Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 2483 4 пікір 2 Қазан, 2022 сағат 16:29

Сұлтан Раев Ян Вильмуттің «жаназасын шығарды»

Қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Кашаба» повестін аяқтап, «Топон» романын оқуға кіріскенімді өткенде жазған болатынмын. Сонымен, екі күн (күндіз оқуға қол тимейді, сондықтан екі түн десем де болады) ақтарып отырып, «Топонды» да тауыстым.

Қарапайым сұрақ: «Топон» қызық роман ба?

Романнан алған әсерімді суытып барып осы сұраққа қысқаша жауап жазғанды жөн көріп отырмын.

Біз әдетте жақсы бір кино немесе кітап оқысақ, жұрт оны «қызық па екен?» деп сұрайды. Көргенің мен оқығаның қызық болса, әрине, «қызық» деп жауап бересің. «Топонның» қызығы сол – роман-притча авторы оқырманын «Нұқ пайғамбардың кемесіне салып алып» ұлы су басқан мекеннің әлдебір қиырындағы таз төбел аралға апарып тастайды.

Нұқтың орнында – құдайшыл тақуа Кхэ. Кхэнің қасында әйелі Ман, ұлы Этих, қызы Дуна ғана болады. Аң, құс өзге де тіршілік иесінен ада аралға Тәңірдің жебеуімен табан тіреген Кхэ балаларына самолет, поезд, компьютер дегенді ұқтыра алмайды. Олар тіпті Құдайды да танымайды. Кхэ «Құдай» десе ұлы мен қызы «ол эмне?» деп сұрайды. Кхэнің бір Жаратушыға деген сеніміне әйелі Ман ғана ортақтаса алады.

Бұлар аралда тұра береді. Ұлы судың толқынымен жағаға нешетүрлі заттар шығып қалып жатады. Кхэ оларды іске асырып, лашық тұрғызады. Бір күні толқын жұмбақ сандықшаны жиекке лақтырып тастайды. Сандықтың ішін ашып қараса, сурет пен кітап бар екен. Кхэ кітаптың бетіндегі таңбаларды таниды бірақ құрастырып оқи алмайды. Содан ол шағын ғибадатхана салып, суретті соның төріне іліп тақуалығын жалғастыра береді.

Этих ер жетіп келе жатады. Бір күні толқын Этихке резеңке әйелді әкеліп «сыйлайды». Ер жете бастаған Этихтің ермегі сол резіңке әйел болады.

Дуна да бой жете бастайды. Кхэ болса балаларын Құдайды тануға үгіттеп, зар кешумен жүреді. Кхэ мен Ман бұрын өздері өмір сүрген уақытты «арғы дүние» деп, қазіргі өмірлерін «бергі дүние» деп атап алған.

Арғы дүниеде Кхэ адамзат арасындағы жалғыз Құдайшыл адам болады. Оның қарсыласы Ян Вильмут – генетик ғалым. Естеріңізге сала кетейін, Ян Вильмут өмірде бар адам. Ол сүтқоректілердің клеткасын ауыстырып, жаңалық ашқан генетик-ғалым. «Құдай жаратқан адамның жасапмапздық қуаты таусылып барады, сондықтан адамды клондау арқылы оны кемелдендіруге болады» деп жүрген ілімнің иесі. Сұлтан Раев «Топон» романында Янның осы іліміне қарсы шығады және оны «өлтіреді». Өлер алдында «жаңа адамдардың» Жаратушысы – Ян «Кхэ келіп менің жаназамды шығарсын» деген өсиет қалдырады. Амал жоқ, Кхэ Янның жаназасын шығаруға барады. Дәл сол жерде тұтқындалады. Кхэні айқыш ағашқа асып жатқан кезде дүниені топан су басады. Сөйтіп Құдай жаратқан пенделерді қырып-жойып билікке жеткен «жасанды адамдар» топан судың астында қалады.

Кхэ – жиынтық образ. Оның құдайсыздармен күресінен Иса пайғамбарды, "жасанды адамдардың" әлпетінен Лұт пайғамбар заманын, Кхэнің аралда отбасымен ғана қалуынан Нұқты, аралдағы азапты өмірінен Аюп пайғамбарды көреміз. Автор Кхэнің азабын пайғамбарлардың киелі кітаптарда баяндалатын азабынан да асырып жіберген. «Топоннан» «Жүзжылдық жалғыздықтың» да сарыны байқалады.

Кхэнің құдайсыз ұлы Этих қарындасы Дунаға аяқ салады. Дуна Этихтен мүйізді бала туады. Этих анасы Манды да оңашада зорлап, жүкті қылады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Ман ұлы суға батып өледі. Ал Этих толқын жағалауға әкеліп тастаған айрық ағашқа Кхэні таңып, мүйізді баласы екеуі оны мұхиттың түбіне бір-ақ атады.

Романист Сұлтан Раев кино әлеміндегі сұмдық режиссер Ким Ку Дук сияқты. Ол кейіпкерлерін де, оқырманын да аямайды. Бірақ терең ойға батырады. Тазарудың жаңа нұсқасын ұсынады. «Пайғамбарлар енді қайтып келмейді» деседі. Алайда адамзатқа төніп келе жатқан зұлматты Тәңірлік Ыйық рухында сезіндіретін ендігі миссия иесі – қаламгерлер. Сұлтан Раев сол санаттағы жазушы.

Пысы: Айтпақшы, Нұқтың жолы романда бәріміз білетін хикаяға жалғаспай, өзгеше аяқталады. Кхэ су түбіне кетеді. Неге деп ойлайсыздар?..

 

Дәурен Қуат

Abai.kz

4 пікір