Сенбі, 20 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 3650 16 пікір 7 Қазан, 2022 сағат 10:56

Қазақ көшіне қауіп төнді ме?

«Қазақ көші ұзаққа созылатын күрделі әрі нәзік процесс» деп бұдан бұрынғы мақаламызда жазылған еді. Жақыннан бергі халықаралық және қоғамдық оқиғалар мен дау-дамайлар бұл пікірімізді растай түскендей.

«Даудың басы Дайрабайдың сиыры» дегендей жақында Үкімет сайтында жарияланған ҚР Еңбек және халықты әлеументтік қорғау министрлігінің Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2023-2027 жылға арналған тұжырымдамасының төртінші бабындағы:  « ...бес жылды ескере отырып, «қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет» деген бас-аяғы қабыспайтын түсініксіз сөйлем себеп болды. Алдымен белсенділер аттандап шыға келді. Алдын министр Тамара Дүйсенова қабылдап үлгерді. Одан кейін «Отандастар қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қоғамдық комиссия жиналыс ашып, осы мәселені талқыға салды. Комиссия басшысы сенатор Мұрат Бақтиярұлы бастаған депутаттар, министрлік өкілдері, көші-қон саласының ардагерлері, дипломаттар мен қоғамдық белсенділер қатысып, мәселені қабырғасынан қойып, өз талап-тілектерін ортаға салды.

Әрине, қандастардың алаңын, саясаткерлердің сақтығын, қоғамдық пікірдің өре түрегелгенін түсінуге болады. Өйткені 2009 жылы жалпыхалықтық санақта қазақтың жан саны 70 пайызға толды деп бөркімізді аспанға бір лақтырып, барып артынан 68 пайызға, одан кейін 62 пайызға қанағат тұтқанбыз. Соңынан қазақ көшіне бағытталған шабуылдар үдеп кетті. «Қандастар басқа күн туғанда қашып кеткендер, оларға не үшін тегін пәтер береміз?», «олардың менталитеті басқа, қоғамның әлсіз тобына жатады», тіпті, «Жаңаөзен оқиғасын» да қандастардан көрдік. Сонымен әлде бір көзге көрінбейтін күштің қолымен қандастардың елге келіп, азаматтық алу мерзімі ұзарып кете жаздады. «Сотталмаған, тұрақты тіркеуден шыққан деген екі анықтама алу» талап етіліп, Қытай және Ираннан келген қандастар азаматтық ала алмай үш жыл сарпалданға түскені әлі есімізде. Бұл мәселе Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының V-ші құрылтайында, сол кездегі ел президентінің аузымен «мәселені щекараның ар жағында шешіңдер!», - деп биік мінберде айтылып, біртіндеп қалыпқа түсті. Осы құрылтайда қазақ көшінің бағытында оң өзгерістер болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Ақпарат министрлігі құрылтайшысы болған «Отандастар қоры» құрылды. Солтүстіктегі бес облыс пен батыстағы екі облысқа ішкі көші-қон мен сырттан келген қандастарды қабылдауға арнаулы квота бөлінді. Шымкент қаласының шетіндегі 2 мыңнан асатын Өзбекстаннан келген қандастар қоныстанған «Асар» ықшам ауданының тәжірибесі аталмыш облыстарға үлгі ретінде таныстырылды. 2019 жылы 26 қарашада Астанада сол кездегі мемлекеттік хатшы, премьер-министрдің орынбасары бас болып, қатынасқан ауқымды дөңгелек стол өткізіліп, «Қазақ картасы» жобасы қолға алына бастады. Қандастарымызға үш жылдық виза берілетін болды. Қазақ диаспорасы шоғырлана орналасқан елдердегі елшіліктер мен консулдықтарда арнаулы қандастар мәселесімен жұмыс істейтін қызметкер тағайындалды. Бұрын жоғарғы оқу орындарына берілетін мемлекеттік гранттың екі пайызы қандастарға бөлініп келсе, осы құрылтайдан бастап ол грант төрт пайызға өсті.

Өткенге үңілсек 1991 жылы 18 қарашада ҚКСР министрлер кеңесінің  №711 қаулысы шықты. 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақ радиосында әлем қазақтарын жаңа жылмен құттықтап, елге оралуға үндеу жасады. 1992 жылы 26 маусымда «Иммиграция туралы», 1993 жылы «Көшіп келу туралы», 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы», заңдар қабылданды. 1996 жылы 31 желтоқсанда Президенттің №3308 жарлығы мен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» және 2005 жылы 21 қарашада ҚР президентінің №1673 жарлығы мен  «шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. 2007 жылы «Қазақстан Республикасының көщі-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы одан кейін 2016-2022 жылдарға арналған тұжырымдамалары бекітілді. Бұдан сырт «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы», «ҚР-дағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы», «ҚР кеден ісі туралы», «Жер кодексі», «Еңбек кодексі» туралы заңдардың бәрінде Атамекенге оралған немесе оралатын қандастардың мүддесі құқықтық, заңдық тұрғыдан қорғалған. Міне, осының арқасында еліміз әлемдегі қандастарын бауырына басқан Германия, Израиль сияқты елдердің қатарына үшінші ел болып кірді. Милионнан астам қандас елге келіп, сіңісіп кетті. Ал олардың Атамекенге келіп тамыр тартып, өсіп-өнген балаларын, немере-шөберелерін ешкім есептеп жатқан жоқ. Осы арада Орта Азия елдері мен өзімізді салыстырып көрейікші. Ауғаныстанда 10 милионнан астам тәжік бар, 3 милионға таяу өзбек, 1 милионға таяу түркімен тұрып жатыр. Иранда 21 милионға таяу әзірбайжан, 1 милион 300 мың түркімен өмір сүреді. Қытайда тәжік, қырғыз, өзбек ұлттары жасап жатыр. Осы елдердің қайсысы Қазақстанға ұқсап арнаулы бағдарлама жасап қандастарын шақырып жатыр?!

Қазақ көші жоғарыда айтылған заңдар мен бағдарламалардың пәрменімен, реттеуімен алға жылжып келеді. Қазірге дейін пәлен тарауына, түген тармағына өзгеріс енді дегенді естігеніміз жоқ! Бірақ мәселенің байыбына бармастан бай-балам салып, жұртқа үрей тудырып, қоғамдық пікірді сапырыстырудың кімге керегі болды екен? Әрине, іс жүзінде емес, сөз жүзінде «қандастардың қормалы, әкесі» болып үйреніп алған, содан пайда тауып дәндеген пысықайлардың тағы бір билікпен саудаласқысы келгендегі әккі, жымысқы тірлігі болса керек. «Мен өстіп жар салғандықтан үкімет атының басын тартты», - деп аңқау, бейуаз, момын, заңнан хабары аз қандастардың құрметіне бөленіп, алақанында жүрмекші. Сол арқылы өзінің нәпсі құмарлығымен, атаққұмарлығымен ауып бара жатқан жүгінің басын теңестірмекші.

Әрине, қоғам болған соң түрлі-түсті қайшылық қатар жүреді. Әсіресе, социалистік лагердің қатарынан шығып, тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің бәрін де бюрократия мен коррупциядан қарапайым халық әбден ығыр болды. Тіпті етінен өтіп, сүйегіне жетті десекте болады. Бірақ бұған тәуелсіздік кінәлі емес. Адамдар санасына сіңіп қалған жаман әдет, ескі таным, нашар менталитет өз үстемдігін жүргізіп отыр. Тәуелсіздік алдық. Нарыққа көштік. Ес-тендік өзімізге тиді. Батыстың стандарттарына сай реформа жасадық. Бірақ, дау шарға, арзан айқайға өте құмармыз. Барлық мәселені биліктен көреміз өзіміз судан таза, сүттен ақпыз. Өз басымызға ешқандай жауапкершілік алғымыз келмейді. Мәселенің түп тамыры осында жатқан сияқты. Сонымен бірге көші-қонның өзі бизнестің көзіне айналды. Туыстық, оқушылық, бизнес шақыртуын жасап, ықтияр хат пен виза рәсімдеп, квота алып бергіш «делдалдар армиясы» қалыптасты. Олар жергілікті құқық қорғау органдары мен әкімшілік саласындағы пысықтармен астасып қыруар қаржы тапты. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей енді көші-қон делдалдары мақсатына жету жолында тәсіл талғамайтын «саяси жалдапқа» айналып, әлеуметтік желі арқылы өз талаптарын ортаға қойғысы келетін сияқты. Екі алып көрші мен Батыстың, Мұсылман әлемінің геосаяси ойындары мен талаптарына көк векторлы саясат жүргізіп, қиядан жол тауып келе жатқан жас мемлекетіміздің жүгіне жүк қосып, ізін аңдып, шалыс басуына біліп-білмей, санасыз-саналы түрде ықпал еткісі келетіндер көбейіп кетті. Сондықтан да әр азаматтың, ұйымның, ақпарат құралдарының, жеке блогерлердің жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Елімізде баспасөз еркіндігі, азаматтардың өз пікірін ашық жариялау құқы заңмен қорғалады. Бұл жағынан көп елден алға озып кеттік. Енді мемлекеттің мүддесі, еліміздің жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясаттардың нәзік иіріміне дөп келгенде ұлттық мүдде стратегиялық саясаттардың маңызы бәрінен жоғары тұруы керек. «Ләйк іздеп, кайф қуып» жүрген «интернет батырларының» жауапкершілігі заң аясында безбенге салынып, мақсатты, мақсатсыз істеген ақпараттық адастыруына тосқауыл қойылуы лазым.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

16 пікір