Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7714 0 пікір 21 Қаңтар, 2013 сағат 09:24

Cәкен Сейфуллин: «Мен Сәбит Мұқановты адам етіп едім. Ол мені осындай күйге душар етті. Жазықсыз басыма бәле салды»

Бұл сұрақ көптен бері қоғамның көкейінде жүргені рас. Біреулер КСРО Жоғары сотының үкімі шыққан құжатқа негізделіп, «Сәкен сталидік репрессияда қаза болды. ҚарЛагта оққа ұшып, Долинка кентіне жақын жерде жерленген» десе, біреулер тірі куәгерлерді тауып, «Қиыр Шығыста Магадан облысы Ягодный ауданында сүйегі жатқанын» айтады.

Сонда Алаштың аяулы арысы 1938 жылы атылған жоқ па?! Рас, дерек пен дәйек - екіұшты. Бірақ, бір анығы - Сәкен сүйегінің қайда қалғандығын, атылса қайда атылғандығын, жерленген жерінің қайда екендігін анықтау үзілмек емес. Ендігі ұрпақ «Сәкен деген халқымның рухы ғой, Рухтарды көмбейді қара жерге» дегенді жұбаныш тұтып жүре алмайды. Оны ұрпақтар әр дәуірде, әр ғасырда іздейді. Тарихи шындық толық ашылмайынша әлі де іздей бермек.

Осы мақсатта тоқсаныншы жылдары Сәкен Сейфуллиннiң сүйегiн iздеп, Магаданға барып қайтқан экспедиция жетекшісі, белгілі жазушы, ҚР Журналистер сыйлығының иегері, Жезқазған, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, тоқсан жастағы абыз ақсақал Апбаз Қаражігітовпен арнайы кездесіп, осы сапар жөнінде әңгімелеп беруді өтінген болатынбыз.

 

Бұл сұрақ көптен бері қоғамның көкейінде жүргені рас. Біреулер КСРО Жоғары сотының үкімі шыққан құжатқа негізделіп, «Сәкен сталидік репрессияда қаза болды. ҚарЛагта оққа ұшып, Долинка кентіне жақын жерде жерленген» десе, біреулер тірі куәгерлерді тауып, «Қиыр Шығыста Магадан облысы Ягодный ауданында сүйегі жатқанын» айтады.

Сонда Алаштың аяулы арысы 1938 жылы атылған жоқ па?! Рас, дерек пен дәйек - екіұшты. Бірақ, бір анығы - Сәкен сүйегінің қайда қалғандығын, атылса қайда атылғандығын, жерленген жерінің қайда екендігін анықтау үзілмек емес. Ендігі ұрпақ «Сәкен деген халқымның рухы ғой, Рухтарды көмбейді қара жерге» дегенді жұбаныш тұтып жүре алмайды. Оны ұрпақтар әр дәуірде, әр ғасырда іздейді. Тарихи шындық толық ашылмайынша әлі де іздей бермек.

Осы мақсатта тоқсаныншы жылдары Сәкен Сейфуллиннiң сүйегiн iздеп, Магаданға барып қайтқан экспедиция жетекшісі, белгілі жазушы, ҚР Журналистер сыйлығының иегері, Жезқазған, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, тоқсан жастағы абыз ақсақал Апбаз Қаражігітовпен арнайы кездесіп, осы сапар жөнінде әңгімелеп беруді өтінген болатынбыз.

 

«Ұлтымыздың аяулы ақыны, мемлекет және қоғам қайраткерi Сәкен Сейфуллиннің сүйегі шынымен Магаданда жатқанына еш күмәнданбаймын» деп әңгімені бастап кетті. Осы сыр-сұхбатты қаз-қалпында оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдiк.

«Қарағандылық бұрынғы саяси тұтқын Иван Николаевич Мудров Сәкенді 1940 жылдың наурыз айында Магадан облысының Ягодный селосынан қырық шақырым жердегі Горький кенішінде өз қолыммен жерледім» деп үнемі айтып жүреді екен. Осы хабардың ізімен И.Н.Мудровты ертіп Қиыр Шығысқа тоқсаныншы жылдары арнайы барып келгенбіз. Еріккеннен барған жоқпыз. Әйтпесе, Американың бер жағындағы қиян түкпірге баратындай не көрінді бізге?!

И.Н.Мудров қателеспеді. Өзі айдауда болған жылдарда көрген, тұрған жатақханалары, лагерь басшылары мекемелері орналасқан ғимарат, күзет орындарына дейін дәл тапты. Лагерь басшылары тұрған жерден жарты шақырымдай қашықтықтағы қорымды да, С.Сейфуллин жерленді деген жерді де көрсетті. И.Н.Мудровтың айтуынша, С.Сейфуллиннің өлгеніне, жерленгеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұрын тайганың қалың орманының шеті ашық алаңқай зират-қорымды қазір ну орман басқан. Аралап келеміз, әйтеуір, бір кездегі адам денесі көмілген сұпы, опырылған, ішіне түскен дене, топырақ сілемі байқалады. Аудандық кеңес төрағасы И.Силаев, аудан прокуроры, аудандық сот төрағасы және біздің топ мүшелері зияраттан 73 қабірді санап шықтық.

Бәріміздің назарымыз И.Н.Мудровқа ауған.

- Сейфуллиннің қабірі қай жерде? Мынаның қайсысы?-деп оған жабыла сауал тастадық. Бейбақ не айтарын білмей, көзі жасқа толып:

- Орман басып, шөп қаулап кетіпті. Дәл қазір мына көріністе Сейфуллиннің сүйегі мына жерде жатыр деп тап басып айта алмаймын. Әйтсе де, шамамен осынау тұстағы қабірлердің бірінде, қазып көрсек Сәкен Сейфуллиннің сүйегі табылып қалар,- дейді тағы да қобалжыған үнмен ол.

Нар тәуекелге басып ол сілтеген жорамал бойынша бір қабірді ашуға бел будық. Қаншама жылдар жер қойнында тыныштық тапқан сүйекті ақтарудың қиындығы қасіретінен де ауыр екен. Жаның түршігеді. «Ей, біздің қорлық-қиянатымыз, тартқан азабымыз аз ба еді. Енді көрде де тыныштық бермейсіңдер ме?!»-дейтіндей үрей буады көңілді. Кім екені беймәлім, тіршілігінде азап пен арманда кеткен жанның сүйегін ашу тауқіметі қасіреттің дәл өзі екен. Сай-сүйегің сырқырайды. Біздің іздегеніміз Сейфуллиннің сүйегі, соның асыл мүрдесі! Ал мынау ашылған алғашқы дене сүйегі - аяғына аты-жөні жазылып байланған тақтайшада - орыс есімі. Екіншісі де, үшіншісі де басқа кісі болып шықты. Одан әрі өлгендердің қабірін қаза беруге күш те, қаражат та жетпеді. Бұл әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Лажсыз кері қайтуға тура келді. Магадан қаласына келіп облыстық НКВД-і архивінде бірер күн мұрағат ақтарып, одан да С.Сейфуллин тағдырына байланысты ешбір дерек кездестіре алмадық. Осылайша салымыз суға кетіп, елге оралғанбыз.

Магадан облысына барған сапарымыз нәтижесіз, күпті көңілмен тәмамдалды. Өз қолыммен жерледім, қабірін тауып берем деген Мудровтың сөзінен нәтиже шықпады.

Бұдан кейін бізді тағы бір төтенше ойға жетелеген дерек - Сәкен Сейфуллиннің қазіргі Астана қаласындағы мұражайында кездескен бір құжаттан басталды. Алматы қаласы Фрунзе аудандық ЗАГС бюросының «Свидетельство о смерти І-Ф10 ғ205690 Сейфуллин Сакен (Сәдуақас) умер 9 октября 1939 года. Выдана Алма-Ата, Фрунзенский рай ЗАГС 12 июня 1957 г.

Директор гос. Архива В. Перровский» деген мемлекеттік мекеме атынан берілген анықтамасы.

Бұдан артық қандай құжат керек? Мұнда Сәкенді 1939 жылдың 9 қазанында өлді деп отыр. Айдай әлемге анық етіп, өлді деп сендіріп отыр. Нақты айын, күнін, жылын жазып отыр. Бұған кім дау айтады? Біреу оны өз қолыммен Колымада жерлейді. Мерзімін 1940 жылдың көктемі деп куәлік етеді. Ал, мына ресми куәлік басқаша айтып отыр. Бұған не деуге болады? Өз қолымен жерлеген Мудровқа сенейік пе, әлде мына ресми азаматтық хал акті бюросы берген анықтамаға сенейік пе? Немесе Сәкенді Қиыр Шығыста көрдім деген Түркімен жазушысы Қ.Деряевқа сенейік пе? Толып жатқан күмән...

Ал, енді осының бәрін былай сырып тастап, сол заманда-ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, қолына түскенді алып та, шалып та жығып жатқан НКВД архивіндегі С.Сейфуллиннің 11020 «қылмысты» ісін оқып тағы бір көрейікші. Басқаны қойып, оның өмірін қиған соңғы үкімді оқиық. Оның түпнұсқадағы орыс тіліндегі қалпын бұзбай оқып берейін:

«Приговор

Закрытого судебного заседания выездной сессии военной коллегии Верхного суда СССР от 25 февраля 1938 года г. Алма-Ата.

Председатель дивизионный военный юрист Горячев А. Д.

Члены: Алексеев П. А. И Миклев А. М.

Секретарь: Шапошников В. И.

Заседание открыто в 16 часов 40 минут.

Председательсвующий объявил, что подлежить рассмотрению дело по обвинению Сейфуллина Сакена в преступлениях предусмотренных ст. ст. 58-2, 58-7, 58-8 и 58-11 УК РСФСР. Председательствующимй разъяснил подсудимому сущность предъявляемых ему обвинений и спросил его, признает ли он себя виновным, на что подсудимый ответил, что виновным он себя не считает и не признает. Данные показания на предварительном следствии не подтверждает... Подсудимый: все это оговор. В антисоветской организации не состоял, никогда против Советской власти не шел, а также с Сокольниковым никаких связей не имел. То что, написаны в деле все лож и клевета.

Подсудимому было предоставлено последнее слово, в котором он сказал что на предварительном следствии себя оговорил признав виновным. Не выдержал бесчеловечных пыток. Утверждаю, что участником контрреволюционной организации никогда не был. Суд удалился на совешание. Председательствующий оглашает приговор - смертная казнь... 17.00. 3аседание закрыто.

Председатель:

Секретарь:»

Бұл дерек ойдан шығарылған жоқ. Нақты ақиқатқа, қолда бар құжаттарға, архив дерегіне негізделіп, Алматыдағы қауіпсіздік комитеті қолындағы жоғарыдағы көрсетілген қылмыстық іс дейтін құжаттарға сүйеніп жазылып отыр. Әрине, сұрапыл заманның сұмдық бейнесін аңғарып қана қоймай, жоғарыда келтірілген шешім сұмдықтың бейнесін анық ашып беріп отыр. Ұлтымыздың мақтанышы Сәкеннің тағдырын шешуге небәрі 20-ақ минут қана бөліпті. Бұдан асқан қатыгездік, зұлымдық бола қояр ма екен?! Адам емес, малдың өзін бауыздап өлтіру үшін де қанша уақыт кететіні белгілі ғой. Мұнда сол кездегі әміршіл-әділетсіз қоғамдағы адам тағдырының қандай қалыпта шешілгеніне көз жеткіземіз.

Орайы келгенде, 1990 жылы Көкшетаудағы «Оқжетпес» демалыс үйінде болған оқиғаны айтып берейін. Осы тұста Оқжетпес демалыс үйіне Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының президенті К.Сағдиев, Қазақстанның Мысырдағы елшісі Б.Тайжанов, бұрынғы премьер-министр қызметінде болған Д. Ахметовтің әкесі Кенжетай бәйбішесімен келіпті. Ондай қадірлі азаматтарға кім назар аудармаған. Әркімдер-ақ олардың сөзіне құлақ түріп, ұлағатты істерін, көрген-білгендерін естуге құмарта зейін аударады, құлақ тосады. Осындай күндердің бірінде Мысыр мемлекетіндегі Қазақстанның елшісі Болатхан Тайжановпен кездесу болатыны хабарлана қалды. Тәуелсіздік алған мемлекетіміздің шетелдегі сенімді, жауапты қызметтегі өкілімен кездесуге, шетелмен дипломатиялық байланыс қарым-қатынас жайлы, мемлекеттік саясат ұстанымы туралы оның ойын тыңдауға демалушы қауым ағыла барған. Әр сөзі біз үшін тың әлем, соны дүние. Өзі де ағып, шешен сөйлеп, тыңдаушыларды аузына қаратып алды. Сонымен, 1993 жылдың 17 маусымында «Оқжетпес» санторийінде Б. Тайжановпен кездесу өтті. Ол көсіле сөйлеп Мәскеуде оқыған кезін, әсіресе, туған елі, жері, келешегіне көз жүгірткен өзі қатарлы қазақ жастарының арманшыл романтикалық мұрат-мақсаттарынан туған «Жас тұлпар» қоғамдық ұйымының қалыптасу жайында сөз қозғап, сол кездегі пікірлес дос, қатар құрбылары, бүгінде халыққа есімдері белгілі Мұрат Әуезов, Әшірбек Сығаев тағы басқалары жайлы әңгімелеп берді. Сөз арасында «Жас тұлпар» қоғамдық ұйымының бағдарламасын да айта түсіп, сол кезде Қарағанды пединститутының профессоры, белгілі ғалым Әлімхан Ермековтің де есімін атап қалды.

Одан кейін Б.Тайжан әңгімесін былайша жалғастырды: «Осындай күндердің бірінде сол жылдарда Мәскеудегі белгілі беделді емхананың бірінде еңбек ететін жақын қарындасым: «Сені бізде емделуге жатқан бір үлкен қарт кісі шақырады» деді. Арнайы сол кісіге жолығуға іздеп бардым. Ол В. И. Ленинмен жүзбе-жүз кездесіп, еліміздің тағдыры, тәуелсіздігі, атамекені, жері туралы келелі мәслихат құрған белгілі қайраткер, атақты профессор, ғалым Әлімхан Ермеков екен. Көп сейлестік. Әңгіме «Жас тұлпардың» мақсат-мүддесіне, бағдарламасына қатысты өрбіді. Сол кездесуімде аяулы Әлекең еліміздің талай айтулы арыстарының, сталинизмнің кезінде өз басынан өткен жазықсыз жапалы жылдар тақсыретін, көрген қорлық, қиянат, озбырлығын, халық жауы атанып итжекккенде болғанын да сөз еткен еді.

- Біз не көрмедік, - деді Әлекең. Сол зұлматты, жастар, сендер көрмеңдер. Өрімдей өмірлеріңе қиянат таңбасы басылмасын. Мен сол жылдарда итжеккенде Сәкен Сейфуллинмен бір түн бір камерада бірге болдым. Есіл ер: «Мен Сәбит Мұқановты адам етіп едім. Ол мені осындай күйге душар етті. Жазықсыз басыма бәле салды. Егер тірі көрер болсаң, осы аманатымды халыққа жеткіз» деп еді. Мұны сендерге әдейі айтып отырмын. Өмірлеріңде қиянатқа, өтірікке, жалғандыққа бармаңдар. Адам баласына нақақтан бәле салмаңдар», - деді. Бұл 1966 жылдың ақпан айы еді, - деді Б. Тайжанов ағынан жарыла сөйлеп. Мына сөз әркімді-ақ ойландырып тастады. Әсіресе, ардақты адамның сүйегін іздеп Қиыр Шығысқа барған маған еткен әсері тіпті басқаша еді.

«Апыр-ау, қарағандылық И. М. Мудровтың айтқаны, Қ. Деряев айтты деген деректердің, Апматы қаласы Фрунзе ауданы ЗАГС бюросы берген анықтаманың рас болғаны ма?! Осы сөздер мен пікірлер арасында қандай қарым-қатыс бар деген ой мазалай берген. Бірақ, Б. Тайжановпен «Оқжетпесте» қайта кездесудің сәті түспеді. Ол демалыс мерзімі аяқталып, кетіп қалыпты. Осы ойды күпті еткен Б. Тайжанов айтқан дерек жайында осы уақытқа дейін үнсіз қалуымның басты себебі - Сәкен Сейфулиннің жетпіс жылдық тойы кезіндегі мына мәселелерге байланысты еді. Осы мерейтойды басқаруға С. Мұқанов келген. Ол кезде Жаңаарқа жерінде Сәкеннің қатар өскен, онымен бірге жүрген көзі тірі замандастарының да бірсыпарысының бар кезі. Солар атақты Сәбеңе Сәкеннің тағдырына байланысты ауыр-ауыр сөздер айтып, кінәлар таққан. Бірақ, қазақ өнерінің белгілі алыбы Сәбең Сәкен Сейфуллин тағдырына қатысты өзінің адалдығын айтып, көпшілікті сендірген. Енді мына жағдайды қайта халық алдына жариялап айту маған үлкен салмақ салды. Өйткені, менің қолымда осы ойды күпті еткен - Сәкен өміріне қатысты мәселелер туралы айғақты нақты куәлік қағаз жоқ. Мұның бәрі ауызша сөзге құрылған. Сондықтан, халықтың сүйіктісі болған Сәбит Мұқановтың абыройына, беделіне нұқсан келетіндей әңгіме айтуыма батылым жетпеді.

Соңғы жылдары Сәкен жайында әлі де болса халықтың ойынан кетпей жүрген деректі әңгіме жалғаса түсуде. Соған орай осы соңғы әңгімені «Оқжетпес» санаторийінде әңгімелеген Б.Тайжановты іздестіріп, Ә.Ермековтің айтқанын анықтауға кірістім. Б.Тайжановты республика сыртқы істер министрілігі арқылы соңғы қызметі мен тұрған мекеніне дейін анықтап таптым. Өзімен бірнеше рет телефон арқылы хабарластым. Ол бұл айтқан әңгімесін жоққа шығарған жоқ. Менің жазған хатыма жазбаша жауап беруді өтінгенімде ол қазір кітап оқып жатқанын, қолы тимейтінін, кейін уақыты болғанда жауап беретінін де айтқан. Онымен тоқтамай, мен кезінде «Жас тұлпар» қоғамдық ұйымының мүшелері болған кіші М.Әуезов, Ә.Сығаевтармен телефон арқылы хабарластым. Атақты ғалым Ә. Ермековпен кездесуде жоғарыдағы әңгіменің болғанын, бекітулерін өтіндім. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің перзенті Мұрат Мұхтарұлы телефонмен сөйлескенімде, Ермековпен мұндай әңгіменің болғаны, Әлекең сондай сөзді айтқаны анық есімде деді. Ал, Ә. Сығаев мен ондай әңгімені есімде сақтамаппын деп жауап қатты. Қандай өкінішті еді. Сәкен Сейфуллин сияқты ел қадірлісінің тағдырына қатысты деректі бірі ұмытса, бірі есіне алады. Әрине заман, уақыт үкімі әрқалай да сөйлетіп тұрған шығар...

Таласы жоқ, С. Сейфуллин ел жүрегіне махаббат оты болып жанып қалған өшпес тұлға. Деректің екіұштылығы да күмәнділігі тағы бар. Аңыз, қауесет, оның опат болуы мен атылуы, өлімі туралы жоғарыдағы айтылған жәйттар көп күмәннің арқауы. Ендеше, оның анық-қанығына жету біздің ұрпақтың азаматтық борышы!

2011 жылдың желтоқсан айында Жезқазған қаласында халықтың сүйікті перзенті Сәкен Сейфуллинге жаңа ескерткіш қойылды. Ескерткішті қою салтанатына қала басшылығы, белгілі ғалым-зерттеушілер, Сәкеннің туысы Мәжиттің бала-шағасы, жақындары келіп қатысты.

Осы ескерткішті ашу салтанатында ғалым Тұрсынбек Кәкішев Сәкеннің шығармашылығы, қоғамдық өмірдегі атқарған еңбегі жайлы халыққа аз-кем әңгімелеп берді. Бірақ, бір өкінішітісі - С. Сейфулиннің сонау Қиыр Шығыста Магадан облысында Ягодный ауданында сүйегі жатқанын ең болмаса бірауыз сөзбен де еске түсірмеді. Белгілі ғалым, Сәкеннің өмірін зерттеуші болып жүрген азамат ұлы тұлғаның жазықсыз қасірет уын ішіп, Қиыр Шығыста опат болғанын дәйектеп, ең болмаса бірауыз сөз де айтпады. Бұл Тұрсынбек Кәкішев сияқты өз өмірін Сәкенді зерттеуге арнаған адамға лайық іс емес. Әлі есімде, бір жылы менің Сәкеннің сүйегін іздеп Магадан облысына барған экспедицияны басқарғандығымды естіген ол үйіме келді. Көп әңгімеден кейін Сәкен жайында айта отырып, оның 1938 жылы 25 ақпанда жоғарғы соттың үкімімен атылып кеткенін тілге тиек етті. Мен Т.Кәкішевтің ол пікіріне қосылмайтынымды, оның қате екенін қанша айтсам да иландыра алмадым. Сөйте отырып ол мендегі Сәкен жайындағы деректерді, әсіресе, Сәкеннің Қылмыстық ісі бойынша және Магадандағы кезінде кездескен адамдардың естелігі жазылған бірсыпыра деректерді өтініш етіп менен сұрап алды. Мен Т.Кәкішевке сол деректерді өз қолыммен табыс еттім. Тағы да Тұрсеке, бұл деректерді сақтаңыз, сізден басқаға бермес едім, сізге лажым жоқ бердім дегенімде, ол бұл деректер жоғалмайды деп уәде етіп еді.

Мен еліміздің аса аяулы перзенті Бауыржан Момышұлының Мағжан Жұмабаев туралы дерегін естігенде, оқығанда соншалық тебірендім. Қас батыр сонау Колымада Мағжан Жұмабаевпен кездесіп, сәлем беріп, оны өзінің бетіне қаратқан да Мағжанның: - Маған таянба, келбетің келген жігіт екенсің, қырсығым тиеді,- деген сөзіне дейін жазып қалдыруы тамаша еңбек! Ал, біздің ғалым Т.Кәкішев болса, сол баяғы "КСРО жоғары сотының үкімі шыққан күні Сәкен атылып кетті» деген сөзден қайтпай келеді.

Расында да, біз сол замандағы сонау түркімен жазушысы Қыдыр Деряевтан бастап, өзіміздің Әлімхан Ермековке дейін аттары елге белгілі тұлғалардың Сәкен Сейфуллинді Колымада М.Горький атындағы алтын кенішінде көргендерін әңгімелегенін жоғарыда айттым. Бұл Сәкен Сейфуллиннің Колымада болғанын анықтайтын нақты шындық деректер. Енді келіп Т.Кәкішев сияқты ғалымдар оны бекерге шығарады. Атылып кетті дейді. Болды! Неге ол сонау КСРО Жоғарғы сотының үкімімен Сәкенді 1938 жылы атылып кетті деген жалған пікірден қайтпай отыр? Сәкеннің сүйегін іздеген экспедицияның құрамында болған Шәкизада Әбілдинге неге өз пікірінен қайтпайтындығын айтып қайта-қайта қасарыса береді? Сонда жоғары есімдері аталған қаншама беделді де, абыройлы азаматтардың сөзін жалған етпекші ме?!

Мен өз басым С. Сейфуллиннің сол Ягодный топырағында жатқанына еш күмәнданбаймын. Сәкеннің сүйегі сол жерде жатыр. Оған халқымыздың, еліміздің ар-намысын жоқтайтын азаматтық құдырет іздеу салса, бұл сүйектің табылатыны сөзсіз. Енді оны туған жер топырағына келтіру, арысымызды ардақтау, ол үшін маңдай тері ғана емес, жан ұшыра еңбек ету -бүгінгі еліміздің басшыларының мойындағы аманат, борыш! Ендеше, оның сүйегін іздеу ол үшін арнайы экспедиция ұйымдастыру бүгінгі ұрпақтың, жаңа үкіметіміздің ізгілікті борышы деп есептеймін!»

 

Жазып алған - Дулат Аманжол

Қарағанды

Abai.kz

0 пікір