Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3113 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 07:56

Ардақ Нұрғазыұлы. Мифтік сананың жаңғырығы

Немесе жазушы Қуандық Түменбай шығармашылығындағы реализмнің жаңаруы

Жазушының таланты өз кеңістігін тапқанда ғана ашылады. Ал сол кеңістік қайда? Ол қаламның ұшындағы әлемде. Әр жазушы өзі бір әлем. Бірақ, сол әлемге біреудің қаламы жете алады, енді біреудікі жете алмайды. Жете алмайтын себебі: қаламның ұшы аядай болғанымен, жазушы үшін ол шексіз кеңістік. Жер басып жүрген пенде баласының білім мен білігі, киелі дарынның жебеуінде ғана өзін қоршаған әлемнің көрнеудегідей жалпақ емес, қайта, дөңгелек екенін, одан ары да тағы бір шексіздіктің басталатынын аңғаратыны бар. Жазушы үшін оның әлемі де дәл сондай бұлыңғыр, қабат-қабат, сырын ішіне бүккен шексіздік. Ал, бірақ, сол әлемді сезіну бір басталса, онда қиялға қанат бітіп қана қалмайды, таланттың өзіне ғана тән даралығы да ашылады.

Немесе жазушы Қуандық Түменбай шығармашылығындағы реализмнің жаңаруы

Жазушының таланты өз кеңістігін тапқанда ғана ашылады. Ал сол кеңістік қайда? Ол қаламның ұшындағы әлемде. Әр жазушы өзі бір әлем. Бірақ, сол әлемге біреудің қаламы жете алады, енді біреудікі жете алмайды. Жете алмайтын себебі: қаламның ұшы аядай болғанымен, жазушы үшін ол шексіз кеңістік. Жер басып жүрген пенде баласының білім мен білігі, киелі дарынның жебеуінде ғана өзін қоршаған әлемнің көрнеудегідей жалпақ емес, қайта, дөңгелек екенін, одан ары да тағы бір шексіздіктің басталатынын аңғаратыны бар. Жазушы үшін оның әлемі де дәл сондай бұлыңғыр, қабат-қабат, сырын ішіне бүккен шексіздік. Ал, бірақ, сол әлемді сезіну бір басталса, онда қиялға қанат бітіп қана қалмайды, таланттың өзіне ғана тән даралығы да ашылады.

Тәуелсіздіктен кейінгі ойпыл-тойпыл заман қазақ жазушысы үшін үлкен сынақ болды. Сынақ деген жай сөз, кімнің жазушы, кімнің жай жазғыш екенін айқындайтын кезең туды. Бір жағынан шын жазушы үшін өзіне тән шынайылықты іздейтін, онсыз өзіне де, жазған дүниесіне де көңілі толмай құлазитын банясыздық орын ала бастады. Жиып келгенде, шынайы өзіңді, өзіңе тиесілі әлемді, оған бастап апарар жолды қалайда табуға тиіссің. Олай болмағанда өзіңді-өзің алдаусыратқан көп тобырдың бірі ретінде дарбазаның сыртында қалғаның қалған. Ал бұл жолдың басталу нүктесі шынайылықта жатқаны белгілі. Содан да Тәуелсіздік кезеңінің бұлғақты тұсы қазақ жазушысы үшін сынақ қана емес, орай да болады.

Жазушы Қуандық Түменбайдың хикаяттар мен әңгімелерден тұратын жаңа кітабының аты - «Төрт амал тіршілік». Балтаның сабындай қысқа шығармалардан құрылған жинақ әр қырынан жазушының бүгінгі болмысын көрсетіп тұр. Кітапта шаңырағы ортасына түскен қоғамның қирандысының үстінде отырған жан атқан таң мен батқан күннің заңдылығына ғана бас ұрған, көрер көзге алып ұшқан дүниенің арыдағы болмысына үңіледі: бір қоғам құлағанымен, орнында енді бір қоғам тұрып келеді, адам өзгермегенімен, пейілі өзгерген, бағыты бұрылғанымен, жолдар сол күйінде қалған... өзгермеген тек заңдылық.

Әдебиетте кәнігі жаттандылық деген ұғым бар. Ол дәстүрге тістей қатып жабысып алу деп аталады. Қатып қалған ұғымдармен өмір сүріп, жанрдың құлына айналып, шынайылықтан жұрдай болудың соңы ақырында өзіңе тиісті дүниеден адасуға апарады. Әсілінде, шын жазушы болсаң, ойпыл-тойпыл заманыңды жіті, жан-жақтылы бақылап, терең түсінуге тиіссің, қаншалық терең түсіне алсаң, соншалық терең жаз. Өзіңе, өзіңнің әлеміңе бетте. Шынайылықты басты орынға қой, жаттанды, жалған дүниелердің құлына айналма. Дәл осы түйінді жазушы Қуандық Түменбайдың қаламы мықтап көкейге түйген. Содан да жазушының жаңа жинағына кірген шығармаларының дені өмірдің өзіндей қарапайым, бірақ, жинақы, эстетикалық шүңеті басым, оқырманға берер әсері мен тағылымы ерекше туындылар. Соңғы түйін жазушының жазушылық шеберлігімен тікелей қатысты екені анық. Айталық, жинаққа кірген «Бұқа баққан қыз» атты әңгімені оқып отырып алағызбай, оқып болған соң ой теңізіне батып, күрсінбей қала алмайсың. Шағын үш бөлімнен тұратын әңгіме өте ширақ жазылған. Бірақ, бір дәуірдің тұтас көрінісін беріп тұр. Бұл жазушының әңгіме жанрының һас шебері екенін аңғартады. Әңгімеде бұқа, бұқа баққан қыз және қазақ-түрік лицейінде оқитын түрік балалар мен қазақ балаларының арасындағы футбол жарысы туралы айтылады. Ескерте кететіні, бұқаның үшеуі - мал, екеуі - адам. Бұқа - Шығыс пен Батыс халықтарына ортақ мифтік образ. Адамзат өзінің даму тарихында алғашқы жабайылыққа жақын кезеңін дүлей күштің иесі бұқаның образына жинақтап сақтаған. Бұндай дүлей, қатігез күштен кезінде құдайлардың құдайы Зевстің өзі сескенген. Сондықтан, ақылды жандар уақыт өткен сайын одан сақтанып, қырағы болған, оны ақылмен жөнге салып отырудың жолын іздеген, қоғамның дүлей күштер ойына келгенін істейтін қараңғы деңгейге дейін төмендеуіне жол бермеумен келеді. Осыдан барып адамзаттың ақылды өркениеті өркен жайды. Қыз образы - адамзат мәдениетке аяқ басып, қоғамда гуманистік дүниетаным салтанат құра бастаған шақтың туындысы. Қолында билігі мен байлығы барлардың сойылын соғатын, әйел затын қамтыған қоғамның әлсіз топтарының мүддесін қорғай алмайтын қоғамды мәдениеттік нормасы толымды қоғам деуге болмайды. Қайта, қанша жерден салтанатты сарай салып, жақсы киіп, шырт түкіріп жүрсе де, жартылай жабайы қоғам деген дұрысырақ. Ал футбол майданын қамтыған жарыс алаңы - бертінгі диалектикалық дүниетаным үстемдік алған тұстан тамыр алады. Ол бойынша өмір жан алып, жан берген сайыс алаңы. Мұнда капитализмнің ақшаны бәрінен жоғары қоятын жабайы ұстанымы басымдық алады. Бір сөзбен айтқанда біздің қоғамның кеудесін кемірген құрт та осы. Осылайша жазушы әңгіменің өзегіне қоғамды қоя отырып, оның қат-қабат пердесін сыпырып тастайды. Әңгімеде бұқалар ойына келгенін істейді, таяқтан көзі көгерген қыз күні үшін күл жейді, футбол алаңында дүбәра балаларды тілі мен ділі бір балалар тас-талқан етіп жеңеді. Жазушы былай деп жазады:

Қос бұқаны алдына түссе мүйізін ала жүгірер, көк шыбығын шошаңдатып артында жүре берсін. Ақ шалбар, ақ жейделі, көк шыбығын анда-санда шошаң-шошаң еткізген қыз маң-маң басқан тілі жоқ, тылсымы күшті жануардың артында көзден алыстап барады. Жылап бара жатқан секілді. Мен оны сілекейі шұбырған жануардан, үйінде кездігін саптап күтіп отырған қожайыннан қызғанатын секілдімін. Қызғанғанмен не пайда? Ән салғым келді.

«... Қарындастан айрылған жаман екен,

Екі көзге мөлдіреп жас келеді...»

Соңына «А-у-у!» деген күңіреністі қостым. Қазақ өкінішін әнмен жеткізіп, қолын мезгілінен кеш сермеген ғой. Анау алыстап бара жатқан қыз бен мен солардың нақ өзіміз...

(«Төрт амал тіршілік»,  Алаш жолы баспасы,  2012ж)

Өнердің өресі көп-азбен немесе көлеммен өлшенбейді. Өнердің өлшемі - шеберліктің шегіне жетуінде. Шеберліктің шегі жазушының қаламы біздің таным аямыз бен санамыздың көкжиегін қаншалықты кеңіте алғанымен байланысты. Жоғарыдағы әңгімеде жазушы бізді бүгінгі адамның болмысы туралы ойлануға итермелейді. «Мен» кейіпкер де, Аяжан қыз да айналасында не болып жатқанын біледі, оған баға да береді, қажет деген қарсылық та танытады. Алайда, ақырғы есепте екеуі өз дәрменсіздіктерінің шексіздігін сезінбей тұра алмайды. Бұқаны алды-артына шығып жүріп үйге айдап кетуге болады, қаласа, етке өткізіп ақша қылып, шырмаған торды бұзып шығу да қолдан келеді. Бірақ, бұл жеңіс пе? Жоқ! Себебі солай істегенмен де ештеңе өзгермейді. Өйткені, жеңістің туы басқа жақта - футбол алаңында желбіреп тұр. Ол туды ұстаушы дүлей бұқадан да, оның қатігез иесінен де әлдеқайда күшті әрі ақылды болмыс. Ол жеңіліп тұрып жеңудің жолын біледі және соны іске асыра алады. Оның алдында бұқадай дүлей күшің де дәрменсіз. Ал нағыз дәрменсіздер үшін оның бар болмыс-бітімі тіпті мүлде жұмбақ деген сөз. Осыдан-ақ біз «мен» кейіпкер мен Аяжанның дәрменсіздігінің қаншалық терең екенін сезе аламыз...

Егер, жазушыға қоғамдық қайшылықтың шешімін табатын жолды сілтемеді деп кешегіше кінә тақпасақ, өз дәуірінің түйткілді тұсын бұлайша дәл тауып, шынайы әрі шебер кестелеп беруі тұрғысынан алғанда жоғарыдағы әңгімені кемеліне келген өнер туындысы - бүгінгі қазақ әдебиетінің су жаңа классикалық шығармасы деуге негіз бар.

Жазушының «Төрт амал тіршілік» жинағы құнттап оқып, терең ой қорытуды қажет ететін кітаптардың санатына жататыны анық.  Кітаптан біз жазушының шүңетті ойдан бойын жазып, тұманды серпіп тастап, өзіне тиесілі жолдың сорабын іздегенін байқаймыз. Бұл қазақ прозасын жаңа биікке бастар соны жол болуы да әбден мүмкін.

Abai.kz

0 пікір