Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3781 0 пікір 1 Ақпан, 2013 сағат 07:46

Дидар Амантай. Қарағайлыдағы танго

Күзгі бақты мұң-шер меңдеп, уайым-қайғы иектеп алыпты. Сәкілер бос, сүйісіп отыратын жас алматылықтардың орнын сары бояу, қызыл түсті жапырақтар басқан. Қара суық бүрістіріп тастаған қалалықтар үйлерінде кешкі асты күтіп, әредік қана терезені жапқан пердені түріп, ақшам жамыраған тысқа көңілсіз қадалады. Сол кезде, бақ ішіндегі сүрлеуді қураған шөп-шаламнан бәтеңкесімен тепкілеп аршып келе жатқан бозбаланы байқап қалатын шығар.

Маған назар аудармай-ақ қойыңыздар. Кешігіп оралған таңсық сезім мені сүреңсіз көшеге алып шыққан. Бұлыңғыр аспан, шалшық иірген жадағай сорап зиын түкпіріне жасырған кешегі сүйікті таныс бейнені, жүректі ауыртқан жылы жүзді қайыра көз алдыма дедектете сүйретіп әкеледі. Қартайып қалыппыз біз, арман жолында сәуле шашқан ізгілікке сеніп, жан ұшырған жылдарды еске алып тұрып, солай тұжырғым келіп, қиналамын. Қайтіп аңғал кез, ақымақ шақтар тілсіз ғарыштың қойнауында адасып қалды. Ұмытылды барлық келбеттегі сен ұнатқан, өзіңді жақсы көрген тоқтаусыз күлкі, келешектен опа іздеген тұңғиық жанарыңдағы мұңды көзқарас, түгел өтіп кеткен, қандай қасиетіміз сақталды, қай үмітіміз кеудемізде әлі тірі жүр, ақ шала бастаған самайдағы шашымыз ба, әлде шаң жуытпаған көкірегіңе ұдайы жолың болмағандықтан қаяу түсті ме, ештеңеге сенбей қойыпсың, ақындардың ән қылып жырына қосатын өмір дегені осы ма, кірпік айқасқанша сүріліп тасталатын, сондағы ұсынатын қызығы қайда, мен пенде адамдар атынан суық, қатыгез Ғаламға лағынет айтамын, ешқашан көсегең көгермесін!

Мәңгілікті әперші маған, бәйіт оқыған жалғызілікті шайыр. Ешкім кешіп тауыса алмайтын ғұмырды талап етемін, конституцияның шектеулері ерте солған боз жігітті байлыққа кенелтпек түгілі, ішкі аласапыран мұхит әлемінде бас көтерген бүлікшіл ниетіне бөгет жасауға да қауқары жетпейтіні анық.

Құс жолы секілді кәрілік дертіне ұшырамайтын тағдырды неге сүйеніш етпедің, құйтақандай адам ретінде өзімнің жазмышыма келіскім келмейді, бақытты болуға тиіспін, неғып үнемі меңіреу құсап жауап қатпай жатасың, атаңа нәлет, тамағыңа тас кептелгір, абыройсыз, бірақ соны ұғарлық жетесі жоқ, жалпақ дүния.

Уақыт кесе-көлденең кездескен тосқауылдарды бұзып, ойды шашыратып, тәніне таңба салады екен де, саған жолдас қылып тек қана орындалмай қалған балалық тілегіңді иықтастырып кетеді екен. Әрбір қарттың бауырында жастық шағының салмағы жатыр. Түнде түйнеп ұйықтатпайтын сырқат - жаман шалдың алданышына айналған жалғыз серігі. Оның қол созған мұратының жалғасы іспетті. Қария пішін және сәби түйсік.

Мұндай болашақтан бас тартамын. Тап қазір қанша қатуланып тұрсаң да суық жүзіңе тік қарап, қаймықпаймын, маған шығарар үкіміңді естірт, қорықпаймын, құрдымыңа табан астында алып кетсең де, түпсіз космос. Берекесіз тіршілік негізгі мағынасынан айырылып, сұлулығынан жаңылысқанда, көрікті әйел мен үкілі дәурен несімен қызықтырып әкетсін. Әуелі басты сауалыма түбегейлі толық толғамыңды ұсын, содан кейін жердің нендей шұрайлысын, етектінің кімдей ажарлысын тандайтынымды жайып салмақпын.

Маңдайға әжім түскен сайын бастапқы пәни соқпағымды аласұрып іздеймін. Кейде оны құйылған темір қалыптың бейнесінде, рәміздік пішінде көргім келеді. Сонда бүлдіршін бал кезді білегінен ұстап алар ма едім. Бірақ, оқта-текте әдеттегідей таң сәріде қалың ұйқыдан оянып, көрпемен қымтанып жатқанымда, Абай даңғылынан автомобильдер шуылы жаңа тарай бастағанда, қайдан қаңғып келгені белгісіз, манағы таңсық сезім қайта мазалап, Қарағайлыға шақырып тұрғандай күйге бөлейді. Мен сағынып жүрген әлди бесік сол шаһарда қалып қойғандай көрінеді. Қарқаралы іргесіндегі қалашыққа сағынышымды қанатыма байлап құстай ұшып жетсем, сартап қиял қарсы алдымнан жолығар ма еді, -қарқарадай, қарағайдай биік ғасырым! Содан соң ажал келіп, есігімді қақса, ілгекті өзім ағытып жіберермін бе, айналайын, Талды өзені, Қар өлке, Байбала асуы, Қызылтас сілемі, Кент таулары. Қарағайлының жеңіл жүрісті бикештерімен танго билеп, шыр көбелек дөңгеленіп тұрып аламын, ләззатқа мас болған қарқаралылық беймаза қазақ солай ғана бүлікшіл ниетінен біржолата айнып, Жер бетінен бақи жоғалатын шығар.

Күзгі бақты мұң-шер меңдеп, уайым-қайғы иектеп алыпты. Сәкілер бос, сүйісіп отыратын жас алматылықтардың орнын сары бояу, қызыл түсті жапырақтар басқан. Қара суық бүрістіріп тастаған қалалықтар үйлерінде кешкі асты күтіп, әредік қана терезені жапқан пердені түріп, ақшам жамыраған тысқа көңілсіз қадалады. Сол кезде, бақ ішіндегі сүрлеуді қураған шөп-шаламнан бәтеңкесімен тепкілеп аршып келе жатқан бозбаланы байқап қалатын шығар.

Қыркүйек, 1996

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534