Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 3361 2 пікір 4 Қазан, 2022 сағат 11:56

Түлкі гиенаны қалай алдады?

Бірінші бөлім:  Әлем халықтарының ертегілері

Екінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Үшінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Төртінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Африка халықтарының ертегілері

(фульбе ертегісі)

Мына бір қызықты баян етейін...

Ертеректе, түлкі шөлдеп-шөліркеп, әбден әлсіреп, құдық жанына келеді. Сөйтсе, барабан басына қос шелекті мықтап ұстайтын жіп байланған екен. Түлкі жоғарғы шелекке отырып төмен түскенде, төменгісі жоғары көтеріледі!

Шөлін әбден қандырып, тамаша тойған соң шығайын дейді, бірақ шыға алмайды. Құдыққа бас сұға қараған гиена* су бетінен Айды және түбінде жатқан түлкіні көреді. Гиенаға тіл бітеді:

– Не істеп отырсың?

Түлкі Айдың судағы бейнесін нұсқап:

– Мына ірімшіктің жартысын жапырып жатырмын, ал қалған жарымын саған қалдырам, – дейді қуланып.

– Қалай түссем екен, а?

– Шелекке отырып! – дейді түлкі сыр бермей.

Содан не керек, гиена төмен түскенде, екінші шелек ішіне жайғасқан түлкі жоғары көтеріледі.

Міне, түлкі құдықтан шығып, ақымақ гиенаны сонда қалдырып кетеді.

*Гиена – Африка мен оңтүстік-батыс Азияны мекендейтін мысықтекті жыртқыш аң.


Еуропа халықтарының ертегілері

ҮШ АҢШЫ

(француз ертегісі)

Ерте, ерте, ертеде үш аңшы болыпты.

Екеуі – тыржалаңаш, ал үшіншісінің үстінде – лыпасы жоқ.

Аңшылардың үш мылтығы болыпты.

Екі мылтық – оқталмаған, ал үшіншісінде – мүлде оқ жоқ еді.

Аңшылар таңсәріде қаладан шығып, ұзай береді, ұзай береді, ұзай береді және де ұзай береді...

Олар орман жанынан үш қоян атып алады, бірақ соның екеуі ұстатпай кетеді, ал үшіншісі қаша жөнеледі. Олар қашып кеткен қоянды лыпасы жоқ аңшының қалтасына салады.

– О, тоба! – деді олар кейісті үнмен. – Қашқан қоянды қазанда қалайша қайнатпақпыз?

Сөйтіп, үш аңшы қайтадан жолға шығады.

Олар қаладан әлем алыстап, ұзай береді, ұзай береді, ұзай береді және де ұзай береді.

Сонан соң қабырғасы, шатыр-төбесі, есігі, терезесі, ештеңесі жоқ үйді көреді.

Үш аңшы үш дүркін қатты-қатты есікті қағады: тарс, тарс, тарс!

Үй иесі жоқ еді, бірақ ол:

– Кім-ей, бұл? Сендерге не керек? – дейді.

– Қолғабыс берсеңіз! Қыш құмыра қажет. Біз соған қашып кеткен қоянды қайнатсақ деп едік.

– О, тоба! Достар, менде үш-ақ құмыра бар: екеуінің түбі – тесік, ал үшіншісі – тіптен жарамсыз!


Африка халықтарының ертегілері

АҚЫМАҚ ҰЛ

(хауса ертегісі)

Ерте, ерте, ертеде бір әйел өмір сүріпті. Оның ақымақтау, ессіздеу, есерсоқтау, ешкімге ұқсамайтын бір ұлы болған екен.

Бірде, анасы оны ине сатып әкелуге жібереді. Бала инені алған соң, жолшыбай кебек толы себет ұстаған досын жолықтырады:

– Инені қайда салсам екен?

– Себетіме! – дейді досы.

Бала инені себетке салып, үйге жеткен соң қараса, әлгі зат жоқ, сөйтіп құралақан келеді.

– Ине қайда? – деп сұрайды анасы.

– Оны кебек толы себетке салып, кейін таппай қалдым!

– Әй, неткен ақымақ болдың, сен! – дейді анасы ашуланып. – Инені жейдеңнің жеңіне қыстыра салмайсың ба, ақымақ-ау! Сонда жоғалтпас едің.

Келесіде анасы ұлын майға жұмсайды.

– Ертерек кел!

Бала май сатып алып, оны жейдесінің жеңіне салып ап, үйді бетке алады. Межелі жерге жеткенше май еріп, жерге тамып-тамып, азғантайы ғана қалады.

– Май қайда? – деп сұрайды анасы.

– Еріп кетті! Қалғаны – мынау! – дейді бала басын қасып.

Анасы қатты долданып, айғайлап жібереді:

– Майды құмыраға салмадың ба, ақымақ бала-ау?! Сонда ерімей, бұзылмай жетер еді ғой! Келесіде сөйтіп істегін! Мақұл ма?

– Мақұл!

Бірнеше күн өткен соң анасы ұлын көршіден күшік әкелуге жұмсайды. Ол күшікті құмыраға салып, бетін нығыздап жауып қояды. Үйге жеткен соң анасы:

– Күшік қайда? – деп сұрайды.

– Құмырада!

– Тезірек аш! – деді анасы шошып.

Ашса байқұс күшік тұншығып қалыпты!

Анасы:

– Әй, неткен ақымақ болдың, сен! Күшіктің мойнына жіп байлап: «Жүр, жүр!» – деуің керек еді ғой. Сонда артыңнан еріп отырар еді.

Келесіде анасы баласын етке жұмсайды. Етті сатып алып, оны жіппен байлап: «Жүр, жүр!» – деп сүйрелей жөнеледі.

Иісшіл иттер етке шауып, жан-жақтан жабылып, оны жеп тастайды. Бала үйіне тек сүйектерді ғана әкеледі.

– Ет қайда? – деп сұрайды анасы.

– Міне ғой!

– Сен – асқан ақымақ екенсің! Расында да, ақымақсың! Айтар сөзім – жоқ! – деп анасы айғайлап жібереді. – Мынау ма, етің? Сүйек-саяқты ет деп жүрсің бе, байқұс бала?

– Өзің сөйтіп үйреттің емес пе?! – дейді ол бұртиып.

Анасы ашуланып:

– Енді, осыдан сені бір жерге жұмсамаспын!


Африка халықтарының ертегілері

 БІРЕУДІКІНЕ КӨЗ САЛМА

(амхара ертегісі)

Теводрос патша тұсында тойымсыз көпес өмір сүріпті. Тауарларды бір ғана жерден сатып алып, оны басқа жерге апарып саудалаған, сонымен жан баққан-ды.

Күндердің бір күнінде, ол өзен жағасына тоқтап, демалып, түскі асын ішіп, керілген керуенін зат-бұйыммен толтырып ары қарата жылжиды, сапарын жалғастырады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін сол жерде ақша толы әмиянын ұмытып кеткені есіне түседі.

Жеделдетіп артқа қайтады, іздегені – 100 бырр*. Сонда бір кісіні кезіктіреді. Бейтаныс жан:

– Не іздедің, саудагер? – деп сұрайды.

Ол:

– Ақшамды жоғалтып алдым! – деп жауап қатады.

– Ішінде қанша бар еді?

– 100 бырр!

Қуанғанынан бейтаныс бетінде нұр ойнап:

– А-а-а, онда табылды, табылды! Міне, ала ғой!

Көпес ақшаны санамалап шыққан соң:

– Негізі, 200 бырр жоғалтқам! Қалғанын қайтарғын! – дейді қабағын қарс түйіп.

– Олай болуы мүмкін емес! Мен 100 бырр ғана таптым! – деп таңданады бейтаныс.

Екеуі төрелігін айтып, ақ-қарасын ажыратып беру үшін Теводрос патшаға әділдік іздеп барады.

Әмірші көпестен:

– Қанша ақша жоғалтып алдың? – деп сұрайды.

– 200 бырр, мәртебелім!

– Ал, сен қанша тауып алдың? – дейді патша бейтаныс кісіге сұраулы жүзбен.

– 100 бырр!

Сонда әділ әмірші былай депті ғой:

– Ей, көпес! Егер сен 200 бырр жоғалтып алсаң, оны 200 бырр тауып алған адамнан сұра! Ал, 100 бырр тапқан жан, ақшаны өзіне қалдырсын! Әгәрәки, алда-жалда бір кісі 100 бырр іздеп жүр дегенді естісем, оған өзім-ақ төлеймін, пұлын.

Сөйдейді, ел!..

*Бырр (быр, бер) – ертедегі Эфиопия мен Эритреядағы Мария Терезия (Мария Терезия Вальбурга Амалия Кристина) талерының ең алғашқы атауы, сол уақыттағы ең құнды, ең беделді сауда тиыны. 1976 жылдан бастап бүгінге шейін бырр – Эфиопияның ұлттық валютасы саналады.

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!

Abai.kz

2 пікір