Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Күбіртке 1841 6 пікір 21 Қазан, 2022 сағат 10:32

Ши Жинпиң Қытайды қайда бастап барады?

16 қазаннан бері ҚКП-ның 20 съезді өтіп жатыр. Съезде, дағды бойынша, ҚКП төрағасы Ши Жинпиң алдыңғы съезден бергі атқарылған шаруаларға қорытынды жасайтын кезекті баяндамасын жасады. Осы баяндаманың мазмұны мен тұжырымдарынан Ши Жинпиңнің осынау алып елді қайда бастап бара жатқандығы айқындала түсіп отыр.

Ши Жинпиң билікке Қытай экономикасы 30 жылдан аса қарышты дамып, жер шарындағы екінші ірі экономикаға айналған, елде нарықтық қатынастар тамыр тартып, жұрттың еңсесі көтерілген тұста келді де, елдің экономикалық, әскери, технологиялық, дипломатиялық қуатының тоқтаусыз артып, әлемдегі абыройы мен ықпалының әйгілене түсуі Қытай төрағасын басқалай пайым жасауға итермеледі. Оның пайымынша, Қытайдың барлық жетістігі социалистік режимнің арқасы. Социалистік сөреге нарықтық қатынастарды енгізеді екенсің, анау батыстың шулап жүргеніндей, еркін экономика, даңғыл демократия, кемелді кісілік құқықсыз да бақуатты қоғам, гүлденген мемлекет құруға болады.

Оның ұғымынша, Қытай елі КП-ның басшылығында адамзат келешегін қамтамасыз етудің капитализмнен бөлек тың да, сара жолын тауып шықты. Қытайдың айбаттанған “арлан дипломатиясы”, өзге елдерге дамудың “қытайлық үлгісін” саудалау, әлемдік тәртіптің жаңаша нұсқасын сомдау мен “адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын” қалыптауға шақыру, т.с. барлығы осындай таным мен пайымнан бастау алады.

Қазірге дейін Ши ата-анасы мен өз басының да осы жүйеден зәру көргендігіне қарамастан, социалистік жүйе мен компартияға, коммунистік идеяға шексіз сенетіндігін көрсетіп берді. Оның әркездегі жасаған баяндамаларынан, сөйлеген сөздерінен, ел билеудегі ұстанған жолдарынан анық байқалады. Оның билігінің бірінші мерзіміндегі жемқорлықпен бітіспес күресі, көбінеки оның өзінің билігіне бақталастарды ықсыратудың айласы деп бағаланғанымен, шын мәнінде іріп-шіруге бой алдырып, ел билеу әлеуетін әлсіретіп алған компартияны мерезден құтқарып, емдеп алуға деген құлшынысы болатын.

20 съездегі баяндамасында ол “толассыз тырысудың арқасында партияның, өзін ылғи да бейберекетсіздіктен оңап, құлдыраудан құтқарып, арпалысып келе жатқан ойнамалы тарихи периодтан шығарудың өзіне-өзі төңкеріс жасау сынды екінші жауабын  тапты” деп арқасынан батпан жүк түскендей желпіне мәлімдеді. ҚКП тарихында ҚХР-ның өмірге келуінің өзі,  реформа дәуіріндегі толағай жетістіктер, сөзсіз,   марксизм-ленинизм иделарының қытайлық топыраққа бейімделе, үйлестіріле сіңірілуінің нәтижесі, соның ғана жемісі  деп бағаланады. Төраға Ши осыған имандай сенеді және өзін соған тер төгуші деп санайды. 20 съезд баяндамасында ол осы сенімін бұрынғысынан да бекіте түскендігін аңғартты. Ол аталмыш баяндамада “ҚКП-ның кереметтігі, қытайлық өзгешелікке ие социализмнің абзал болуы, түптеп келгенде, марксизмнің кереметтігінен, қытайланған, заманданған марксизмнің кереметтігінен. Марксизмнің қытайлануы мен замандануының жаңа тарауларын жазу ҚКП мүшелерінің абыройлы тарихи борышы” деп мәлімдейді.

Сондықтан да ол, теориялық аспектіде социализм режимінің тірегі саналатын элементтерді мүмкіндігінше аман алып қалуды, әуелі, күшейтуді әрдайым жақтап келеді. Соңғы жылдардағы мемлекеттік кәсіпорындарға қайыра маңыз беру, бұқаралық кәсіпорындардың әрекетін шектеу, ІТ компанияларына тексерулер, жұрттың пікір еркіндігін  қақпайлау төрағаның тиісті емеуірінлерінің салдары. 20 съезд баяндамасында да төраға “жалпылық меншіктегі экономиканы әрі-сәрі болмастан бекемдеу мен дамытуды, жалпылық меншікке жатпайтын экономиканы ынталандыруды, қолдауды, жетектеуді” тапсырады.

Марксистік идеологиямен  тоталитаризмнің табиғи байланысы жайында көзеулі теория болмағанмен, социалистік жүйе адамзат өміріне енгелі марксизм идеясымен қаруланушылардан авторитарлар мен диктаторлардың көптеп шығатынын көріп келеміз. Сол сияқты, осыған дейін түрлі тұспалдарға тұздық болып келген Ши Жинпиңнің де үшінші мәрте билікте қалатыны белгілі болып отыр. Дәстүрге сай, алдыңғы съезден бергі 5 жылды қорытуға арналған баяндамасының 18 съезден бергі, яғни өзі сайланғаннан бергі 10 жылғы “ұлы жаңғыруларды” баяндауынан, сондай-ақ “жаңа дәуірдегі 10 жылдағы ұлы жаңғырулардың партия тарихындағы, жаңа қытай тарихындағы, реформа мен есікті ашық ұстау тарихындағы, социализмнің дамуы тарихындағы, қытай ұлты тарихындағы ескерткіш сыйпатындағы маңыздылығының” баса дәріптеуінен-ақ Ши төрағаның жалғасты қалудағы позициясының мығым екендігі менмұндалап тұр.

Өткен 10 жылдағы жетістіктің ең алғашқысы есебінде төрағаның осыған дейін ҚКП жарғысына Мао идеясы мен Дэн теориясымен бірдей енген “жаңа дәуірдегі қытайлық өзгешелікке ие социализм құру идеясының түзілгендігі” көрсетіледі. Ал баяндамада бүкіл партияға “партияның барлығына да басшылық етуін қамтамасыз ету қытайлық өзгешелікке ие социализм құрудың бұлтартпас жолы” екендігі ескертіледі. Бұның ар жағында Ши төрағаның өз жақтастары арқылы тынбай насихаттап келе жатқан “екіні бекіту”, “Ши Жинпиңнің партия орталығындағы тұтас партиядағы ядролық орынын бекіту және оның жаңа дәуірдегі қытайлық өзгешелікке ие социализм құру” идеясының мемлекетке жетекшілік орынын бекіту пиғылы тұр. Жалпы идеяның логикасы мынадай: жаңа дәуірдегі қытайлық өзгешелікке ие социализмнің нақты белгісі 2050 жылдарға қарай Қытайды күшті, демократиялы, өркениетті, берекелі, көркем  заманауи социалистік мемлекетке айналдыру. Оның бастауында ҚКП, ал ҚКП-ның ұшар басында Ши Жинпиң тұруы  керек. Қазірдің өзінде Ши Жинпиңді ұлы көсем атай бастағандар шығып жатыр.

17 қазанда өткізілген пресс конференцияда ҚКП орталық комитетінің саясат зерттеу бөлімінің басшысының орынбасары Тян Пыйян “бас төраға Ши Жинпиң ұлы дәуір тудырған біртуар тұлға, жұрт қалаған халық көсемі” деп бағалайды.

Ши Жинпиңнің ҚКП-ның 19 съезінен кейінгі авторитарлық билігі ұстанған «арлан дипломатиясы» оның АҚШ-пен қақтығысуына себеп болып, Қытай экономикасы өсімінің басты қозғаушы күшінің бірі саналған экспорттық өндірістердің жаппай жабылуына мұрындық болды. Төңірегіндегі елдерге Қытайдың сүйкімін азайтты. Осы дипломатия концепциясынан шабыт алған ұшқыр ұлтшылдық азматтарды сырт әлемге салқын ақылмен қарау қабілетінен айырып, жаппай популизмге душар етті. Оның әлемдік жетекшілікке ұмтылысынан туған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы ішінара мемлекеттерді қарызға батырып, Қытайға үрке қарау ауанын тудырды. Экономиканың мемлекеттік секторын демеп, жеке секторына қырын қарауы экономиканың өсімін тежеп, жұмыссыздықты ұлғайтты. Ашық есік саясатын дәріптегенімен, шетел инвесторларына жөн-жосықсыз қойған талаптары, мысалы, шетел компанияларына партия ұйымдарын кіргізу, олардың қаржыларын өзге елдерге жөнелтуге мәжбүр еткізді. Оның пандемияға қарата әлемдік шаралардан мүлде алшақ “нөлдік жұқтырмау” саясаты ел халқының болмашы еркіндігіне де тұсау салып, кісілік құқықтарын аяқ асты етуде.

Қазіргі нақты деректерде мұның Шиан, Шанхай, Құлжа қалаларында кісі өліміне жеткізген зардаптары айтылады. Ши Жинпиннің бірегей “қытай ұлтын” қалыптастыру арманынан туындаған азшылық ұлттарға жасаған жойдақсыз қысымы, Қытайдың ол насихаттап келген «жауапкершілігі бар ірі ел» образын өркениет әлеміне қарай алмайтындай етті. Төрағаның 20 съездегі баяндамасында Қытайды 40 жыл алға сүйреген “экономикалық құрылыс” жайлы ауызға алынбайды. “Мемлекеттің қауыпсіздігін табанды қорғау” мәселесіне басымдық беріледі. “Халық армиясын әлемдегі бірінші санатты армия етіп жасақтаудың жан жақтылы социалистік заманауи мемлекет құрудың стратегиялық талабы екендігі” айқындалып, “Әскерді жаттықтырып, соғысқа дайындалуды жан-жақты күшейту, халық армиясының жеңімпаздық қуатын арттыру” талап етіледі. Тайуаньды бірлікке келтіруді бейбіт жолмен іске асыру мүмкін болмаған жағдайда, қарудан бас тартуға уәде етілмейтіні, барлық керекті шаралардың қарастырылатындығы ашық мәлімделеді.

Келтірілген мысалдардан да Ши Жинпиңнің Қытайды Дэнь салып кеткен әлемдік қауымдастықпен кірігу, әлемдік өркениет және адамзаттық жалпы құндылық жүйесіне қосылу жолынан кері қарай, нақты айтқанда, басқа жолға бастағысы келетінін аңғару қиын емес.

 

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3142
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2240
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1915