Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3229 0 пікір 23 Қаңтар, 2013 сағат 09:12

Мұхтар Кәрібай. Елдің ары, жоқшысы

("Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар" кітабы жайлы бірер сөз)

 

Көрнекті  мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың 100 жылдық мерейтойына орай Тұңғыш Президент Қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатымен бірлесе отырып «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар» жинағының жарыққа шығуы еліміздің рухани, мәдени өміріндегі елеулі оқиға, қазіргі қоғамымыз, әсіресе интеллектуалды орта үшін пайдасы мол ой саларлық еңбек екендігін атап өткіміз келеді. Шынын айту керек, аға буын өкілдері болмаса, қазіргі орта және жас буын Ілияс Омаров туралы оншалық көп біле бермейді. Кеңес одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында нарық жүйесіне өтуі жолындағы күрделі кезеңде тарихи дәстүр мен рухани сабақтастықты жалғастыру ісі біршама дағдарысқа  тап болды. Соның салдарынан ғылым-білім, әдебиет пен мәдениет саласында тоқыраушылықтың нышандары көріне бастағаны мәлім. Өткен жылдары амалсыздан орын алған кемістіктердің орнын толтыру ісі қазіргі уақытта қайта жанданып, атап айтқанда, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы сынды ұлағатты істі жүзеге асыру және басқа да игілікті шаралардың атқарылуы, демек бұл бағытта оң қадамдар жасалуы кәміл қуантады.  Қолымыздағы қымбат жинақ осы игілікті істердің қатарынан деп бағалаймыз.

("Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар" кітабы жайлы бірер сөз)

 

Көрнекті  мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың 100 жылдық мерейтойына орай Тұңғыш Президент Қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатымен бірлесе отырып «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар» жинағының жарыққа шығуы еліміздің рухани, мәдени өміріндегі елеулі оқиға, қазіргі қоғамымыз, әсіресе интеллектуалды орта үшін пайдасы мол ой саларлық еңбек екендігін атап өткіміз келеді. Шынын айту керек, аға буын өкілдері болмаса, қазіргі орта және жас буын Ілияс Омаров туралы оншалық көп біле бермейді. Кеңес одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында нарық жүйесіне өтуі жолындағы күрделі кезеңде тарихи дәстүр мен рухани сабақтастықты жалғастыру ісі біршама дағдарысқа  тап болды. Соның салдарынан ғылым-білім, әдебиет пен мәдениет саласында тоқыраушылықтың нышандары көріне бастағаны мәлім. Өткен жылдары амалсыздан орын алған кемістіктердің орнын толтыру ісі қазіргі уақытта қайта жанданып, атап айтқанда, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы сынды ұлағатты істі жүзеге асыру және басқа да игілікті шаралардың атқарылуы, демек бұл бағытта оң қадамдар жасалуы кәміл қуантады.  Қолымыздағы қымбат жинақ осы игілікті істердің қатарынан деп бағалаймыз.

Ілияс Омаров ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси, қоғамдық, әлеуметтік-мәдени өмірінде терең із қалдырған ірі тұлға, жоғары мемлекеттік-партиялық қызметтер атқарған саяси қайраткер. Әрине, өткен ғасыр бойында Қазақстанның жоғары төмен билігі құрамында қызметте болған қазақ, орыс немесе өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың қатарында зиялы қауымның үміті мен сеніміне ие болып, халықтың шынайы ықыласы мен алғысына бөленіп, есінде сақталған азаматтар саусақпен санарлық. Бұл тұрғыда І.Омаров өзінің жеке басының мол қасиеттері, ерен еңбекқорлығы, энциклопедиялық терең білімімен, ең бастысы, ақ жүректі, кең пейілді биік парасат иесі бола отырып, Отанына, халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білген кемел азамат. Тарихтың қара бұлты басына жиі үйірілген қазақ халқы үшін қараңғыдан, тығырықтан  жол табуға бастайтын шамшырақтай дәл осындай темірқазық тұлғалардың алар орны айтпаса да түсінікті. Өйткені алдымен отарлық, одан кейінгі тоталитарлық жүйеде ұлттың өзін-өзі: тілді, рухты, салт-дәстүрді, болмысты сақтау инстинкті, түбінде мемлекеттік, саяси егемендікке ұмтылуы ең алдымен шығармашылық қуат, ғылым мен мәдениет, ұлттық ар-намыс арқылы дамып отырды. ХХ ғасыр басында қазақ елінің дербестікке қол жеткізудің ұлы  мұраты Алаш қайраткерлерінің күресімен басталып, большевиктік кеңес дәуірінде ойшыл, саналы ұрпақтардың рухани байланысы жолымен ұлтжанды азаматтардың арқасында іштей үзбей жалғасып отырса, ғасырдың екінші жартысында мұндай үрдістің бел ортасында Ілияс Омаров сынды бірегей тұлғалардың болғандығы анық. Бұл сөздеріміздің дәлелі ретінде Мұхтар Әуезовтың ұлы Ахмет Байтұрсынов туралы 1923 жылы айтқан: ««Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі - қазақтың ұзын тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш - мәңгілік ескерткіш» деген, бүгінде айдай ақиқатқа айналған кемеңгерлік пікірін еске алсақ болады. Расында Ахаң, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандардың істеген қызметі - қазақтың ұзын тарихымен жалғасып, Сәкен, Тұрар, Сұлтанбек, Темірбек, Мұхтар, Ғабиттің қызметімен ұштасып, Қаныш, Бауыржан, Ілияс, Шәкен, Жұбан, Мұқағалилар арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Ал, ұлттық тәуелсіздік жөніндегі азат ой ең алдымен алдыңғы қатарлы зиялы қауымға тән болатындықтан, тоталитарлық жүйе жоғары билікке ойлы, саналы, әрине, бірінші кезекте көкірегі ояу ұлтшыл азаматтарды жолатпауға тырысқаны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде ХХ ғасырдың екінші жартысында этникалық ерекшеліктерді жоқ қылуды көздеген коммунистік саясаттың үдеп, өршіп тұрған кезеңінде Қазақстанның партиялық-номенклатуралық жоғары билігі құрамында Ілияс Омаровтай ұлтжанды азаматтың, үлкен мәдениет иесінің болғандығы да қазақтың маңдайына бұйырған бағының бірі болса керек. Ілияс Омаровтың қазақ қоғамындағы орны туралы ол кісінің көзін көрмеген біздің ұрпақтың аз білуі түсінікті болса, (мәселен, неге екені белгісіз, еліне ерекше қызметі сіңген көптеген қайраткерелер туралы мектеп немесе жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізілмеген), онымен замандас ретінде араласқан, достық, қызметтік қарым-қатынаста болып, атқарған істеріне тікелей куә болған, қолдау-қорғауын сезінген адамдар терең біледі, әрине.

Мемлекеттік қайраткер, көрнекті әдебиет сыншысы, публицист І.Омаровтың жазған еңбектері, атқарған қызметі, әділетсіздікке тап болып қуғынға ұшыраған азаматтарға араша түсуі өз алдына бөлек тақырып десек, қолымыздағы хаттар жинағының өзінен өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихынан мол мәліметтер алуға әбден болады. Құрғақ құжаттар емес, әрбір хатта жүректен, көңілден шыққан ой-пікірлер, үміт-ниеттер, тілек-лебіздер жатқандықтан, олардан біз заман тынысын, уақыт лебін, қоғамның жүрек лүпілін  сезіне аламыз. Сәйкестік пе, табиғи заңдылық па ол кезең ұлттық руханияттың өрлеу, жаңғыру кезеңі болғаны мәлім.

Хаттар арқалаған сырларға үңілсек, Ілияс аға өзі өмір сүрген, қызмет еткен заманындағы ел өмірінің әрбір елең етуге, ескеруге тұрарлық оқиғасын назарсыз қалдырмағаны аңғарылады. Тағдырдың маңдайға бұйырған мүмкіндігін молынан пайдалана отырып ол Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр тауқыметінен енді ғана шыққан қазақ қоғамының тамыр бүлкілін, жүрек қағысын бақылап, бағдарлап, реттеп отырған аса білгір емшідей көрінеді. Өзгесін айтпағанда, Ілекеңнің мұндай іс-әрекеті өзі жазған, анығында оған жазылған хаттардан қапысыз танылады. Жинақтың алғысөзінде әділ аталып өткендей, хат алысу аумағы мен хат алмасқан адамдар ауқымы өте кең, сан-салалы және сол уақытта баршасы өзекті де маңызды. Олардың арасында қолына енді ғана қалам ұстаған балаң ақын, үлкен ғылымға бет алған жас ғалымдардан бастап, аттары әлемге танылған әйгілі тұлғаларды кездестіреміз.

Ілияс Омарұлы аумалы-төкпелі өткен ғасырда халқымыздың рухани күш-қуаты мен ұлттық тұтастығын сақтап қалуға тікелей ықпал еткен ірі тұлғалар Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Шәкен Айманов сынды азаматтармен, Қазақстанның мәдени өміріне айрықша үлес қосқан өзге ұлт өкілдерінің танымал тұлғалары Е.Брусиловский, Ю.Казаков,  Л.Леонов, Н.Сац, Д.Снегин және басқаларымен өте тығыз араласып, жоғары билік атынан олардың еңбектері мен қоғамдағы орнын бағалай отырып, қажет кезінде қолдап-қорғаумен бірге алдағы кезеңдерге бағыт-бағдар беріп, жалпы, осындай сан-саладағы қуатты шығармашылық адамдарының қызметін мемлекеттік, халықтық мүдде мұратына үйлестіріп отыруды басты парыз санағанына көзіміз жетеді. Хаттардың қазақ, орыс тілінде соншалық үлке парасатпен мазмұнды, мәдениетті, әсіресе боямасыз шынайы жазылуы интернационализм ұғымының да терең үлгісін көрсетеді.

Үлкен сапарға бет алған жас талаптардың жолын ашуы өз алдына, аты аңызға айналған Баукеңнің өзі хатын «есеп берейін» деп бастауы, жазған еңбектерінің барлығын дерлік алдымен І.Омаровқа қолжазба күйінде жіберіп, оның пікірі мен ақыл-кеңестеріне құлақ түріп отырғаны ерекше әсер қалдырады, көп ойларға жетелейді. Сұрапыл соғыстың тозағынан өтіп, нағыз әскери мінездің адамы ретінде өзі айтқандай кейде «іш пыстырарлық» бейбіт заманда бойындағы тасып тұрған күш-қуатын толыққанды жұмсайтын жер таппай тарпынған Б.Момышұлының да қоғамнан өз орнын алып, қаруын қаламға айырбастап, кейінгі ұрпақ үшін құнды кітаптарын жазып қалдыруына түрткі болған, дем берген де Ілияс аға екенін аңдаймыз.

Заманы мен қоршаған ортасынан түсінбестік қамалына аз кездеспеген, әсіресе «сыншысымақтар» мен шолақ белсенділерден зәтте болған М.Әуезов өзінің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын аса жоғары деңгейде талдап, әділ, ақиқат бағасын берген Ілияс Омаровқа терең разылықпен жазған жүрекжарды хатын: «Қадірдан дос Ілияс, - деп бастап, роман жөніндегі алғашқы айтқан, ең алғаш іріктеп алған ойларыңда қазақ әдебиеті, қазақтың бүгінгі қауымы, оқушы сыншы жұрты жай өсу ғана емес,  шынайы барынша бар сынға жауап ұрардай: олқысыз, ақаусыз үлкен орталар болса екен дейсің. Бұл соншалық адал, зор жүректің ақ ниеті.  әр жүректің түбінде жататын шынның шыны, арманның асылы. Соны айтуға бекінген сәтінде еш нәрсені (көлденең, күйбең, кейбір күйкі жайларды) елемей, ас биік тұрғыға шығып тұрып үн қатқансың» деп ағынан жарылады. Мұхаңның осы хатында «...бүгінде мына сенің Республикамыздағы көрнекті партия қызметкері болып жүрген: талабы зор, тілеулестігі одан да зор, дос азамат аузымен айтқаның, ашқаның бәр-бәрінен ерекше қымбат. Тек әдебиеттің өзінің арнасында ғана жүрген жұрт емес, Отанымда, елімде, сол елдің ары, жоқшысы боп айта да білетін, оқи да білетін дос көмекші азамат, шынайы қадірлі, ең қадірлі оқушым келіпті деп қуанамын», - деген тарихи жолдары ұлыны ұлы танып, кемеңгер М.Әуезовтың қайраткер І.Омаровқа, оның Қазақстан тарихындағы алар айрықша орнына, биік парасаты мен жоғары интеллектілігіне берген ең әділ баға екендігі талассыз ақиқат. Қазақстанның жоғары билігінде елінің ары, жоқшысы бола білген, орыс зиялы қауымының көрнекті өкілі Ю.Казаков өз хатында жазғандай мәдениет министрлігін басқаратын мәдениетті министр І.Омаров сынды азаматтардың қызмет жасауы төл тарихымыз көрсетіп отырғандай, қандай да болмасын мемлекеттің, әсіресе біздей тәуелсіздігі жас мемлекеттің билік мекемелерінің қызметі мен халықтың рухани қуаты бір арнада, парасат майданында тоғысқан жағдайда ұлттың алмайтын қамалы, өтпейтін кедергісі, еңсермейтін дағдарысы болмайтындығын көзімізді жеткізіп, көңілімізді орнықтырады.

 

Мұхтар Кәрібай,

Қазақстан Республикасының

Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің

мәдени-гуманиарлық мәселелер жөніндегі кеңесшісі

Abai.kz

0 пікір