Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 1675 3 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 16:28

Мәжіліс депутаттары туризмнің дамуына наразы: министрлер есеп беруге шақырылады

Неліктен отандық туризмнің дамуы көлік саласының нашар жұмысынан зардап шегеді? Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа осындай сауалмен жүгінді.

«Еліміздегі туристік саланың жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болды. Әрдайым Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар туындап отыратыны бар.  Мысалы, турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ. Оған қоса, сапалы әрі тарихи туристік нысандар мен киелі орындардың саны артып, олардың жан-жақты жарнамалануын байқап отырмыз. Бұл сала үшін аталған жағдайды «сәтті туристік уақыт» деп айтуға келеді. Бірақ адам қалағанымен транспорттық жүйесі реттелмегенінің салдарынан, еліміздің барлық табиғи сұлулығына жету мүмкін емес болып шықты», – деді депутат.

Бұл ретте ол әуе жолдарымен саяхаттау сапарлары бойынша ең көп шағым түсетінін айтты.

Ұшу жиілігінің төмендігі, реттеуге келмейтін түсініксіз әуе билеттерінің баға мәселесі, қызмет көрсету сапасы мен рейстерді негізсіз кешіктіру сияқты мәселелерді тізіп кете беруге болады. Оған қоса әуе компанияларымен турпакеттер бойынша келіссөздер жүргізу мүмкін еместігін турагенттіктер жиі көтереді, – деді депутат.

Сонымен қатар Е.Бейсенбаев темір жол мәселесін көтеріп: Темір жолдың жыры тағы бар. Қазақстан темір жолының туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінеді. Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоялық, – деді.

Сондай-ақ депутат Еуропаны айтпағанда, Орталық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыратын халықаралық туристік жүйені қалыптастыра алмағанына тоқталып, соның нәтижесінде  Жібек жолы бойындағы теміржол маршруттарының орнын көршілес Өзбекстан өз стиліндегі жайлы вагондарымен туристік кластер ретінде іске асырып отырғанын айтты.

Автокөлікпен жүретін жолдардың жағдайы сын көтермейтіні туралы депутаттық сауалдың санында есеп жоқ. Тіпті Мемлекет басшының өзі бұл мәселені шешетін уақыт жетті деп Үкіметті сүйрелеп жүргенін білеміз. Бір ғана мысал, еліміз бойынша кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажеттілігі анықталуда, – деді Е.Бейсенбаев.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені толық қолдайтынын жеткізіп, келесі отырысқа Үкімет мүшелерін шақырды.

«Елнұр Сабыржанұлы өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Шынында көп жылдан бергі селқос, жүйесіз жұмыстың нәтижесінде көптеген позициямызды жоғалтып жатырмыз. Көрші мемлекеттер алып кетіп жатыр. Сондықтан мен толық қолдаймын, әріптестер де қолдайды деп ойлаймын. Келесі отырысқа Үкімет мүшелерін шақырып, осы мәселені егжей-тегжейлі қарайық. Бұл жұмысты қалай жүйеге қоямыз, қандай жоспарлары бар, қандай нәтиже шығарады, соның бәрін бізге келіп айтсын», - деді Төраға.

Депутаттар мемлекеттік органдардың жауабын келесі жалпы отырыста күтеді.

 

Abai.kz

3 пікір