден жастай қалған, бірақ Кеңес өкіметінің арқасында жетімдік көрмеген. Нағашы атасы елді кеңестендіру, колхоздастыру жылдарында атақ-абыройға бөленген, тап жауларына қарсы күрес майданында шыныққан байырғы балшабек, бүкіл Кеңес болмаса да, бір республиканың мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ардагер екен. Асырап-қағып өсірген өгей әкесі әуелде осы сенімді салада қызмет атқарған, кейіннен партиялық басшы жұмыстарда болған аяулы азамат. Өзі - совет мектебінде тәрбие алған, Мәскеуде оқу бітірген, жас күнінен комсомол жұмысында белсенділік танытып, бұл салада алдынан кең өріс ашылып тұрғанына қарамастан, Отан тарихын тексеруге ойысқан. Нәтижесі елге әйгілі. Ешқандай мін таба алмайсың. Өзінен ғана емес, ата-ана, туыс-жекжаттарынан да. Рас, кезінде сонша мадақталған кандидаттық, докторлық диссертациялар, соған орай жазылып, жарыққа шыққан, бірі шынтақ елі, бірі бармақ елі екі кітап та бүгінгі сарынымен үндес, яғни қазақта түк те болған жоқ, қазақ түк емес деген әуенде жазылған екен, бірақ ол кезде кім не айтпады, соның бәрін түгендесек, қазіргі отаншыл ұлтжандыларды түгелге жуық, түрмеге кеспесек те, қоғамнан аластау керек, яғни мұнда тұрған ешқандай криминал жоқ. Еш жерде. Бұрынғысы да, кейінгісі де - кәдімгі, қырға шығармас қыртымпай сөз. Оның үстіне, қазір демократия, плюра¬лизм. Сол плю... лари... түкірігі шашырап жүре берсе іші кебетін бе еді, пәтшағар. Бір атаның баласы көтеріліп, өсіп-өніп кетіпті деп, басқалар шетқақпай қалды деп, ұмытыла бастаған рушылдықты қоздырғанын қарашы! Мынау басындағы бағын білмей былжырап айтып қойды. Ертең ақымақ біреу қостап шыға келеді. Ақыр түбі алауыздыққа бастайды. Жол беруге болмайтын еді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Рушылдық санамен уланған Подонок атақты университетте ұстаздық жасауға тиіс емес-ті. Шұғыл өткерілген кезекті сайлау нәтижесінде әуелі кафедрадан, содан соң мінберден айрылған. «Уһ!.. Құтылдық па пәлекеттен!..» - дескен әріптестер ғана емес, студенттер қауымы. Бұдан бұрын әлденеше мәрте көтерілген мәселе. Қазақ тарихы қазақтарды балағаттайтын сабаққа айналды деп талай рет айтылған, қаншама реніш болған, талай шағым түскен. Оны елеген ешкім жоқ. Ақыры міне, айтпас жерде аузынан қағынған жалақор тиесілі сыбағасын алды.

Тіпті жақсы болып шықты. "Оппозиция өкілі қудаланды!», «Саяси көзқарас қыспаққа түсті!», «Қазақ ұлтшылдығының тағы бір көрінісі!» - Орыс тілді, еркін ойлы басылымдар құлаш-құлаш мақалалар жариялады. Теледидар дабылдатты. Радио дүркіретті. Және сүйген жұмысынан қалған Подонокқа тиесілі, лайықты қызмет табылды; көп ұзамай, шет жақтағы, үш бөлмелі ескі пәтерін тастап, мәртебелі аймақтағы үш қабат, еңселі сәнді сарайға көшті. Ал атақ-абыройы Бабыл мұнарасымен бой таласа бастаған.

Осыдан соң Подоноктың еркін ой, та¬тымды пікірлері ешқандай тежеусіз шалқыды. Бұрынғы - ауыл-үй ішіндегі күбір-сыбыр екен. Енді байтақ, кең дүниеге шықты. Ашық даңғыра. Ащы шындық.

Орыс тіліне қысым жасалып жатыр! Радио, теледидарда қазақша хабардың көлемі зорлықпен, өлшеусіз көбейтіліп, тұпа-тура 17 пайызға жеткен! Ұлы орыс тілі үшін 83 пайыз аздық қылады! Бұл не қысас! Бұл не сұмдық!

Казақ тілді баспасөздің үлес салмағы 24 пайызға жетіп үлгерген! Кімге керек? Не үшін?

Сейфуллин көшесінде қазақ жігіттері ғана тұр, Саин көшесінде қазақ қыздары ғана жүр. Яғни еркін бизнес саласында орыс халқының азаматтық құқығы шектеліп жатыр!

Орыстар мен орыс тілділердің әр отба¬сында бір, асса екіден артық бала табуға жол жоқ. Ал қазақ шаңырақтарында үш-төрт, кейде бес-алты баладан! Бұл - көпе-көрнеу геноцид!

Казахстанның ұлтшыл басшылары елдегі тарихи қалыптасқан демографиялық ахуалды өзгертпек. Алыс шет елдерден арнайы квотамен жылына кем дегенде сексен-тоқсан үй көшіп келеді, бұлардың ішінде айналасы алты-жеті жылда тым құрса жиырма-отыз кісі, ұлтшылдар жайлаған тиесілі мекемелерді тынымсыз мазалап жүріп, ақыры азаматтық алады. Ал орыстардың бар шаруасын, мазақ қылғандай, үш аптада бітіріп береді. Ұлттарды алалау деген осы емес пе! Бұдан өткен қандай зорлық болуы мүмкін! Долой, көп ұлтты Казахстанның қазіргі казах ұлтшылдары басқарған ұлтшыл өкіметі!

Біздің Подонок ұран салған сайын өкіметіміздің зәресі ұша түседі. Өз тірлігін өзі кешіп жатқан сорлы халқыңыз, тіпті, кеңес тұсында болмаған қорлық пен мазаққа бір амал табар, мына Подоноктың адал өкіметімізді қарадай ықтырғаны қиын болды. Жаның ашиды. Аяғы шырмаулы, қолы байлаулы. Біздің Подонокқа зекірмек түгілі, көз алартып қарай алмайды. Оппозиция. Демократия мен өркениеттен үміті бар өкімет ой-пікір еркіндігіне шектеу салуға тиіс емес.

Сөйтіп «Бадырақкөз, сен тисең де мен шыдаймын» жорасымен, аман-есен, тепе-теңдік жағдайында жүріп жатқанда, онсыз да асқазаны бұзылып, тыныш ұйқыдан айрылған өкіметімізді біржола дағдарта жаздаған ерекше бір оқиға болды. Еркін ойлы демократтардың кезекті бір жиынынан соң, бәлкім, құпия нақсүйермен оңаша мауықтан соң, әлде көңілденіп, бұлғалақтап, әлде тұлданып, кекірейіп, қайткенде де біршама кеш оралған Подонок дәл өз үйінің босағасында мұзға тайып жығылып, мұрнын бұзып алған. Шатқаяқтай тұрып, еңбектей сүрініп, бет-аузын қан жапқан қалпында сәнді сарайына аман-есен кіреді. Содан соң, жеті қараңғы түнде... Ертеңіне, арғы күні... Айқай-шу, телефон, қапылыс, жүгіріс... Ардақты оппозицияны арам ұлтшылдар соққыға жығыпты! Қанды оқиға! Қастандық! Бүйте берсе, кісі өлімі де алыс емес! Жаппай қудалау енді тікелей репрессияға ұласқан! Ақ ниетті адамзат қатер алдында тұр!

Жер-көк ию-қию, дабылдады да кетті.

Енді қалтақ-құлтақ өкіметімде не жан қалсын. Жік-жапар кешірім сұрады. Арнайы мәлімдеме жасады. Жаппай тексерді. Жабыла іздеді. Ақыры, екі күн, екі түн өтіп, үшінші тәулік, талма түс шағында тапты.

Мұз! Мұз кінәлі. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл Алматының ауа райы бұзылып барады. Биылғы жыл әсіресе. Әуелі қар жауған. Тапалған. Содан соң күн жылынған. Еріген. Содан соң қырсығып, қайта суытқан. Алдағы күртік қар, кешегі көксоқта бүгін тоң мұзға айналған. Құрметті оппозиционер өзінің жеке меншік коттеджінің ауласына кіріп, өзі кілтімен ашқан сыртқы биік шарбақтың айшықты есігін ішінен бекітіп, баспалдаққа жете бергенде етпеттей жығылған. Сөйтіп, сүйкімді мұрын бұзылған. Ешкім ұрмай-ақ, өзінен-өзі. Яғни иесі мұзға аямай соққан.... аңдамай соғып алғаннан соң, амалсыздан. Аңдаусыз бұзылған мұрыннан амалсыз аққан әдемі қан ізі сол жерде, аула ішінде, баспалдақ түбінде өз таңбасын қалдырған. Яғни дұшпаныңа тілемес оқиға іште, оңашада болған. Біреу-міреу көлденеңнен тиіссе, қан ізі сыртта қалар еді. Яғни құрметті демократтың өзі кінәлі... емес. Кінәлі - мұз. Бұл мұзды жауғызған - әлгі... біз жоқ деп жүрген Шал. Ешқандай күмәнсіз. Болған оқиғаның дәлелді орны суретке түсірілген. Дидар таспаға жазылған. Әлбетте, Шалдың ісіне шара жоқ. Бірақ өзінің «Сақтағанды ғана сақтаймын» деген сөзі бар. Сондықтан, әркім ақырын жүріп, анық басуы керек.

Бәрібір дәлелдей алмады. Ешкім сенбеген. Оппозиция ғана емес. Оппозицияға, яғни Подонок пен оның жақтастарына қарсы жұрт та. Әй, жарайсың, баяғыда мұрнын бұзу керек еді дескен. Бейсауат жұртыңыз не. Өкіметімнің өзі сенбеген. Көшеде қаңғып жүрген ұлтшыл бұзықтардың бірі (немесе бірнешеуі жабылып) сабап кетті деп ойлаған. Әрине, кездейсоқтан емес. Қасақана.

Ендеше, елдің баянды тыныштығын қамтамасыз ету үшін алдын ала шұғыл шаралар қолданылуы керек. Бұл жолы мұрны ғана бұзылыпты. Кеңсірігі аман, үш күнде орнына келді. Ертең әлгі есірік ұлтшылдар ауыздағысын ірке алмайтын бұл шіркіннің сирағын сындырып жүрсе қайтеміз? Сирағын салармыз, құлақ, мұрнын кесіп әкетсе не болмақ? Құлақ та, мұрын да садаға, басын шауып алса орнын қайдан табасың? Міне, мәселе қайда!..

Ең жоғарғы деңгейде шұғыл кеңес өткізіліп, байыпты шешім қабылданды, арнайы қаражат, жеткілікті техника бөлінді, тиісті орын, тиесілі кісілерге нақты міндеттер жүктелді.

Біздің Подонок мемлекет қамқорлығындағы Тұлға деп жарияланған. Яғни барлық жағдай туғызылмақ.

Құрметті коттедж маңы, тура бір орам, тақау төңіректегі бұрмалар мен бұрыштар, демократияға бастап тұрған даңғыл үнемі таза, қарсыз, мұзсыз, кедір-бұдыр, төмпеш, шұқырсыз, ылғи қадағаланып ұсталуы шарт. Таяу төңіректен көлденең кісілер жүрмесін, бәлкім қастандық ойлаған ұлтшылдар шығар. Бейсауат мәшине жүрмесін, ой алыбының тынышы кетіп, ұйқысы бұзылуы мүмкін. Бұл - сырттай ғана қамқорлық. Мемлекеттік Тұлғаның жеке басы мүлде қауіпсіз болуы үшін, ол қай уақытта да, қайда барса да үнемі бақылау, күзет астында болуы керек. Яғни жаяу жүрсе - оққағар, көлікпен жүрсе - қосшы машиналар. Тұлғаның амандығы - елдегі тыныштықтың кепілі. Ал Тұлғаның аузынан кіріп шыққан ақ ит, көк иттердің жайына келсек, бұдан бұрын да талай қанден мен төбетті көргенбіз, шәуілдейді, арылдайды, үндемесең өзі-ақ қояды, яғни сөз бостандығы, демократия үрдісімен, толық еркіндік аясында өзінің қоғамдық қызметін одан ары жалғастыра береді.

Жалғастырып жатыр. Соңғы мұзға тайып жығылғаннан бері бүкіл әлем та¬ны¬ған қайраткерге айналған Подонок қазір "Казахстан без казахов" - «Қазақсыз Қазақстан» атты, кең ауқым, терең толғамды программалық құжатты нақты жүзеге асыру тарабындағы пәрменді әрекетке дайындалып жатқан көрінеді. Жоғарғы жақ - елдің баянды тыныштығын ойлаған өкіметіміз мақұл көріпті деген де сыбыс бар. Ғажап емес. Өйткені ол тарапта да Тұлғаның туған інілері көп деп естиміз.

2003 жыл

«Түркістан» газеті

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Тұрсын Жұртбай. Мұхтардың «Қос ағашы»

Тура осыдан он жыл бұрын Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге қарата айтқан: «Төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұ­тас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азау­лының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» - деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», - деген тілегіміз қабыл болды. Өйткені, ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан Нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды.
Армансыз көсіліп келеді. Бойы да, ойы да бұрынғыдан ширақ. Өрісі де кеңіген. Бұрын қолы жеткен адам шет елге шығып кетіп демалатын еді. Ал Мұхтар ағамыз енді күз бен көктем арасын шет елдегі сарайында өткізіп, жаз жайлауында ғана туған еліне келіп, Көпбейіт - Көктүбектегі ата қыстауында аунап-қунап қайтатын болып жүр. Бұл да тағдырдың оған берген ерекше сыйы. Бәйбіше мен баланың қы­зығын бәріміз де қал-қадерімізше кө­ріп, сыйына бөленіп жүрміз ғой. Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өз­гемізден өзгеше өріс алды. Балалары мен жарының аялы алақанына мұндай еркін еркелеп, мәпеленген әке арамызда сирек.
Сондай сүйініштің аясында ел азамат­тарына аздаған ғана өкпесін арқалап, Прагадағы немерелеріне қазақша үйретіп, кәдімгі кеңістіктегі көп атаның бірі емес, ірісі боп өмір сүріп жатыр. Жай жатқан жоқ, қазақтың жыртысын жыртып, рухани қазынасын молайтып, көркем әлемін ба­йы­тып жатыр. Өзі бір кездері көңіл ауаны ретінде сүйініп аударған, елден алыс, аға­­йыннан ауаша, тұйық күн кешкен Сом­мэрсет Моэмнің кейіпкерлері сияқты шал­ғайда жүр. «Қияндағы қыстаудағы» құл­­жалар сияқты анда-санда жонын күді­рейтіп Алматыға келеді. Астанаға ізін сала қойған жоқ.
Сондайда сағыныңқырап қалған іні­лік сартап көңілмен зәудем хабарласа қалып, жөн сұрассаң: «Сен немене, менен интервью алайын деп тұрмысың? Оның несін сұрайсың. Елің таланған, жерің тоз­ған, адамың азған. Парламентің - пәле­шіл. Тек алашымның рухы өлмесін!» - деп бастырмалата жөнелетіні де бар. Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің ба­сылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны біл­генде, мұндай қатқылдау сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді, есте болсын», - дегендей қырсық ой қылт ете қалады.
Соңынан қайтадан жазғандарына үңі­ліп, оның ішіндегі ұлтына деген ұлы да уытты толғаныстарды оқып: «Сыр жа­сы­рып бой тасалап жүр екен. Бәрі де ішін­де сақталыпты. Алқалы ойын тек қаламға ға­на сеніп тапсыруға бекініпті. Кейіп­кер­лерінің жармақтанып, қос жарылып жүргені сияқты өзінің де ойы өзі суреттеген Бақанастың бойындағы Қос Ағаш сияқты қос айырылып жүр екен-ау! Ділі қатты ағаның тіліне бола бұртимайын», - деп өзіңді өзің жұбатасың.
Қалай дегенмен де түңілмейсің, қайта өткен күннің кей елесі көз алдыңа келеді.
Шындығында да, осы «Қос Ағаш» жа­зылғанға дейінгі жазушы Мұх­тар Ма­ғауин бір басқа да, «Тамыз әңгіме­лерінен» ке­йін­гі жазушы Мұхтар Мағауин бір бас­қа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері - әр түрлі ыр­ғаққа құрылған, баяндау тәсілі - құбыл­малы, әдеби әдістері - алмағайып, ал­масып отырады, шендестірулері - ширақ әрі күрделі, тұспалдары - тылсым, емеуріні - екі-үш мәнге ие, нысанасы - әрі биік, әрі терең, оқиғаға - өзін де, өзіңді де араластырып, уақыт пен кеңістіктің же­лі­сімен жетектеп, қилы-қилы әсерде қал­дырады.
Сонымен қатар, бұрын Мағауиннің про­засында қанық анықталмаған сарказм­дық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып, қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, да­муы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қа­бат қатталып, көркем ойдың салмағы сом­данып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады.
Лирика мен мысқыл араласқан осын­дай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол - сол кейіпкер әлемі­нің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқы­ғаныңда жазушының өзінің «ме­ні» сияқты әсер қалдырады. Қайы­ра оқы­ға­ныңда ол мүлдем басқа, анти­қаһарман бо­лып шығады. Мысалы, «Тре­веннің әңгі­месіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған.
Ал «Құмырсқа-қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Ора­лу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қат­пар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түй­сікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ға­дауаттың ортасында алмағайып күй кеш­кен тағдырдың жанкештілері жүр. Көр­кемдік әдіс-тәсіл мен шығармашылық пси­хологиясымен арнайы айналысатын зерт­теушіге таптырмайтын тақырыптың өзі.
Мен бұл әңгімелерден алған әсерім­ді бойыма да, ойыма да сіңіре алмай, бір әңгімелесіп қалғанда Мұхтар Мұқан­ұлының өзіне осы пікірімді сабақтай келіп:
- Баяғы жазушы Мағауин мүл­дем бө­лек. Мына «Тамыздан ке­йін­гі әңгі­мелердегі» Мағауин - шығарма­шы­лықтың жұлын-жүйкесін шүйкелеп берген нағыз еуропалық мәнердегі жазушы. Кей­де бұрынғы Мағауин осы әңгімелерді жа­зу үшін дайындық жасап келгендей әсер қалдырады, - дедім мақтауымды асырғым келіп.
Ол әдеттегідей тез шытына қалып:
- Сонда сен бұрынғы Мағауинді жа­зу­шы емес дегің келіп отыр ма? «Ала­сапыран», «Тазының өлімі», «Шақан ше­рі» сияқты шығармалар жүз жылда бір-ақ рет жазылады. Енді жазылмауы да мүмкін, - деді.
Мен де қасарысыңқырап:
- Иә, олар жүз жылда бір рет жа­зы­луы мүмкін. Ал мына шығармалар, роман­ның жүгін арқалап тұрған шығармалар ешқашанда жазылмайды, - дедім.
Мәселе, ол шығармалардың жүз жыл­дан кейін жазылып, жазылмауында емес. Ең басты мәселе - жазылып қалғанында және қайталанбастай иіріммен тоғыс тап­қанында. Өйткені, дәл осындай, яғни, тә­уелсіздік тұсында рухани бодандықты ба­­сынан кешірген Мұхтар Мағауин се­зін­­­ген сезімдерді тағы бір қаламгердің қай­­­тадан сезіне алуы неғайбыл. Сол пікірімді дәлелдегім және әр әңгімесі мен мақаласына орай пікір білдіргім келіп ұзақ уақыт бойы дайындалып та жүрдім. Бірақ, ретін салмайын десе ойлаған ісің ілгері баспайды екен. Сол тұстағы пікірлерімнің жаңғырығын, міне, енді пайдаланайын деп отырмын.
«Күмбез» әңгімесінің соңына: «Егер осын­да суреттелген оқиға - көркем қиял­дың нәтижесінен туған көркем шындық болса, онда Мұхтар Мағауин шын да­налыққа жетіпті. Шын оқиға болғанның өзінде, енді он, жиырма, жиырма бес жыл­дан соң көркем шындыққа айналады», - деп жазыппын.
Мұндағы жазушы өз көзімен көргендей етіп жазылған кәдімгі шындықтың өзі жағаңды ұстатады. Айтты-айтпады, біз аруақтардың бейітінің өзін сатып күн көріп жүргеніміз өтірік пе?! Бұрын ары­мызды сатқанға күйінуші едік, енді ата-бабамыздың аруағын сатып күн көретін болдық.
О, тәубе!
Ал осыны Мағауиннен басқа кім көркемдік шындық дәрежесіне көтеріп жазды?

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

«Құмырсқа-қырғын» әңгімесі туралы: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса онда Мұхтар Мағауин тірі классик емес, нағыз алашшыл-ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді. Қазір тақырыпқа еркіндік жасалды. Әңгіменің астарындағы шындық - публицистикада ашық айтылып жүргендіктен бе, әдеби сын мылқау тыл­сымдықты сақтады. Оның үстіне авторы бас асауы басылмаған, сырбаздығы мен сыншыл ойы тең өрілген, өзіне-өзі және келер оқырманның жоғары бағасына қат­­ты сенетін, мақтағаныңның өзінде бір сөзіңнен ши шықса жазғаның үшін өкі­нетіндей ғып жазғыратын, шамшыл да шын­шыл Мұхтар Мағауин. Сондықтан да әдеби сыншылар сырттай ықтап, мар­ғаулық танытқан сияқты. Егерде Әбіш Ке­кілбай мен Шерхан Мұртаза жазса, сөзсіз дана дер едік. Оған мен де қосылар едім.
Әттең, «Құмырсқа-қырғынның» аста­рын ешкім әлі де пайымдай алмай жатыр-ау! Оның ішінде дәл қазірдің өзінде ешкім айта алмайтын, екінші бір емеурінді тұс­­пал жатыр. Ол - Ананың өзі! Аты атал­майды. Бірақ әңгімені оқығанда ол кейіпкер ретінде елес береді. Ол бейне, жылдар өткен соң, лакмус қағазының түсі сияқты астарлана шығады. Сонда: «Мұх­тар Мағауин шындықты зарлатып отырып, запыранын сорғалатып отырып жазыпты. Біз білмеппіз ғой! - дейтіні анық. Мұндағы кейіпкердің мені - жазушының өзі. Егер құмырсқаның өзін жазса қазіргі оқырманның оған өресі жетпейді, оқы­майды. Құмырсқаның іні де, илеуі де жоқ, яғни, жер сатылып кеткен. Ертеңгі өмір, жер жегісі, түптің түбінде жүйкеңді жейтін болады!» - деп пікір түйіндеппін.
Қазір де сол ойдан айни қойғамын жоқ.
«Қуыршақ» - Мағауиннің жазушылы­ғын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын (мұ­ны «Еркек махаббаты» деп атаса да бо­латын) жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құ­рылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда, мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының (баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің ор­нын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқы­ған­нан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста ав­тордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. Мұндай ішкі қуат пен шынайылыққа алпыстан асқан жаста жету - ұлы ішкі қуатты қажет етеді», - деп тұсына жазып қойыппын.
Менің ойымша, бұл әңгімені талдамау керек, жай ғана оқып шыққан лазым. Сон­да ғана оның барлық көркемдік қуатын сезіне аласың.
«Ең үздік оқушыдағы» немере де, не­меренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психологиясының логикалық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа ту­ынды. Өйткені, сарабдал сыншының өзін шіміркендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінге қалдыруы» талай тұспалды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырылған тұспал бойынша: не лирикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін не­мересі де қайтып қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмірінің трагедиямен аяқ­талатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда... әл­гі романды үлгі тұтқан мұғалиманың ке­рін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Одан да әңгіменің талқылауын шынымен де кейінге қалдырған дұрыс».
Солай болғаны дұрыс-ау! Бірақ қазақ ұлтының күні не болмақ. Шағын, ойнақы әңгіменің астарында ұлттық трагедия жатыр.
Ал «Қос Ағашта» бүкіл дала филосо­фиясының тамырының үзілуі мен қа­зақтың тағдыры тұспалданған. Мұнда ли­рика да, сыншыл сезім де, емеурін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәй­те­ректер қайда? Енді мынау сайын да­ланың салқын самалымен саясында су­­сындататын қос бұтақты алып Қос ағаш­тар қайда? Марқасқа Мағауиялар қайда? Олардың басын жай ойнатқан кім? О, Қос ағаш! Сен қазақ хандығының құрылғанына куә болмап па едің! Дала мен бабаның ру­хы емес пе едің! Тасқын шайған, су орған арса-арсасы шыққан өзен жаға­сында сояудай сойдиып тұрған қалқа жоқ. Бақанастың бойындағы шыбықтар мен суға түскен бүгінгі балаларды кім сая­сына алады? Хандығының нысанасы, ер бабалардың рухы мынау еді деп көр­сететін тұқыл да қалмаған. Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілік ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш - қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш - фәни мен бақидың арасындағы ұлы са­рынды тамыр. Ол - өмір ағашы, көне түр­кіше Мықан ағашы. Ол - тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш аға­шы. Әңгімені оқығанда осындай ассоциа­циялық коллизиялар ойыңды қармап алады».
Бұл - тұспал мен емеурінге құрылған әңгімелердің бір парасы туралы дер кезінде жазылып қалған ойлар.
Қазір сол «Тамыздан кейінгі» әңгіме­лердің екінші бір астарын, сарказмдық сыпатын аңғарып отырмын. Мұнда тұспал да бар, бірақ, мұндағы тұспал ызалы тұс­пал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» - деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Бәріне емес, соның ішінде тікен тамыры екі әңгімеге ғана тоқталайын.
Алғашқысы «Қылмыс» деп аталады. Атақты бір тарихшы өзін қорлаған ұзын­си­рақтардың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Автордың пайымдауынша: Алпамыстың қылмысы бұл емес, опасыз жар мен қансыз наға­шы­сының тәрбиесімен қағынып өскен ұл­ды - әкесінің еңбегін жоққа шығарып, ала­шапқын боп жүрген Подонокті өмірге әкеліп кеткені екен.
«Подонок» атты екінші әңгіме әлгі по­­до­ноктің тәуелсіздік жылдарындағы «по­доноктік» сатқындығы. Дүние жүзі та­рих­шылары жиналған симпозиумдер мен конференцияларда: қазақтың тәуел­сіз­дік алуы - заңсыздық. Олар ел бола ал­майды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресей­сіз өмір сүре алмайды. Өйткені, бұл ұлт - құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жа­байылардан шықсам да жабайылардың тілін үйренуге арланамын, - деп жар салады. Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Қастаншықпағыр пиғылды ту еткен оппозиция өкілдерінің кө­семі атанады. Сөйтіп жүргенде өз үйі­нің табалдырығына сүрініп, мұрны бұ­зылады. Оны қазақ емес, қазақстандық баспасөздер, көлігімен кісі басып өлтірген Жовтисті адам құқығын қорғағаны үшін түрмеге қамалды, - деп даурығып жүр­ген оппозиционерлер сияқты, оның бет-аузының тас-талқан болғанын мем­ле­кеттен көреді. Аш пәледен қаш пә­ле деп үйренген іштей оның пікірін жақ­тайтын үкі­мет ақыры оған күндіз-түні күзететін қа­рауыл бөледі. Есірген Подонок енді «Қа­зақ­сыз Қазақстан» деген ұран көтеріп шығуға дайындалып, ұлы жоба жасап жат­қан көрінеді. «Елдің тыныштығын ой­лағандар» оның бұл әрекетін мақұл кө­ріпті-міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішін­дегі көркем оймен шендестіріле бе­ріл­ген сарказмдардың уыты тұла бо­йыңды қышыма шаққандай дуылдата шы­мырлатады.
Бұл екі әңгімені ғана емес, «Ұлт­сыз­дану ұраны» атты кітаптағы барлық шы­ғармаларды дәл осындай деңгейдегі сая­си памфлет десе де болады. Бұл реттегі Мұхтар Мағауиннің сарказмдары мен ызалы қаламы әлемнің кез келген са­тиригімен шендесе алады. Әттең, соның барлығы да қалтарыста қалып қойды.
Оның есесіне, Шыңғыс ханның қа­зақ мемлекеттігінің тарихынан алатын ор­ны туралы пікір дауға ұлғасып кетті. Подонокті басына көтерген тобырға Шың­ғыс хан мен Мағауиннің тізесі мен ызасы қаттырақ батқан сияқты (Бұл арада мен Мұхтар Шахановты меңзеп отырғаным жоқ. Екі Мұхтар қатар күресіп жүрген, еке­уі­нің арасына әділет іздегенсіп, аран­датып жүрген Подоноктерді мегзеп отыр­мын). Мұндайға ара ағайындық жа­сағанды жаным сүймейді. Жасанды жа­уапты одан бетер жек көремін. Дегенмен де, мәселенің анығы - Шыңғыс хансыз қазақ мемлекеттігінің тарихы болмақ емес. Онсыз біз ұлттық қасиеттеріміз бен белгілеріміздің бәрінен айырылып қа­­ла­мыз. Тарихтан сызыламыз. Оны М.Ма­ғауин «Қазақ тарихының әліп­биінде» ба­рынша орнықты баяндаған. Біле біл­сек, қазақ ұлтына Шыңғыс хан мен Ма­ғауин емес, Подонок қауіпті еді. Ондай по­доноктер арамызда әлі де қошеметке ие. Осыны да парықтай алмай қойдық-ау!
Бүгінгі күннің тақырыбын көркем шы­ғар­маға арқау етуге әлі ерте деген жасанды сылтауды Мұхтар Мағауиннің жо­ғарыдағы әңгімелері мен «Жармақ» ро­манын күн тәртібінен сызып тастады. «Жармақ» - саяси памфлет пен психоло­гия­лық көркем саралауға құрылған тра­гедиялық шығарма. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шын­дықтан туып отыр. Бір бетіне - ұлт намысын, екінші бетіне - ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбәра тұлғаның қос жа­рылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жарыместелік, бір адамның өзін-өзі соншама сүйе отырып жеккөруі, өзінен-өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады.
Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сат­қындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жар­тысы Жармақ парламентке өтіп, тура Подонок сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде, оның екінші жартысы - өзіне-өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі ар­қы­лы ғана Жармақты сатқындықтан ара­шалап қалады. Өйткені, онсыз, екінші сы­ңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымсыз - Мұрат, Мұ­ра­тымсыз - Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғ­ни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.
Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп жүргені аян. Тіпті, осындай амалсыз тәуекелге бар­ған шығармашылық иелерінің тылсым тағ­дыры жанымызға батып жүргені де аян. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың. Ойлайсың да еркін өмір­дің тұйыққа тірелуін азат қоғамды тұ­йық қоғамға әкеп тіреген себептерден із­дейсің. Соның жауабының бір парасы Мұх­тар Мағауиннің «Жармақ» романында публицистикалық пафоста сарқыла көр­кем сараланған.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Шайтанқұлақ арқылы аз сөйлесіп, көп сыр түюге ұмтылған сәтімде «Жармақ» ту­ралы сыр тартпақ болғанымда, ол алысқа орағыта қайырып, әңгімелерін көлденең тарта берді. Соған қарағанда қазіргі Жармақ емес, та­рихи жармақтар туралы көркем ойын кө­мей күйі ретінде жасырып қалды ма деген ұшқын санамызға саңылау түсірді. Әйтеуір, біз білетін Мағауин ешқашанда елі үшін алаңдамай жүрген емес. Әр игі ісінің сәтін салсын.
«Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырауда», - дейміз. Жоқ, бұл мүлдем қате түсінік, жаң­­сақ пікір. Өзгені былай қойғанда, Мұх­­тар Мағауиннің кейінгі он жылдағы шы­ғармалары бұрын-соңды туған әде­биетімізде бой көрсетпеген әлемдік дең­­гейдегі туындылар. Тек соны оқып, тү­сініп, мойындап, талдап, тұспалын ха­лыққа аша жеткізу ғана парыз болмақ.
Өйт­кені, бұл роман - бүгінгі қазақ әде­би­е­тінің жаңа арнасының басы. Көркем шығармаға қойылатын ендігі талап та сол деңгейден қалыптаспақ. Бұған алаңымыз жоқ.
Алаңымыз - ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ, бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Бұл емеурініміз, мүмкін, асылық та болар. Мүмкін, жа­нында еркелей жүріп, бауыр басып қалған жан жылуын жиі сезінгіміз келгендіктен де шығар. Ал оған бауыр басып қалған жалғыз біз емес, исі ел емес пе? Ал елін бауырына басып үйреткен тағы да сол Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өзі.
Маған осындайда Мұхтар ағамыздың өзі де сол өзі жырлаған Қос Ағашқа ұқсап кетеді. Ол - азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға. Бұл сөзімді де сол алғашқы мақаламдағы:
«Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұ­тас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азау­лының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» - деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», - деген тілекпен тәмамдаймын.
Бұған қосарым, амандықпен көрісуге күн жазсын бізге...

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

qasym.kz

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ақеділ Тойшанұлы. Мағауиннің жаңа прозасының алтын өзегі

Мәселенің мән-жайы

Қазіргі биік өреге, озық мәдениетке  жеткен қазақ прозасының халық мұрасымен байланысын айқындау күрделі шаруа. Олай болатыны -  ең бергісін айтқанда,  көркем прозадағы тілдің өзі халық тілінен ажырап, жазушының стильдік тезіне түсіп, әбден ұстарып, оралым-өрнегі өзгеріп, жаңа тынысы ашылады. Бұл орайда «Тіл әрқашан қырналып, мінеліп, өңделіп отыруға тиіс. Бұл үшін ол халықтан жазушы мен филологқа өтіп, ал олардың қалам тезінен шыққан соң, халықтың өзіне қайта келіп, жалпы халықтық игілікке айналуы керек» деген  В.Гумбольдт пікірін есте ұстаған жөн. Екіншіден фольклорлық сюжеттер, сарындар, бейнелер прозаға сол қалпында тасымалданбайды, оны дарынды жазушы әбден өңдеп, өз шығармасының көркемдік-эстетикалық  талаптарына бағындырып қолданады. Үшіншіден халық қазынасындағы эпикалық уақыт пен кеңістік прозада  реалды-тұрмыстық өлшемге көшіріледі. Эпос пен ертекте кеңістік пен уақыт міндетті түрде бақытты түйінмен, яғни тұйықталып  аяқталса, көркем прозада бұлай болу -  қарабайырлық, қарадүрсіндік   саналатындықтан шығарма тосын да шытырман жайтпен тәмамдалады. Фольклордың қызметі атам заманда орныққан халық санасындағы  таным мен образдарды қадағалау, ұрпаққа ұластыру,  бұлжытпай орындату болғандықтан ол бір ғана қайталау (ескіні дәріптеу) әдісін қолданады, ал әдебиеттің міндеті жаңа қаһармандар мен бейнелерді жасау болғандықтан ол даралау, оқшаулау (тыңға түрен салу) тәсілдерін кәдеге жаратады.  Осы тұрғыдан қазақ әдебиетінің классигі, ұлт рухының көшбасшысы М.Мағауиннің шығармашылық болмысын, әсемдік әлемін арнайы зерттеу - өзекті де қажетті мәселе.

Батырлық дәуірдегі  аңшы-мерген типінің прозаға оралуы

Әр бір шығарма жазған  сайын тыңға түрен салып, оқшау болмыс-бітімімен оқырманды қайран қалдырып, көркемдік көкжиегін кеңіте түсетін көрнекті жазушы М.Мағауиннің «Шақан-Шері» романы сырттай қарағанда фольклордан ұзақ тұрған сияқты. Романда Іле өзені бойындағы жолбарыспен жекпе-жекке шығып, тұқымын құртқанға дейін барған  ержүрек аңшы Шақанның өмірі суреттеледі. Әйелі мен баласын жолбарыс жегендіктен одан өмірбақи кек алуға бел буған аңшы ақырында жолбарыс атаулыға тажалдай төнеді. Жазушы қазақтың ежелгі аңшылық өнерін этнографиялық дәлдікпен суреттеп отырғаны айқын сезіледі. Алайда бұл сыртқы қаңқа,  шын мәнісінде шығарманың өзегі  фольклорлық санамен  тұтастықта өрілгенін білуге болады. Өйткені, жолбарыс аулау, жолбарысқа жекпе-жекке шығу - ол  батырлық  дәуірді елестетіп, оқырманды       бабалардың уақытымен бірден тоғыстырады. Шақан-Шері образы ертегі мен көне эпостағы қамысты көл мен шөл даланы жеке дара кезіп жүретін аңшы-мерген типін  еске түсіреді. Романның эпилогын оқығаннан кейін-ақ оқырманның зердесіне «Қамбар батыр» жырындағы мынадай көріністер еріксіз оралады:

«Ажал жетпей жан шықпас,
Тәуекелге бел байлап,
Пешенемді сынадым», -
Бұл сөзді айтып ер Қамбар,
Шерінің барды қасына...
Сол уақытта жолбарыс,
Түгінің бәрін жатқызды...
Бүркіттей жазып тырнағын,
Тұлпарға барып асылды...
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып жіберіп,
Қырық қадам жерден асырды.

Рас, Шақан эпостағы көзсіз батыр емес, қорқыныш сезімі бар кәдімгі ет жүректі адам, өйткені қазіргі прозаның міндеті адам жанындағы психологиялық толқынды  шынайы суреттеу ғой. Қырық жігітті аңшылықа баулып жүрген кәнігі қарт аңшы Құба-мерген жолбарысты атқан кезде  алғаш рет жыртқышты көріп абдыраған Шақан мылтығының  білтесін тұтатып та үлгере алмай қалады.
«Шақан буын-буыны әлсіз дірілдеп, жерге түсті. Сол кезде ғана көрді. Жүндікер аттың асты көл-көсір, сап-сары: жолбарыс шапқан кезде шүмегі ағытылып кеткен екен. «Менің өзім де бұтыма жіберіп қоя жаздадым», - деп ойлады Шақан».   
Демек, Шақан мінсіз эпикалық кейіпкер емес, ол жолбарыс аулау өнеріне бірте-бірте машығып, ақыры кек жолында жүрек жұтқан көзсіз батырға айналады.
Көнетоз жолбарыс жақы жамылып жүретін аңшы Құба-мергеннің есімінің өзі көне түрік заманының белгі-бедері секілді. Ол Шақан бастаған қырық жігітті жолбарысқа бастап барғанда жастардың намысын ояту үшін мынадай әңгіме айтады:
«Жолбарыс аулау - қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері , - деген ашық аспан астында, алаулы от басында ет жеп, сорпа ішілгеннен соңғы әңгіме-кеңесте Құба-мерген. - Төріне тарғыл жолбарыс ілінбеген үйде найза ұстар ұл тумайды деген бабаларымыз. Ол заманда ұзын аққан Сыр-Дария, қамысты қалың Шу бойы қаптаған қалың жыртқыш екен. Ал Іленің етегінде жыпырлап жүрсе керек. Шұбар шері, тіпті, аң қағып Алатаудың сай-саласына шығып кететін. Күні кеше ғана анау заңғардан - Жасыл көлден балалы жолбарысты өз көзіммен көрдім. Е-е, ол да бір дәурен екен. Жолбарыстың жүрегін жеп, толғағы тарқаған ана мың сан жаудан қайтпайтын қара болат батыр турады екен. Қазіргі қатын немене... тұз, құрт, ашыған көже...Соны көре тұра кейінгі балаға жасықсың, жамансың деп кінә қоямыз».
Міне, бұл келте әңгіме арқылы жазушы оқырманды бірден эпикалық салқар дәуірмен ұшастырады да  оның демі романдағы сюжеттік оқиғаның өрбу барысында (оған қатыссыз болса да)    ұдайы  сана түкпірінде ұшқын береді де отырады. Иә, Шақан қолына ысты Рысбек ұста соққан білтелі қара мылтық  пен ақ найза ұстап жүрген қарапайым аңшы. Бірақ оны жолбарыспен шайқасқанда жеңіске үндейтін күш - бабалар ерлігі мен ұрпағының қан қарызы - кек.   Шақан-Шері образы  Қамбар батыр, кейінгі Саурық батырдың заңды жалғасы секілді суреттеледі.
Жолбарыстың тырнағы тиіп жараланған бозбала бейнесі  былайша сомдалады:
«Бірақ  өңі боп-боз еді. Зорлана жымиды. - Екпіні сондай қатты екен.  Жылдамдығын айтсаңшы. Найзаны кезеп те үлгермедім... -  Атым ат-ақ еді, -  деді жігіт бұрынғыдан әрмен бозарып. - Қамбардың қара қасқасындай...Жігіттің белін шешіп жібергенде жұрт тегіс ах ұрды. Қызыл қанға боялған күдері шалбардың ауы дал-дұл, жігіттің жамбас тұсы алақандай қызыл қошқыл жара».
Міне, бұл эпизод арқылы жазушы әдейі Қамбар батырды еске салады.
Қолына  ақ найза ұстап жолбарыспен жекпе-жекке шыққан батыр аңшының ерлік тұлғасы романда шебер сомдалады. Түптеп келгенде, ол жолбарыспен, айдаһармен сайысатын фольклордағы аңшы-мергеннің қазіргі романда басқа сипатта жаңғырған жаңа түрі деуге болады. Аңның перісі жолбарыс пен адамның шерісі Шақан өшігіп арпалысады, нәтижесінде сақарада қидаласқан екі мықтының бірі  - қазақ қалып, жолбарыс мүлде жойылғаны тұспалданады. Сонымен, жазушы бабалар ерлігі тек ертекте ғана емес, кейінгі қазақтың қанында, тұрмыс-тіршілігінде нақтылы жалғасын тапқанын көне құндылықтармен  астастыра үндестікте  дәлелдеп, жолбарыспен жекпе-жекке шыққан ер жүрек халық ешкімнің алдында тізе бүкпейді деген ишара жасайды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Теңдессіз сұлу мүсіннің бүтінделуі

М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятында  ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының  (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан)  қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Хикаятта ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Автор хронологиялық  аса ауқымды дәуірді қамту үшін мифопоэтикалық символдарды сәтті қолданып, нәтижеге жеткені көрінеді. Хикаятта Кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның     дәуіріне өте алады. Осылайша  замандар мен дәуірлер, өткен мен бүгін, тірі мен өлі, аруақ пен адамдар өзара тоғысып, тілдесіп, алмасып жатады. Уақыт пен кеңістікке бағынбау, ғаламдарды еркін шарлау, кедергілерді  елемеу -мифопоэтикалық танымның  төл белгісі. Олай болса М.Мағауин бұл шығармасында реалистік стильден саналы түрде  алшақтап, керісінше фольклорлық танымға табан тіреген деп түйін жасауға әбден негіз бар.  
Зерттеушілердің айтуынша, мистикалық әуенмен  әрленген бұл шығарма бүгінгі постмодернистік әдебиеттің бағыт-бағдарынан хабар бергендей (Ұлттық рухтың оралуы // Әдебиет айдыны. 09.06.2005.).  
Дәстүрлі танымда тірі адамның мүсінін қашауға, суретін салуға тыйым салынады, өйткені бабаларымыз адамның жаны сол бейнелерге көшіп кетеді деп сенген. Түрік халықтары адам өлген соң оның бейнесін елестетіп қуыршақ жасаған, мүсін қашаған, кейіннен тұл орнатқан, ондай нысандарға аруақ (онгон) деп табынатын болған.
Хикаяның басында жазушы революция ерлерін сомдап тоқырай бастаған мүсінші досына С.А.Половцеваның «Қыпшақ тас мүсіндері» деген альбомын тарту етеді. Мүсінші ризалық білдіріп,  жазушы досының мүсінін қашағысы келеді. Оған кейіпкер былай деп жауап береді:
«-  Болмайды , -  дедім , Саржанның шынымен айтып тұрғанына көзім жетіп. - Мен тәңіріге, аруаққа және тылсымға сенетін кісімін. Жадағай, жалғыз-ақ өлшемдегі фотосурет емес, басыңның, бар бітіміңнің  нақпа-нақ көшірмесі  - қолдан жасалған сыңарың... Мүмкін, шайтан қонар. Ең қорқыныштысы  - менің жаным өзімді тастап, сол мүсінге көшіп кететін шығар. Түгел болмаса да, тең жарым, бөлшек бітісімен.... Рақмет, әуре болмай-ақ қой, -  дедім»
Бұл эпизодты хикаяттағы мифологиялық сананың құлақкүйі деуге болады. Саржан альбомды ақтарып отырып, қыпшақ аруының тас мүсініне тап болады, оған ғашық болып қалады. Ол мүсін орналасқан Украинаның Херсон өңіріне сапар шегеді, музейлерді аралайды, балбалдармен сырласады, қыпшақ тарихына қатысты еңбектермен жіті танысады. Ақыры тас мүсіндегі қыздың аты Айсұлу бегім (ХІ ғасырдағы жары), өзінің бір кездегі қыпшақ ордасындағы мүсінші Көбек ұғлы Саржан екенін сезінеді. Саржан бұл сырды жазушы досына айтқанда ол бастабында өнер иесінің фантазиялық қиялы екен деп ойлайды, бірақ совет  мүсіншісі үкімет басшысынан екі метрден  екі көкшіл мәрмар тас алып, ежелгі мүсіндерді (Айсұлу мен өзін) қашап, оларға тіпті жан бітіргісі келеді. Бұл іске Айсұлу бегім аян беру арқылы қолдау көрсеткен соң Саржан іске шұғыл кіріседі. Мүсін жасалып болғанша Саржан екі дүниенің ортасында жүреді, бұрынғы бабалардың әлеміне барып, саяхаттап келіп отырады. Межелі мерзімге жеткенде досын шақырып, мүсіндерге жан кіргізу рәсімін жасайды. Мынадай арбау сөз айтады: «Уа, тәңірім! Қуат бер, құтын қайтар, жан бер!».
Ежелгі түріктер жанды құт деп  те атайды, демек жазушы  магиялық ескі үлгіге де иек артады. Сонымен, Саржанның жаны өзі қалыптаған  тасқа айналып, ол 1173 жылға қайтадан өтіп кетеді де,   өнер иесінің  қала көшелеріне тұрғызған мүсіндері, тіпті энциклопедиядағы өмірбаяны да қырық күннің ішінде  тылсым жағдайда жоғалады. Жазушы  бұнда қырық күнді бекер алып отырған жоқ, өйткені дәстүрлі түсінікте адамның рухы қырық күнде арғы дүниеге өтіп үлгереді ғой. Саржанның музейге аманаттап тапсырған  мүсіндері түнде қимылдап, қозғалады. Әрине, бұл эпизодта хикаялық сарын бар, ақыры екі мүсін де қол ұстасып, ежелгі қыпшақ ғаламына қарай беттеп,  зым-зия жоғалып кетеді.  Қысқасы, «басқа бір кеңістік,  басқа бір өлшемге» өтіп, көзден таса болған мүсінші 2004 жылы 19 қазан күні жазушының ұялы байланысына хабарласады. Сөйтсе, Саржан еліміздің алыс бір түкпірінде ауылда сурет пәнінен сабақ береді екен, Айсұлу ханым екеуі арғы қыпшақ әлемінен 1986 жылы көктемде оралған көрінеді, қыздары да бар, аты Айбике. Саржан досына «Халқымның қасиетін әйгіледім. Таспен бедерленген тарихын жасадым... Бақытты болдық, Айсұлу екеуіміз. Екі жалғанның да қызығын көрдік... Қозы мен Баян тәңіріден құшақтары жазылмас үш күндік ғұмыр сұраған екен. Ал, біз, міне, отыз...  жоқ, тура қырық төрт жыл! Бұдан асқан қандай бақыт, қандай мерей, мәртебе болуы мүмкін!? », -   дейді.

Баянға, Қозыкемен обал қылды,
Өлтірген Қозыкені Қодар құлды.
Қозыкеге үш күндік өмір тілеп,
Құдайға сұлу Баян бек зар қылды.

Үш күндік Қозыкеге өмір берді,
Армансыз үш күн, үш түн дәурен сүрді.
Үш күні уағыдалы өткеннен соң,
Құдайдың аманатын қайтып ерді.

Жазушы эпикалық санадағы осы сарынды әдейі еске салады. Бір сөзбен айтқанда, автор фольклорлық үлгілерді молынан пайдалана отырып, мүсіншіні (әрине, оқырманды да) сонау өткен ғасырларға бабалар дәуіріне  шарлата алады, әрі нақтылы деректерді, тіпті библиографиялық мәліметтерді  ұсына отырып бүгінгі өнер адамының (мүсінші мен жазушының ) нәзік болмысын, талайлы тағдырын, ұлттық рухты оралту жолындағы күресін, бұл жолда жасалған әр түрлі көлделең кедергілерді  шынайы суреттейді.  Хикаятта автор ежелгі қыпшақтың сынған мүсінін бүтіндеуді мақсат қылған өнерпаздың жанкешті өмірін суреттей отырып, қазіргі қазақтың толымды кескін-келбеті, ірі түр-тұлғасы бабалар мұратымен үндескенде түгенделеді деген ойды ишаралайды.  
Бүгінгі қоғамның нақтылы тыныс-тіршілігі, жазушы М.Мағауиннің өмірбаяндық деректерінен үзіктер (Мәселен, «Айсұлу... әй, иә, Бақытжамал, яғни Бақыт-сұлу ыдыс-аяғын жуып-шайып, балалардың ертеңгі киім-кешегін ыңғайлап, күнделікті күйбең шаруасына жегілген. Мен тағы да кабинетіме кіріп, оңашаландым») оқиғаға мейлінше шыншыл сипат беруге көмектессе, мифопоэтикалық айшықтар бүгінгі ұрпақты бабалар дәуірімен табыстырып, жас буынның зердесінде ұлы қыпшақтың рәміздері жалғаса беретінін дәйектейді. Жазушының бас кейіпкер Саржан мүсіншіні ауыл мектебіне мұғалім етіп қайта оралтуы - тәуелсіздіктен кейін  ұлттық құндылықтар тегеурінді күшке айналғанын тұспалдайтын ишара. Шынтуайтында, сонау сақ-хунну, көне түрік таңба-символдары  егеменді еліміздің рухани-саяси өмірінде шешуші мәнге ие болып отырғаны шындық. Мәселен, Күлтегін ескерткішінің Астанаға оралуы да бүгінгі күнгі елеулі оқиға. Байырғы архетиптер, рәміздер ұрпақ жадында осылайша оянғандықтан қазіргі жас ұрпақтың өкілдері өткен бабалардың қаһармандық дәуірімен өзін табиғи жалғастықта, үндестікте сезіне алады. Сол себептен де арғы ғасырларға ұшқыр қиялмен саяхаттай да алады, демек бүгінгі кішкентай Саржандар мектеп партасынан да табылары хақ. Хикаятта қыпшақ ғаламынан қайта оралған Саржан Көбеков өз қызы Айбике  туралы «Биыл он сегізге шықты, облыстық педагогика институтында оқиды», - деп нақтылы мәлімет беруі өткен мен бүгіннің қоғамда орын алып отырған сабақтастығын танытқандай.
«Ертең із-түзсіз жоғаламыз. Ертең болмаса, келер жыл, келесі ғасыр, бір заман - беймәлім ықылымда.
Барлық ғұмыр ғана емес, сол ғұмырды бағыштаған  барлық ісіміз - елеске айналады.
Қуатты қиялмен бұл дүниеге қайтадан шақыра алатын бір ұрпағың табылмаса», - дейді жазушы.
«Қыпшақ аруы» хикаятында мифопоэтикалық әрлеулер көркемдік құрал ретінде шынымен мол қолданылғандықтан (Расында бұл туынды жазушы М.Мағауиннің жеке шығармашылығында ғана емес,  қазақ әдебиетінде мүлде тосын,  соны стильдің басы болғандықтан да) сырттай қараған жанға шығарма тылсым рай танытады.  Бірақ шығармада бүгінгі күнгі тұрмыс-тіршілік деректермен суреттеліп,  қоғамдық-рухани өміріміздегі  әдепкі істер айна-қатесіз әшкереленіп отырады (Мәселен, бір ғана деталь, телефон соққан  біреу: - Мақауин деген жазушы сен боласың ба? ,- дейді. Оған жазушы: - Адам естімеген мақауды іздейтін сенің өзің қай мақұлықсың?, - дейді дік етіп). Осындай себептерге де байланысты шығарма шынайы, шыншыл сипатта.

Шерлі шежіре

М.Мағауиннің жаңа бағыттағы прозасының ішіндегі елеулі бір шығарма - «Кесік бас - тірі тұлып» хикаяты.  Бұл шығармада Моңғолиядағы қазақтар тарихында «Жа-лама айдаған жылдар» деп белгіленген қанды оқиға  суреттеледі. Астраханда 1860 туған ұлты  қалмақ, Ресей азаматы  Далама Дамбийжанцан Амурсанаевтың  (жергілікті қазақтар оны Жалама деп атаған, М.Мағауин Жа-лама деп жазады, біз автордың жазуы бойынша бердік)  Моңғолия қазақтарына салған ойран-лаңы, қасіретті  зобалаңы  хикаятта кеңінен көрініс табады. Атап айтар болсақ, қалмақ Жа-лама моңғол қазақтарын қазіргі Баян-Өлгей жерінен қудалап, көшіруге әрекет жасап, елді қорлап, будда дініне шоқындыру, ату-шабу зұлматын жүргізгені тарихтан белгілі. Тіпті, ол Ақынбек деген азаматты көнбегені үшін жазалап, тірідей сойып, тұлыбына шөп тығып, бас имеген қайсар қазақтарды қорқытпақ болған. Ақынбек зәңгі -  (болыс) Тоққұл қажының ұлы. Жа-ламаға қарсы шыққан асыл ер ұсталғанда 34 жаста болса керек, оған үш әскерді өлтірген деген айып тағылыпты. Баласының  жанын қалдыруды сұрап, анасы Қалампыр  Жа-ламаға қалы кілем, қара атан, күміс жамбы тарту ұсынған. Емексіткен сөзбен шығарып салған Жа-лама күзде азаматтың түбіне жетіп тынса керек. Қалампыр ананың жоқтауында:
Үкілі балақ, сексен шоқ,
Ұстауға кетті келген жоқ.
Атан да түйе, ат тарттым,
Сонда да кәпір берген жоқ, -  
деген жолдар бар.
Жа-лама  өзін  жергілікті аңқау моңғол малшы-араттарына «Мен сендерді манж-қытай бодандығынан азат еткелі келген әйгілі сардар Әмірсананың қайта тірілген бейнесімін, киелі аруағымын» деп таныстырып, сол кезеңдегі Моңғолия билеушілерінен айлакерлікпен  қолдау да табады (Бурдуков А.В. Хуучин ба шинэ Монголд. Улаанбаатар, 1987. 66 х). Жа-лама 1912 жылы 8 тамызда батыс Моңғолияның Қобда шаһарын манж-қытай билеушілерінен азат ету соғысына қолбасшы Магсаржав, Дамдинсүрэндермен бірге қатынасады.  Бұл оқиғадан кейін қос түйелі диуана кейпінде келген Жа-ламаның беделі күннен-күнге артып, ақыры дөрбет, ұранқай, торғауыт, қазақтардың басын қосып, Моңғолияның батысында жеке дара хандық орнату саясатын жүргізеді. Осы мақсатына орай қазақтарды қазіргі қонысынан түп қопарып, моңғолдар мығым отырған Өріктікөл, Хандағатай, Торхунагқа (Дөрбет Далайхан еліне) қарай үркітіп айдайды. (Өріктікөлге айдалып жеткен ел Көрімбай, Шонжай батырлардың басқаруымен бір түнде 33 жендетті өлтіріп, Ресейге ауа көшеді.  Жа-лама басқа жақта болғандықтан өлмей қалады. Ресей Қошағаш жеріндегі қандастарын  уақытша паналаған босқындар  патша үкіметіне қорғауға алуды сұрап, Жа-ламаның қылмысын әшкерелеген арыз жолдайды. Нәтижесінде Жа-лама 1914 жылы 8-ақпан күні  Петербург билеушілерінің өкімімен ұсталып, Ресей абақтысына қамалады. Ресейге босқан ел туралы «Қазақ» газетіне 1913 жылы А.Байтұрсынұлы «Орыс «мейірманшылығы»» деген мақала жазып, араша сұрайды, дабыл қағады.  Демек, Жа-ламаның жазалануына думадағы мұсылман, қазақ  депутаттар да әсер еткен, бұл мәселеге бас-көз боп А.Байтұрсынұлы да үлес қосқан деуге негіз бар. Қараңыз: А.Байтұрсынұлы. Орыс «мейірманшылығы» // Байтұрсынұлы А. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.5. Алматы, 2006. 232-б.; Қайратұлы Б. Кесік бас һәм тірі тұлып хикаясы // www. jasgazag.kz)  Дамбийжанцан Амурсанаевты зерттеушілер жай бір жалаңаяқ диуана емес, Ресейдің кәсіби жансызы еді деген де пікір білдіреді.   
Осы трагедиялы оқиғаларды М.Мағауин биік көркемдік деңгейде, қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы қасірет, адамшылыққа қарсы жасалған қылмысты қимыл ретінде жанайқаймен бейнелей білген.
"Кесік бас - тірі тұлып" деген шығарманың атының өзінен фольклорлық белгі-бедер менмұндалап тұр. Себебі, шығыс халықтарының сөз мұрасында кесік бас, кесік қол әйел образы тұрақты кездеседі. Мәселен, қазақта "Қу бас", "Киелі бас сүйек" "Мұстақым"деген ертектерде тылсым кереметке ие  өлі бастың шытырман  өмір тарихы баяндалады. Бірақ жазушы хикаятта бейнелеген "кесік бас" ертегідегідей кереметке ие беймәлім бас емес, ол - Ресейдің кунсткамера музейінде сақталып тұрған формалинге матырылығын қанішер қалмақ Жа-ламаның басы, ал "тірі тұлып" ол -   Чехиядағы музейде сақталған қазақ ақсүйегі Ақынбек марқұмның терісі екен. Ертектерде "қубас" тіріліп, өз тарихын баяндайды, немесе сол бас сүйектегі сырлы жазу шындыққа айналады. Хикаятта керісінше автор  «кесік  бас» пен «тірі тұлыптың» тағдырын өзі суреттейді. Шығарманың алдымен аты, одан кейін ішіндегі шытырман хикаяттық сарындар фольклорлық үлгі-бедерді көрсетіп тұр.
М.Мағауин бұл шығармасында мифтің тірілуін, қазақтың емес,  нақтырақ айтқанда моңғол малшы-араттарының арасында айтылатын  «Әмірсананың қайта тірілетіндігі»  туралы мифтің өмірге оралуын таңбалайды. Тегінде, әйгілі сардар Әмірсана (кезінде Абылайханға келіп паналайтын Жоңғария қолбасшысы) манж-цин әскерінен жеңіліп Орысқа қарай бас сауғалап аттанарда еліне «Мен күндердің бір күнінде қайта келіп сендерді шүршіт-қытайдан азат етем!», -  деп серт берген деседі. Халықтың  санасында батырдың осы серті ұзақ сақталғаны сондай, дөрбеттер орыс саудагері В.В.Бурдуковқа кездескенде «Әмірсана қашан келеді? Бізді қашан қытай езгісінен құтқарады? Ол туралы хабар-ошар бар ма?», -   деп үнемі сұрайтын болған. Бұндай ұғымға жеткізуші тағы бір себеп, будда дінінің түсінігінде аруақты ерлер басқа адамның кейпінде өмірге қайтадан туып, қасиетті әулие - Құбылған  болып жаратыла алады деген наным да бар. Моңғолияға ақ түйелі диуана кейпінде келген Жа-лама халықтың осы пәк сеніміне дап-дайын қожа бола қалады. Бір сөзбен айтқанда, ол халық зердесіндегі Әмірсана туралы мифті қайта тірілткен бейне екені даусыз. Хикаятта қайта тірілген Әмірсана бейнесін жазушы былайша өрнектейді:
«Өзін баяғы Әмірсана ханның қайта тірілген әзиз тұлғасы - құбұлған деп жариялаған, қос өркеші баладай ақ атанға мінген жұмбақ лама сәске түс, сауда әбден қызған, у-ду, ашық-жайсаң бір күні дәл осы базарға келіп кіруі тиіс еді...
-   Әмірсана... - деген тұншығыңқы үн естілді топ ортасынан.
-    Әмірсана...Әмірсана... - десті тағы бір дауыстар.
Дауысқа дабыр қосылды, дабыр-гуілге, гуіл- жаппай ұранға айналды...
- Уа, халқым! - деген, күмбірлеген үн естілді биіктен. - Дәл таптыңдар. Сонымен қатар, нақпа-нақ емес. Әмірсана қайтып оралды. Ол рас. Бірақ өзі емес. Жаңғырып, жаралған тірі кейпі. Құбұлған! Мен - Жа-лама, Тибетте, Лхасадағы Далай-ламаның өзінен бата алған, Мәңгілік өмір дарағының қасиетті жапырағын жеген Жа-лама, сол Әмірсананың туған шөбересі болам! Иә, мен құбұлған Әмірсана!»   
Аңқау елге арамза молда дегендей ақыры Қобда қаласын манж-қытайдан азат еткеннен кейін Жа-ламаның атақ-абыройы артып, ол батыс өлкенің жарты патшасына айналады. Қазақтарды қырып-жойып ішкері қоныс аудартып, көнбеген Ақынбектің терісін тірідей сойып, тұлып жасайды. Бұл оқиғаның куәгері халық ақыны Нәжікеш Таңқайұлы былай деп жырлайды:

Жайладық жаз маусымда Олоннуурға,
Ләшкердің өкімімен бардық зорға.
Сойғызып Ақынбекті бітеу тұлып,
Құтылмас әбден түстік темір торға.

Жа-ламаның үйінен адамның тері тұлыбын көзімен көрген орыс саудагері В.В.Бурдуков одан: «Бұл не үшін керек?», -  деп сұрағанда, ол шімірікпестен: «Бұл маған діни рәсім жасағанда қажет», - деп жауап берген екен. Бұл дерек хикаятта былайша көрініс табады:
- Тамаша тері , - деді, құрбандығының қақыраған даусынан күш алып, қасапшының айрықша шеберлігіне риза болып, мерейі көтеріліп тұрған Жа-лама. - Арық та емес, семіз де емес. Тамаша тері...
Жаңа ғана құрметті тұтқынға бажайлап ұғындырған. Әуелі арқа терің сыпырылады. Қасиетті дабылды қаптау үшін. Содан соң қалған терің... Не үшін екенін айтқан. Тұлұп! Бізше тұлұн. Сендердің жайнамаз сияқты. Құдіретті сары діннің өзгеше рәсіміне орай, өз құдайымыз - шын құдайға мүнәжат еткен, атаулы, айрықша, күндерде алдыма төсеймін, сенің әдемілеп иленген мүбәрак теріңді»  
Әмірсананың қайта тірілуі туралы аңыздау ұлт азаттығын аңсаған  халықтық миф болса, бұл адам баласына жат зұлымдық түсінік Жа-ламаның сырқат  санасынан туған өзгеше жыртқыштық әрекет болса керек. Жаны шығуға айналғанда шәйіт Ақынбек қанішерді қарғап көз жұмады:
«Жа-лама! Қарғыс атсын сені! Басың найзаға шаншылсын! Етіңді ит жесін! Екі жалғанда тыным таппа! Тұрағың тозақтың төрінен болсын!» 
Бұл қарғыс айна-қатесіз орындалғаны хикаяттың соңында көрініс табады. Иә, Моңғолияның революциялық қызыл өкіметінің көсемі Д.Сүхбаатардың бұйрығымен Нанзад батыр, Дугаржав, Даш  бастаған топ бүлікшіл қаныпезер Жа-ламаны  бекінісіне шеберлікпен еніп, атып өлтіреді.
Осы тарихтың көркем жаңғырығы хикаятта нанымды суреттеледі. Жауынгер Дашы атып өлтірілген Жа-ламаның басын кесіп ап, оның тәнін итке жегізеді де,  кесік бастың бұзылмай сақталуын ойластырады. Сол кезде Жа-ламада құлдықта арып-ашып жүрген қазақтың екі шалы оған кездесіп, ақыл кеңес береді.
«Екі ақсақал әрі абыржып, әрі таңырқап азғана отырды да, зұлымдыққа орай жаза ғой деп тоқтаған. Ақыры күтпеген кеңес шығарды. Аз-мұз тұз сіңіп, біршама сорғығаннан кейін, басты сексеуілдің түтінімен ыстау керек еді. Қазақтың шалдары басқаша қисын тапты. Торсық, торсық бар ғой. Қымыз ашытатын. Моңғолдың емес, қазақтың торсығы. Сондай болуы керек деп ұғындырды. Иә, талай көрген -   әбден ысталған теріден тігеді екен. Мына Жа-ламаның басы сол торсықтай болып ысталса қандай жақсы...Дашының көңіліне қона кетті»
Астрахань қалмағы Жа-лама ата-баба кегі үшін қазақтың қыр соңына түссе, алаштың қарапайым екі қариясы оның басын баппен ыстап кек қайтарғаны тұспалданады. Кесік бас «жүз жыл көрмеде тұрса да бұзылмастай» ысталып болған соң Жа-лама туралы жалпақ моңғол жұртына  таралған аңыз-лақаптың  соңына нүкте қойылады. Яғни, хикаяттың басында жанданған миф енді «өледі». Ол былайша көрініс табады:
«Жа-ламаның тұздалған, ысталған, қазақтың көн торсығындай қатып- семген кесік басы найзаға шаншылды. Орталық революциялық өкімет алдамшы лама, қанышер қарақшының шынымен өлгенін, енді қайтып оралмасын, ешқандай бүлік, толқуға жол жоқ екенін, жаңа, қызыл діннің күш-құдіретін әйгілеу үшін сырттан келген сенімді қалмақ шеріктерінен арнайы жасақ құрып, найза ұшына бекітілген басты жаңғырған, жаңарған ұлыстың барлық аймағында отырған еңбекші халыққа көрсетіп шығу туралы жарлық берді.
Жа-лама өліпті! Басы найзаға шаншылып ел аралап жүр!..»
Сонымен, хикаяда 1912 жылы Ақынбек айтқан қарғыс  1922 жылы  орындалып, Жа-ламаның етін ит жеп,  басы найзаға да шаншылады. Қарғыста қапысыз  айтылғандай «жаны да екі дүниеде тыныш таппағаны»  былайша бейнеленеді:
«ХХ, қатыгез, темір ғасыр дүниеге әкелген әщады құбыжықтар әулетінің бірегейі ғана емес, ең алғашқы ірі тұлғасыЖа-ламаның қанға тоймаған жаралы жаны күні бүгінге дейін тыным тапқан жоқ, өзінің кесік басын күзетіп, Ленинград-Петербургта әлі жүр деседі. Жылына бір рет -  өзі аңдаусыз, оқыс қазаға ұшыраған қаңтар айының он жетісі күні, кешкі алакөлеңкеде, Кунсткамераның астыңғы, қоймалы бөлігінде елес-сүлдесі көзге көрінеді, қақпағы жарылып сынған шыны текше ішінде, сасық формалинге сусындап жатқан өзінің кесік басына телміре қарап, үнсіз, тілсіз, сөлбірейіп азғана тұрады, содан соң ғайыпқа айналады, бірақ ешқайда кеткен жоқ. Кунсткамераның ішінде болмаса, сыртында, тақау төңіректе, қайткенде де өзін өлім жазасына кескен осы ежелгі шаһардың бір жерінде жүр деседі».
Жазушы «Кесік басқа ақы берсе де жуымас едім. Тірі тұлұпты сұрап жүріп, өз көзіммен көрдім...Тірі тұлұптың бүгінгі ұрпағы ретінде», - дейді осы күнгі Прагадағы кеңістікке қайта оралып. Хикаяның соңында жазушы адамға жасалған қиянат адамзатқа ортақ екенін сездіріп, талай зобалаңды бастан кешкен қазақтың сыртқы терісі сойылса да ішкі жүрегі, өр рухы  қалпында қала бергенін әйгілеп, алаш ұрпағын қайсарлыққа үндейді, ерекше философиялық түйін жасайды:
«Теріміз тірідей сыпырылды. Сүйегіміз ғана қалған. Құры жан діңкелеп, қу сүйек саудырап, бүгінгі күнге жетіппіз. Зарығасың, қамығасың, бірақ тәуба айтпасқа тағы амалың жоқ...Тері - сыртқы кеп. Халықтың өзі емес, жамылғысы, ауыспалы киімі. Тарихтың ұзақ жолында тағы бір өзгеріппіз. Сүйек бүтін. Жара жазылады. Әйткенмен...әуелгі, тума кебімді ұмыта алмайды екем. Қуанышты да, қайғыны да. Неше мың жылдық ғұмырымның жарым сағат, жарты минутын».

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Екіге жарылу: ертегілік сарын мен бүгінгі шындықтың түйілісі

М.Мағауиннің қоғамдық санаға дүмпу туғызған   келесі бір романы  - «Жармақ». «Жармақта» Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси өміріндегі шешімін таппаған келелі мәселелер сөз болады. Бұнда бас кейіпкер екіге жарылған - Қазыбеков Мұрат ұлттық рухтың жоқшысы кедей тарихшы, ал оның жарты бөлшегі Қазыбеков Марат керісінше дәулетті бизнесмен, биліктегі элита.
Тегінде, бір адамның екіге жарылу сарыны қазақ ертегілерінде  кездесетін сарын. Мәселен, «Бақтыбай би» деген ертекте бұндай оқиға былайша көрініс табады: «Өз елінің биінің жалғыз ұлы бар екен, ол келіншегін төркіндетіп келе жатса, бұларға жолдан бір сайтан келіп қосылып алыпты. Әлден уақытта келіншек байқап қараса, күйеуі екеу болып қалыпты. Бір-бірінен титтей де айырмасы жоқ. Келіншек кайсысы өзінің күйеуі екенін айыра алмапты. Сол жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, оң жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Оң жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, сол жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Сөйтіп, келіншек қайсысысын «өз күйеуім» дерін біле алмай, екі жағына жалтақ-жалтақ қараумен жүре беріпті. Ал өңі-түсі айырғысыз би ұлы мен сайтан жол-жөнекей келіншекке таласып керісумен болыпты». Ақыры өз күйеуін тани алмай есі шыққан келіншекті бала би Бақтыбай құтқарады, ол екеуін жарыстырып, «Озғаның құмыраға келіп кіресің, қалғаныңды қылышпен шауып өлтірем», - деп үкім шығарады. Нәтижесінде шайтан озып келеді де құмыраға қамалады (Ертегілер. Т.3. Алматы, 1988. 180-183-б).
Романда бұндай жағдаят былайша көрініс табады: «Балжанның өңі бұзылып кетті. Иегіне дейін көміліп, көрпе астына тығылған. «Сен...сен... - дейді дір-дір етіп. - Сен... екеу екенсің ғой!» «Балжан, Балжан... қорықпа, бұл мен ғой!», - дейді тіпті де мен емес, тек маған егіздің сыңарындай ұқсайтын біреу».
Міне, университетті үздік бітірген дарынды тарихшы жас ғалымның бір өзі тылсым жағдайда  екіге бөлініп, бірі жан жолында, бірі тән жолында қызмет ететін жолайрыққа түскен сәті. Жазушы, бұл шығармасында да мифопоэтикалық қолданыстарға сү    йеніп, оны көркемдік тәсіл ретінде қолданады. Бір адам келесі адамның сыңары, бөлшегі ретінде бейнеленеді, кейіпкер белгілі бір  кеңістіктен келесі мекенге кедергісіз өтіп отырады. Бірақ бұның бәрі шығарманы шытырман оқиғалы, қызықты болдыру үшін қолданылған әдістер, шын мәнісінде романда қазіргі қазақ қоғамындағы бай мен кедейдің, рухани құндылық пен материалдық игіліктің, халық пен биліктің арасы алшақтап, екіге жарылып кеткендігі суреттеледі.
«Бір бүтін - қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиеселі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік... Берік, нақты бағдар - бар болып, бай болып, тыныштықта дәурен сүру  - басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ - құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ».   
Сонымен, жаңа қазақ сенатор Марат Бейсенұлы  «Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген - ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада -  ешкімге сенбейді, сөйте тұра өмірге өте құштар. Оның ұғымындағы өмір - билік пен байлық»
Бизнесмен Марат Бейсенұлы өз сыңары Мұратқа ақша төлеп, ежелгі қыпшақ ұлысы туралы көлемді кітап та жаздырады.  Оны өз атынан шығарғысы келіп, барымталап алады, байлыққа мас болған жаңа қазақ сенатор болып сайланған соң сыңарын, яғни қара халықты жәбірлеумен айналысады. Бұған төзбеген зиялы Мұрат оны өлтірудің тәсілін табады, себебі тарихшы Мұрат өзіне қол жұмсаса, оның жаны бір  жармағы сол сәтте көз жұматынын түсінеді. Марат Бейсенұлы парламентте «Қазақстан: демография және иммиграция»  деген тақырыпта ұлтсыздану ұранын көтеріп жатқанда оның сыңары Мұрат қол тұзаққа асыла қалады, сол сәтте сенатордың  да тілі күрмеліп, буынып, жаһаннамға қабат аттанады.
Бір қызығы, Мұраттың жаны ұшып, аспанның екінші қатына көтерілгенде сыңарының жаны келіп, оған қосыла кетеді. Бұл да байырғы танымның белгісі.  «Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз, екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім» , - деп толғанады зиялы Мұрат Бейсенұлының рухы. 
Қорыта айтқанда, жазушы қазақ қоғамында орын алып отырған  жаңа қазақ пен ескі қазақтың арасындағы қайшылықты, дүбәра-дүрегейлер мен ұлт зиялыларының ортасында өріс алған жікті шеберлікпен  суреттеген. Бұл кесел тереңдей берсе, ұлт тұтастығына нұқсан келетіндігіне көз жеткізіп, дабыл қаққан. Қазақстандағы саяси - әлеуметтік  өмірді деректі толғаммен өре суреттеген шыншыл шығармаға мифопоэтикалық бояулар сәуле түсіріп, романның композициялық құрылымын күрделендіріп тұр деуге негіз бар.

Байырғы мифологиялық хикаяның жаңғырығы

М.Мағауин «Қуыршақ» деген әңгімесіне қазіргі ел ішінде айтылатын жансорғыш (вампир)  әйел туралы хикаяны (демонологияны) арқау етеді. Әңгіменің бас кейіпкері Құрман білімдар студент, ал оның ғашығы Алматылық Қуыршақ  (фамилиясы Орманбетова) лақапты қыз. Екеуі Алматыда би кешінде танысады, бір-біріне ессіз ғашық болады, бірақ жігіт кезіккен сайын әлсіреп, керісінше қыз құлпыра береді. Ақыры Құрман оқуын Новосибирскіге ауыстырып, қыздан қашып құтылады. Бірақ қыз Құрманмен қоштасарда оған қуыршақ сыйлайды. Енді Құрманды сол қуыршақ мазалайды, тұсына іліп қойса, жан бітіп, түнде оны құшақтап сүйеді. Әбден үрейленген Құрман оны Семейде  жерошақта лаулап жатқан отқа өртейді. Сол кезде қуыршақ жылайды. Ақыры Құрман жігіт ағасы болған шағында Алматыда қызбен кездеседі. Қыз кенет «...махаббат өртеніп кеткен. Менің аяқ-қолымды байлап, аямай отқа салдың емес пе?», - дейді. Жігіт аң-таң қалады. Бұл жолы да әрі-сәрі күйге түсіп,  әйелден қашып құтылғандай болады. Құрман балалы-шағалы боп, әбден қартайып шал болғанда тағы да Қуыршақ қыз түсіне еніп,  мазасын ала бастайды, оны  жазушы досына  сыр бөлісіп айтады. Әңгіменің аяғында қыздың елесі  Құрманның түсіне қайтадан еніп, биге шақырғанда, ол қорқыныштан жүрегі жарылып өледі.
Міне, бұл әңгімеде жазушы қазіргі қалалықтар айтатын демонологиялық сарынды (постфольклор) кәдеге жаратады. Бұл әңгімеде фольклордағы хикая жанрының шарттары (деректілік-нанымдылық, оқиғаның қараңғы түнде орын алуы, елес, түс т.б.) түгел сақталған. Жазушы қалалық өмірді, мәселен фабрикада өндірілген қуыршақтың тірілуін, жансорғыш әйелдің әрекетін, одан физиктің қорқуын суреттеуі - былайғы көзге қазақы негізден алшақ секілді көрінеді.  Бірақ қазақ ертегілерінде еркектерді дуалап итке, торғайға, есекке айналдырып әуре ететін сиқыршы әйелдердің небір бейнесі мол кездеседі. Жазушы Қуыршақ қыз деп шартты атаған сұлудың фамилиясы -  Орманбетова. Ал, қазақта «Орманбет би» деген ертек  бар, онда бидің сұлу тоқалы адамдарды хайуанатқа айналдырып, сиқыршылықпен айналысады (Орманбет би // ӘӨИ Қолжазба қоры. 123-бума, 5 дәптер).
Ертекте «сойып, төстігін қарып жегелі  отырған маралға жан бітіп тіріліп, аңшыға "Менің жәйімді Орманбет биден сұра",- деп секіріп-секіріп жоқ болады.
Аңшы жігіт Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да: "Сен Орманбет биді іздейсің ғой",- деп бір жүгенді қағып қалып: "Қаратөбет бол",- деген екен, әлгі аңшы ит болып шаба жоғалыпты, бірақ, санасы өзгермейді».
Демек, жазушы сана түкпіріндегі осы ертегілік-хикаялық сарынды да әңгімесіне астыртын қиуластырып отыр деп айта аламыз.

Түйін

Әйгілі жазушы М.Мағауиннің тәуелсіздік жылдарда жазған жаңа тұрпаттағы  шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты сілкіндіретін өзгеше дүбірлі құбылысқа айналып отыр. Әлемдік әдебиетке түрік рухының тыныс-демін әкелген классик жазушының әсіресе соңғы кезде жазған кезкелген шығармасы формалық тұрғыдан мүлде күрделі, әдіс-тәсілі тосын. Әйткенмен бұл туындылардың арғы қатпарында, терең діңінде халық мұрасының құнарлы да айшықты белгілері мол болғандықтан оқырманды тылсым табиғатымен қызықтырып баурап алады.
Ең негізгі бір ерекшелік - бұл шығармалар  ақиқатпен  әдіптеліп, шындықпен суарылған. Сол себептен де ХХІ ғасырдағы деректілік пен нақпа-нақ ақпаратты талап ететін жаңа буын оқырманның сұранысына жауап беріп отыр.
Аталған шығармаларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси келеңсіз құбылыстар, атап айтқанда ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, тасбауырлық пен имансыздық, биліктегі шонжарлардың алаяқтығы, жаңа буын байлардың ана тілінен, ата ділінен жерінуі, қара халықтың дәрменсіз пұшайман халі, ата-баба тарихына жасалып жатқан қиянаттар, бір сөзбен айтқанда  тәуелсіз жас мемлекеттің  бүгіні мен болашағына  кедергі келтіретін алуан түрлі кеселдер бүкпесіз сыналады. Бірақ бүгінгі өмір-тіршілігіміздің күндерегі секілді шыншыл реңдегі бұл шығармалар фольклорлық айшықты бояулармен шебер әрленіп, постмодернистік стильмен әшекейленгендіктен оқырманды мүлде беймәлім көркемдік әлемге жетелеп, ғажайып тылсым сырларға саяхат жасата алады.   
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
фольклортанушы,
филология ғылымдарының кандидаты
ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505