Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2867 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 07:47

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

VI

 

 

VI

 

Қоғамдық ғылымнан сауаты бар азаматтардың бәрін қалпақпен бастырған «стиль түзету» науқаны аяқталған соң, қоғам тәртібі қатты бұзылды. «Түпкілікті бұзық кім» дейтін сұрау әрбір бұқараның басын құйынша үйірді. Көздердің ағы да, мылтық қарауылы да шексіз құқықтың өзіне қаратылды. Терісіне симай бөртіп кеткен дара билеуші, марксизмнің «таптық күрес», «таптық қарама-қарсылық» деп аталған құрыш сауытына да симай, жалаңаштанып қалып еді. Бұл қатерлі нысанадан өзін құтқару үшін бірыңғай бола қалған «жауларын» ыдыратып, өзара қайта қырқыстыратын тың бір амалға мұқтаж болды. Өз тіршілігінің бұл мұқтажы, оңай-олпы емес, әрине «тәңірлік» - жаратушылық мұқтаж ғой, тұп-тура адамдық миды өзгертпей орындалуы мүмкін бе? Сондықтан, адамзатты адамзатша ойлатып келген неше мың жылдық мәдениетті жоғалтуға кірісті. «Ескіні бүтіндей жоймай, жаңа орнамайды» деп кірісті. Бұл амалын «пролетарияттың ұлы мәдениет төңкерісі» деп атады. «Бұрынды-соңды болып көрілмеген», «Маужушидің өзі төте бастаған» мәдениет қара бораны осылай көтерілген болатын. Бұл пиғылдан тоқтатпақ болған өмірлік сенімді саптастарын «буржуазиялық идеяның қолбасшысы атап, «буржуазия слиңбуын[1] зеңбірекпен атқылаңдар» деген бұйрықпен атқылатып жойып алып буырқанды. Өзі айтқандай «бұрынды-соңды көрілмеген төңкеріс» әрине, бұрынғы қараны ақ, ақты қара, жасылды күлгін түсті күл етіп көрсетпей, бұрынды-соңды болып көрілмеген лаңға айнала ма!

Біздің көріп келе жатқан топалаңымыз осы болатын. Сөйтіп, қоғамды бұрынды-соңды көрілмеген тозаққа айналдырып тынды. Енді тынайын деп тынғаны да емес, миллиард халықты тақыр жерге тұралатып отырғызып, үкіметі тотиған соң, лажысыздықтан тынды. Саяси-экономикалық, қоғамдық дағдарыстың құтылмас заходына отырып қалды.

«Алда да жол жоқ, артта да жол жоқ, енді қалай? Бүйтіп тірі қойғанша алсын Құдай»[2] дегендей күйікпен «тәңірінің» өзі уақыты жетпей алжыды. Өзінің түпкілікті идеясын білетін арқа тірек сүйеніштерінің өлтірілетіндері өлтіріліп, қашатындары қашып, өзіне сенімді бірі қалмаған шақ еді бұл. Жақ сүйегі жиылмай салбырап қалған жалғыздың өзі жалғыздан жалғыз, тағында шалқасынан  жатып жан үзуге таяғанда алдына бір жендеті жетіп келіпті. «Мәдениет төңкерісінде» қылышының өткірлігімен көзге түскен жендет еді бұл, қойын дәптерін шығарып, қаламын ұстата қойыпты.

«Ұлы ұстаз, ұлы көсем, мына мемлекетіңізді басқару жөнінде қандай өсиет, қандай пікіріңіз бар, жазып қоймасаңыз, артыңыздағылар ақылдан адасады ғой!» депті. Бажырая қараған «тәңірі», басымды көтер дегендей ишара білдіріпті. «Мемлекетті сен басқарсаң, мен қамсыз боламын!» деп қана жазып, сылқ түсіпті.

«Тәңірі» бұл жендетін өзіне ізбасар етіп, орнына осылай отырғызып кетсе де, халық қарсы алмады. Мәдениет топалаңында қолы қанға көп малынған бұл жендетінің де инауат-абыройсымағы, өзі кескен бастармен бірге қырқылып біткен болатын. Затынан айырылған компартия мұны төрағалыққа сайлап тиянақтандырса, енді атынан да айырылатын, қатал қарсылық көтерілетін нысай пайда болды. «Маузыдұңның орталық комитеті» сондықтан бұл әшкере жендетті жұлып тастап, «тарихы таза», «Маузыдұң идеясына адал» шаңхайлық бір жас жігітті тапты. «Мәдениет төңкерісінде» оның «қызыл қорғаушы» әтіретінде звод бастығы болып тұрған шағында мәлімдеп «көсемдерін бір рет жасырын қастықтан құтқарған» деген нәтижесі бар екен. Одан басқа еңбегі де, қызмет тәжірибесі де жоқ, өнеге де, өнер де көрмеген көше жігіті, Жұңго компартиясының төрағасы болып шыға келді сөйтіп. «Биіктегі тақта тік ұшар аэропланмен ұшып шыққан бала» деген лақам, соңынан дүр ете түсті. Мұны алғаш таратқан Дыңшяупың еді.

Партия мүшелерінің көпшілігі бұл таққа Дыңшяупыңды шығаруға кірісе кетті содан бастап. Өйтетіні, бұдан басқа тірілері төраға сайлануға партия уставы көтере алмай, шарт айырылар еді. Бұл кісі, партияға көптен бері зор еңбек сіңіріп келген қайраткер. Партия жетекшілерінен қалған жалғыз көне көз. 49-шы жылдан бері партияның бас хатшысы болып келген атақты саясатшы еді. Ізбасарлыққа алдымен қағаз ала алмай, иә кейін аты аталмай-сайланбай қалған себебі, мәдениет топалаңында бұл кісі де «тәңіріне» жақпай ұшынып, «кері төңкерісшіге» қосылып қалған болатын. Люлермен бірге зеңбірекпен атқыланбай қалған жөнін, біз, ол алыптардан сәл қушыкештеу болса керек деп түйгенбіз. Денесі шағындығынан ба екен, әйтеуір ажалдың аузына түспей, бірнеше жыл балтырынан тістеліп, мойнынан қысылып қана тірі қалған болатын.

Партияны барлық ауыр заходтан тыныштықпен құтқарса, осы кісі ғана құтқаралады деген сеніммен түгел қолдады жұртшылығы. Өзі де талай жалалы қалпақ киген, өзі де талай нақақ қыспаққа түсіп, аспаққа асылып көрген. Ел-жұрт басындағы апат тұзағының кімнің бұйрығымен түскендігін өз көзімен көріп келе жатқан осы айқын куәгерден басқа батыл да әділқазы, өтірікпен қандырыла суғарылып қалған осы партиядан қазірше табыла қоймас еді. Сондықтан көп ауыз бәсекесіз-талассыз ерекше дербес сайлады...

Жаңа төраға қоғамға бұрынды-соңды пайда болған індеттерді, әсіресе мәдениет топалаңындағы «болып көрілмеген» былықпалықты жасырмай-бүкпей сөйлегенін естіп, «бәсе!» дестік. Әлеуметтік пәле-жаладан енді құтылармыз деп сенім байладық.

Бірақ... бірақ, мен, бұрыннан қылмыспен ғана шұғылданып келген сұммын ғой, «ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген мәтел бар, тергеушім кешіре көріңіз! Жаңа төрағаның екінші рет сөйлеген сөзін естігенімде кеңірдегім шиқ ете түсті. Бұл кісіге жаңа байланған сенімім жарқ етіп ақтарылып қала жаздады: «Төңкерістің мұншалық масқара жолға түсіп азғындауына бастан-аяқ «төрттік топ[3] жауапкер» деген қорытынды шығарды бұл сөзінен. Ешкімге тізгінінен ұстату түгіл маңайына келтірмейтін шексіз ұқықтысын сөйтіп бүтіндей ақтап алуға кірісті.

- Дүниені былғаған бұл сынды зор қылмыстарды зор құқықты бастың өзіне дарытпай, саусақтары мен башпайларға арта салатын өнер бұл кісіде де бар екен-ау! - деп қалдым мен. Кеңірдегімнің шиқ ете түскеніне Күлән күліп жіберіп жауап қатты:

- Бұл стиль түгіл идеясының өзі де бірге жасасқан осы кісі шығар. Мұндай көпшікші-жарамсағы болмаған бастық, өзін-өзі тәңірі сайлай алар ма!

- Олай болса бұл адалы кейінгі кезде қалай қуғындалған?

- Сезікпен секірген жалмауызы маңайынан көрінгенді қоймай жалмап жатқанда, тағымды тартып алар деп мұнысынан қауіптенбей ме! Өзің лоқсып отырсың, тағы да қылмыс құсар ма екенсің! - деп Күлән тағы күліп жіберіп құшақтай күрсінді. - Осы мәселені жауып қана қояйықшы енді! Тыныш қана кетелік!

«Тәңірін тұйық заходтан осындай мардымсыз құрбандықтарымен ғана құтқарып, қарайған бетін ақтап алмақ та, осы жолға қайта түспек» деген пікірімізді ішімізден шығармай бүктеп тастап, достардың шақырған сауық кештеріне жүре бердік. «Төрттік топ» аталған төртеуі сотқа тартылып, екеуі «екі жыл кешіктіріліп атылуға», екеуі «мүддетсіз қамақ» жазасына кесілгені жарияланды. Сансыз қырғын, шексіз террорлық, елбасына түскен аса ауыр апат... «Барлық қылмыс осы төртеуінде ғана» екен! «Екінші рет азат болдық» деп, кадр аталатын жалданба жұртшылық думандатып, тойлауға кірісті.

Саясатты тиянақтандырушы орындар өздері ағартқан «оңшыл-ұлтшылдарды» жеке-жеке шақырып, пікір сұрай бастаған екен. Алдыңғы қатарда мені де шақырып сұрады:

- Орналасқан қызмет орның мен дәрежең жөнінде қандай пікірің бар?

- Бұл жөнінде ешқандай наразылық пікірім жоқ. Бұрынғы қызмет орным, бұрынғы дәрежем, өз кәсібім. Бұрын да лауазым-мансап талап еткен емеспін. Қазір де солай!

- Қазіргі тұрмыс халің жайында, қамдалу жайында не пікірің бар?

- Мен жиырма жыл бойына 18-20 юандық қана тұрмыс шығынымен де күнелтіп келген адаммын. Қазіргі айлығым одан он бес есе артық. Бұл жөнінде де пікірім жоқ!

- Қазіргі қоғамдық түзім-тәртіп, істеліп жатқан қызметтер жөнінде қандай пікірің бар?

- Бұл жөнінде біраз пікірім бар, - дегенімде саясат тиянақтандырушылар елең қақты. Ресми шырай көрсете сөйледім. - Мен өткен мәселелер жөнінде кек алушы емеспін. Ал, біреудің қылмысын біреуге аударудан да аулақ мінездің адамымын. Көңілімдегіні айтайын: «төрттік топ» деп атағандарыңыздың ешқайсысы Шыңжанға келіп, осындағы өлімнің ешқайсысына ортақтасқан адамдар емес. Зор да зейіл төрағаның семьясындағы ұсақ-түйек бұйрық атқарып, күшіктік қана рөл атқарып, күшіктік қана рөлде келген мүшелер болатын. Жяңшын өзінің жиреніп жүрген тоқалы, тағы бір Жаң меншікті хатшысы, Уаң деген жас жігіт, Шаңхайдан жақында ғана шақырылып келген, астана қызметіне араласа қоймаған, тәжірибесіз бала. Ал, Яу - күйеу баласы ғана болатын. Шыңжанға бұл төртеуінің ешқайсысы келіп те көрген емес. Демек, бұл төртеуі осы өңірдегі төгілген қанға байланысы болмаған адамсымақтар. Мен өткен мәселелерді бұларға арта алмаймын! Әрқандай қылмысты өз қолдарымен істеген, нақтылы қанды қол құнікерлеріміз біздің өз аудандарымызда. Оларды  түгел қолға алып өлтіру жағында да емеспін. Қандықолдардың өз ісін өзіне істесек, біз де қанды қол аталар едік! Меніңше әр аудандағы қылмыстың құныкер атамандарынан, мәселен, Іледегі Ауқан сияқты қанқұмарлықтың шегіне жеткен атамандардан бірден-екіден ғана таңдап, аудандық халық жиындарына тартып шығарып беру шарт! Өз қылмыстарын өзіне арылта сөйлетіп, жұртшылықтың оларға қаратқан пікірлерін тыңдаңыздар! Халық көкірегіне шемен болып жабысқан дерт сонда ғана босайды. Екіншіден, қоғамға мұндай былықпалықтың қайталап келуіне шек қойылады. Өткен амалиятты ойлап көріңіздерші, бір миллиард халықтың алдындағы жауапкер осы төртеуі ме еді? «Бұрынды-соңды болып көрілмеген» мәдениет топалаңына бұлай жым-жырт кеңшілік ете салу дегендеріңіз - қоғамға бұрынды-соңды болып көрілмеген жауапкерсіздік. Бұрынды-соңды болып көрілмеген заңсыздық. Апаттың қайталануына жол ашып беретін жүгенсіздік болар еді!...

- Мұныңыз аса әділ пікір болды! - десіп, тыңдаушыларымның екеуі қол шапалақтап жіберді де, біреуі:

- Ұстаздық пікір деп осыны айтса болар еді! - деп қалды.

- Құдай тағала мені бүйтіп «ұстаз» аталудан сақтасын! - тыжырына қалыппын. Ду күлкі көтерілді. Маған емес, «ұлы ұстаз» аталған тәңірсымақтың қылығына күлгеніне сүйіндім.

- Осы мәселе қазіргі орталық комитетте талқыланып жатыр. Сіздің бұл пікіріңіз сөзсіз орындалады! - деді ұйғыр бастығы. - Біздің пікіріміз де осы болатын. Мұны да жоғары жаққа жеткізіп қоялық!

- Егер мәселе осылай заңды түрде шешілсе, мұздатылып тұрған жиырма жылдық «құнымды» да алмай-ақ қоймақпын! - Түрегеліп жөнеле бердім.

- Ойпырау, мынауың тіпті турашыл, қайыспас қалпында екен-ау!

- Білімді-зиялы аталатын жұртшылықтың тең жарымы осылай болсашы!

- Тең жарымы түгіл төрттен бірі осылай болғанда «мәдениет төңкерісі» аталған албасты бұл қоғамды мұншалық баса алмас еді ғой!

- Меніңше болғанда бүкіл халықтың тең жарымы жоғары мәдениет иеленбесе, құралды есуастар басынбай қоймайды екен!

Есік сыртынан соңғы пікірлерді естіп күрсіндім де тез жүріп кеттім.

Осыдан төрт-бес күн өтіп, ноябрь туылысымен Бижінге, мәдениет саласының зор жиынына шақыру қағаз келді. Автономиялы район бойынша кәсіптік мәдениетшілердің тірі қалғандарынан таңдаулы жиырма шақтысының қатарында Күлән екеуміз де шақырылыппыз. Сол сапарға үйде дайындалып жатқанымызда есік қағып, Гүлниса кіріп келді. Баяғы ғашық әнші Гүлниса. Маңайымыздағылармен ісіміз болған жоқ, екеуміз құшақтаса кеттік.

Айқара құшақтап ұзақ жылады ол. Мен қолға алынған шақта Мақпалға сүйеніш болған, оның әйелден шыққан ең өжет досы екендігін білетін Күлән да бірге жылады.

- Естідім, бақытты болыңыздар! - деп қана қойды Гүлниса жаңа некеміз жөнінде. Өзіндік дербес пікірін Күлән тамақ даярлығына шығып кеткен соң күбірледі. - Мақпалыңыздың сізді күтпей басқаға кеткеніне мен сенбеймін!

Бұл мәселеге сенген себебімді мен де күбірлеп сөйлеп бердім. Сұлу қара көзі жаутаң қағып қарай түсіп, көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Өз шашы да бурыл тартыпты. Менің аппақ шашымды елеусіз сылап қойып күрсінді. Өзі түрмеден былтыр күзде ғана шыққан екен. Газет наборшиктерінен ана жылы өзімен бірге қолға алынған біреуімен тұрмыстанып, жақында ғана бір ұл тауыпты. Нақтылы кері төңкеріс қылмысымен кесімді жаза көріп шыққандықтан, қызметке қайта орналаса алмаған екен.

Кешке жақын Күлән екеуміздің «тоқымымызды қағып» аттандыруға жиналған достармен бірге түні бойы тойласты Гүлниса. Күлән мен Ақия үшеуі қосылып айтқан әндер бұрынғы жастық шақтағы сауық-сайранымыздан кем түспеді. Сөйтсе де Мақпалмен бірге көбірек айтқан әндері Күлән мен Ақияның өздерін босатып, Балғынтайда айтқан әндері Гүлнисаны босатып, ауық-ауық жылатып отырды. Оларға қосылып әндеткен менің көзім де тұмандана берді. Тірі қалған достардың бәрінің де мезгілсіз қартайғандықтары босатты мені. Біз сияқты алысқа айдалып кетпеген жігіттердің тамтықтары ғана қалыпты. Рақымқанның көзі, Асылқанның мойны қисайған екен. Юсуп Қасымның тістен адаланған аузы үңірейіп, Ясын Әмәттің мұрны саңырайып қалыпты. Көрден шығарып әкелгендей ақ сөңке, арса-раса аруақтардың қаншалық ақталғанымен бұрынғы сұлу жігіттік көріктері, қабілет-қайраттары қайтадан қалпына келер ме!

Менің бұл құрдас замандастарым түгіл, мүшел кіші інілерім де мәлкілдеп жүр. Бәр-бәрі ұрттай сала мас болатын арақкешке айналыпты. Бұрынғы сән-салтанатымыз, жастық дәуреніміз қайта оралар ма енді! Жиналған бурыл шашты ғана әдемі «қыз-келіншектеріміз» биге көбінше менімен, Құмар, Қапастармен түсті.

Апат трагедиясын астанаға барғанда тіпті толық көрдік. Кәсіптік мәдениетшілердің тірі қалған өкілдерінен мемлекет бойынша бес мыңға жуығы жиналған екен. Жиын қызметкерлері мен күтушілерінен басқа ешқайсысының бастарынан қара қылшықты бір тал шаш таба алмайтындайсың. Бәрі де ақ сөңке аруақ. Менің Күләшімдікі сияқты бурыл шаш кейбір етті-жеңді «келіншектерден» ғана көрінеді. Кексе жазушылардың көбі мүгедек болыпты. Бір сыпырасы балдақпен кірсе де, топ болып жатып қалғандары залға зәмбілмен көтеріліп, кішкене арбамен сүйретіліп кірді. Өлтірілген мәдениетшілердің тізімі сахнаға қара лентаның астына ірі жазулармен тізіліп қойылған екен. Ляу Шы атты атақты мәнжу жазушы сол тізімнің ең басында тұр. Алдымен соларға аза білдірдік. Көз жасы содан бастап тамшыларды да мүгедектер сахнаға сол «көліктерімен» шығып, шалқалай жатып сөйлегенде залдағылардың көз жасы желді нөсерше еңірей ағытылды.

«Көзді-саналы кәсіптестерім, сендердің осылай бірыңғай жиналған жиындарыңа бір қатынасып, қосылған бастарыңды, ашылған қабақтарыңды анықтап бір көріп өлсем деген арманмен көзімді жұмбай күткеніме көп болды! - деді біреуі. - Он жыл күткен арманыма міне қазір ғана жеттім. Сендермен ақырғы көрісуім де осы шығар! Бұдан артық сөйлей алмаймын, мына әйнегіммен қарап қана жатайын, аша беріңіздер, қолға әрең келтірген жиындарыңызды, өз пікір-өз саналарыңызбен ашыңыздар!» - деп сөзін күрсіне тоқтатты да, биноклін туралап, залдағы саптастарына қарап жата берді.

Сөзді екінші біреуі жалғастырды.

«Біздің кәсіптің де, өзіміздің де адам баласына тигізген титтей зиянымыз болмаған. Бұрын да болмаған, мұнан соң да болмақ емес. Олай болатыны, біздің кәсіп, адамзатты эститикаға, көркем моралға тәрбиелейтін, суық құрал ұстамайтын кәсіп. Сөйтіп адам баласын нағыз адамша ойлауға үйретіп, адамның өз атына лайық биік санаға ие етуді ғана мақсат етеді. Қоғамдық ғылым мен көркемөнердің одан басқа іздейтін мансабы да, жәннәті да жоқ. Шен де іздемейді, шекпен де іздемейді. Сондықтан қай дәуірде де биікте, адамзат қоғамының заңғар шыңында қар жастанып, мұз төсеніп жасап келіп еді. Тарих бойына үсікке, жұт-апатқа көбірек ұшырап келген себебіміз сол болатын. Әсіресе біздің елімізде қоғамдық-ғылым мен көркемөнердің көрмеген қорлығы қалмады. Шыңсыхуаңның зор империя құрып мұратына жеткендегі қырғыны анау![4] Ол қырғынның себепшісін біз, надан, қанқұмар патшаның көне замандық заңынан деп білгенбіз ғой, ал мына жиырмасыншы ғасырда, өзіміздің марксизм деп аңсай күресіп, сан мың азаматымызды құрбандыққа шалып жеткен мұратымыз осы болғаны ма? Сол қанды ауыз Шыңсыхуаңның жауыздығы бұл көргенімізбен салыстырғанда әдеттегі ғана қарапайым іс болып қалмады ма! Қазіргі дәуірде осы апатты біздің елімізден басқа қай ел көрді? Естияр мәдениетшіден аузы-мұрны бұзылмағаны, тарихи мәдениетімізден күйремегені, жала жабылмағаны қалды ма? Осының себебін жете іздеңіздерші, неге бұлай? Біздің тарих не себепті қайталана береді? Неліктен бұлай? Не жазығымызбен бұлай болдық?» Ышқына-ышқына сұрап барып тынды, зәмбілде жатқан мүгедек.

Залдағы бес мың ақбас түгел еңіреді. Жан-жағыма жалтақтап қарай бердім. Көзімді көлкіген жастан сығымдап аршып алып үңілдім. Келіп, аты жазылған орынға отырғаннан бері үн қатпай тұқырып алған меңіреулер де, құлақтарына тыңдағыш аспап орнатып алған саңырау-кереңдер де, жетектеліп келген соқырлар да, тілі кесілген мылқаулар да жалтақтап, елеңдей қарайды. Соқырлар көз жастарын мұрындарынан ғана ағытып отыр да су ағар мүшелері сау қалғандарын көздерінен де, аузы-мұрындарнан да түгел ағытып отыр. Бүкіл зал пыш-пыш, мырс-мырс, быр-быр, қорс-қорс...

Үшінші ретте сөйлеген орта жасты әйел жазушы мәдениет топалаңындағы көрген, естіп білген жабайылықтарын түгел әшкерелеп, шаңқылдай төкті көз жасын. Жылауы сөйлемін де, үнін де бұзбай, үкіметті қаһарлы ақиқат тілімен шаға, кәсіптестеріне шағына жылап ұзақ сөйледі.

«Құрылтай сарайы» деп аталған зор залда селкілдемеген иық, дірілдемеген иек, қалтырамаған бас жоқ сияқты. Әсіресе ханзу мәдениетшілерінің өкілдері әлемтапырық, іркіліссіз, барынша жіберіп отыр да, шет өлкелерден келген шағын санды ұлт өкілдері биязылау-сәл саябырлау, үнсіз егіліп отыр. Бұлардың ашық жылап шағынудан қорқып-тартынып отырғандықтары байқалады. Ал, Шыңжандықтар мен Ішкі моңғол өкілдері тіпті үнсіз. Бір-біріне көз астымен қарасып қойып, тұқырып егіледі. Тым жүрекшайлы болып қалған сыңайлары бар. Бұл парықтың себебін де түсіндім: ханзу өкілдер бір ғана «оңшы» қалпағымен жазаланса бізге олардан үш-төрт есе ауыр - «жерлік ұлтшыл», «ревизионизмші», «шетке байланған», «бөлшектеуші» дейтін аса тар қалпақтар кигізілген ғой. Жүректеріміздің рақымсыз жазадан жаншылып қалғандығынан ба, иә, ханзу зор ұлтшылдығының аязынан суынысып, өгейлікпен сіресіп қатып қалғандығынан ба, әйтеуір мына саналы жұртшылық алдында да шағынудан тартынатындығымызды білдік.

Мұнан соңғы сөйлеушілердің сөзі он жылдық мәдениет топалаңының қоғамға, халыққа сіңіріп кеткен зардапты індеттері үстінде болды: ұрлық пен қарақшылықтың, жағымпаздық пен өтірікшіліктің, өз бас пайдасынан басқаның бәріне зиянкестікпен қарайтын қара ниеттіліктің, мансапқорлық пен парақорлықтың, оқу-білімге қарсы сау соқырлықты абзал көретін надандықтың зор сүйеніш тауып, үдеп кеткендіктерін сөйледі. Адамдар арасындағы иба-әдеп, сый-құрмет, ұят-намыс, қанағат-ынсап сияқты рухани мәдениеттің түгел күйрегендігі ащы күлкілі, шерлі-жылаулы, кекті факттермен шертілді.

Өзара сырласқан екі министрдің қайғысы мен қуанышын әшкерелеген бір жазушы бұл азғындықтар мен үкімет саясатының байланысын шебер суреткерлікпен сөйледі: бір министр ыңқылдап-күрсілдей отырып үйіне кірген бір министрге мұңын шағыпты. «Мен, жалғыз ұлымды шыншылдыққа тәрбиелеп едім. Әке-шешесінен жасырған кей бір істерін әдейілеп тауып сұрағанымда өтірік айтса жазалап, әрқандай жерде де шын сөйлеудің нағыз адам мінезі екендігін жастайынан үйретіп келіп едім. Енді міне, әр күнгі қауіп-қатерім, үнемілік уайымым, осы адалдық тәрбиемнен болды. Балам сыртқа шығып кетісімен-ақ жүрегім арпалысады. Кім сұраса да шындығын сөйлеуден іркілмейтін болып өсіп еді. Қашан қолға алынып, қашан атылар екен, мына қоғамда жасай алмайтындығын біліп болдым ғой!» - деп жылапты.

Сонда қонақ болып отырған министр жайраң қағып, алдындағы арақ рюмкасын көтере жымыңдапты:

«Маған алдын ала байқайтын зейін берген Құдайға шүкір, екі балам да кесіп алса қан шықпайтын суайт болып өсті. Тілдері шығысымен-ақ хайуанат бағынан зор жануарларды көрсетіп келе жатып, «түйені көрдің бе, жоқ па?» деп сұрайтынмын көрдім десе-ақ шапалақтайтынмын. Сонан соң, «түйенің арқасы қандай екен?» деп сұрағанымда, «арқасы жап-жазық, ит сияқты екен» дегенінше ұрсатынмын. Сөйтіп, шынын сөйлеуден қатты шектеп өсіргенмін. Қазір ол екеуінен мүлде алаңсызбын. Қайда жүрсе де сиятындығына, дәрежелері өсе беретіндігіне сенімім толық! Қане, бұл сөзді қоялық енді! Мәдениет төңкерісінің Жұңхуаны бұрынды-соңды көрілмеген ұлы табысқа жеткізгендігі үшін, осы рюмканы Маужушиға шексіз өмір тілеп ішелік!» - деп көтергенінде қайғылы министр де құбыла қалып көтеріп жіберіпті де, қарқылдап күліпті:

«Әй досым-ай, осы қуаныш қой мені жасатып келе жатқан! Маужушиымыз болмаса қалай күн кешірер едік!» деп жайраңдап, арақты үстемелеп толтыра-толтыра құйыпты.

Мұны сөйлеген шешеннің сөзін тыңдаушы ақбастар ашық сықақты күлкімен қарсы алды. Қазіргі қоғамның не болып кеткендігін ашық та айқын көрсететін үлкен реалды сурет еді бұл әңгіме.

Жұттан әрең қалған мәдениетшілердің осы жиынына мәдениет министрлігінің әдебиет-көркемөнер назаратындағы бір атақты сыншы жасаған есепті баяндамада өкілдер пікірі мен шағымдары теория жағынан қосталып, толық құпталып шықты. «Әдебиет көркемөнеріміздің артта қалуының негізгі бір себебі, бұл кәсіптерге саясаттың тікелей қожа болып алғандығында» дегендей батырлық қорытынды жасалды. «Әдебиет, саясаттың меншікті қызметкері емес, (өздігінен табиғи сипатта байланысып отырса да) дербес ғылым, эститикалық ғылым» деген анықтама берілді. Күн күркірегендей шатырлаған қолшапалақпен қарсы алдық бұл тұжырымды. «Біздің мәдениетімізге келген бұл апаттарды тезірек жеңу үшін азғындыққа шіріктесуге қарсы жауынгер сыншыл көркемөнерді барлыққа келтіруіміз, дамытуымыз қажет!» деген үндеу жарияланды.

Бірақ, жиынның соңғы күні келген жаңа көсем, партияның ендігі саясаты «төртті осы замандандыру»[5] екендігін жариялап түсіндіре келе «осы ұлы қызметіміздің табысты болуы, сіздердің жаппай белсенділіктеріңізге байланысты» деп сілтеді. Бұл кісінің нұсқауы бізді ерік-алдымызға енді қояр ма! «Артқа қарамаңдар, алға қараңдар», «өткен мәселені ұмытыңдар, алдағы істі ғана ойлаңдар! Солай болмай, адал төңкерісшіл азамат болу мүмкін емес» дегенді қайталап-қайталап ескертті.

Бұл нұсқауды мен тыжырына тыңдадым. Арт жағына шошқа ғана қарамауы мүмкін ғой. Өткенді күн сайын ескеріп, алдыңғыға үлгі етпей қоғам мен адамзат дами ма? Марксизмге, тіпті бүкіл материализм диалектикасына қайшы пікір еді бұл. Таңырқай қарадым жаңа көсемге. Осындай сөзіне өзін қимайтындаймын. Бірақ амал не, бұл да реалды болмыс, өткен апат қайталанбасына енді кім кепіл? Өткен апат қайталану ғана емес, одан әлдеқайда зор апат келтірмек екендігі жаңа көсемнің елеусіз, бәсең ғана үнімен айтып қалған бір сөзінен ескере қалдым: «социализм әлі де сақталады. Оның осы атымен-ақ ұлтымыздың ең ұлы істерін толық орындап алуымызға болады ғой!» деген сөзі жартылай мұрнынан міңгірлеп айтылып өтпеді ме! Бұл зор ұлттың «ең ұлы ісі» социализм мен коммунизм емес екендігі түсінікті. Социализм атымен шағын санды ұлттарды сіңіріп-ассимиляциялап, жерлерін басып алу екендігі қазір бізге өте айқын.

Сөйтіп, мұнан соң жиянгерлік саясаттың жалданбалы жендет қызметкері боламыз ба, иә кәсіптік бостандық алған эстетикалық қызметкер боламыз ба, толық айыра алмай әңкі-тәңкі болып қайттық. Ұшақпен кешке жақын «Үрімжі әуежайына келіп түсіп, үйімізге күн бата жетіп едік. Қақпамызға салынған үлкен құлып лық ете түсті-кілт салмай-ақ ашыла кетті. Күлән екеуміз шошына қарадық. Үйге жүгіріп кіре қарасақ, керекке жарарлық жылтырар бұйымдарымыздан ештеңе қалмапты. Менің жазу столымның да құлпы шағылып, жазуы бар қағаздарым түгел тоналған екен. Көңілімді тыныштандыру үшін болса керек, Күлән кейіс білдірмей, күле қарады маған:

- Тонаушы ұрылар біздің кететіндігімізді білгендей, жүгімізді жеңілдеткен екен! - деді. - Бізге артық мүліктің қажеті жоқ, ренжімелік!

- Жоқ, бұл тонаушы көше ұрылары емес. Жай ұрылар менің жазулы қағазыма көзікпейді. Бұл тұп-тура соңымызға түскен қаскүнем жауларымыздың ісі!

- Олай болғанда біздің үйде болмағандығымыз жақсы болыпты! - Күләннің осы сөзінен есіме түсіп, клетке кірдім де, қалың орап көмілген алтыатарымды таптым. Толтыра оқтап, сым қалтасына салып шықтым. - Қане, Күләш, маған бірер жұтым арақ бер! Тынышталып қана тамақтанып жаталық!

- Биғаш, қазірше ішпе! Енді бұл үйде жатпалық. Қаскүнемдер тонаған болса, бізге құрып қойған қапаны да бар шығар!

- Ә... мақұл ендеше, достардың біреуінің үйіне барып қоналық!

Тездетіп кетуіміз қажет болғандықтан Ізбасарымды иіскей жату үшін Құмардың үйіне бардық. Жайымызды амандаса сала айтып, Бижіннен әкелген сарқытымызды алдымен Ақияның дастарқанына салдық. Ізбасар мен оның кішкене қарындасына әкелген киімдерді Күлән өз қолымен кигізді.

Ертеңіне өзді-өз мекемемізге барып мәлімдеп, «үй-мүлкімізді толықтап қайту үшін» Ілеге барып демалуға рұқсат сұрап едік, мемлекеттік мәдениетшілер зор жиынының «рухын жеткізіп» сөйлеп беріп кетуге қалдырды.

Бар дайындығымызды сонымен бірге бітірдік. Маған істеген ұмытылмас қамқорлығы үшін таудағы Әнуарға қоражайымызды толық меншік құжатымен хат арқылы өткіздік. Омар мен Азатқа ұмытылмас алғысты хат жазылды. Сенімді достардың бәріне де бағдар-сырымызды айтып, құшақтаса, жыласа қоштастық.

Ауқанның Үрімжідегі автоном райондық саяси-заң орнына, біз Бижінге жүрісімізбен құпия келіп орналасқандығы естілді. Осы хабардың өзінен-ақ бұлардың ниетінің титтей өзгермегендігі «тәңірлерінің» жазмышын қашан да мұрагерлікпен орындамай тынбайтындығы айқындалды. Қанқұйлы жаудың құтылмас қоршауға түскендегі алдампаздығы осылай болмаушы ма еді! Алдай отырып заходтан құтылып, өздерінің сынақтан өткен адал жендеттерін құрастыра, көбейте түспек те, «төртті замандастыру» саясатымен техникаласып, қаруланып алған соң қасабына да, жершарындық жоспарына да қайта кіріспек деп түсіндік. (көп алданып, көп жәбірленгендіктен ой-санымызға орнап алған артықша күмәншілдік болса кешірерсіздер!) Ауқан тектес шектен асқан қандықолдарды жасырын әлпештеп қорғауға кіріскен үкімет жөнінде бұдан басқа логика табылмады. Жүрегімізді тіпті қатты қарайтты бұл жайт.

Неше жылдан бері құлыптаулы тұрған үйден жерлік ұрылардың әлдеқашан түңілгендігін білетін Күлән, осы көшедегі сақшы пункті мен маңайындағы көршілерден сұрастыра келе бұл тонаушыны да Ауқанның Құлжадан ертіп келіп, бізге салып отырған қырандары деп тапты. Олай дейтіні, өткен төрт-бес күннің алдында ғана бөтен түсті бір ұйғыр, бір ханзу жігіт осы көшеге келіп, біздің қайда тұратындығымызды сұраған екен. Бұлар Ауқанның тапсырмасымен іздеп жүрген жансыздар болса, жанымызды да жасырын алуды көздеп жүргені анық қой! Менің енді Ауқанның өз тұрағын сұрастыруымнан секем алған Күлән секіріп шығып барып, автобус билетін алып келді де асықтыра жетектеді. Жансыздарының бізге шығуынан тағы да сақтана аттандық...

Қалпақтан ағарған соң алған қызмет кінешкеміз, қайсы ауданға барамыз десек те ең сенімді жолхат екен. Қар сірестіре басып қыс түскенде Құлжаға қайта жеттік. Алдымен естілген хабар, Гүлсімнің кек алғандығы болды.

Ауқанның көзәйнекті «көмекшісі» сұлу келіншекті қала ішіндегі жасырын үйіне апарып қамап алып, тағы да әйелденіпті. «Қарақшылар қолға түспей жүр. Өз үйіңді де төркініңнің үйін де айландырып, сені әлі іздейтіндігін естідім. Айғақты қылмыстарынан сені өлтіріп қана құтылмақ!» деп қорқытып қояды екен. Белінен мүлде айырылған Ауқанның енді үйлене алмайтындығын білген соң кәрі әйелін тастап, өзі үйленуге бекіген көрінеді. Ал, Гүлсім, алғаш алып қашқан басқа қарақшы емес, осының өзі екендігін білген соң кек алуды ғана көздеп, еркіне шындап берілген болыпты. Қарсы қимылға келтірмей, тез өлтіре алатын сенімді құралға қол жеткізу үшін, «сүйетіндігін» айтып, уәдесін де берген екен. Асқан алаяқ қарақшы онысына да сенбей, мылтық түгіл пышақ та көрсетпей жүріп, ұрықтандырған соң ғана аяғы енді тұсалды деп есептеген көрінеді. Кәрі қатыннан құтылғанша келіншектің өз үйіне барып тұрып, әр үш күнде бір келіп түнеп қайтуына ант алып қайтарыпты. Гүлсімнің күзде бізге «қарақшыдан қашып құтылдым» дегені өз мақсатын әшкерелеп алмау үшін шығарған жасанды сөзі екен. Өз шашын өзі жұла еңірейтіні, сол қарақшыға уәделі уақытында барып жағынып тұрса да өлтірудің сәтін келтіре алмағанына қатты күйінетіндігінен болып шықты. Өз үйінен пышақ пен құралданып барса, сыры көзәйнекке әшкереленіп қалып, ісі мүлде бұзылатындығын біледі.

Күлән екеуміз Үрімжіге жүрген соң жарым ай өткенде әрең келтіріпті өлтіру сәтін Гүлсімнің шын берілген бейне көрсетіп, уақытында барып қайтып тұрғанына біраз сенім байлап қалған көзәйнек, жасырын үйіне қарасанақ жерлестерінен қоятын күзетті азайтып, өз сақтығынан да айырыла бастаған екен. Оқталған жанмылтығын бір түні жатарда төсенішінің ірге жақ астына тыға салғанын байқап қалған Гүлсім біраздан соң дәрет сылтауымен сыртқа шығып, жалғыз күзетшінің күзет орнына әлі де келмегендігін біліпті. (қақпаның ішкі босағасына қойып отырып қалғиты орындығы ауыз үйден әлі шығарылмаған екен.) Қылмысты үйіне асыға кірген келіншек қорылдап жатқан «күйеуді» құшақтаған болып, іргесіндегі мылтықты алыпты да, жауыз жүрегіне дәлдеп тұрып басып қалыпты. Жанталасқан қарақшының ербеңдеген өз қолына ұстата қойыпты сөйтіп. Қандықол мылтығын қымтып ұстаған күйі сылқ түскенде Гүлсім шырақты өшіріп, есігін мықтап жаба сала жөнеліпті. «Біріндегі кегіңді қайтардым, Мұраш, кешір мені!» деп өзінің марқұм күйеуі Мұратқанды күбірлеп ескере зытыпты.

Көзәйнектің өлімі жөнінде «қылмысынан қорқып өзін-өзі атқан» деген қорытынды шығысымен Гүлсім, арамнан болған баланы таныс акушеркаға алдырып тастап, адаланып алған екен. Күлән екеуміз Құлжаға қайтып келісімізбен бұл жайытты Нәзипадан естідік те, өзі келгенде «дерттен аман-есен құтылғандығын» құттықтадық.

- Ауқанның көзін жоюдың сәті түспей қалды! - деп күбірлей жыламсырады Гүлсім. - Үрімжіге қашан кеткендігін естімей де қалыппыз!

Біз Құлжада көп тұрмай, Үрімжіге қайтқан бейнемен Ыбырайдың үйіне шығып алып, шекараның ұрымтал жолын іздестірдік. Ыбырай екеуміз бүркіт салып аң аулаған болып та, шекара бойымен көп жерді кездік. Бір түнде жаяу өтіп кетерлік қолайлы, күзет көзінен қиысырақ жер табылмады. Қарауыл төтенше жиы көрінеді. Маңайдағы коммуна мен ферма таратылып, коллектив малы мен жерін бөліп-бөліп жекеге көтертіп беруге кіріскен екен. Шекара түбінен жайылым жер бөліп алған сенімді малшы табылса, Күлән екеуміз соның үйіне мейманшылап барған болып, түн жамылып өте шықсақ деген дәмемен қар кеткенше іздестірдік. Күлән жүкті болып қалып еді, жаяу ұзағырақ ауыр жол баса алмаймыз. Ыбырайға шекара түбінен сенімді дос малшыдан ешкім шықпады. Бұл жағдайда шекарадан өтуге тәуекел етсек, біз де, Ыбырай да қатерге тап болатындығымыз көрінді.

Үрімжідегі қызмет орындарымыздың бізді іздеп-сұрастыратын уақыты да асып барады. Оларды алдарқата тұратын хат жазып жолдап қоюымыз қажет еді. Қалай да осы сапарда өз отанымызға өтіп алу мұқтаждығымыз, Ауқанның қатерін ескерген сайын асқындай түсті. Қай тұстағы шекарадан болса да тәуекел етпей болмайды! Ал, Совет шекарасынан бұл жақтың темір тырнағына іліне қалсақ сәл жеңілірек жазалануымыз үшін алдын  ала себеп-жауап дайындап қоюымыз тіпті қажет. Сондықтан хатымызды мекемелеріміздің «саясат тиянақтандыру» кеңселеріне қаратып, Ауқанның үстінен әшкерелеу-мәлімдеу ретінде жаздық. Амандығымызды, «жақын уақыт ішінде Үрімжіге қайтатындығымызды» айта сала, қандықолдың Іледегі зор қылмыстарына қосып, Күлән екеумізге қаратқан жасырын қастық әрекеттерін факттермен айқындап дәлелдедік. Екеумізді өлтірту үшін жемтіктес жендеттерінен екі-үшеуін осы Құлжадан ерте кеткендігін, біздің жаңа құралған үйімізді бара сала айландырған, тонаған да сол жендеттер екенін «осы Құлжаға келіп анықтағандығымыз» жазылды. «Партияның қамқорлығымен көзіміз енді ашылғанда соңымызға әлі түсіп жүрген қанды қастық бары естеріңізде болуы үшін мәлімдеп отырмыз» деп қана жаздық соңына.

Екі хатты Құлжа поштасынан жөнелтуді тапсырдық та, Ыбырайдың үйімен де қоштасып, автобуспен Шәуешекке аттандық.

Толыдағы достарға да, Дөрбілжінге де көрінбей өтіп, Шәуешек қаласында да ешкімге таныспай, тұп-тура мейманханаға барып орналастық. Әшкере көріскен достар болса оларды да пәлеге қалдыруымыз мүмкін ғой. Ертеңіне таңертең қарапайым киіммен өзім ғана көшеге шығып, әркімнен мұндағы көне достардың үйін сұрастырдым. Ең сенімді деген біреуінің үйі кешікпей табылды. Шет көшеде жеке аулада отырады екен. Туысқандарының барлығы Қазақстанға 62-ші жылы өтіп кеткендігін естігенмін. Жылап көрістік. Жолым болатындығы дастарқан үстіндегі алғашқы әңгімеден-ақ білінді... Сол күннің кешінде мейманханаға үй иесінің өзі кетті де, екі чемоданымызды екі қолына алып, Күләнді ертіп келді. Ертеңіне таңертең біз білетін жоғарғы Ергейтінің күнбатыс жақ тұсындағы «Шұбарағашқа» атпен кетті. Құдасы сонда мал бағады екен. Күн батпай қайтып келді.

Шәуешекке келуіміздің төртінші күні ымырт түсе, резенке дөңгелекті ат арба келіп тұра қалды қақпа алдына. Екеумізді ала жөнелді. Жер қарайған тегіс дала болса да, арба жолдан аумады. Екі жерде жөн сұраған постқа да «құда» мас болған әуенмен тілін шайнай атады атын. Ханзуша «қайтып келдік» деп қана өте шықты. «Бұл иттер менен қой жеп тұрады» деп күбірледі маған.

Арбамыз жалғыз отырған киіз үйлі малшының есік алдына тоқтасымен «шекара деген міне тұр!» деп сыбырлады. Шекараның керілген тікенді сымы мен бұл үйдің аралығы екі километрден көп аспайды екен. Тырбық ши мен сирек құрақты жазық дала. Біздің естігеніміздей жыртылып-маналанып үлгермепті. Жеңіл «джип», иә, мотоцикл қана тікенді сымды бойлап, әр жарым сағатта бір өтіп тұратындығын айтты малшы. «Таңға жақын, із түспейтін қатқақ уақытта күзет машинасының шырағы жақындағанша жетіп далдаланасыздар да ол өтіп кетісімен қатерден сіздер де өтіп үлгересіздер! - деді. - Тікенді сымның астыңғы жағында тамтық жоқ, үзік-үзік. Бірінен еңбектеп өте шығасыздар!»

1933 жылдың жазғытұрымында шешем екеуміз өткен тықыр жусанды дала, жоғары Тарбағатай жақта қалғанын, шолақ қана Бақты тауының оңтүстік тұмсығына жақын келгендігімізден білдім.

Жүрек арпалысқа түсті. Малшы үйінің асып дайындап қойған етінен жей алмай, екі шыныдан ғана шай іштік. Күлән сағатына қарай берді. Ол мені, мен оны ерлендіргендей қараса күлімсіреп қоямыз. Киіз үйдің төр жағында бейғам ұйықтап, үш бала жатыр. Әйелінде үн жоқ.

- Жамандық айтпай жақсылық жоқ, - деді малшының өзі. - Зәулі ғалам қолға түсіп қалсаңыздар, мына үш баланың шулап қалмауын азаматтығыңызға тапсырдық!

- Ар-намысымызға сеніңіздер, қолға түсе қалсақ, сіздерді, тіпті, бұл үйдің төбесін де көрмедік!  Өлсек те жауабымыз сол ғана болады!

Төрге салынған төсенішке киімшең қисая кеттік. Іле-шала шырақ та, от та өшірілді. Тыншымай қозғалақтай берген Күләннің көкірегін, оншалық біліне қоймаған ішін сипалай бердім. Жүрегі аса қатты тулап жатыр екен. Ол да менің көкірегімді сипап-сылаумен болды. «Сенің аман-есен құтылғаныңды көрсем екен!» деп күбірлейді. Ернінен сүйіп тыныштандыруға тырыстым...

- Ертерек өтіп алайықшы! - деп Күлән бас көтергенде, мен ытып түрегелдім. Сағат түнгі екі еді. Таң бозара қоймаған сияқты. Жым-жырт қараңғы түн. Күзет машинасының шырағы тұсымыздан өте бергенде далдаланып тұрған үй иесі тікен сымнан өтетін жолымды нұсқап көрсетті. Рахмет айтып қол бердік те жүріп кеттік. Күләшім тіпті жүйрік екен. Алдымызда екі жүз метрдей ғана жер қалғанда шағын бір топ құрақ далдасына менен бұрын жетіп отыра қалды. Әлгі машина қайта қайтып келе жатыпты. Он минутта өтті. Алдыға мен түсіп, топырақсыз қатқақ жермен жол бастадым. Астыңғы сымы үзілген цемент қада түбінен жер бауырлап өте шықтық. Он бес минуттай бұға жүгіріп барып, үлкен түп ши түбіне отыра қалдық. Шекара сызығының бұл жағына бұлық мүлде түспеген, шөбі өскелең, соны екен.

Совет одағының шекара күзетшілерінен ешкім көрінбеді. Бағытымызды шекарадан тағы да біраз алыстап алып белгілейік деген оймен түрегеліп, тағы да күнбатысқа қарай жүре бергенімізде бір сұр ит ыр ете түсті де, менің етегімнен ұстай алды. Біз дем алып отырғанымызда білдірмей келіп қоршаған үш-төрт ит екен. Алғашында қорқып қалсақ та, шекара күзетіндегі тәрбиеленген ит екендігін білдік те қымырламай тұра қалдық. Жауынгер ит етегімді қоя беріп, шоңқиып отыра қалды. Бұлардың енді өз заставына қарай жүрмесек талайтыны белгілі. Бірақ, қай жақта екендігін білмей, оң-солымызға қарай бердік. Иттер бұл жайымызды түсінгендей, бірі баяғыда Бақты бауырынан мен көрген застав жаққа қарай беттеп жүре берді де, менің қасымдағы ит, пальтомның шалғайынан тістеп, соның жүрген жағына қарай тартты. «Күләш, бері жүр!» дей сала жол бастаған иттің соңына түстім. Тістеген ит етегімді қоя беріп, соңымызға түсті. Екі жағымыздан екеуі, соңымыздан әлгі батыры қоршап жұп-жуас ілесті...

Ол застав недәуір алыста еді. Алдындағы өзеншелі сайға күн шыға жетіп түстік. Алдымыздан мылтықты орыс солдат шығып, тұра қалғанда иттер екеумізді қоршаудан босатып, өз жайларына кете берді. Біз өзен арнасынан өтіп, қыратқа шыққанымызда солдат орнынан қозғалмай, застав үйін иегімен нұсқай салды. Екі көзі шекара жақта. Арттарында қуғыншы бар ма дегендей бақылап тұр екен.

Әйнекті есіктен шыға келген қырма сақалды кексе орыс, өзі шыққан есікті нұсқады. Шағын ғана корридорға тоқтатты да:

- Кешіріңіздер, устав бойынша тінтуге тура келеді! - деп қазақша сөйледі. Мен жанқалтамнан алтыатарды өзім алып тапсырып, тінтуіне рұқсат еттім. Кексе орыс екеуміздің бойымызды түгел тінтті де, қызмет кінешкемізден басқа ештеңемізді алмай, чемоданымызды ақтарды. - Көшіп келген ұқсайсыздар, но, жол болсын, кімді іздейсіздер? - деп сұрады сонсоң.

Аты-жөнімді айтысыммен «тоқтап тұр, тоқтап тұр!» дей сала столына жүгірді. Бір дәптерді ашып қарады да маған үңіле түсті:

- Атың мен фамилияңды кім дедің?

- Атым Биғабіл, әкемнің аты Жаппар, біз фамилия қолданбаймыз.

Орыс енді күлімсірей қарады маған:

- Мына кісі кімің болады?

- Әйелім.

- Мына мылтықты қайдан алдың?

Алдыңғы жылы Ілеге қарай Азат шығарып сала шыққанда қарақшыдан тартып алғанымызды сөйлеп бердім де:

- Ол жақта қарақшы көп болғандықтан тастамай сақтап келдім! - дедім.

- Сіздер мына үйге кіріп дем алыңыздар! - деп түп жақтағы үйге кіргізді де, шешініп жайланып отыруымызды тапсырды. Іле-шала ақ халат киген жас орыс тамақ әкеліп столға тізді. Ет-сорпа, бөлке, бір бөтелке вино мен қуырған балық та кірді. Бір үйден кексе орыстың телефонда орысша сөйлеген дауысы естіліп еді. Менің аты-жөнімді қайталап екі рет айтқанынан біз туралы әлдеқайдағы бастығына мәлімдегенін ұқтым.

Аз уақыттан соң біз отырған үйдің қарсы жақ қабырғасынан теледидардың көгілдір экраны жалтырай қалды да, жалаңбас, қара шаш, ұзын жақты бір қазақ көрінді.

- Мына әйнектің алдына келіңіздер! - деді кексе орыс кіріп. Күлән екеуміз экран алдына барып, қатар тұра қалдық. Бізге үңіле қарады экрандағы қазақ. Сұр шинелінің екі иығында капитан дәрежелі белгісі бар екен. Әлдеқайдан бізді тексермек болып қарап тұрғанын біліп, ізетпен тұрдық. Қазақша қысқа ғана амандасып алып, менің аты-жөнімді сұрады. Жауап берісіммен алдындағы ұстел үстіне қойған қағазына қарап алып, сұрау қойды:

- Бұл жақта кімдерді іздейсіздер?

Қазақстанға 1962 жылы қайтқан шешем мен ағаларымның атын атадым да, әдрестерін білмейтіндігімді айттым. Жақын достар жағынан Жағда Бабалықов пен Халық Қасқырбаевтан бастап шұбырта жөнелдім сонсоң. «Бұлар Алматыда мәдениет министрлігіне қарасты орындарда болса керек. Негізгі кәсіптері сол салада болатын» дедім.

- Өзің қай кәсіпте едің?

- Өзім оқу-ағарту саласында едім. 59-шы жылы оңшыл қалпағын киіп, Такламаканға айдалып кеткенмін. Осы жақында ғана ақталып, бұрынғы өз орныма қайттым.

- Жә, бұл жақта ағаларыңыз бен достарыңыздан басқа ең жақын адамдарыңыздан тағы кім бар? - деп жымия сұрады капитан.

- 62-ші жылы шешеммен бірге өткен әйелім Мақпал мен ұлым Асқар бар еді. Мақпалдың басқа біреуге тиіп кеткенін естіп келе жатқандығымнан бұлардың атын сіз сұраған соң ғана атап тұрмын.

Көзін кең ашып аңыра қарады капитан. Аз ойланып алып сұрады:

- Ал, мына кісі кім?

- Бұл, менің ендігі әйелім. Аты Күлән. Бұрынғы әйелімнің жақын әпекесі. Қытайдағы мәдениет топалаңында мұның ері айдауда өлген. Менің ең жақын досым еді. Сөйтіп, екі үйімізден қалған екеуміз былтыр ғана бас қосып, тұрмыс құрдық...

- Ә...ә, қалған әңгімені... кейін... ұғысармыз! - деп капитан бұл сөзін үзе-үзе сөйледі. - Сіздің атыңыз менің тізімімде көптен бері бар. Бұл жақта сізді сұраушылар көп! Ал, бүгінше Мұқаншыға жетіп дем аласыздар! Ертең көрісерміз!

Теледидар өше қалды да, біз орнымызға келіп отырдық. Аздан соң есік алдына бір жеңіл машина келіп тұра қалды. Шоферы кіріп, бізге амандаса сала, «жүреміз!» деді. Чемодандарымызды өзі көтеріп шығып, бізді кабинкаға кіргізді.

Күн еңкейе Мұқаншыдағы бір қонақ үйге әкеліп орналастырды. Ақ халат киген күтуші қазақ әйел кіріп, ванналы жуыну бөлмесін көрсетіп шықты. Күлән екеуміз бірге кіріп жуындық. Күтушілерден екі-үшеуі, біз жуынып, киім ауыстырып шыққанымызша, кең ақ дастарқанды столға тағамдарын молынан қойып үлгеріпті. Бірақ, басқа ешкім кірмеді. «Бұл қала шекараға жақын болғандықтан әлі де жасырын қонақсыздар» деп қана ескерте кетті біреуі.

Күләннің қызыл шырайлы ақ жүзі сынық, белгісіз бір көңілсіздік байқала берді. Терезеден көрінген атамекеннің көз жетер жері мен аспанына ауыр салмақпен қарайды. Жазық маңдайының екі қасы арасына таяз ғана сызықша әжім пайда бола қалыпты. Бұл із түйіле ойланғанда ғана байқалатын. Аман-есен өткенімізге жеңілдеп қуанатын күні бұлай ауыр ойға түскеніне алаңдап қарай бердім.

- Мақпалымның алдында жүзқара болып қалар ма екенмін! - деп күрсініп жіберді бір кезде.

- Неге?

- Байқадың ба, таңертең теледидардан көрінген капитан сенен, «бұл жақта ең жақын адамдарыңнан тағы кім бар?» деп күлімсірей сұрады ғой, Мақпал мен Асқарды меңзеп тұрғанын мен де түсіне қалдым. Сен, ол екеуін алдымен атамаған себебіңді айтқаныңда капитан таңырқағандай бажырая қарап қалды саған. Өзіңді жиі сұрастырып тұратын негізгі адамың сол екеуі екендігін байқатты. Мақпал әлі де сені күтіп отырған болса, оған мен опасыздық істеген болып шықпаймын ба! Сені бар өмірін арнап күткен теңдессіз махаббат иесінің алдында... тірі Нұрияшымның алдында... егер олай болғанда... мен не болмақпын!

- Жоқ, саған кір жұғатындай мәселе жоқ! Оның жаттық болып кеткенін мен сенен емес, басқа жұртшылықтан естідім ғой. Бұл жайтты сен менен жасырып, оны қимай қаншалық жылағаныңды білемісің? Мақпал кеткен болса, өзіңнен басқа ешкімді сүймейтіндігімді айтып жүрсем де, «тірі Нұрияшың» үшін менен безіп қаншалық жүрдің?.. Бұл сенің опасыздығыңды көрсете ме!... Егер Мақпал мені адалдықпен күтіп отырған болса, мұндай сөз шықпайды!

- Жоқ, жоқ, оншалық қараңғы күмәннің орны жоқ, бұрыннан жоқ! Жасамыс капитанның жүз құбылысынан ұғып қалдым! Бірақ, қалай да Мақпалымның бетінен сүйіп, аяғын құшып, орнын беруге жетсем екен!

- Күләш, сен мұндай ауыр ойдан аулақ бол, қалайда енді сенен айырылмаймын мен!

- Жар дегенде жалғыздай көріп жүрген сіңлімнің тұнығын лайлап, соншалық ұзақ зарыға телмірген көзіне шөп салған болсам... Өзім кешірерлік қылмыс емес қой!

- Сен не ойлап кеттің, жаным-ау! - Құшақтай алдым. - Қой бос қиялды! Сансыз өлім, шексіз азаптан бір-бірімізге сүйеніп, әрең құтылып келгенімізде екеумізге ешкім мін таға алмайды! - Толы дастарқанды столға Күләнді құшақтай тартып әкеліп отырғызып, шампан құйдым. Ол бір жұтым ғана ішіп тоқтатты.

- Қойдым енді, маған алаң болма! - деп күлімсіреп, қауіп-күдіктен арылғандай бейне көрсетті де, басқа сөзге ауысты...

Бірақ, таңертең басын орамалмен таңып түрегелді. Қонақ үйдің әйел дәрігерді келіп тексеріп, «біраз ғана қан қысымы бар көрінеді» деп күбірледі де дәрі берді.

Түске жақын тікұшақтың бәсең тырылы естілді де, қонақ үйдің ауласына қонды. Терезеден қарай қалдық.

- Асқарым ғой мынау, дәл өзі, Асқарым! - деді Күлән, ұшақ есігінен шыққан бұйра шашты жігітке тігіле қарап тұрып. Соңынан түскен бейтаныс жас келіншекке екеуміз де үңіле түстік. Тікұшақтан одан басқа летчик қана түсті. Жігіт пен келіншек жүгіре кірді біздің нөмірге.

- Әке! Әке! - деп жігіт ұмтылып келіп мені бас салды да, бетімнен сүйіп-сүйіп алып тез ажырады. - Апа! Апатайым! - деп дауыстап жіберіп, Күләнді құшақтай алды сонсоң. Күлән Асқардың бетінен шөпілдете сүйді де, келіншекке қарады. Келініміз екен, бұл шақта бір тізесін иіп, маған сәлем етіп төмен қарап тұр еді. Күлән оған ұмтылып келіп құшақтап, батасын бере сүйді.

- Ал, тәтең қайда? - деп Асқардан Мақпалдың жөнін сұрағанымда, Күлән да қарай қалды.

- Үйде, аман! Киров атындағы университетте. Таңертең қызметіне кетіп еді. Екеуіңіздің келгендіктеріңізді бара сала естіпті. Жарым сағат өтпей қайтып келіп, бізден сүйінші сұрады. Үйдің дайындық жұмысына өзі қалды.

Күләннің жүзі күреңітіп, көз еті көп жылаған адамның көзінше ісініп қызара қалған екен. Екі баласын екі қолынан ұстап столға тарта берді. Ішкі қысылысын білдірмеуге тырысқанын сездім. Ұл мен келін дастарқаннан бір-бір бауырсақ ауыз тие сала асықты.

Екі чемоданымызды екеуі ұстап, келін Күләнді, Асқар мені қолтықтап, сүйемелдеп шығарды тікұшаққа.

Ұшақ тік көтеріліп, Алматыға қарап бет алғанда мен қасымдағы Асқардан көз алмай, қайдан оқығандығын, қазір не кәсіпте екендігін асыға сұрадым. Келін екеуі Абай атындағы институтты бірге бітіріп, Алматыдағы бір орта мектепке мұғалім болып бірге орналасқан екен. Менің көзім қазіргі бұйра шашты, жаңа тебіндеген балапан мұрты бар, шанағы кең қара көзді жас жігітте болса да, ойым 59-шы жылғы «еңбекпен тәрбиелеу орнының қара қақпасынан шешесінің зорлауымен шығып бара жатып, «әке, әке, жүй-жүй» деп қол соза шырылдаған кішкентай сәбиімде еді. Мұнарланып алған көзімнен жас парлай жөнелді. Дереу бекініп, басқа сұраулар қоя бердім. Шешем мен аға-жеңгелердің амандық ахуалдарын сұрағанымда Асқар, «бәрі аман» дей салды да, Биғазының балаларының үлкендері не кәсіпте екендігін, кішілерінің қай-қай мектепте оқып жатқандығын, кіші ағаның өз үйінің Алматыға жақын бір мал фермасында екендігін соза әңгімеледі. Мені білетін достардың өздеріне қаншалық көмектесіп, сүйемелдеп келгендігін сөйлеп кетті сонсоң. Жағда мен Халық оқу-ағарту министрлігіне Мақпалды келісімен таныстыра жүріп, университеттің өзі талап еткен химия кафедрасынан аспиранттық оқуға орналастырғандығын, «тәтесі» оны үздік бітіріп, сол кафедраның өзінде қызмет істеп қалғандығын, қазір доцент дәрежесіне көтерілгендігін айтты.

Күлән келіннің қасында басқа орындықта отыр еді.

- Апа, апа!.. Апа! - деп шыр ете түсті келін бір мезетте. Жалт қарасақ, орындық арқалығына шалқалап жатқан Күләнді құшақтап алған екен. Оның ауруы есіме сонда түсіп, ыршып бардым қасына. Маңдайы да қолы да суық. Арт жағымыздан жүгіре жеткен медбике көкірегіне тыңдағыш аспап қойып, бажырая қалды. Күләнді шалқасынан жатқызып шайқап, жүрегін әрекеттендіруге кірісті.

- Жерге түсір экипажды! - деп летчикке айқайлап жіберді аздан соң.

- Міне жеттік, жеттік! - Летчик те дауыстады. Тікұшақ үш қабат үйдің алдына қона бергенде жалтақтай қараған көзіме Мақпалдың шаралы көзі шарайнадай жарқ ете түсті. Екі баласының еңіреген дауысын естіп, елеңдеп тұр екен. Экипаж баспалдағына жармасып, секіре келіп кірді. Маған жалт-жұлт қарап жіберіп, шалқасынан жатқан Күләнді құша жығылды.

- Әпке, әпке! Қарашы маған, әпкетайым, бір қарашы! - Мақпал Күләннің екі иығынан құшып шайқай еңіреді.

- Сабыр етіңіз, жүрегі соғудан әлдеқашан тоқтаған! - деді медбике.

Мақпал екеуміз аман-сәлемсіз жыласып, өлі Күләнді көтеріп түсірдік жерге. Жеңіл көк машина жылжып келіп тұра қалды қасымызға:

- Бұл кім? Бұл кім? - деген Биғазының дауысы естілді. Сақал-шашы аппақ шал ыршып түсті кабинкадан. Мені тани қойып, құшақтай алды. Ағалы-інілі екі ақбас үн салып жылай аймаластық.

- Жә, сені тірілеріміз аман көрдік, берік бол! Барлық тілегіміз сен ғана болатынсың!

Мақпал одеяло үстінде жатқан Күләннің басын алдына алып жылап отыр. Мәйіт үстіне ақ жамылғы жауыпты. Оған қарай бергенімде кіші жеңгенің дауысы естілді. Оның келгенін білмей қалған екенмін. Бас салып, ол көрісті менімен. Ұзақ жылады, әлдекімдерді жоқтап, бар дауысымен боздады. «Тірі екеніңді білмей кетті-ау!» дегені құлағыма біз сұққандай естіліп, иығынан басымды көтеріп алдым. «Кім?» деп бажырая қарасам да шешемді жоқтап тұрғаны білініп, денем мұздап сала берді. Буыным құрып бүгіліп қисая бердім...

Есімді жиғанымда аппақ үйде, аппақ кереуетте, қалың құс төсек үстінде шалқамнан жатыр екенмін. Жеңгеммен сол көрісудің ертеңіндегі тал түстің күні тұп-тұнық терезеден көрінді. Аяқ жағымда қарсы қарап тұрған Мақпалдың ісініп қызарған көзі кірпік қақпай жарқырады. Телміре қарадым толықша жүзіне. «Көзін ашты! Көзін ашты!» деген қуанышты үні естілді. Екі жағымда екі дәрігер. Бірі укол аспабын жиыстырып, бірі жүрегімді тыңдап отыр екен. «Соғуы қалпына келді!.. Ақау жоқ, сауықты!» деседі.

Үй ортасындағы кең столда отырған көп адам үдере түрегеліп келіп қоршай қалды мені. Бірден қолымды алып амадаса берді. Шығыңқы шодыр маңдайлы, арықша, шұңғыл күлім көзді Жағда мен қалың етті, өскелең қою қасты, жуан бас Халық Қасқырбаевты айқын таныдым.

Шешен Жағда мен Халықтың айтқан көңілі, төккен жігері тыңайтып, Мақпалдың сипалай отырып киіндірген түгел жаңа киімін киіп түрегелгенмін. Достар қоршаған кең стол дастарқанында кішкене немеремді құшақтап, ахуалды сұрастыра отырып естідім.

Ана жылғы мені «суға кетіп өлді» деп хабарлаған өтірікші радионы естіп, алдымен шешем қаза болыпты да, екінші рет, «Такламаканда аштан өлді» деген хабар жарияланғанда үлкен аға - Бигелді қаза болыпты. Кейінгі естілген бұл қаза да аса ауыр тиді маған. Мені аштан өлмесін деп жастайынан байларға жалданған, көштен қалмасын деп оқуға беріп, киімім мен қағаз-қарындашым үшін ғана қарызданып құлға айналған аға-бауыр үшеуінің ең ауыр азап көтерген ең үлкеніміз осы Бигелді еді ғой! Шәуешек жамбылының сыртындағы тас жол шетінде менің аштан өлер шағымда аузынан жырып беріп, өзі аштан өле жаздамап па еді! Енді радиодан «аштан өлді» деген хабарым естілгенде жан үзіпті! 1962 жылғы халық осылай үркіп жатқанда мені Шыңжанға жалғыз тастап кеткісі келмей жылап-еңіреп, шекараға екі рет барып, екі рет қайтып, өтіп кеткен анасы мен бала-шаға үшін үшінші ретте өкіріп жіберіп әрең өткен жанқияр аға, ақырында мені аштан өлді деп естіп өліпті!.. Биғаділ «түрігім» ғой, менің сол күйігіме шыдамай, бала-шағасынан айырылып қалып тұрып, қызыл жеңділермен соғысып өлген!... Осы ауыр қазалардың үстіне Күләндай ардақты құрбандығымның қазасы қосылып, тынысымды тарылтып қайта талықсытып әкетіп бара жатты. Қонақтар арасынан ілбіп шығып, ауашарақ тұрған диванға әрең жеттім. Көзім шұбартып барып маңайым қараңғыланды. Аға-жеңгем екі жағымнан құшақтап, мені бар өмірін қия күтіп отырған Мақпалым бір тіземді, жалғыз ұлым бір тіземді құша шулағаны естілді бір шақта. Көзімді қинала ашып, алдымдағы екеуінің басын сыладым. Дір қағып еңіреп жатыр Мақпалым. «Әрең қалған біз үшін жасасаңшы!» дегені анық естілді. Диван арқалығынан басымды көтеріп алдым. Дәрігер сұйық дәрі әкеліп тұр екен. Ішкізе қойды.

Достар жарыса сөйлеп, сондағы радио хабарының «осы жаққа айлакерлікпен өтіп алған, белгісіз жаудың» тоқыған қаскүнемдік хабары екендігін жорамалдасты. Ойыма қона кетті бұл жорамал. Тұқым құртуға, ең жақын жанқиярларымды қырып бітіруге айланған осы суайт өтіріктер ғой!.. Тік түрегелдім орнымнан. Жылап тұрған келінімнің қолынан немеремді қайта алып, маңдайынан сүйіп-сүйіп алдым да иіскей түсіп, арлы-берлі жүріп кеттім. Аса ұзаққа созылған азаптан қайрап құтқарып келе жатқан егеспе мінезімнің құдіреті өзіме енді айқындала түсті. Денемді тік ұстап кең үйде тез-тез жүріп кеттім. Құлап қалмасын дегендей сақтықпен Мақпал жанасалап ере жүрді.

-  Бұл ұйысқан қаскүнемдердің өздерін де бір-бірден «қасқыр» жеп жатыр! - дегенімде екі стол толы достар жым-жырт тыңдай қалысты. - Шексіз апаттан өз табиғатындағы ерекше шыдамдылықпен ғана қалған жалғыз досым -  Күләннің да өлімі осы қастандық өсектен болды. Менің тірі қалуым жолында құрбан болды! Сол қаскүнемдердің бірнешеуі осында өтіп алған. Бұл жақтан тарқатылып сойқандап жүрген солардың өсегі! Енді өлмеймін, тірілерім үшін ғана емес, марқұмдарым үшін де жасауым қажет, енді толық сауықтым! - Жалт бұрылып барып, дастарқандағы еттен екі асадым. Достар ду күле қол шапалақтады. Мен шампан бөтелкесін қолыма алып, жарты стакан құйып алдым да отырғандардың бәрін тосқа шақырдым. - Қане достар, аға-бауырлар, ұрпақтарымыз - мына немере-шөберелеріміз өсіп-өрби берсін!

Дуылдай түрегелген достар менің қайта жығылғанымнан бері тұрып қалған рюмкаларын қолдарына түгел алып шақ-шұқ қағыстырып бірдей көтерді. Немеремнің маңдайынан тағы бір сүйіп, келінге ұстаттым. Келін тізе иіп сәлем етті...

Ертеңіне Күләнді жерлесуге барып, зират басына құран оқылып болысымен түрегелдім де көз жасымды төге, ағытыла сөйледім. Нағыз адамзатқа тән, бірақ, аса сирек бітетін моралдық ерекшелігі, адам баласына титтей зиянды іс істеп көрмеген адалдығы мен ақыл-ой алғырлығы өзіме бұрын көрінбеген поэзиялық дарынмен сөйленді (тыңдаушылар магнитафонға толығымен жазып отырған екен). 1961 жылы Такламаканның «Ділбар» атты қанды лагерінде қастандықпен аштан өлтірілген марқұм ерінің де, алдыңғы күні атамекен табалдырығынан мені өткізе сала өзінің де мен үшін, мені ажалдан қорғап-құтқару жолында бастарын пә тігіп жүріп қазаға ұшырағандықтары айшықты айқын тілмен жеткізілді.

«Бақыл бол құтқарушым, періштем! - деп боздап жіберіп бас қойдым топырағына. Жерлесуге келген үш жүздей адам түгел жылады. - Қалған бауырың мен балаларыңды, жиен-немерелеріңді өз жүрек-бауырым қатарында аялап-әлпештеп өтермін. Сағынышты өз ата-мекеніңнің топырағы өз жаныңдай жайлы, бауырмал, мәңгілік тозбас торқа болар, қамсыз ұйықта, аяулым!»

Магнитафонның өзіме тиген бір лентасын мұра ретінде қорғап сақтауды, үйге қайтып келісіммен Асқарға тапсырып бердім. Күләннің зорайтылған суретін жетілік асына дейін Мақпал жасатып үлгерген екен. Ең шебер мүсіншінің біреуіне образын жасап беруді тапсырып қойғандығын да айтты.

Бұл суретпен бұл мүсінге үйіміздің ең жоғарғы төрінен шешеміздің қатарынан орын сайланды. Тұнық қара көзінің астымен бізге күлімдей қарап, шексіз мейірін төгеді де тұрады!

 

Қисық көз, қытымыр тергеушім, сенен құтылдым ғой, мысқылсыз-сықақсыз, қысылыссыз-қымтырылыссыз, алатын өзек шындығымды енді айтайын: осы аяулыларымның да, менімен байланысты делініп өлтірілген мыңдаған таныс, бейтаныс марқұмдардың бәрінің де өліміне мен себепкер болдым. Бәрі де менің атыма таңылып азапты жолымда өлді. Сондықтан қылмыссызбын дей алмаймын. Бірақ, сол немемнің қай жерімде қай ісімде екендігін жиырма неше жыл іздеп, тауып бере алмадым. Кеңірдегіңіз шақылдап-шиқылдап өндіршектей бергеніңізбен өзіңіз де ешқандай шындыққа үйлесе алатын мәселе таба алмадыңыз. Бірер тамшысы болса да бірдеме табылса, тас шағып жатқан көмекейіңізге тамызып, құлағымды сақтайын деген үмітпен менің де тінтінбеген жерім қалмады. Бойымнан да, ойымнан да қылмысқа лайық ештеңе таба алмай қиналдым. Осы бір миллиардтың ішінде мені тексергендей шұқшия өшігіп тінткен ешқандай жауапкерің болмаған шығар. Бір ғана парқым, олар өтірікке мойындап жатқанда мен оған баспай, шынға жақынырақ бірдеме іздеп, жыныстық байланысымды да жайып салдым. Табылса осыдан табылар деп, былапыт екі-үш жезөкшенің қылмыс қапшығын да ақтарып көрсеткенім есіңізде болса керек (жас оқушылар мен кейінгі ұрпақтар, лажысыздықтан ар-ұяттан аттап өткен осы жайымды ғана кешіргей). Одан тауып бергенім де сіздің тандырыңызды жұмсарта алмады. Тағы да табар дегендей тіпті тақылдап тақымдай бердіңіз! Сізді қылмыспен қанағаттандыра алмайтындығымды содан білген соң тәуекел айтып өз жолыма түстім ғой.

Ақиқи қылмысым осы сапарларымда ғана айқындалды өзіме: менің сізді бастапқы өшіктіргенім, «бәріміз адамбыз ғой, теңірек жасайық» деген шыншыл пікірім болыпты да, құтырта өшіктіргенім, иесіз-арқа тірексіз әлсіздігім болыпты. Маған ұқсатып, зорлап байланыстырып өлтіргендеріңіз де түгелімен панасыз-отансыз, қып-қызыл жалашы шыншылдар болып шықпады ма? Шынға өтірік, бөлінгенге бөрі, саяққа таяқ, жалаңашқа жел қашанда, қай дәуірде де өш болып жаралыпты!

Мұнан соң адал еңбегім мен ақылы талабымды ешкім қойын дәптеріне қара бояумен қылмыс етіп жаза алмайтындығы анық. Олай болатыны, мен енді өз отанымдамын! Дүниеде өз отанынан айырылудан зор қылмыс жоқ екен!

СОҢЫ

Abai.kz


[1] Слиңбу (ханзуша) - қолбасшылық штаб.

[2] Тайуанға қамалып қалған Жаңжешыға елуінші жылдарда сызылған карикатураның сөзі.

[3] Төрттік топ - Жияңшын, Жаңшұншау, Уаңхуңуын, Яувынюан төртеуі.

[4] Шыңсыхуаң - Қытайдың Ғайсадан екі жарым ғасыр бұрын жасаған, тарихтағы ең қатыгез патшасы.

[5] «Төртті осы замандандыру» - ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті, мемлекет қорғанысын, ғылым-тихниканы осы замандандыру.

 

0 пікір