Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Аласапыран 4220 0 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 13:47

Бопсадағы Беларусь, соққы астындағы Украина

Украина соғысы жаңа масштабқа өту қаупі артты. Соғыста бұған дейін өз аумағына Ресей әскері орналасып, Украина жеріне зымыран және әуе шабуылын жасауға рұқсат берген Беларусь енді ашық соғысқа кірісуі мүмкін дейді сарапшылар. 

Беларусь бұл соғыстың бір қатысушысы саналады. Ол тікелей Украинаға шабуыл жасамаса да, агрессорды ашық жақтаушы ретінде санкциялық қысымға ұшырауда. Лукашенко араға жеті ай салып, бір апта бұрын Беларусьтың бұл соғысқа қатысып жатқанын мәлімдеді. "Біз ешкімді өлтірген жоқпыз, бірақ біз бұл арнайы операцияға қатысудамыз" деді ол.

"Беларусь әскері Украина соғысына араласу қаупі еселеп артты" дейді Батыстық сарапшылар. Лукашенко 7 айдан астам уақыт бойы Путиннің бопсасына көнбей, уақыт созып келеді. Алайда өткен аптада біраз өзгеріс болды.

Беларусь СІМ Украина елшісін шақырып алып, қарсылық нотасын табыстады. Сондағы айтқаны, “Украина бізге шабуыл жасауға дайындалуда” дейді. Әрине бұл ақылға қонымсыз, Киевке екі фронтта соғысу өте қиын екенін бес жастағы бала да біледі. Оның үстіне Украинаның бар мақсаты өз аумағын деоккупациялау. Болды. Басқа мақсат жоқ.

Күні кеше Беларусь қорғаныс министрлігі “қажет болса 500 мың адамды мобилизациялай аламыз” деді. Беларусь жеріне Ресейдің мобилизацияланғандарынан 20 мың адам орналаспақ. Сондай-ақ Иранның камикадзе дрондары да Беларусь жеріне әкелінуде. Сарапшылар Беларусь оңтүстігі мен батысына әскерін топтастырып жатқанын айтады. Ал Украина Беларусь жақтан болуы ықтимал шабуылға дайындалып, маңызды жолдарды миналау, көпірлерді жару жұмыстарын іске асыруда.

Украина өзінің төрт аймағын азат ету операциясын күшейтті. Осы сәтте Беларусь әскері соғысқа қосылса, онда Киев облысына төнетін қауіпті ескеріп, оңтүстіктегі және шығыстағы әскердің бір бөлігін Украина солтүстігіне жылжытуы мүмкін. Бұл сөзсіз азат ету операциясының қарқынын төмендетеді. Ресейдің Херсонды жоғалту қаупі артқан сайын, Беларусьтың соғысқа қосылу қаупі де артуда. Путин Лукашенконы көндіріп, бәлки мәжбүрлеп әлек.

Беларусьтың соғысқа кіруінен бөлек, Қырым көпіріне жасалған соққыға байланысты Украинаға Ресей зымыранмен соққы жасауда. Киев, Львов, Житомир, Харьков, Запорожье соққы астында қалды. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны көп дейді Украина билігі. Нысандардың барлығы дерлік бейбіт тұрғындарға тиесілі, ал әскери нысандар зардап шекпеген. Мектеп, көше, жаяу жүргіншілер жолағы мен балалар алаңына зымырандар түсуде.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір