Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3181 0 пікір 10 Тамыз, 2009 сағат 19:03

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ. Үш мысал және түйін

Сiз, бiздегi олигархтың өз қаражатына мектеп, не аурухана болмаса емхана салдырғанын көрдiңiз бе? Көрмек түгiлi естiген де жоқсыз. Ал Үкiмет бюджеттiң, яғни халықтың ақшасына 100 мектеп саламыз деп жанталасып жатыр. Олигархтар балалардың үш ауысымда оқып жүргенiн бiлмейдi дейсiз бе? Жоқ, бiлгенде қандай! Тек өз пайдасынан басқаға басын ауыртпайды. Заңсыз жолмен тапқан байлықтарын жетi атасынан қалған мұрадай қызғыштап, жер түбiндегi Швейцарияның есiгi қырық қабат банкiсiне тыққаны қашан. Дегенмен елдiктi ойлайтын, қайырымдылық пен имандылықты қастерлейтiн қарапайым, жақсы жандар бар. Сондай жандардың бiрi Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Өсерқүл қажы Рысқұлов қария. Ол өзiнiң емшiлiк қасиетiмен тапқан-таянғанына былтыр өзi тұрып жатқан Қарабұлақ ауылына жаңа мектеп салып, оқушыларды қуанышқа бөледi.

Жаңылмасақ қоғамдық, халықтық мүлiктердi жекешелендiру науқаны кезiнде болар, Үкiмет: "Бiзге өз байларымызды тезiрек шығаруымыз керек!" - деп жарияға жар салды емес пе. "Неге? Не үшiн?" Үкiмет: "Солар өндiрiс орындарын ашып, ауыл шаруашылығын да көтередi. Қала мен ауыл тұрғындарын жұмыстармен қамтамасыз етiп, барлық жағдайларын жасайды", - деп жұртты сендiрдi. Ұзын сөздiң қысқасы, Америкадағыдай өмiр сүредi екенбiз.

Сiз, бiздегi олигархтың өз қаражатына мектеп, не аурухана болмаса емхана салдырғанын көрдiңiз бе? Көрмек түгiлi естiген де жоқсыз. Ал Үкiмет бюджеттiң, яғни халықтың ақшасына 100 мектеп саламыз деп жанталасып жатыр. Олигархтар балалардың үш ауысымда оқып жүргенiн бiлмейдi дейсiз бе? Жоқ, бiлгенде қандай! Тек өз пайдасынан басқаға басын ауыртпайды. Заңсыз жолмен тапқан байлықтарын жетi атасынан қалған мұрадай қызғыштап, жер түбiндегi Швейцарияның есiгi қырық қабат банкiсiне тыққаны қашан. Дегенмен елдiктi ойлайтын, қайырымдылық пен имандылықты қастерлейтiн қарапайым, жақсы жандар бар. Сондай жандардың бiрi Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Өсерқүл қажы Рысқұлов қария. Ол өзiнiң емшiлiк қасиетiмен тапқан-таянғанына былтыр өзi тұрып жатқан Қарабұлақ ауылына жаңа мектеп салып, оқушыларды қуанышқа бөледi.

Жаңылмасақ қоғамдық, халықтық мүлiктердi жекешелендiру науқаны кезiнде болар, Үкiмет: "Бiзге өз байларымызды тезiрек шығаруымыз керек!" - деп жарияға жар салды емес пе. "Неге? Не үшiн?" Үкiмет: "Солар өндiрiс орындарын ашып, ауыл шаруашылығын да көтередi. Қала мен ауыл тұрғындарын жұмыстармен қамтамасыз етiп, барлық жағдайларын жасайды", - деп жұртты сендiрдi. Ұзын сөздiң қысқасы, Америкадағыдай өмiр сүредi екенбiз.

Ерiк берiлген соң ептiлер ай қарап қалсын ба, заңды айналып өтiп, екi асап, қалталарын қаржыға толтырды. Тiптен сол жекешелендiруде түйенi түгiмен жұтқандар да аз болған жоқ. Жұрт "мейлi ғой" деп оған да көнiп, қайырын күттi. Бiрақ үмiттерi ақталмады. Олигархтар бар байлықтарын жамбастарына басып жатып алды.

Үкiмет заңсыз байлыққа рахымшылық жасап, олардан өндiрiске, ауылшаруашылығына инвестиция салуды өтiндi. Олигархтар оған да құлақ аспады. Тiптен пысқырған да жоқ. Не iстеу керек? Амал жоқ индустриалды-инновациялық бағдарлама жасап, Ұлттық қор мен бюджеттiң есебiнен өндiрiс орындарын ашуды, шағын және орта кәсiпкерлiктi қаражат жағынан қолдауды қолға алды. Iс оңынан келiп, үстiмiздегi жылдың өткен алты айында республикада 23 iрi өндiрiс орындары ашылып, бiрнеше мыңдаған адам жұмысқа тартылды. Жыл соңына дейiн мұндай кәсiпорындар саны жүзге жететiн көрiнедi. Лайым солай болса деймiз. Тек аңдысын аңдып отырған әлгi олигархтар жұмысы жүрiп кеткен сол өндiрiс орындарын тағы да жекешелендiрiп алып, түскен пайдасын қарақан бастарына жаратпаса деңiз. Өйткенi бiзде кезi келсе бәрi де жекешелендiрiледi ғой.

 

* * *

 

Сiз, мына сұмдықты естiдiңiз бе? Естiгенiңiз былай тұрсын, ауруыма шипа болсын деп жасанды дәрiнi удай қымбат бағасына сатып алып, iшiп көрген де шығарсыз. О, тоба! "Естiмеген елде көп" деген осы шығар. Ар, ұяттан безгендер бас пайдалары үшiн бәрiн де белден басып, бәрiне де барады екен-ау. Айтайын деп отырғаным, яғни, тоқсан сөздiң тобықтай түйiнi мынау. "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" демекшi дағдарыстың әрi-сәрi кезеңiн пайдаланып, бiздiң кейбiр фармацевтер қулыққа басыпты. Сiз, бұл қандай қулық дейсiз ғой. Денсаулық сақтау министрлiгiндегi дәрi-дәрмектердiң сапасын тексерушiлер өткен аптада қолдан қарабайыр тәсiлмен заңсыз жасалынған, адам ағзаларына мүлдем керi әсер ететiн, тiптен ауыр жағдайға ұшырататын 33 дәрi түрiн "дәрiханалардың" сөрелерiнен тапқан. Басқа түрлерiн былай қойғанда бауырға аса қажеттi "Эссенсали" дәрiсiнiң кәдуелгi бордан жасалынғандары да бар екен. Солардың қаншасы сатылып кеттi десеңiзшi. Қаншама науқас жандар ауруының үстiне ауру қосты. Сiз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын.

Неге осылай болды? Неге алаяқтар бiлгенiн iстейдi? Денсаулық сақтау министрлiгi қызметкерлерiнiң айтуына қарағанда, Заңда осы мәселе жiтi қарастырылмаған, жауапқа тарту, қатаң жазалау жағы толық қамтылмаған көрiнедi. Қысқасы жалған дәрi жасаушылар Заңның олқылығын пайдаланып жүрсе керек.

Мына iргедегi Ресейдiң Заңында бұл мәселе сергек қаралған. Ондай қитұрқы жолмен дәрi жасаушылардың бар байлығын тәркiлеп, өздерiн он жыл мерзiмге дейiн бас бостандығынан айырады. Бiзге неге соларды үлгi тұтып, Заң баптарын қайта қарап, қатайтпасқа? Өмiрдiң өзi көрсетiп отырған қателiктердi түзетуге болады ғой.

Ресей демекшi, жуырда сол елдiң Премьер-министрi Владимир Путин кезектi мәжiлiсiнде ел тұрғындарына дәрi-дәрмектердi тарату мен сатуды жеке мәселе ретiнде қарап, талқыға салды. Оған себеп болған өткен жарты жылдықта басқа тауарларға қарағанда дәрi-дәрмектер бағасы 18,3 пайызға қымбаттап кеткенi. Мұны халықтың қалтасы көтере бермейтiнiн, тұрмыстық өмiр сүру деңгейiн едәуiр төмендететiнiн ескере келiп, нақты шаралар қолдануға шешiм қабылдады. Мемлекеттiк бақылауды күшейте отырып, дәрi-дәрмек тауарларын сату жүйесiндегi делдалдарды саудадан ысырып тастап, ретке келтiретiн болған. Иә, бұл өмiр сүру деңгейi төмендегiлерге үлкен көмек, Үкiметтiң үлкен қамқорлығы. Ал бiзде ше? Дәрiханаларда сатылып жатқан дәрi-дәрмектердiң бағасын кез келген науқас жандардан сұрасаңыз "қымбат" деп шағымданады. Мұның жөнiн министрлiктегiлер дәрi-дәрмектердiң көбi шетелдерден тасымалданатынымен түсiндiредi. Бар себебi осы. Ресей де қырық пайыз дәрi-дәрмектердi сырттан сатып алады екен. Халқының саны көп елге бұл аз шығын емес. Дегенмен миллиондаған науқас жандарына бар мүмкiндiктердi пайдаланып қолайлы жағдай жасап

жатыр ғой.

 

* * *

 

Сiз, қалта мен сөмке тонаушылардың үш түрi бар екенiн бiлесiз бе? Бiлмеуiңiз бек мүмкiн. Мен де бұдан бейхабар едiм. Өткен аптаның сейсенбi күнi "РЕН TV" телеарнасынан "Қалта тонаушылар" атты бағдарлама көрсетiлдi. Сонда олардың үш түрiн экранға әкелдi. Бiрiншiсi - қалтадағы ақшаның бәрiн алмайды. Асқан ептiлiкпен, тоналушының жолақысын қалдырып, басқасын қымқырады екен. Рахымшылық жасаған түрi сол. Екiншiсi - кез келген жанды тонауға жоқ. Жұпыны киiнген зейнеткерлерге жақындамайды. Таңдап, талғап жүрiп, ақшасы көптердiң қалтасын қағады. Үшiншiсi - кәрiсiң бе, жассың ба қарамайды, кез келгеннiң қалтасын түк қалдырмай тонайды.

Мәскеу Үкiметi мұндайлармен көптен берi күресiп келе жатса керек. Iшкi iстер департаментiнiң үлкен бiр бөлiмi айналысады екен. Бөлiм қызметкерлерiнiң саны да жеткiлiктi және аса қажеттi аппаратулармен қамтамасыз етiлген. Олар күн сайын вокзалдарда, базарларда, метрода, үлкен супермаркет дүкендерiнде, көшедегi жолаушылар тасымалдау көлiктерiнде, жалпы көпшiлiк орындарына барып, қалта, сөмке тонаушыларды сырттан бақылауға алады. Қалта тонап жатқандарды жасырын бейнетаспаға түсiрiп, артынша тұтқындап, тергеу орындарына тапсырады. Осындай игi шаралардың арқасында талай ұры-қарылардың жолын кескен.

Ондай ұрылар бiздiң елде де бар.

Әсiресе Алматы мен Астана, сондай-ақ Қарағанды секiлдi iрi қалаларда көптеп кездеседi. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мына бiр келеңсiз жайдың куәсi болдым. Автобөлшектер сататын "Жiбек жолы" базарында бiр бейтаныс жiгiттiң табан астында шыр-пыры шыққаны. "Төс қалтамдағы жиырма мың теңгем жоқ. Маңдай терiммен тапқаным едi. Қайсысың алдыңдар?" - деп жан-жағындағыларға ұрына бастады. Жыларман қалде жалынып та айтты. Көп iшiнен бiреу: "Тез милицияға шағын", - деп кеңес бердi. Запас бөлшек сатушы: "Оған шағымданғаныңнан түк те шықпайды. Қайта өзiңдi әуре-сарсаңға салады. Ұрланған ақша ендi саған жоқ", - дедi. Сонымен ананың ұнжырғасы түсiп, үйiне қайтты.

Күнi кеше ғана №16 маршруттағы автобустан бiр қыз баланың қымбат қалта телефоны қолды болды. Кондукторлардың кейбiрi сол суық қолды ұрыларды түстеп тани алады екен. Бiрақ салонға ұры кiрдi деп айтудан тайсақтайды. Солардың жүректi жiгiттерi ғана: "Қалталарыңызға сақ болыңыздар" деп ескертумен шектеледi. Көбiсi ондай ескерту жасауға да әлгiлерден жасқанатын көрiнедi.

Сiз, Iшкi iстер министрлiгi қызметкерлерiнiң қалта мен сөмке тонаушыларды келеңсiз iстерi үстiнде ұстап, телеарналардан көрсеткенiн көрдiңiз бе? Көрген жоқсыз. Басқалар да көрген жоқ. Ал бiздегi қалта тонаушылардың саны көбеймесе азаймай отыр. Әсiресе қазiргi дағдарыс жағдайында.

 

 

ТҮЙIН

 

Олигархтар неге мектеп, аурухана, емхана, балалар бақшасын салмайды? Өйткенi олардың бойларында Отанға деген патриотизм жоқ. Керiсiнше тоғышарлық басым. Бiрен сараңында болмаса, көбiсiнде солай. Бiр арнаға, бiр мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеология жоқ жерде, тек жеке бастың мүддесi ғана жоғары тұрады.

Бас пайдасын ойлап, жалған дәрi-дәрмек жасаушылардан қандай жақсылық күтуге болады? "Тоқпағы мықты болса, киiз қазық та жерге кiредi". Оларға Заң қатты болмай, қатал жазаланбай сiрә тәубелерiне түсе қоймас.

"Ұрлық түбi - қорлық", - деушi едi. Қалтадағыны ұрлап, байыған жанды да көргенiмiз жоқ. Алайда iшкi iстер бөлiмiндегiлер қоғамдағы осындай әлеуметтiк кеселдiң алдын алып, барынша күреспесе, мына дағдарыс кезiнде асқынып кетпесi неғайбыл.

 

 

"Түркістан" газеті, 06.08.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530