Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Аласапыран 3841 7 пікір 3 Қазан, 2022 сағат 11:13

Путиннің соңғы қаруы

Путин Украинаға соғыс ашқалы бері орыс әскері елдің су және атом электр станцияларын бомбалап, негізгі энергия көздерін істен шығаруды көздеді. Зеленскийге жақтас болып отырған Еуропа елдеріне де мұнай мен газын рубльмен сататынын айтып, шартына келіспегендеріне есігін «тарс» жапты.

Қыркүйектің 27-күні жарылыс салдарынан Польшаға таяу маңдағы 80 метр тереңдіктегі «Солтүстік ағын 1», «Солтүстік ағын 2» құбырларының істен шыққаны мәлім болды. Дәл сол күні Норвегия газы Дания арқылы Польшаға жеткізілген еді. Жарылысқа Ресей мен АҚШ бір-бірін айыптауда. Шетін оқиғадан кейін Еуропада газ бағасы 20 пайызға қымбаттап барып тұрақтады. Кремль стратегтері «Қыста газ бермей қатырсақ, Еуропа халқы ереуілдеп, украиндарға көмек беріп отырған билігін орнынан кетіреді» деп есеп құрған еді. Ресейдің орнын Норвегия басқаны, одан тыс Еуропаға Алжирден, Әзербайжаннан, Либиядан, Қытайдан, Америкадан газ ағылып жатқаны, уақытша тоқтап тұрған атом электр станциялардың қайта іске қосылғаны белгілі болды. Путиннің энергия қаруы, газ бопсасы да ол күткендей нәтиже бермеді.

Луганскі, Донецкі, Запорож, Херсон қатарлы төрт облыста қыркүйектің 23-і мен 27-сі аралығында өткен референдум нәтижесін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы, Еуроодақ төрағасы, Ақ үй басшысы қатаң айыптады. Олар қауіптенгендей Путин 30-қыркүйек күні құжатқа қол қойып, аталмыш төрт облыстың Ресей құрамына өткенін, керек болса ядролық қару қолданудан тайынбайтынын мәлімдеді. Маскеуде салтанатты жиналыс өтіп жатқанда украин сарбаздарының Лиманды қоршауға алғанын барша әлем білді. Айтып-айтпай Путиннің қолында енді соңғы қаруы – атом қаруы ғана қалды.

2000-2004 жылдар аралығында орыс үкіметін басқарған Михайл Касьянов Англияның «The Sun» газетіне берген сұхбатында Путиннің тағдыры алдағы үш айда, жаңа жылға жетпей шешіледі деп болжам жасапты. Оған үш түрлі уәж келтірген: «Біріншісі НАТО мен АҚШ-тың әскери көмегі украин әскерінің соғыс қуатын еселеп арттырған. Екіншісі Путиннің моблизиациясы ел ішінде дүрбелең тудырып, оған көзсіз табынғандардың сеніміне селкеу түскен. Үшіншісі Батыс санкциясы салдарынан кері кеткен экономика». Путин соны сезгендей Бастысты атоммен қорқытуда. Алда-жалда дүниежүзілік атом соғысы бола қалса атом дауылы жер шарын 10 күнде шарлап өтіп, планетамыз суық материкке айналады екен.

Қазір әлемдік ақпарат құралдары «Путин шынымен атом қаруын қолдана ма?» деген мәселені талқылап жатыр. Қолданған жағдайда бірінші нұсқа Ресейге қосылған төрт облыстың әуе кеңістігінде жаруы мүмкін, екінші нұсқа Американың Хросимаға атом бамбасын тастағаны сияқты Киевті нысанаға алмақ. «Жойқын жарылыс салдарынан кем дегенде 90 миллион адам мерт болуы мүмкін» дейді білгіштер. Сенбі күні НАТО-ға мүше елдердің басқосуынан кейін әскери ұйым хатшысы Йенс Столтенберг Путин атом қаруын қолданған жағдайда, қайтарма соққы беріп, атом базасын, қоймасын істен шығарып, әскери әлеуетін бір жолата күйрететінін мәлімдеді.

Байденнің алдында да екі түрлі жоба жатыр екен. Оның бірі атомға атоммен жауап беру, екіншісі «Әл-Қайда» мен «Ислам мемлекеті» террористер ұйымының атамандарының көзін жойғандай, Путин соңғы қадамға барғанша командасымен бірге көзін құрту. Әскери сарапшылар Атом қаруын қолдану ел ойлағандай шамаданды ашып, бір тетікті басудан тұрмайды дейді. Президенттің басқа да шешімдері сияқты алдымен қолы қойылып, базаға бұйрық түсіріліп, бағыты белгіленіп, содан барып іске қосылмақ. Американың ұшқышсыз ұшақтарына осы уақыт жеткілікті екен. Украинаны тегін интернетпен қамдаған Илон Маск те Путиннің атом бомбасына қате мәлімет беріп, жолынан, бағытынан тайдырып Путиннің өзінің төбесінен түсірем деп отыр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір