Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 4196 0 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 12:51

Қарт сиқыршы

Бірінші бөлім:  Әлем халықтарының ертегілері

Екінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Үшінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Төртінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Бесінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Алтыншы бөлім: Әлем халықтарының ертегілері


Азия халықтарының ертегілері

(моңғол ертегісі)

Баяғы көне заманда айналаға аты шыққан қарт сиқыршы болыпты. Бір күні ол ханнан шақырту алады. Айта кетерлігі, хан өмірінде қайғы-қасірет шекпегендіктен де, өзгеге есесін жібермес өте қатыгез, өшшіл болады.

Содан не керек, ол ханның алдына келеді:

– Сені ұлы сиқыршы деп естідім. Қанеки, бар өнеріңді көрсетші!

– Не тамашалағысы келеді екен, менің мәртебелім?

– Кез келген нәрсені! – дейді хан тағатсызданып.

– Мақұл! Кесеге ып-ыстық шай құйып, мына жерге қойып, өзің есік сыртында күт!

Ол сиқыршының айтқанын мүлтіксіз орындап, далаға шыққанда сұлу баран атты көреді. Жылқы ханның көңілінен шығады. Ол ер-тоқымға қарғып мініп, шаба жөнеледі. Сол шапқаннан шауып отырып көз көрмес, құлақ естімес жерге жетеді, бейтаныс мекенге енеді. Жылқы мөңкіп-мөңкіп ұстатпай кетеді. Ал, хан болса елсізде жалғыздан-жалғыз қалады. «Басқа түссе – баспақшыл» дегендей, патша шалшықтан су ішіп, шегірткелерді қорек етеді. Аштықтан бұратылып, дел-сал, мең-зең боп, шаршаңқы күйі даланы арлы-берлі теңселе кезіп, ас-ауқат іздейді.

Сөйтіп жүргенде, хан екі арық бала мен кейуананы кезіктіреді.

Әйел оған ханның алым-салық жиюшылары бүкіл мүлкін тартып алып, содан киерге – киім, ішерге – тамақ таппай отырғандығын айтады. Хан солармен бірге тіршілік кешеді. Көктемде бір бала аяқастынан ауырып, ажал құшады. Бұл қаза патшаның қабырғасына қатты батады. Ол тасқа отырып, өкіріп тұрып жылайды...

Дәл осы қалпында қанша уақыт отырғаны бізге белгісіз, бірақ ол ес жиып, жан-жағына қарағанда балдахин* төсеулі тақ үстінде жайғасқандығын аңғарады. Сөйтсе, бағана құйылған шай әлі суып үлгермепті.

– Мәртебелім! Қалай, қара халықтың қайғы-мұңын, жай-күйін сезіне алдың ба? – дейді қарт сиқыршы қаны қарайып. – Өзің өктемдік танытқан, тізе батырған елдің халін көрдің ғой?.. Солай ма?

Осы сөзді айтып болысымен-ақ қарт сиқыршы көзден ғайып болады...

*Балдахин – аса сапалы матадан тігілген, бағанаға, таққа жабатын арнайы далда шымылдық, жабу.     


 Океания халықтарының ертегілері

ОТ

(полинезия ертегісі)

Бұрындары, жер емшегін емген ел тапқан-таянғанын шикі-шикі қалпында жей берген екен-мыс: жеміс-жидек, ет-азық, көкөніс...

Адамдар тамақты қайнатып-пісіруге керекті отқа ділгір еді. Олар таро, ямс, ти* тамырлары секілді Акалона** (Акалон) тартуын ас-ауқатқа айналдыра алмай қатты қиналады.

Бір күні, Мауи*** анасы – Хинадан:

– Отты қайдан аламыз? – деп сұрайды.

Сонда:

– Тауықтардан сұрағын! – дейді шешесі. – Алайда, бұған епсектік пен күш-қайрат қажет. Ішіндегі тұрқы ең шағындауын таңда. Сонда ғана нәтиже болмақ.

Маңғаз Мауи он ойланып, тоқсан толғанбастан-ақ іздеуге кіріседі. Ұзақ сапар шегіп, Оахудағы**** Ваианаеден бір-ақ шығады. Сөйтсе, ол жақта тек ірі тауықтар ғана бар ұқсайды.

– Міне, Хинаның желаяқ ұлы да жетіп келді. Жақсылық болса жарар еді, түге! – деп шошып кетеді, олар.

Мауи әлгі тауықтардың артынан талай рет қуған, олар мұның қандай ылдым-жылдым, ширақ, әрі епті екенін жақсы біледі.

Өжет ұл отқа жармаспақшы боп еді, құстар буынып-түйініп, отты, күлді және қақталып жатқан банан-мәуіздерді жиыстырып, жан-жаққа пыр-пырлап ұша жөнеледі. Ал, Мауи түксіз қалады.

Дәл осы жағдай айна-қатесіз қайталана береді, қайталана береді. Күндердің бір күнінде, ол банан-мәуіздерді пісірмекші боп жатқан кіп-кішкентай тауықты көреді.

Ер бала ойланбастан-ақ оны шап беріп ұстап, қатты қысып-қысып жібереді. Дәрменсіз құс сасқалақтап:

– Рақым ете гөр, Мауижан! Отты қайдан алуға болатындығын айтам. Тароның сабағын үйкелеп көрші, – дейді.

Мауи манағы өсімдік сабағын сан рет ысқыласа да, бұл тірлігінен ештеңе өнбейді, ұшқын да байқалмайды. Сабағы жырашық-жырашық боп қалады. Әлі күнге шейін солай. Нанбасаңыз, келіп көріңіз.

Ашулы Мауи қайта оралады.

Тауық болса:

– Енді, суды үйкелегін! – дейді.

Негізі, ішіне қулық сақтаған құс кәдуілгі суды емес, «қызыл су»***** деп аталатын бір топ бұтаны мегзеген-ді. Ал, сөз астарын арши алмаған ұл қара суды қайта-қайта сапыра береді. Тағы да – сол кейіп. От жоққа тән.

Арам тер болған Мауи терісіне сыймай, ызадан жарылғалы тұр. Түтігіп кеткен, әбден. Оның тағаты таусылғанын аңғарып қалған қу тауық бүйдеп сыр шашады:

– Орман ішін кезіп, «қызыл су» делінген бір топ бұтаны тап!

Ер бала құстың айтқанын айнытпай орындайды. Артынша-ақ, ол қаншалаған уақыт бойы іздеген отқа да қарық болады.

Арлы-берлі сандалтып, сабырын сарқылтқаны үшін Мауи тауықтың айдарын күйдіріп кеп жібереді.

Міне, содан бері тауықтың айдары – қып-қызыл.

Ал, адамдардың көптен бері көздегені орындалып, отқа қолы жетеді.

*Ти – тамаққа қолданылатын тамыры тәтті өсімдік.

**Акалона (Акалон) – кейбір полинезия аңыздарындағы жерасты әлемінің патшасы, Мауидың әкесі. Мұнда, Акалона жеуге жарамды өсімдіктердің тамыры мен түйнегін адамдарға сыйға тартқан деген мағынада айтылып тұр.

***Мауи – океания, әсіресе полинезия аңыздарындағы ең атақты кейіпкер. Оның толық аты-жөні – Мауи-тикитики-а-Таранга.

****Оаху – Тынық мұхитының орта шеніндегі Гавай архипелагына қарасты арал.

*****«Қызыл су» (ваимеа) – Мауи аралындағы бұта.

 


 Еуропа халықтарының ертегілері

«ЖАПАЛАҚТЫ ЖЕЙМІН!»

(португал ертегісі)

Қайсыбірде, қасқыр орманда келе жатып, биік қарағайда қонақтап отырған жалғыз жапалақты көріп қалады. Ит-құс құйрығымен ағашты орап алып, араламақ сыңай танытады. Жапалақ ұясынан басын қылтитып, былай дейді:

– Әй, тамыр! Ақыл таразысына сал. Аралама, өтінем. Әйтпесе, балапандарым жерге оңбай құлайды.

Сонда, қаскең:

– Егер, мұндайды қаламасаң, онда төмен қарай түс! – дейді қуланып.

Жапалақ жаңағы ұсынысты аса жақтырмаса да, амал жоқ, айтқанын орындауға тиіс. Сөйтіп, бұтақтан бұтаққа ұша көшіп, жақын жерге қонған соң, бүйдейді:

– Саған не қажет?

– Тағы да төменірек түскін, айтар әңгімем бар! – дейді жыртқыш аң жыртақыланып.

– Құлағым – сенде! Жақсы естіліп тұр! – дейді жапалақ жан-жағына сақтық сақтай қарап.

– Қастық қылмаймын, алаңдама, – дейді қасқыр.

Жапалақ жаза басып, жаңсақ кетіп, төмен түскенде аң әлгі құсты қақшып алады.

Жыртқыштың аузында, ажалдың апанында жатқан жапалақ былай деп тіл қатады:

– Тыңдашы, тамыр! Өлтірме! Әлі өсиетнама қалдырғам жоқ. Мұра қылайын.

– Жоқ, енді аман құтылмассың, пәлем! – дейді қасқыр қасарысып.

– Балапандарыммен қоштасуға мұрсат бергін, қасқыржан! – деп жалбарынады, жапалақ. Қарағай басында жалғыз қалды, әне.

– Жә, қашқалы тұрсың ғой, – дейді қасқыр сөзіне сеніңкіремей.

– Мақұл, жазмыш не жазса да көндім. Бірақ, мені жеймін деп ескерт. Ұядағы байқұс балаларым жолымды тосады ғой, асыға күтеді. «Жапалақты жеймін!» – деп үш дүркін айғай сал. Бәрі естісін, – дейді жапалақ көңілсіздеу жауап қатып.

Қу қасқыр аузын білінер-білінбес қана ашып, ақырын ғана:

– Жапалақты жеймін! – дейді.

– Қаттырақ айтқын! Түк естілген жоқ қой. Аянып қалма! – дейді жапалақ қасқырды жазғырып.

Қасқыр «жапалақты жеймін!» дегенді сәл қаттырақ айтады.

– Тағы да!

Қаскең аузын кере қарыс ашқанда, бағанадан бері жаннан кешкен жаңағы жапалақ атып шығып, қарағайдың түу-сонау төбесіне ұша жөнеледі де, төменге маңғаздана қарап:

– Азық қылар басқа ақымақты іздеп тап! – дейді.


ҚАНЕШ ПАТШАЙЫМНЫҢ БАЛАЛАРЫ

(хетт аңызы)

Қанеш* патшайым бір жылдың ішінде-ақ отыз ұл туады. Сонда, өзді-өзіне тамаша таңырқаған ол, бүйдейді:

– Бұл бекер емес. Ненің белгісі болды екен, а? Көз көріп, құлақ естімеген ерекше жағдай болды ғой!

Ол жуынды-шайынды құятын құмыраға ұлдарын салып, өзенге ағызып жібереді. Әлгі өзен Цальпа** еліндегі теңізге барып құяды екен. Сондағы құдайлар шақалақтарды судан тауып ап, бағып-қағып жеткереді.

«Айда – аяқ, жылда – жілік жоқ» демекші, сынапша сырғыған уақытыңыз өте береді, өте береді. Сөйтіп жүргенде, Қанеш патшайым тағы да отыз қыз туады. Оларды өзі өсіреді, өзі тәрбиелейді. Падишаның ұлдары ес біліп, етек жиған соң, кіндік қаны тамған Неса қаласына бет алады. Отыз ұл Тамармараға*** жеткеннен кейін тамам жұртқа былай дейді:

– Патшаның салтанатты сарайын жылытып қойғандарыңызды байқадық. Біздің есек**** үшін емес пе екен?

– Жоқ, – деп жауап қатады қала тұрғындары. – Біз басқа елден келе жатқан қонақтарды күтіп отырмыз. Оларда да есек бар деп естідік. Қанеш патшайымның отыз қызы бар. Сондай-ақ, отыз ұлы да болған деседі, бірақ аяқастынан із-түзсіз жоғалған-ды.

– Іздегеніміз де – осы еді, – деп бозбалалар шат-шадыман болады, қуанады. Ол кісі – біздің анамыз! Несаға бұйда түзегенбіз.

Манағылар дәл сөйтіп істейді. Бірақ, құдайлар анасы оларды танымастай қылып өзгертеді. Патшайым отыз қызын отыз ұлына ұзатады. Олар өз қарындастарын танымай қалады. Ішіндегі біреуінің ғана жүрегі бүлк етіп, ол:

– Бұл – қарындастарымыз ғой! Қанымыз – бір!  – деп қатты налиды. – Заңымызға***** қайшы келер мұндай ессіз қылық істемейік, бауырлар.

Алайда, ағайындары оның сөзіне құлақ аспады.

*Қанеш – Хуланна өзені бойындағы ежелгі хетт елінің астанасы – Неса қаласының бір атауы. Шаһар атына сәйкес, хетт жұрты өзінің тілін несалық деп те атаған.

**Хуланна құятын Қара теңіз.

***Тамармара – Кіші Азияның солтүстігіндегі қала, хетт елінің діни орталығы.

****Ежелгі Шығысты мекен еткен біршама халық есекті киелі жануар деп есептеген.

*****Бұл жерде өз ішінен қыз алысып, қыз берісу, өз бауырына үйлену секілді ескі дәстүрді жоюға бағытталған жаңа Заң туралы айтылып отыр.


ТАУЛАРДЫ ҚОЗҒАЛТҚАН ӨГІЗ

(хетт аңызы)

Бірде, *Аринна шаһарындағы храм қызметшісіне алабажақтау киінген адам келеді. Мойнында – ағаш бұғау, тас төбесінде – себет пен жебелер.

– Маған не болды? – деді алаңғасарлау қонақ сұраулы жүзбен. – Неге жарма кигізіп, басыма себет қойған? Үйден ештеме ұрламаған едім ғой! Сиырға да, бұқаға да, қойға да тиіскем жоқ! Арты жақсылықпен тынса жарар еді! Елді ойрандаймын, оңдырмаймын! Жебелерді дұспан жүрегіне қадаймын.

– Бүйтіп қорқытпа, бізді! – деді құдірет. – Өзендерді де, тауларды да, мұхиттарды да ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын кім екенін білмеуші ме ең? Орнынан ойыспас үшін тауларды шегелеп қойған мына – мен. Теңіздер де теңселіп, жағаға қашып, түбі жалаңаштанбас үшін, оларды да қақтым, қазықша.

Құдірет әңгіме әсерінен шыға алмай тұрғанында бейтаныс басына мүйіз бітіп, тұла бойын ала-құла жүн басып, аяқ-қолын тұяқ алмастыруға айналды. Аңырайып, аузын ашып, көзін жұмған әрісі қатты үрейленген храм қызметшісі осы өзгерістің куәсі болды. Еңгезердей бұқа әлгі жерден ентелей шыққанда ғана қызметші айғай салады:

– Қараңдар, қараңдар, уа, жарандар, бұл – қауіпті өгіз! Бірақ, мүйізі неліктен қайырылған екен, қалайық?

Бұқа бұрыла қалып:

– Өйткені, жорыққа шыққам. Алдымды биік тау бөгеген-ді. Оны да орнынан қозғалттым. Теңізді де жеңдім. Содан, міне иіліп қалғаны, – деп өкірді.

Бұл туралы тақта тапжылмай отырған әйел бейнесіндегі **Күн құдайы біліп қояды. Ол сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді:

– ***Хальпаға тартыңдар. Жауынгерлер шайқасқа әзір тұрсын деп айтыңдар.

*Аринна – хеттердің қасиетті қаласы, сол тілден тәржімалағанда қайнар, бастау деген сөзбен мәндес.

**Бұл – хетт мифологиясындағы құдайлар патшасы – Тешубтың (Тессоб, Тешшуб) жары – Ариннити.

***Хальпа – Хетт патшалығы кезіндегі ең ежелгі кент.

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!

Abai.kz

0 пікір