Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әріптестің әңгімесі 3024 3 пікір 18 Қазан, 2022 сағат 12:43

Президент болғым келеді...

Міне, президент сайлауының екінші кезеңі басталып, бұл дода барған сайын қыза түсуде. Одан үміткер біраз кандидаттар іріктеліп, дәмелілердің делебелері қозып отыр. Қолым бос болғасын ба, менің де көңілім алабұртып, үйде отырып, тақымымды басамын. Неге?  Өйткені, «Сайлаудан әркімнің де бар таласы» дегендей, мүмкін мен де осы жарысқа қосыла кетіп, бағымда санағаным мақұл ма еді деген күпірлі ой келеді. Өткенде «Әкім болғым келеді» деп мақала жазып, ішкі жаман ойымды осы порталдағы қалың оқырманға білдіріп те қойғам. Енді «Құласаң нардан құла» дегендей, осы таққа таласудан бекер шет қалған екенмін деп, өзімді-өзім жүндей түтіп жүрген жайым бар. Сондықтан енді не себепті «Президент болғым келеді» деп, қағазға түртіп қойғанымның себебін түсіндірсем деймін. Өйткені ел қамын жалғыз ғана Тоқаев ойламайтын шығар, мені де осы ой мазалайды. Ау, мен де осы елдің маңдайына біткен санаулы азаматының бірі емеспін бе? Кім менен ондай құқықты тартып алады?

Дей тұрсам да маған кейінгі кездері көңілімді алай-дүлей ететін бір түрлі ойлар келіп жүр. Соның ең ауыры, біздің елде кім президент болса да, екінші Назарбаевқа айналып кете ме деген қауіп. Мұны неге айтып отырмын. Бар мәселе біздің қазақтығымызда, яғни, қалыптасқан туысқандық асыл сезімде. Бір кездері бізді талай қиындықтан алып шыққан бұл қасиет қазір билік басына келгендердің қасіретіне айналған секілді. Мәселен, мен президент болсам, қаптаған туысымнан қалай сырт айналамын? Жайлы орындыққа жайғасқаннан кейін алдымен құдам, сосын нағашы-жиен, сосын жездем мен бөлем келіп, бұйымтайын айтып, балаларын жылы-жұмсаққа жақындатып жіберуін қолқалап тұрса, қалай бетін қайтарамын? Мұның сыртында әкемнің ағасы мен інілерінің жақын-жуықтарын тіпті де сөз етіп отырған жоқпын. Шынына жүгінсек, мен оларға: «Сендер маған мұндай өтінішпен келмеңдер. Олар өздерінің ақылы мен еңбектерінің арқасында өссін» деп, айта алмайтыным хақ. Атам қазақ «Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» дегенді бекер айтты деймісің?.. Ойбай-ау, анау сығанның тобырындай қаптаған қырық адамға жылы-жұмсақты қайдан тауып беремін? Жоқ, әрине, ниет болса, бәрін де итаяққа жақындату қиын емес. Қазақстанның байлығы жетеді ғой. Отыз жыл бойы билікте болған Назарбаевтың туыстарының санын кім есепті?.. Мүмкін, менің туыстарымының санынан да асып кетер.

Осы арада кейбір білгіштер маған: «Ау, елдің президентінің туған-туыстары лауазымды қызметке жібрілмесін» деген заң бар емес пе? Сол тұрғанда неге қорқасың» деп, ентігімді басуға тырысуы бек мүмкін. Аңқау қазағым-ай. Ол заң ертең қағаз күйінде қалады. Біріншіден, келесі президенттің ол заңды өзгертіп жібермесіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Екіншіден, ол заң тек қана оның өз кіндігінен тараған балаларын ғана қамтиды. Ал нағашы-жиен, құда-құдағи, күйеу бала мен бөле, балдыз бен қайнаға дегендер бұл қасиетті тізімге енбейді. Анау өркениетті елдерде олар туыс болып саналмайтын шығар. Ал біздегі жағдайды өздерің білесіңдер ғой. Ендеше, бұл мәселені жылы жауып қоялық.

Жә, жарайды, түптеп келгенде қара ормандай туыстарым, әрине, әзірше үндемес. Алайда күні ертең, 7 жылдан соң орнымнан түскесін, сырт айналғаны былай тұрсын, елден қаңғытып жібермей ме? Маған мұндай перспектива керек пе? Сіздер қалай ойлайсыздар?

Жайберген Болатов

Abai.kz

3 пікір