Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3594 0 пікір 1 Ақпан, 2013 сағат 08:17

Жолымбет Мәкішев. Қазаққа евразияшылдық идея қажет емес!

"Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана

құтқарып қала алады,

тек Евразияшылдық арқылы ғана "

Л.Н. Гумилев

 

"Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана

құтқарып қала алады,

тек Евразияшылдық арқылы ғана "

Л.Н. Гумилев

 

Евразияшылдық идеясы - кейінгі жылдары жиі еститін сөзімізге айналды. Оны қозғап жүргендер бұл ТМД мем­ле­кеттерінің, оның ішінде әсіресе Қазақ­станның бірден-бір даму жолы еке­нін дәлелдегісі келеді. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, көсемдері көбіне Орыстар болған­дықтан олар Евразияшылдықты орыс мүддесіне қызмет етуге бейімдеп алған. Оған: «Евразияшылдықты Ресейдің геосаяси тұжырымдамасы ғана емес, біздің мемлекеттің геосаяси дәстүрі деп те айтуға болады» деген пікірлерін дәлел ретінде келтірсек болады. Яғни, бұл Ресейдің империялық мүддесімен астасып жатыр. Енді, бұл идея Қазаққа несімен тиімсіз деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Еуразияшылдар қозғалысы әуелде шетелдегі орыс эмигранттарының арасында дүниеге келді. Олар барлық халықтарға үстемдік етуге ұмтылған Евроцентризм мен романдық-германдық мәдениеттің агрессивтік сипатын сынға алып, 1928 жылы «Еуразия» деп аталатын газет шығара бастайды. Кейін қозғалыс мүшелерінің көпшілігі славяншылдықты өздерінің рухани негізі деп тани бастады. Қазаққа жақпайтын жағы осы. Себебі, Қазақтар славяндар емес, аттарының тұяғы Еуразия төсін дүбірлеткен Қыпшақтардың тікелей ұрпағы екені белгілі. Керек десеңіз, бізде оған балама болатын «Тұраншылдық», «Түрікшілдік», «Алашшылдық» сияқты өз идеялдарымыз бар. Бұл жағынан бізге өздерін Ресейге сі­ңіп кеткен «Далалықтардың» ұрпағы санайтындардың көзқарасы жақынырақ. Бірақ, бұлар әлі ұйысып, Ресейде үлкен күш бола алмай отыр. Себебі, орыстардың өзіндегі «Далалықтарға» қатысты пі­кір екіге жарылған. Бірі - «мұңғұл - та­тарлар» төңірегінде бізде жаңсақ пі­кір қалыптасқан, сондықтан, қолдан жасалған жасанды тарихты әшкерелеп, ақиқатты айтатын кез туды десе, Ұлы орыстық шовинизммен уланған кейбір оқымыстылар Қыпшақтар мен мұңғұл-татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан, қазіргі қоғамдық ойға қозғау салмау керек деген пікірден айнымай отыр. Олар егер Ресей тарихы жаңа көзқарас тұрғысынан талданса, ақтаңдақтар ашылып қалып, «Татарлардың» орыс мемлекетінің қалыптасуына қосқан орасан зор үлесіне әділ баға беруге тура келеді деген уәж айтады. Бір жағынан «татар-мұңғұлдарға» басқаша баға беріп үйренген, қазіргі билікте оған онша ықылас білдіріп отырған жоқ. Ондағы оқымыстылар мен қоғам қайраткерлерінің Ресей шежіресіне қатысты екі түрлі позиция ұстанатындығын белгілі тарихшы, Ресей мемлекеттік гума­нитарлық университетінің президенті Юрий Афанасьевтың: «Кез келген адамнан Дмитрий Донской кім болған деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгісінен құтылу деп жауап береді ... Егер, «татар езгісінен құтылу» дегенді Дмитрий Донскойдың өзіне айтса, ол есінен адасып кетер еді. Себебі, ол мойын­дай­тын патша Татар патшасы ғана болатын. Ал, Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ, қазір осылай сөз саптау біздің тарихи қағидамызға айналып кетті», деген сөзінен байқауға болады. Ал, Еуразияшылар идеясының бізге тиімді тұсы олардың славян-түркі байланысын қайта жандандырып, өңірдегі алыс-беріске жаңа сипат беретіндігі. Олар Еуразия құр­лы­ғындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтардан бас тартқан жоқ. Ұлы даланың әлем өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесіне оң баға беріп, Орыс тарихы «Татарлармен» тығыз байланысып жатқанын мойындады. Сондықтан, еуразияшылдар батысқа бүйрегі бұрып тұратын отандастарына қарсы шығып, Ұлы Даланы Русьтің құдай қосқан көршісі әрі стратегиялық әріптесі деп таныды. Бірақ, бұл мәселеге олар славяншылдық көзқараспен үңілді. Өйткені, орыс өркениеті өзінше бір әлем. Бұл Еуропа да емес, Азия да емес, екеуінің арасындағы синтез дейді, олар. Тағы бір ерекшелігі, еуразияшылар, «татар-мұң­ғұл езгісі» Ресей үшін қайырлы болды. Себебі, Ресей Шыңғыс хан империясынан еуразиялық мемлекеттіліктің эстафетасын қабылдап алды, деген пікір айтады. Николай Трубецкой бұл жөнінде: «Мәскеу патшалығы Татар езгісінің арқа­сында құрылды. Мәскеу патшалары «орыс жерін біріктіріп» үлгерместен Ұлы мұң­ғұлдардың батыстағы ұлысына иелік ете бастады. Мәскеу, Қазан, Астрахан мен Сібір хандығын жаулап алған соң ғана күшті мемлекет болды. Орыс патшасы мұңғұл ханының мұрагеріне айналды. Осылайша Православ патшасы Татар ханының орнын басып, хан ордасы Мәскеуге ауысты», дейді. Алайда, еуразияшылдарға қарсы шығып, олардың мақсатын түкке тұрғысыз деп тапқандар да бар. Мәселен, Григорий Флоровский «Еуразияшылдықты рухани сәтсіздік,- деп бағалаған. «Ресейді Батыстан бөліп тастауға болмайды. Біз Еуропаға техникалық қажеттіліктердің әсерінен бет бұрдық. Ал, Еуразиялық факторға келсек, Ресей Еуропа мен Азияның арасындағы синтез емес. Еу­ро­паға жиіркенішпен қарап, Азияны қалап алған Еуразияшылардың өздері еді», деген болатын. Жиырмасыншы жылдардың басында Еуразияшылдар Феодор Достоевскийдің: «Еуропа бізді құл ретінде қабылдаса, Азияда біз мырза болдық. Еуропа бізді татарлар десе, Азияда біздерді еуропалықтар деп атады» деген пікірін жиі қайталайтын. Қалай десек те, Еуропа мен Азияның «ортасында орналасқан» Ресей ешқашан империялық мұраты пен амбициясынан бас тартқан емес. Бізге керегі де, сақтанатынымыз да осы. Оған Ресейдің президенттік кеңесінің мүшесі болған Сергей Карагановтың: «Ресей өзінің байырғы империялық рөлінен бас тартпайды . Ол барлық амалмен бұрынғыша жергілікті княздерді ақшаға сатып алып, қажет болса керек жерге әскер де аттандырып тұрады. Бөліп ал да билей бер саясатын жүргізе береді»,  деген пікірі дәлел бола алады. Француздардың «орыстың бетін тырнасаң ар жағынан татар көрінеді» деген тамаша мақалы бар. Бірақ, француздар осылай десе де орыстар тегін тани алмай әлі бүлініп жатыр. Сондықтан, «бүлінгеннен бүлдіргі алудың» қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Сталиннің құйтырқылығы немесе Ұлтты бөлшектеу
саясаты қалай жүзеге асқан еді?

Өткенде теледидарға қарап отырып, біз сырттай сыйлап жүрген бір ағамыздың кейде кеңестік дәуірді аңсаймын деген әңгімесін естіп қалдым. Ол кезде бұқараға көп жағдай жасалды, жұрттың көңілі тоқ, көйлегі көк болған еді дейді әлгі ағамыз. Өкінішке қарай, осындай пікірлерді жиі болмаса да ара-тұра естіп қаламыз. Меніңше, мұндай әңгімелерді большевиктер жүргізген сұрқайы саясаттан бейхабар адамдар айтатын сияқты. Бірақ, біліп тұрып, наданның сөзін сөйлейтіндері де бар. Мұндайлар көбіне ұлттық мүддені түсіне бермейтіндер немесе уызына жарымаған қандастарымыз екені айтпаса да түсінікті. Егер, «қызыл қырғынның» не үшін қолға алынғанын аңғарса есі бар адам Кеңес одағын аңсауын сап тияр еді. Енді, сол коммунистердің құйтырқы әрекеттерінің кейбіріне арнайы тоқталсақ.
Ресей империясында орыс еместердің барлығын әуелден татарлар деп атайтын дәстүр бар. Әсіресе, олар шыққан тегі азиялықтарды осылайша жалпылама атайды.

Тарихи деректерге жүгінсек, қазіргі әзірбайжандарды да 1926 жылға дейін татарлар деп атап келіпті. Грузияның алғашқы президенті З.Гамсахурдия жұрт алдында сөйлеген сөзінде Грузияны мекен еткен әзірбайжандарды үнемі татарлар дейтін болған. Мұндай мысалдар өте көп. Кейін большевиктер билік басына келген соң империядағы байырғы халықтарға басқаша ат беріле бастады. Әсіресе, қазіргі татарлардың бабалары осы тұста үлкен белсенділік көрсетеді. Бұқара бас қосқан жерде олар өздерін мұсылмандармыз, бұл­ғар­лармыз немесе ноғайлармыз деп атап жүрді. Кейін аты өзгерген халықтардың мұң­ғұл-татарлармен мүлде байланыспайтын жаңа тарихын жасау қажеттігі туады. Сталиннің бұйрығы бойынша беделді шығыстанушылар мен тарихшылардың тұтас бір тобы осы жұмысқа білек сыбана кіріседі. Бұларға академик В.Бартольдтің өзі басшылық жасады. Кейін кезек Түркістанға келді. Мұнда большевиктер барша түрік түлеп ұшқан жердегі төл халықты ыдырату саясатын жүзесе асырды. Халықтарға қайта ат беру арқылы большевиктер Қапқаз бен Түркістанды мекендеген миллиондаған қыпшақтарды да жойып жібереді. Бұл атау олар үшін өте қауіпті еді. Өйткені, қыпшақтар бір кездері шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арасындағы аймақ­ты мекендеген алып этнос болды. Әрі Түркістандағы қыпшақтар қызылдар қырын қараған Алтын Ордадан шыққан. Олар Орталық Азиядағы төрт республика Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның оңтүстік өңірін алып жатқан Қоқан хандығындағы белсенді күш болатын. XIX ғасырдың жетпісінші жылдары Ресей империясы жаулап алған соң, Қоқан хандығы біртіндеп өмір сүруін тоқтатады. Бірақ, Түркістанда қалып қойған қалың қыпшақ Сталиннің түн ұйқысын төрт бөліп, дегбірін қашырды. Ол Түркістанда Қыпшақ республикасын құрғысы келген жоқ. Қысқа қайырғанда, Түркістанда жүргізілген бөлшектеу саясатынан кейін мұндағы қыпшақтар ірі этнос ретінде жойылып, өңірдегі өзге халықтардың арасына сіңіп кетеді. Дәлірек айтқанда, оларды өздерін қырғыз, түркімен, өзбек немесе қазақ деп атауға мәжбүрледі. Кейін, қыпшақтар Түркістанда тұтас халық болып ғұмыр кешуін түбегейлі тоқтатты. Бәлкім, осыдан кейін болса керек, олардың ұрпақтары Ферғана халифатын құрамыз деп ТМД-ның үш республикасы түйіскен жердегі бүкіл Ферғана алқабын күні бүгінге дейін дүрліктіріп отыр. Кейін большевиктер «мұңғұл-татарлардың мәселесін де» біржола шешуге кірісті. Қазірге дейін кейбір ағаларымыз қызғыштай қорғайтын Сталин осы тұста мұңғұл-татарларды «та­ғы көшпенділер» қылып көрсетуге құл­шынды. Бұл тарихи деректер растайтын жәйт. Мәселен, белгілі ақын әрі аудармашы Семен Липкиннің естеліктерінде Ста­лин­нің бүкіл Русьті жаулап алған «татар» этнонимін варварлар қылып барынша қаралауға тырысқаны айтылады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Семен Липкин Ста­линнің татар-мұңғұлдарды жұртқа жек­көрінішті етіп көрсетуге талпынғанын әңгімелеген. Осындай оймен «көсем» ғылым мен кино қайраткерлерін, суретшілер мен жазушыларды осы процеске арнайы жұ­мылдырып жібереді. Нәтижесінде 1939 жылы Василий Янавецкийдің «Шыңғысхан» деп аталатын кітабы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Тарихи шындықтан алыс жатқан, Шыңғысханды қаралау үшін жазылған бұл роман өз дегеніне жетіп, татар-мұңғұлдарға жұрт қырын қарай бастады. Ал, соғыс жылдары Сергей Эй­зенштейннің «Иван Грозный» кинокартинасын жарыққа шығартқан Иосиф Сталин Шыңғысхан мен оның ұрпақтарына жариялаған күресте біржола жеңіп шығады. Татар-моңғолдарды жұрт осыдан кейін басқыншы, өркениеттен хабары жоқ қара тобыр ретінде қабылдайтын болды. Осындай ылаңшыл әрекеттері кейін жазасыз қалмайтынын Сталиннің іші сезген сияқты. 1938 жылы Кеңес Одағының Швециядағы елшісі Коллонтаймен болған арадағы әңгімеде ол: «Кейін ең алдымен шет мемлекеттерде, тіпті өз елімізде де біздің партия бен халықтың көптеген ісін әдейі бұрмалап, оған тас ататындар шығады. Әлемге қожа­лық етуге ұмтылған Сионизм қол жеткізген табыстарымыз бен жетістігіміз үшін бізден аяусыз кек қайтарады. Олар Ресейге әлі де тағылар мекені, шикізат орталығы ретінде қарайды. Менің атыма да күйе жағылады. Маған көптеген қылмыстарды зорлап таңатын болады» дейді. Сонымен, жоғарыдағы жәйттар большевиктер жүргізген «көпвекторлы» саясаттың бірі ғана. Олардың империяны ұстап тұру үшін қандай құйтырқы әрекеттерге барғанын жіпке тізгендей етіп түгел баяндап шығу әсте мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ деп ойлаймыз. Біз үшін ең бастысы қызыл империя тарихының Қазақ елі үшін, қастерлі кезең болмағанын жұртқа жеткізу болды.

Abai.kz

0 пікір