Жұма, 19 Сәуір 2024
Аймақ 2900 12 пікір 14 Қазан, 2022 сағат 10:19

Азия саммиті: Президенттер не дейді?

Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті. Халықаралық форумға АӨСШК мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды ашып, қатысушы мемлекеттердің көшбасшыларына келгендері үшін алғысын білдірді.

«Биыл осы Кеңесті шақыру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толды. Осы кезең ішінде бұл жиын көпжақты ынтымақтастық тұғырына және заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналды. Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 28-ге жетті. Бұл, шын мәнінде, форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді. Біз Кувейттің Кеңеске мүше болып, қатарымызға қосылғанына өте қуаныштымыз», - деді Қазақстан президенті.

Саммитке жиналған мемлекеттер басшылары не туралы айтты?

Ресей Президенті Владимир Путин:

«Өкінішке қарай, біздің аймақ үшін қауіпсіздіктің ең өткір сын-қатерлерінің бірі Ауғанстан болып қала береді. Әріптестер бүгін бұл туралы айтқан болатын. Бұл ел АҚШ пен НАТО-ның 20 жылдан астам әскери қатысуынан, олардың саясатының сәтсіздігінен кейін террористік қауіп-қатерді өздігімен шеше алмады. Біз ауған халқына оккупация жылдарында келтірілген залалдың орнын толтыруға және заңсыз бұғатталған ауған қаражатын қайта қалыпқа келтіруге шақырамыз.

Ресей Азияның дамуы мен өркендеуін, сондай-ақ осы өңірде экономикалық байланыстар құрылғанын қолдайды Ресей Федерациясы тең құқылы бөлінбес қауіпсіздікті құру үшін барлығын жасап жатыр. Ресей тауарларды жеткізу тізбегін қалпына келтіру үшін барлық кедергілерді жоюды жақтайды», - деді.

Владимир Путин АӨСШК VI саммитінде әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарауды ұсынды. Ол Азия елдерін өзара есеп айырысу кезінде ұлттық валюталарды пайдалануға шақырды.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон:

«Ресей Федерациясының Президенті аймақта туындаған мәселелерді тізіп шықты, оның ішінде Ауғанстан аумағындағы күрделі жағдай, терроризм қаупі, экономикалық қиындықтар бар.

Владимир Путиннің айтуынша, аймаққа аштық пен әлеуметтік күйзеліс қаупі төніп тұр. Ол Ресей сауда тізбектерінің қалыпты жұмысына кедергі келтіретін барлық жасанды кедергілерді жоюды жақтайтынын айтты», - деді.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко:

«КСРО құлағаннан кейін Батыс әлемдік қауіпсіздіктің кепілі бола алмады… Біздің бастамаларымыз бөлінбейтін, жан-жақты қамтыған қауіпсіздік архитектурасын құруға бағытталған. ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК секілді бірлестіктердің ынтымақтастығын кеңейту Еуразиялық кеңістікті табысты дамытудың және осы ұйымдарға енген мемлекеттердің қауіпсіздігін нығайтудың мықты іргетасы бола алады. Біз ынтымақтастығымызды дамыта отырып, бақылау және тепе-теңдік жүйесі өткен ғасырдың 90-жылдарында қаланған, қазір қабырғасы сөгіліп бара жатқан Еуропалық аймаққа үлгі боламыз», - деді.

Александр Лукашенконың айтуынша, 2022 жылы бірқатар елдердің бірлескен күшінің арқасында Қазақстанда бейбітшілік сақталып, Украина сценарийінің алдын алған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған:

«Украинадағы дағдарыс аймақтық және жаһандық деңгейде әсерін тигізіп отыр. Дипломатиялық жолмен бейбітшілікке қол жеткізуге болады. Соғыста жеңімпаз болмайды… Қара теңіз арқылы украин астығын экспорттау туралы Ыстамбұл келісімі және өткен айда тұтқындар алмасу – осы бағыттағы елеулі жетістіктің бірі. Біздің мақсатымыз – осы қарқынымызбен еш қиындыққа қарамай қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату», - деді ол.

Түркия басшысы сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік архитектурасы неғұрлым әділ түсінік негізінде қалыптасуы тиіс екенін атап өтті.

ҚХР төрағасының орынбасары Ван Цишан:

«Ашықтық пен инклюзивтілік алға бастырады, ал оқшаулану артта қалдырады. Қазіргі әлем ғасырлар бойы болмаған тектоникалық өзгерістерді бастан кешуде. Халықаралық жағдай барған сайын болжауға келмей барады. АӨСШК барлық қатысушы елдердің күш-жігерін сын-тегеуріндерге қарсы әрекет жасауға біріктіруі тиіс. Азиядағы бейбітшілікті сақтау өте маңызды. Келіспеушіліктер мен қайшылықтарды жеңіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек», - деді ол.

Ол өзара тиімділік негізінде Азия елдерінің өркендеуіне жәрдемдесуге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы әріптестікті тереңдетуге, жан-жақты өзара байланыс пен өңірлік интеграцияны ілгерілетуге шақырды.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеев:

«Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының бағалауы бойынша, аштықтан зардап шегетін планета халқының жартысына жуығы Азияда тұрады. Сонымен қатар, дәл осы елдер әлемдегі жетекші азық-түлік өндірушілер болып табылады. Осыған байланысты бүгінгі таңда келесі бағыттар бойынша жаңа тәсілдер қажет:

- азық-түлік өндірісінің тұрақты схемаларын және оны жеткізудің оңтайлы тізбектерін қалыптастыру;

- өңірішілік сауданың өсуі үшін техникалық регламенттерді үйлестіру;

- Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі мониторингінің тұтас жүйесін құру», - деді ол.

Шавкат Мирзеев «қазіргі заманғы сын-қатерлерді тиімді еңсеру тек диалог арқылы, бір-бірінің мүдделерін ескеру және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларын сақтау арқылы ғана мүмкін болатынын» айтты.

Сондай-ақ, Мирзиеев Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығын 2024 жылға дейін жалғастыру ниетін қолдады.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров:

«Қырғызстан Республикасы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларды қолдайды. Біз Кувейт Мемлекетінің біздің кеңеске қосылу туралы шешімін құптаймыз. Бүгінгі таңда дәстүрлі сын-қатерлер мен қауіпсіздік мәселелері жаңа гибридті формаларға ауысып жатыр. Пандемияның әсерінен әлі толық қалпына келе алмаған әлемдік экономика қазір жаңа күйзелістерге ұшырауда. Жаһандық қауіпсіздік мәселесі бізді сенімді әрі терең ынтымақтастық құруға жетелейді”, - деді ол.

Иран Президенті Ибрахим Раиси:

«Жаңа Азия экономикалық қауіпсіздікке қатысты сын – қатерлерге қарсы сәтті күресетін жаңа модельдерді құру үшін ынтымақтастықты қажет етеді», - деді ол.

Иран президенті НАТО-ның кеңеюі аймаққа қауіп төндіреді деп есептейді. Ол Иран АҚШ-тың айтарлықтай санкциялық қысымын көріп отырғанын айтты. Сондай-ақ Иранның әскери қақтығыстар, террористік қауіп сияқты сынақтарды бастан өткізуге мәжбүр екенін жеткізді.

Палестина президенті Махмуд Аббас:

«Палестина халқы бастан кешкен барлық қайғылы оқиғаларға қарамастан, біз екі мемлекеттің ұстанымдары негізінде Израильмен келісімдер жасадық. Біз Израильмен жасалған келісімдерді берік ұстанамыз.

Ол Палестинаның «Израиль оккупациясынан құтылу» және Шығыс Иерусалимді астана ретінде қалпына келтіру ниеті барын айтты.

«Біз ұстанымдарын құрметтейтін барлық ел Палестина халқының бостандық пен тәуелсіздік алу құқығын қолдайтынына сенімдіміз», - деді Палестина басшысы.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қарабақ туралы айтты. Ол Арменияны аймақты «заңсыз басып алды», әскери арандатушылық, этникалық тазарту жасады және вандализммен деп айыптады.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір