Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2947 0 пікір 1 Ақпан, 2013 сағат 09:33

Берік Әбдіғалиұлы: «Қазақ ұлты – мемлекетіміздің иесі»

Берік Әбдіғалиұлы, Арқалық қаласының әкімі, саясаттанушы:

Берік Әбдіғалиұлы, Арқалық қаласының әкімі, саясаттанушы:

- Берік Әбдіғалиұлы, бүгінде еліміздің саяси-экономикалық және мәдени-рухани әлеуметтік даму көкжиегі өңірлердің даму деңгейімен де айқындалатыны анық. Өткен жылы ел үкіметі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Арқалық еліміздегі 27 моноқаланың көшбасында тұр. Қаланың күретамырына қан жүгірткен осынау бағдарлама бүгінде қалай жүзеге асырылуда? Сөз басында осыған тоқталып өтсеңіз...
- Қазақстандағы көптеген моно және шағын қалалардың ішінде Арқалықтың орны бөлек. Екі рет ашылып жабылған облыс орталығы болған қала - кешегі тарихи тұлғаларымыз Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ел ағаларының ізі қалған жер. Қалада бүгінге дейін облыстық инфрақұрылым сақталған.
Арқалық еліміздегі қиындықты ең көп көрген қала. 1999-2000 жылдары үйлер қатып, жарық та, су да болмай, қаланы қоқыс басып сыртқа шығарылмай жатқанда да шыдас беріп, ертеңінен үміт үзбеген қала. Елдің жаппай көшуі - шын мәнінде қасірет еді. Көптеген тұрғындар үйлерін тас­тап бас сауғалап көшіп кетті. Көше алмағаны сол қиындықтың бел ортасында қалды. Бұл қаланың сақталып қалуы да сол қиын шақта тастап кетпеген тұрғындарының елжандылығының арқасы. Бүгінгі күні қалада 80 мың халықтан 27 мыңы ғана тұрады.
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойын­ша Арқалыққа жылына 500 миллионға жуық теңге әртүрлі жобаларға бөлінеді. Соның ішінде 100 миллионы 160 жуық бұзылған көпқабатты үйлер мен ғимараттардың 17-ін бұзуға, 300 миллионы жолдармен басқа да инфрақұрылымдарды жөндеуге тартылмақшы. Осы жерде айтарым, моноқалаларға тек қана қаржы емес, сонымен қатар мамандарды да қоса жіберу қажет. Әсіресе шетелден «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келгендерді Арқалыққа бір-екі жылға, сол бөлінген ақшамен қоса жіберсе. Олардың тәжірибесі бар, көрген-білгені бар. Өңірлерде істі жақсы өрбітеді деген пікірдемін. Өйткені қазіргі уақытта өңірлерде қаржы бөлгенімен нағыз білікті маман тапшылығы бар.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы Арқалық сынды бір ғана өндіріске тәуелді қалалар үшін тұйықтан шығудың бір жолы. Бұл бағдарлама мемлекет көмегіне зәру жаңа өндіріс ошақтарының инфрақұрылымын жаңартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға ғана бағытталған. Арқалықта қалақұрушы мекеме - Торғай боксит кен басқармасы. Алайда қаланың экономикасына, әлеуметтік жағдайына бұл кәсіпорынның алар орны зор деп айтуға болмайды. Себебі онда бүгінгі таңда 1000-ақ адам жұмыспен қамтылған. Ал Арқалық өңірінде жалпы ауылдармен қоса алғанда халық саны 40 мың шамасында. Сонда, қарап отырсаңыз, жергілікті тұрғындардың дені білім беру, денсаулық сақтау, өзге де мемлекеттік мекемелерде жұмыс атқарады. Өндіріс ошағы болмаса да, осы өңірдің тірегі болып отырған - Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, төрт колледж, облыстық театр, мұражай, кітапхана, басқа да ірілі-ұсақты ұйымдар біршама адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ел ішінде бұл бағдарламаға үлкен үмітпен қарап отырғандар көп. Арқалықтың бір өзекті проблемасы - бұзылған ғимараттар. Қаланың атына дақ келтіріп тұрған осы түйінді шешсек деген мақсатымыз бар. Өткен жылы Үкімет бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлетінін уәде етті. Қазір қаражаттың бір бөлігі берілді. Ендігі жұмысымыз - әр ғимаратты апаттық жағдайда тұрғанын айғақтайтын құжаттар дайындап, оларды бұзу. Бүгінгі таңда қала ішіндегі бос ғимараттарды бөлшектеп, тысқары шығаруға күш салудамыз.
- Бұрынғы Торғай облысының орталығы, боксит өндірісінің ошағы, жастардың арайлы қаласы атанған Арқалықты - бүгінде инвес­тиция тартуға қолайлы қала деп атай аламыз ба, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға қандай жағдай жасалуда?
- Арқалық бүгінгі күні тек индустриалды қала емес, шын мәнінде Торғай өңірінің аграрлық-индустриалдық орталығы. Бүгінгі күні ауданның аумағы 1,5 миллион гектар болса, оның ішінде 300 мың гектар егіншаруашылығына арналған. Сондықтан қаламыздағы негізгі инвестициялық жобалар малшаруашылығына тән болып тұр.
Арқалықтағы ірі инвестжоба деп «Агроинтерқұс» құс фабрикасын, «Нұр Жайлау НС» ЖШС мал бордақылау кешенін айта аламыз. Құс фабрикасында жылына 103 миллион жұмыртқа шығарылады. 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 миллион деңгейіне жеткізу көзделуде. Арқалық аймағына қарасты Матросов ауылының жанында осыдан бірер жыл бұрын «Нұр Жайлау НС» мал бордақылау кешені ашылған болатын. Онда АҚШ-тан ангус абердин тұқымды 2000 бас ірі қара әкелініп, қазір шаруасы дөңгеленіп отырған жайы бар. Жобаның құны 2,5 миллиард теңге. Осы «Нұржайлаудың» бір ерекшелігі, ол тек «ҚазАгро» ақшасы емес, ауылдан шыққан азаматтар да өздерінің қаржысын салуда. Бұл да болса көпке үлгі болатын мәселе.
Жасыратыны жоқ, өңірде шағын және орта бизнес саласының дамуы әлі бәсең. Бизнесті дамыту үшін мемлекет те қолдау көрсетіп отыр. Осыған байланысты инновациялық жобаларды қолдау аясында биыл мемлекеттік гранттар беруге 8 миллион теңге бөлінді. Гранттарға Арқалықтың бизнес саласына тың жоба енгізгендер иеленеді. Ал шағын және орта бизнеске несие беру мақсатында биыл 140 миллион теңге қаражат беріліп отыр. Мұны жыл аяғына дейін игеру үшін қазіргі таңда кәсіпкерлермен кездесулер жүргізілуде, қажетті құжаттар дайындауға көмек көрсетіліп отыр.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- Қазіргі уақытта Арқалыққа қарасты он тоғыз ауыл бар көрінеді. Редакциямызға Аққошқар, Қайыңды, Алуа, Ашутасты және тағы басқа ауылдардан жиі хаттар келеді. «Халық айтса, қалт айтпайды». Осы өңірдегі оқырмандарымыздың айтуы бойынша, қала маңындағы ауылдардың бүгінгі әлеуметтік портреті жақсы емес сыңайлы. Бірі сапалы суға зәру болса, енді бірінде қалаға шығатын тозығы жеткен жолдарды жөндеу күн тәртібінде тұр...
- Бүгінде, Құдайға шүкір, мектептер, мәдениет орталықтары, дәрігерлік қызмет орындары жөнделіп, абаттанып жатыр. Ең бастысы, қазіргі таңда ауылшаруашылығын дамытуға үлкен қаражат бөлінуде. Өңірдегі ауылшаруашылығын қолдауға миллиондап субсидия беріліп жатыр. Бірақ қазіргі таңда ауылдардан көшу үрдісі әлі тоқтамай тұр. Себеп көп. Солардың бірі - ауызсу мәселесі. Ауылдардың әбден тозығы жеткен инфрақұрылымын жөнге келтіру үшін қыруар қаражат керек. Былтыр 1 миллиард теңгедей қаражат маңайдағы үш ауыл мен қаланың өзіне ауызсу тартуға жұмсалды. Аталған елді мекендерде ауызсу үйге дейін тартылды. Жалғызтал, Целинный, Фурманово ауылдарында ауызсу мәселесі шешімін тапты. Биыл Молодежное, Матросов ауылдарына ауызсу тарту жоспарда бар. Жаңақала мен Қайыңды ауылдарында да бұл түйінді мәселені шешу жолдарын іздестіріп отырмыз. Тіпті бұрыңғы Кеңес заманында орнатылған ұңғымаларды тазартып, қайта іске жаратудың жолдарында қарастырудамыз.
Арқалыққа әкім болып келгелі, бірінші ретте қаланың кезек күттірмейтін түйткілдерін шешуді нысанаға алсам, екінші кезекте ауылдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды шама жеткенше оңтайландыру болды. Әзірше ауылдың жағдайын қолдан келгенше дұрыстаудамыз. Ауыл түгіл, қала көшелері мен аулаларын жарықтандыру мәселесі шешілмей тұрған болатын. Жақында ауылдардың көбіне жарық тарттық. Бұл жұмысты ең шалғайда жатқан, шаруа қожалығы жоқ, жұмыс орны тек мектеп қана болып отырған ауылдардан бастадық. Әйтеуір, қолымыздан келетін шаруаларды жүзеге асырып, ауылдың жағдайын назардан таса қалдырмай келеміз. Сондықтан бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған мәселе халықты ауылдан көшірмеу. Ол үшін ауылдағы жағдайды дұрыстау керек. Бүгінгі күні біз әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек онда ең бірінші ауылдарға орталықтандырылған кәріз құбырын, жылу жүйесін, суын тартып, жолын жөндеп беруіміз қажет. Қазақстандағы әрбір ауылға осындай өркениет әкелсек, сонда көші-қон үрдісі тоқтайды. Керісінше халық ауылдарға көшеді.
- Ауыл - қазақтың рухани темірқазығы екені сөзсіз. Ауылды сақтасақ, тілімізді сақтаймыз. Осы ретте, Сіздің тарапыңыздан ауылдың рухани өміріне қаншалықты көңіл бөлінуде? Арқалыққа қарасты ауылдардың балабақшасы, мектебі, кітапханасы, мәдениет үйлерінің бүгінгі жай-күйі қандай?
- Біз қазір әрбір ауылдың дамуына байланыс­ты үш жылдық бағдарлама жасап, ауылдың әрбір кәсіпкерінің субсидия алуына дейін, «Жол картасы» бизнесін алуына дейін, осы үш жылда ауылға қанша қаражат құйылатыны, соның ішінде кәсіпкерлердің қандай жобалары бар, осының барлығын көрсетіп баспасөзде жарияладық.Осылайша, халықтың арасында талқыладық. Соның нәтижесінде таяу жылдарда ауылда нендей жұмыстар атқарылатынын әр ауылдың тұрғындары біліп отыр.
Қаланың тыныс-тіршілігіне ауыр соққы болып тиген өткен ғасырдың 90- жылдарындағы дағдарыс сол қаймағы бұзылмаған қазақтар мекен еткен ауылдардың тіпті жойылып кетуіне әкеп соқтырды. Бүгінде қалада тұрып жатқандардың көбісі - сол ауыл­дардан көшіп келген азаматтар.
Ауылдың еңсесін көтеруде рухани мәселелерді де шет қалдыруға болмайды. Ауыл - ежелден-ақ қазақтың рухани ордасы, төл мәдениетіміздің діңге­гі, салт-дәстүріміздің асыл қазынасы. Тарихымыздың да түп-тамыры ауылда жатыр. Сондықтан ауылдың рухани-мәдени өмірін өркендету, ауылдың дарынды балаларына қолдау көрсету, олардың әрі қарай дамуына жағдай жасау - бүгінгі биліктің міндеті. Қазақтың бірталай маңдайалды азаматтары қайдан шыққанын ұмытпауымыз керек.
Арқалық аймағына қарасты ауылдардың барлығында да рухани-мәдени тәрбие беретін ошақтар бар. Дегенмен де, кітапханаларда, мәдениет үйлерінде, мектептер мен шағын орталықтарда да проблемалық тұстар жоқ емес. Былтыр қала бюджетінен қаражат бөліп, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа құрал-жабдықтар алуға, мәдени қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге аз да болса жағдай жасадық. Құдай қаласа, алдағы уақытта да ауылдың рухани өмірін жандандыруға үлес қосу жоспарда бар.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жергілікті жердегі ауыл әкімдерін сайлау қажеттілігіне тоқталып, оны осы жылдан бастап жүзеге асыру керектігін айтқан еді. Сіздің пікіріңізше, ауыл әкімдерін сайлау жергілікті халыққа қаншалықты тиімді болмақ?
- Мен тек ауыл әкімдері емес, аудан әкімдерінде сайлауды бастау керек деп ойлаймын. Оғанда келерміз. Бүгінгі күні халықтың әкімдерді тағайындауға тікелей ықпалы жоқ. Ал әкімнің қызметіне бағаны халық беру керек. Міндетті түрде. Дегенмен, мен ертеңгі болатын ауыл әкімдерін сайлаудан халықтың белсенділігін көрмей отырмын. Жоба бойынша ауыл әкімдерін жергілікті аудан мәслихаттары сайлайды деген ұсыныс бар. Бұл өз-өзімізді алдағандай болмауы керек. Бұрынғы жұмыс істеп жүрген әкімдер қайта сайланып ешқандай өзгеріс болмаса - оның ақыр аяғы халықты алдағандық болып шығады. Сондықтан бүгінгі ауыл әкімдерін сайлау реформаларын салмақтайтын болсақ, бұл жоба алдын ала оң нәтиже береді деп болжамдау қиын. Егер ауыл әкімдерін аудан әкімі ұсынып, мәслихат депутаттары сайласа, халық сайлауға тікелей атсалыса алмайтыны анық. Жалпы, әкімдерді сайлау үшін сол елді мекен тұрғындарының ішінен сайлауға қатысуға арнайы сайлаушылар тағайындалып, солар халықтың мүддесін қорғап, лайықты әкімді сайласа құба-құп болар еді. Ауылдың ақсақалдарынан, зиялы қауымынан арнайы сайлау кеңесі құрылып, әкімге үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын саралап, жұрттың көңілінен шығатын әкімді билікке тағайындаса халыққа тиімді болары анық.
Егер сайланған әкім берген уәделерін орындай алмаса, оны мерзімінен ертерек қызметтен шеттетуге заңды тетік болуы да керек шығар. Бұл әкімге жауапкершілік артумен қатар, уәдесін орындай алмаған әкімнің кезегіне келетіндерді де нәтижелі жұмыс атқаруға жігерлендірер еді. Сонымен қатар, сайлау мәдениеті қалыптасуы керек. Руластықпен, достастықпен дауыс беріліп жатса, мұндай сайлаудың тиімділігі де жоқтың қасы. Халық әкімнің әдемі сөзіне емес, нақты істеріне сүйеніп барып дауыс берсе игі.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- 2012 жылдың аяғында Арқалық - Шұбаркөл теміржол құрылысы басталғанынан хабардармыз. Арқалық өңірінде жұмыссыздық деңгейі әлі де болса төмендемей отырғаны белгілі. Аталған теміржол құрылысы өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарта ала ма? Одан бөлек, «Биз­нестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» бағдар­ламаларына өңір тұрғындары тартылған ба?
- Арқалық-Шұбаркөл бұл біз үшін бір тек қана экономикалық жоба емес, халықтың көңіл-күйін көтеретін әлеуметтік, идеологиялық жоба. Арқалық - Шұбаркөл теміржол құрылысы өңірге экономикалық-әлеуметтік тұрғыда берері мол. Теміржол тұйықта жатқан Арқалықтың транспорттық мүмкіндіктерін молайтып, экспорттық әлеуетін арттырады. Теміржол құрылысының алғашқы кезеңінде 200-ге жуық жергілікті адам жұмыспен қамтылды. Биыл 500-ге тарта жұмыс орындары ашылмақ. Бір жағынан бұл жоба көптен елеусіз жатқан өңірдің еңсесін көтеруге бір моральдік серпіліс берді. Өңір тұрғындары осы жағымды жаңалықтың арқасында туған өлкенің болашағы барына күмәні қалмады. Жапан далада ілгерілеусіз жатқан Жалғызтал ауылының күретамырына бүгіндері қан жүгіргендей. Болашақта Жалғызтал ауылында станция салынбақ, оған қоса құрылысшыларға арналған вахталық қалашық сол ауылда тұрғызылды.
Теміржол құрылысымен бірге Арқалықта ва­гон­дық деполар, жол дистанциялары, пойыз­дар­ға техникалық қызмет көрсететін нысандар салы­нады. Барлығы 23 қосымша теміржол нысаны тұр­ғызылады. «Бизнестің жол картасы» бағдар­ла­масы бойынша, жаңа айтып өткенімдей, негізгі жобалар бойынша жұмыс биылғы жылдан бастап қолға алына бастайды. Бүгінде тиімді несиелер алуға, кәсіпкерлерге көмек көрсетуге бағытталған бірқатар шараларды белсенді түрде жүргізу қажет болып тұр.
Арқалық қаласы тұрғындарының жұмыспен қамтылуна келсек, әзірге көңіл толарлықтай емес. Бірақ қаланың оптималдық құрылымы қалыптасқан. Бұрынғы облыс орталығы кезінде салынған мәдениет, білім, денсаулық сақтау нысандары күні бүгінге дейін өз жұмысын тоқтатқан емес. Тұрғындардың көбісі осы мекемелерде еңбек етеді. Одан тыс Торғай боксит кен басқармасынан кейінгі ірі кәсіпорын - «Алюминқұрылыс» ЖШС-де 700-800-ге тарта адам жұмыспен қамтылған. «Алюминқұрылыс» ЖШС - өңірдегі біршама әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді тұрғызып жатқан кәсіпорын. Теміржол құрылысы, жаңа бизнес жобалардың жүзеге асуы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз септігін тигізеріне сенімдіміз. Ол үшін тек еңбек ету керек.
Келесі бір осындай үлкен қолға алу қажеттілігі туындап отырған жоба тасжол. Арқалықтан - Жез­қазғанға, одан Қызылордаға баратын тасжолдар түзілуі керек. Сонда ғана, Арқалық қаласының әлеуе­ті артып, жан-жақты көлік орталығына айналады.
- Сізді қалың жұртшылық тіл саясатымен республикалық деңгейде айналысқан азамат ретінде бағалайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мемлекеттік қазақ тілін дамыту» президенттік қорын басқардыңыз. Қазіргі уақытта Арқалықта қазақтілді мектеп пен балабақша мәселесі өз шешімін тапқан ба? Жергілікті жерде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қандай?
- Арқалық - жалпы қазақы жер. Бұл жерде Торғай, Аманкелді аудандарынан көшіп келген нағыз қазағымыздың төл ұрпақтары шоғырланған. Қазақтың салт-дәстүрі қаймағы бұзылмай сақталған өз зиялы қауымы бар еді.
Біз бүгінгі күні балабақшаларда және мектепте де қосалқы пәндерді мемлекеттік тілге ойыстыруымыз керек. Орыс мектептеріндегі еңбек, ән, денешынықтыру, алғашқы әскери даярлық сияқты пәндерді қазақ тіліне жүргізу қажет. Бұл үрдісті мен Жезқазған қаласында әкім болып жүргенде көтерген болатынмын. Арқалықта да ұсынып жатырмын. Сонда мектеп бітіріп шыққан әрбір жас қазақ тілін білудің алғы шарттарын біліп шығады. Ал балабақшаға келсек, менің жеке көзқарасым - қазақстандағы бүкіл мемлекеттік балабақшалар тек қазақ тілінде болуы шарт. Міне, біз айтып жүрген мемлекеттік тілдің мәртебесі сонда ғана даму еркіндігін алады. Бала одан орыс тілін ұмытып кетпейді, үйінде орысша сөйлессе, балабақшаға барып мемлекеттік тілді үйренеді. Баласы қазақша сөйлеген отбасы мемлекеттік тілге салғырт қарамай, неғұрлым жақындай түседі.
Жалпы, тіл тағдыры жөнінде пікір-ұсыныстар аз айтылып жүрген жоқ. Кезінде өзім де айтатынымды айттым, ұсынатынымды ұсындым. Алайда тілдің қадірін, мәртебесін өсіру үшін бұл жеткіліксіз. Тілге деген құрметті арттыру үшін, оның қолданыс аясын кеңейту үшін қазіргі таңда саяси жігер қажет. Талап қойылмағасын, оны меңгеруге қазір құлшыныс та байқала қоймайды.
Әрине, бүгінгі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ел болу үшін ағылшын мен орыс тілдерін білу - қажеттілік. Алайда әр ұлт үшін төл тілдің орны бөлек. Сондықтан ең әуелі өз тілімізді құрметтеуіміз шарт.
- Арқалықтың байырғы аты Қызылқозы екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Жуыр­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді заң бойынша елді мекендер атауын өзгерту жұмыстарына жаңа серпін беріледі деп күтілуде. Осы ретте, аймақтағы елді мекен атауларын қазақшалау жайы қалай?
- Арқалық қазақи жер болғанымен, көше мен елді мекен атауларын қарап, бейне бір кеңес заманына шегініс жасағандай боласың. Кейбір атаулар - жергілікті жерге еш қатысы жоқ анахронизмдер. Әсіресе ауылды жерлердің көше атаулары кеңес заманының мұрагері болып әлі күнге дейін өзгертілмей келеді. Мысалы, Матросово, Целинный, Фурманово, Восточное деген ауыл атаулары мен Пролетарская, Октябрьская, Комсомольская деген көше атаулары кездеседі. Шамамен өзгертуге жататын 130 көше мен елді мекен атауларын таңдап алып, өзгертуге дайын отырмыз. Бұл жөнінде атауларды осы өңірдің ақсақалдарымен, зиялы қауымымен ақылдасып, ортақтаса өзгертпек ойдамыз.
Қазірдің өзінде елді мекен атауларын талдап, саралап, жобасын дайындап қойдық. Арқалықтың алғашқы атауы бойынша Қызылқозы деп Родина ауылын, Торғайдың қас батыры Кейкі батыр Нұрмағанбетовтың есімімен Фурманово ауылын, мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен Восточное ауылын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Әбдіғапар Жанбосынұлының есімімен Жаңақала ауылын атасақ па дейміз. Көше мен елді мекен атаулары бір бөлек, мектептерге де тарихи тұлғалардың есімін беру керек. Қазір көп жер­лерде мектептерге тек нөмір берілген. Құдайға шүкір, ұлықтауға тұрарлық тұлғаларға қазақ кенде емес.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- Елбасы Жолдауда: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп атап көрсетті. Елбасының бұл тұжырымының мәнісін Сіз қалай пайымдайсыз?
- Әрине, Қазақ мемлекеті деп ресми аталуы жөн. Бірақ менің ойымша «Қазақстан» дегеннің өзі «Қазақ Елі» деген ұғымды білдіреді. Қазақ ұлты - мемлекетіміздің иесі. Өзге ұлттарды бауырына басып, соларға қамқорлық жасап, ұйытқы болып отыр. Ең бастысы, өзіміз қазақтығымызды сезінуіміз қажет. Біз жүз пайыз қазақ тілінде сөйлегенімізбен қазақ бола қоймаймыз. Қазақ деген - елі үшін қызмет ететін ұлттық патриотизм. Бұл шынайы ұлттық патриотизм - жемқорлықты да тоқтатады. Елін, жерін сүйген азаматтар жемқорлықпен айналыспайды. Өз елін тонамайды! Ақшасын ұрлап шетелге қашпайды. Сондықтан еліміздегі қандай бір ұлт болмасын бәрі де өзін осындай қазақи ұстанымда сезінсе - сонда ғана біз нағыз қазақ елі боламыз.
- Жолдауда латын қарпіне 2025 жылы көшу мәселесі де айтылды. Қалай ойлайсыз, әліп­би ауыстыруға әлі ертерек емес пе?
- Керісінше, кеш ауысайын деп жатырмыз. Латын қарпіне ауыстырғанда мен үшін ғаламторға, ақпараттық технологияларға емес, ең бірінші кириллицадан, сонымен келген орыс тілінен ажырап, өзіміздің түркі әлемінің ортақ әліпбиіне келуіміз керек. Болашақта барлық түркітілдес мемлекеттер бір әліпбиді қолданып, бірін-бірі түсінетін тілде сөйлесе деген пікірдемін.
- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Сұлтан Тайғарин

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3587