Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Күбіртке 4691 12 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 13:25

Сыртқы қарыз һәм қашқын Ресейліктер: Экономист не дейді?

Ұлттық банктің хабарлауынша, Қазақстанның сыртқы қарызы $164 млрд асып түскен.

«Қазақстанның 2022 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда II тоқсандағы сыртқы борышы 2,3% -ға өсіп, $164,2 млрд-қа жетті», - деп Ұлттық Банктің ресми сайтында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, елдің сыртқы қарызы негізінен жеке сектордың – банктердің және басқа секторлардың қарыздары есебінен 4 млрд доллардан 129,15 млрд долларға дейін өскен.

Біз елдің сыртқы қарызы туралы және елге ағыла келіп жатқан Ресейліктердің экономикамызға әсері туралы экономист Мақсат Халықтан сұрап көрдік.

Мақсат Халық:

- Сыртқы қарыздың толық құрылымына қарайтын болсақ, өткен жылы ол 166 млрд доллар болған. Қазір кесірінше сыртқы қарызымыздың азайғанын байқауға болады.

Сыртқы қарыздардың ішінде, әсіресе, ең көп азайғаны – фирмааралық қарыздар. Ол былтыр 100 млрд доллардың үстінде болған еді, биыл 94 млрд долларға дейін, шамамен 6 млрд долларға қысқарған. Бұл қарыздың азайғаны, шындығында, жақсы үрдіс емес. Өйткені бұл – елге сырттан тікелей тартылып отырған инвестиция. Демек елімізге тартылып отырған инвестиция азайып кеткен.

Шетелден келетін компаниялар елімізде құрылып жатса, олар жұмыс орындарын ашады, өз капиталымен келеді. Біз қолымыз жетпейтін кейбір өндірістік тауарларды сол қаражаттың есебінен өндіруге мүмкіндік аламыз.

Тағы бір азайған сыртқы қарыз түрі – мемлекеттің өзінің қарызы. Ол өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға азайған. Былтыр 15,7 млрд доллар болса, қазір 14,4 млрд долларға түскен.

Ал, мұны жақсы көрсеткіш деуімізге болады. Үкіметтің жеке қарызының азайғаны жақсы үрдіс.

Тағы бір байқағанымыз, банктердің қарызы ұлғайған. Бұл, меніңше, қатты мән беретін, алаңдатарлық жағдай емес.

Бұл банктердің қосымша сырттан қарыз алуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Банктер өздерінің қаржылық әлеуетін жақсарту мен одан әрі даму үшін қосымша сырттан қарыз алып отыр деуге негіз бар.

Банктердің қарыз алуы бойынша өсім көрсеткені жақсы. Былтыр 5,9 млрд болса, қазір ол 9,6 млрд долларға дейін өскен. Бірақ сыртқы қарыздың жалпы көлемінде, яғни 164 млрд доллардың 10 млрд долларына жетер-жетпес қаражат –  банктердің қарызы, бұл өте көп емес.

Сырттан қарыз алатын тағы бір сектор – өзге де секторлар деп аталады. Өзге де секторлардың қарызы ұлғайғанын байқаймыз. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор бар. Ұлттық компаниялардың, оның ішінде ҚазМұнайГаз, Қазақстан темір жолы сияқты компаниялардың қарыздарын айтамыз. Менің ойымша, Ұлттық банк немесе Үкімет өзге де секторлардың қандай секторлар екенін, нақты кімнің қарызы көбейгенін, не себептен артқанын басын ашып түсіндіріп беруі керек. Өзге де секторлар деген өте кең түсінік. Оны Үкімет нақтылап айтуы керек. Қазір осы жері аздап анық емес болып тұр.

Ресейліктердің келуі экономикаға бірден кері әсерін тигізгенін көріп отырмыз. Тұрғын үйдің шаршы метрі қымбаттады, қала аралық қатынау транспорттық нысандар, ұшақ билеттері, такси бағасы шарықтап кетті. Бірден тигізген кері әсері осы болды.

Ұзақ мерзімге келер болсақ, көбісінің Қазақстаннан ЖСН алып, тұрақты жұмыс істеу ойы бар. Бір жағынан қарасақ, біздің қонақ үйлерге, қызмет көрсету саласына пайда әкелді деуге болады. Дей тұрғанмен олар жұмысқа орналасатын болса, қайда орналасады, кімнің орнына тұрады деген сұрақтар туындайды. Бұл біздегі жұмыссыздық дәрежесін жоғарылатуы мүмкін деген қауіп бар. Біздің өз азаматтарымыз жұмыссыз қалуы мүмкін. Егер келген азаматтар білікті мамандар болса, жоғары білімді болса, қандай-да бір компанияға үлес қосып, оны дамыта алатын, жеке секторға пайда әкеле алатын азаматтар болса, онда олар белгілі бір дәрежеде пайдалы болар еді. Бірақ дәл қазір, болашақта қалай боларын нақты айта алмаймыз.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 350 мыңдай Ресей азаматы бар. Бірақ, меніңше, Ресейліктер саны бұдан артық. Бұл статистикаға сенім аз болып тұр. Мені алаңдататын жағдай, біздің инфроқұрылым жағынан, қалалардың жағдайы жағынан 350 мың адамды қабылдай алатын мүмкіндігіміз бар ма? Егер олар аталған саннан көп болса, елдегі тұтыну тауарларына тапшылық туғызады, тапшы тауарлардың бағасы өседі, азық-түлік бағасы артады, бұл халық үшін жақсы емес.

Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513