Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өзекті 2250 2 пікір 19 Қазан, 2022 сағат 12:33

Туризм және дәретхана. Бар мен жоқтың арасы...

Әлемді коронавирус жайлағалы бері мемлекеттік шекаралар тарс жабылып, адамдар үйге қамалып, қалыпты сауда қатынастары үзіліп, экономиканың кері кеткені белгілі. Қатаң карантин шараларының әсіресе туризм саласына әкелген зардабы орасан. Биыл көктемде есті елдер вируспен бірге өмір сүретініне көзі жетіп, шектеулерді ала бастады.

«Бірақ Путиннің Украинаға бастаған соғысы саяхат саласына тағы да өз әсерін тигізуде», - дейді сала сарапшылары. Ресейдегі соғыстан қашқандар миллиондап келіп жатқан біз де оны анық көріп отырмыз.

Сарапшылардың пікірінше, соғыс салдарынан туындаған жанармайдың қымбаттауынан жол жүру бағасы қымбаттаған, санкция салдарынан транзиттік жолдардың аясы тарылған. Әлемдік туризм саласы 2019 жылдың алдындағы деңгейге араға жылдар салып, 2025 жылдан кейін ғана әупірімдеп жетеді екен. Ал қазақ туризмнің дамуына сыртқы себептер ғана тұсау болып отырмағаны белгілі.

Неліктен отандық туризмнің дамуы көлік саласының нашар жұмысынан зардап шегеді? Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа осындай сауалмен жүгінді.

«Турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ. Бірақ, адам қанша қаласа да транспорттық жүйесі реттелмегенінің салдарынан, еліміздің барлық табиғи сұлулығына жету мүмкін емес болып шықты», - дейді депутат.

Бұл ретте ол әуе жолдарымен саяхаттау сапарлары бойынша ең көп шағым түсетінін айтады.

«Ұшу жиілігінің төмендігі, реттеуге келмейтін түсініксіз әуе билеттерінің баға мәселесі, қызмет көрсету сапасы мен рейстерді негізсіз кешіктіру сияқты мәселелерді тізіп кете беруге болады. Оған қоса әуе компанияларымен турпакеттер бойынша келіссөздер жүргізу мүмкін еместігін турагенттіктер жиі көтереді. Темір жолдың жыры тағы бар. Қазақстан темір жолының туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінеді. Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоялық. Еуропаны айтпағанда, Орталық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыратын халықаралық туристік жүйені қалыптастыра алмағандықтан Жібек жолы бойындағы теміржол маршруттарының орнын көршілес Өзбекстан өз стиліндегі жайлы вагондарымен туристік кластер ретінде іске асырып отыр. Автокөлікпен жүретін жолдардың жағдайы сын көтермейтіні туралы депутаттық сауалдың санында есеп жоқ. Тіпті Мемлекет басшының өзі бұл мәселені шешетін уақыт жетті деп Үкіметті сүйрелеп жүргенін білеміз. Бір ғана мысал, еліміз бойынша кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажеттілігі анықталуда» – деді Елнұр Бейсенбаев.

Тағы бір депутат Нариман мырза аңсаған жеріне жеткен туристің көңілі жайланып, асқазаны майланып, енді бір ішін босатайын десе, сайын даладан дәретхана таппай қиналатынын жеткізіпті.

Бұл саланы дамытуға жауапты «Қазақ Туризм компаниясы» өкілінің уәжінше, мемлекеттік бюджеттен жылына 2 миллиардқа жуық қаржы алатын аталмыш компания дәретхана салумен айналыспайды екен. Туристерге керек нысандардың тізімін жергілікті билікке дайындап берумен ғана шектеледі-мыс. Демек дәретхананың проектісін, сметалық құжаттарын жасау, жоғарыға жолдаумен ауылдың атқа мінерлері айналысады деген сөз. Жоғарының шешімі шығып, жүзеге асқанша ай аунап, жыл жылжиды. Соның кесірінен қажет деген 500 дәретхананың 160-ы ғана салынған.

«Қазақ ұлттық туризм компаниясының» 2017 жылы «Қазақстанның туристік әлеуетін жаһанға танытады, шетелдік инвесторлар тартады» деп жарнамасы жер жарып, экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен құрылғаны белгілі. Ал Арекең «Алтын адаммен» әлемді аралаймын деп істі болып, абақтыда жатыр.

«Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 млрд теңгені құрайды. «Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде», - делінген Антикордың хабарламасында.

Бұдан бөлек, Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС-ын заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр делінген.

Біздегі туризм жырының ұзын-ырғасы осындай. Саланың дамуына бюрократиядан тартып, сыбайлас жемқорлық, монополия кедергі келтіріп отыр екен. Қазақтың жер асты қазба байлығын өңдеп, товарға айналдырудың орнына, шетелге шикізат ретінде жөнелтіп, оңай системаға бой үйретіп алған орыс тілді билік құдайдың өзі берген жер үстіндегі керемет табиғат байлығын игеруге де құлық танытпай отыр деген сөз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

2 пікір