Жұма, 29 Наурыз 2024
Елім-ай 2912 19 пікір 13 Қазан, 2022 сағат 11:19

Сыртқы және... ішкі дипломатия

Бұл күндері Астана халықаралық өмірдің орталығына айналды. Оннан астам мемлекет басшысы келді, бірнеше маңызды іс-шара өтеді. Сөз жоқ, Қазақстанның сыртқы алаңдағы беделі үшін мұндай қадамдар керек-ақ.

Оның үстіне кәсіби де кәнігі дипломат Тоқаев Назарбаевтың сыртқы саясатына жаңаша, заман қажеттіліктеріне сәйкес реңк беріп жатқанын да мойындамасқа лаж жоқ.

Мәселен, ушығып тұрған дағдарыстар мен қақтығыстар (соғыстар!) тұсында бір жерде ол елдердің басшыларының басын қосу да едәуір жетістік (әрине, СВМДА секілді ұйым Тоқаевқа дейін де құрылғанын ескерейік).

Әрине, ресми сапарлар немесе халықаралық форумдармен бар мәселе шешіледі деудің өзі ыңғайсыз: осындай кезде әрбір ел алдымен өз мүддесіне сай сөйлейді әрі қимыл-әрекет жасайтынын да ұмытпаған жөн.

Өз басым Тоқаевтың Қытай және Түркия алпауыт елдер басшыларының аузына қазақ жерінің тұтастығын қолдау туралы сөздер салып бергеніне тәнтімін. Дұрыс идея!

Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы істердегі дипломатиясының оң жетістіктері.

Бірақ!

Елдің көңіл-күйі, билікке деген көзқарасы негізінен ішкі жағдайға байланысты емес пе?

«Естігісі келетін» мемлекеттің басшысы ретінде Тоқаев елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға көңілі толмайтынын айтып та жүр. Кейде біз секілді билік сыншыларынан да батырып, кәдімгідей таусыла сөйлеп, өзі тағайындайтын шенеуніктерге шүйлігіп тұрып жеткізеді. Бірақ одан қорытынды жасап жатқан үкімет пен туып жатқан нәтиже жоқ.

Халықтың тұрмыс деңгейінің күрт төмендеуі, бағаның шарықтап өсуі, жаппай жұмыссыздық – осының бәрі қазіргі өмірдің ащы шындығы!

Осындай кезде мен Тоқаевты кезінде «Қайта құру» идеясын жариялап, 70 жыл бойына үстемдік етіп, Совет одағын тығырыққа тіреген коммунистік режимді өзгерткісі келген Горбачевқа ұқсатамын. Ол да көптеген халықаралық бастама көтеріп, тіпті Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын иеленді. Батыс елдерінің алдында оның абыройы мықты еді.

Тоқаев та «Жаңа Қазақстанды» құру бастамасын көтерді. Ескі жүйеден әбден зәрезап болған халық оны қолдап жатыр. 30 жыл бойына елді билеп-төстеп келген «Нұр Отанның» мүшелігінен бас тартты. Оны да ел хош көрді. «Елбасизм» идеологиясынан да ресми, конституциялық түрде ат құйрығын кесісті. Ол қадамы да жұрттың көңілінен шықты. Сыртқы саясатта да, жоғарыда мен айтқандай, табыстары жоқ емес.

Бірақ...

Горбачевтің реформаларының жүзеге аспауының бір басты себебі болды.

Ол – директивалық-жоспарлы экономикадан бір күнде жабайы капитализмге секірген Совет одағының экономикасы жаңаша жағдайға бейімделе алмай, құлдырады да, ақырында азып-тозған ел тентіреп, базар кезіп кетті. Аш бала тоқ баламен ойнамайды: қарны ашқан жұрт әдемі ұрандарға («жеделдету», «жариялылық») сенуден қалып, ақырында эволюционер Горбачевтің орнына революционер Ельцин келді. Яғни, қатып-семіп қалған құбыжық жүйені іштен өзгерткісі келіп, жартыкеш реформаларды қолға алған Горбачев стратегиялық және тактикалық жеңіліске ұшырады.

Сол кезде реформатор атанған Горбачевті тек өзінің айналасы мен ол бастаған өзгерістердің алты қабат аспанның ар жағындағы түпкі мәнін түсінген либералдар ғана қолдады. Қалың жұрт болса, оның сыртқы саясаттағы жетістіктерінен гөрі, ел ішінде қалыптасқан қиын жағдайға байланысты баға берді.

Бір сөзбен айтқанда, «Идеология... рас екен, бірақ арпа-бидай ас екен»: «Қайта құру» секілді әп-әдемі идеяның түбіне... экономика жетті!

Қарап отырсам, біздегі жағдай да осыдан 40 жыл бұрын Совет одағында орын алған ахуалмен пара-пар, бір-бірін айна-қатесіз қайталап отыр.

Осы ұқсастықтардан Тоқаев тиісті қорытынды шығара алса, «Жаңа Қазақстан» бастамасы баянды болары хақ.

Ал тиісті қорытынды шығармаса ше?

Ондай күмән-күдік те жоқ емес.

Өйткені, биліктің ішкі саясаттағы кейбір қадамдары тек дәстүрлі оппозицияның ғана емес, бұрын билікті іштей және жария түрде қолдап келген қауымның да реніші мен наразылығын тудыра бастады.

Меніңше, елдегі жағдайдың болашағын дәл осы фактор анықтап береді.

Сондықтан да президент сыртқы саясатпен бірге ішкі саясатпен, экономикамен, әлеусһметтік саламен белсендірек, нақты нәтижелерге жететіндей, әсіресе, халықтың жағдайы жақсаратындай деңгейде айналысса деймін.

Ішкі дипломатия деп жатқаным - өз елімен, соның ішінде, жағымпаздар қатары көбейіп бара жатқан фанаттары мен өзіне күні түскен шенділер мен билік маңайындағы ұйымдармен ғана емес, плюралистік пиғылдағы, билікке, соның ішінде, президенттің өзіне сын және балама пікір айтып жүрген әлеуметпен дипломат ретінде тіл табысса дегенім ғой.

Әйтпесе, жағдай мүлдем ушығып кетуі ғажап емес...

Әміржан Қосан

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553