Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4395 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 10:30

Сөздің азы мен көбі

«Түу, Бекежан, сен сөзді бөле бердің ғой?». «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбай ауызымен айтылатын осынау бір ауыз сөзді бүгінгі қаламгерлер сыншылар мен журналистерге қаратып айтса, жарасатындай. Байтал түгілі бас қайғы мына заманда, әдебиеттің көсегесі бір көгермей-ақ қойғанын сөз өнері жайлы жазатын қауым (сыншылар мен журналистер) жалықпай айтып-ақ жүр. Әсіресе, албырттықпен батыл сөйлейтін жастар жағы. Біз де бүгін сол Бекежандыққа салып, аға буынның прозасы туралы інінің жазған соны пікірлері мен жас өреннің әдебиет қақпасына енуі хақында риясыз сөзді назарларыңызға ұсынып отырмыз, қой асығы демессіздер...

«Түу, Бекежан, сен сөзді бөле бердің ғой?». «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбай ауызымен айтылатын осынау бір ауыз сөзді бүгінгі қаламгерлер сыншылар мен журналистерге қаратып айтса, жарасатындай. Байтал түгілі бас қайғы мына заманда, әдебиеттің көсегесі бір көгермей-ақ қойғанын сөз өнері жайлы жазатын қауым (сыншылар мен журналистер) жалықпай айтып-ақ жүр. Әсіресе, албырттықпен батыл сөйлейтін жастар жағы. Біз де бүгін сол Бекежандыққа салып, аға буынның прозасы туралы інінің жазған соны пікірлері мен жас өреннің әдебиет қақпасына енуі хақында риясыз сөзді назарларыңызға ұсынып отырмыз, қой асығы демессіздер...


Құлақтан аздырып, көңілден семірткен сөз

Қазақ прозасы туралы ұзақ ойланып, ойымыздың ұшар басына шыға алмадық. Бұрнағы жетістіктерін толғап-толғап айта алғанымызбен, бүгінгі қазақ прозасы дегенде, тосылып қалуымыздың себебі не екен? Проза деген соқталы жанрдың өкілдеріне өз бағасын беріп, орның мынау деп көрсететін жағдайымыздың жоқтығы да себеп шығар. Әдебиетіміздегі сан алуан жанрлардың іргетасын қалаған тұлғаларымыздың өмірі қандай қиындықта өткенін елестете алмаймыз. Себебі, олар әр алуан жанрда еңбек етіп, соның нәтижесін көріп кетті. Ал біз бір ғана жанрда еңбек етсек те (егер шынымен еңбек етіп жүрген болсақ), әлі де шекесін қыздыра қойған жоқпыз. Және олардың басына төнген қатерден біздің бас аман. Бірақ біздің жанымыз қатерде. «Шұғаның белгісі» деген повесті жиырмаға жетер-жетпес жасында жазған Биағаңның біз сияқты бітірген жоғарғы оқуы бар ма еді?! Ұрпақтар сабақтастығы болатынын ескерсек, «Жазушы үшін өз заманының шежірешісі болу - бақыт», - деген Бальзактың сөзіне қарағанда, қаламгерлердің шығармалары арқылы әр кезең хронологиялық тізбекпен әдебиетте көрініс табуы керек. Біз айтпасақ та белгілі, қазақ прозасы қай жерден басталғандығы, кімнің не жазғандығы. Тек қалай жазды соны саралап, сараптау кемшін тартып тұрған кез. Проза дегенде, шұбырта жазған сөйлемдерден басқа, көз алдыңа келетін портреттер мен пейзаждардың заманын ықылым деп атайтын болдық. Өйткені, қазір ешкім кейіпкерінің түрін айтып, жердің жүзін суреттемейді. Бұл тіпті, қазірге прозаның міндетіне кірмесе керек. Сонда қазіргі прозаның міндеті не? Біздің бәріміздің атын ғана естіп, затын көрмеген постмодернизм мен модернизміміз қайсы? Кім қай бағыттың өкілі деген, жауабы жоқ сұрақтардың астында қаламыз. Модернизм деген бұрынғы қалыптасқан тәсілге келмейтін, басқа соқпақпен жүрген шығарма. Бірақ тамыры сол әдебиеттің негізінде
жатады.

Қазақ прозасындағы модернизмнің басын М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсімен», М.Әуезовтің «Қаралы сұлуымен» байланыстырамыз. Бұл шығармалар кеңес өкіметі күш алмай тұрғанда жазылған. Кейін осы бағытта шығарма жазуға тыйым салынып, кеңес өкіметінің идеологиясын жазу ғана цензурадан өтетін болғандықтан модернизміңіздің тамырына балта шабылған еді. Жылымық орнаған кезеңде цензураның да тізгіні босап, айдауға кеткен, атылудан аман қалған зиялыларымыздың біразы елге оралған. Бұл әдеби үрдіске де әсерін тигізбей қойған жоқ. Әдеби буындардың ішіндегі азулылары - «алпысыншы жылғылардан» кейін әдебиеттің бағыты күрт өзгеріп, жедел дами жөнелді. М.Мағауин постмодернизмнің элементтерін әкелсе, Ә.Кекілбаев нағыз модернист-суреткер ретінде көрінді. Повесть жанры дегенде иін қандырып жазатын қаламгер шығарманың текстік бітімін құрайтын авторлық баяндау, суреттеу, диалог, ішкі монолог секілді элементтердің ара-жігі тайға басқан таңбадай айқын саралап, кітаптарында көрсетіп берді.
Әңгіме жанрының шебері Бейімбет Майлиннен кейін, Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танауы» «ғасырлар бойғы психология мен тұрмыстық үрдістер инерциясына енді-енді күмән келтіре бастаған қазақ ауылының рухани шежіресін» жайып берді. Бұл қазақ әдебиетінің жаңа шыққан белесі еді. Ғабеңнен кейін Сайын Мұратбеков осы жанрға ерекше жан бітірді. Сыршылдық, нәзіктік, лирика қосылған Сайынның әңгімелері арқылы қазақ прозасы жаңа бір сатыға көтерілді. Бұ кісінің алдына өзінің шынайылығымен соны із қалыптастырған Бердібек Соқпақбаевты қосып қойыңыз. Шерхан Мұртазаның соғыс жылдарын суреттеген әңгімелері, Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» қазақ прозасының ашылған жаңа қырлары еді. Модернистік шығарманың үлгісін Т.Әбдіков сияқты ізденімпаз қаламгерлер көрсете білді. «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол», «Парасат майданы» атты туындылары қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі еңбек деп бағалаймыз. Дәстүрлі прозаға жататын «Әке» повесі де - кейінгі жазармандарға үлгі.
Бұдан кейінгі буындарға бүгінгі күннің биігінен қарасаңыз қанша мықты қаламгер болғандарымен, алдыңғы аға-жазушылардың қатарынан көре алмадық. Неге екені белгісіз, заңдылық па әлде, орта буын қаламгерлердің жақсы шығармалары болғанымен, күшті туындылары сирек. Олардың арасында көп айтыла бермейтін
А.Мекебаев­тың «Қазына сырын» айтуға болады. «Қазына сыры» - оқиғалы роман. Романның беті ашылысымен тағдыр тәлкегіне түскен кейіпкерлер санасының ашаршылықта ауытқу сәтіндегі іс-әрекеті оқырманның дегбірін қашырып, «ойпырмай, соңы қалай болар екен?!» дегізіп, бір тараудан екінші тарауға еріксіз жетелей жөнеледі. Байдың «пешірі» болған үшін де, басына күн туған Түлкібай образы арқылы мұқым қазақтың басына түскен ауыртпалық пен мойнына ілінген ауыр қамытты суреттеп, бірігу жылдарындағы ашаршылық апатының әлеуметтік сырын ширыққан оқиғалар арқылы ашады. Күйеуі мен әйелінің диалогы арқылы тығырыққа тірелген халықтың күйін көрсетіп, бұндай жағдайда ұрпағын аман алып қалу үшін, тіршілік үшін адам баласының қандай да бір қадамға баратынын айтқан. Отбасын аман алып қалуға жанталасқан Түлкібай ауыл ішінен өзінің әлі жететін адамды іздей бастайды. Сол кезде есіне бұрынғы би түседі. Би мен Түлкібай ғана білетін сыр арқылы оны өзіне тәуелді етіп, ақша алмақшы болады. Осындай бірін бірі аңдыған, біреуі жалт бұрылса екіншісі талап жеуге дайын тұрған қоғамды әсерлі бейнелейді. Бұл арнайы мақаланы талап ететін роман. Сондықтан кейінгі кездері жазылған жақсы туындыларға тоқталып өтсек.
«Өз көкірегіндегі идеяны оқушы көкірегіне қондыру үшін прозаик - сөз етіп отырған ситуацияның шытырман қызықтығымен не шығармасының бұрын-соңды кездесе қоймаған соны композициялық құрылымымен қайран қалдыруға тырысады. Сөйтіп, оны өз ықпалына көндіреді. Сосын өз ыңғайына көшкен иі жұмсақ санаға өз идеясын сіңіріп бағады», - дейді Әбіш Кекілбаев Чехов туралы мақаласында. Тегінде әр жазушының түпкі мақсаты осындай болса керек. Бірақ талант пен талғам деңгейіне байланысты әркімдікі әр түрлі шығады.
Былтыр баспасөз бетінде екі әңгімесі жарық көрген екі жазушы бар. Соның бірі - Дидахмет Әшімханұлы. «Жас Алаш» газетіне шыққан «Құдайсыздар» деген әңгімесі кешегі кеңес заманындағы кезеңге негізделіп жазылған. Дидахмет Әшімханұлының барлық шығармаларына тән бір ғана форма бар. Ол - лирикалық шегініс. Мұндай форма Дидахмет Әшімханұлына дейін Әбіш Кекілбаевтың қаламына тән еді. Өмірдегі болған жағдайдың, сәттің тек фотографиялық көшірмесін бермей, оқырманға ой салатындай етіп, құнарлы тілімен анық жеткізе білетін Дидахмет Әшімханұлы жалаң, жайдақ сөзге құмар емес. Нақты оқиғалар мен ситуациялар арқылы адамның көңіл-күйін, мінезін, портретін шебер жасайды. Әдебиет теориясындағы жанама портрет осы жазушы ағамыздың қаламына тән, ыңғайына келетін тәсіл. Әңгіме бірінші жақта баяндалады. Жүзден асқан кейуананың тағдыры арқылы ауыл адамдарының мінезін көрсетеді. Қызыл сиырға қарап отырған екі үйдің өмір тіршілігі арқылы сол кездегі колхоздық өмірдің шынайы пердесін ашады. Әуелдегі әңгіменің идеясы да бұл емес. Өмір бойы Құдайға сеніп өткен әже адал коммунистер келгенде де, намаз оқып отыра береді. Бұл өмірінің соңына таман атеистік қоғамға тап болған буынның өкілі еді, сол ұрпақтың тағдыры да осындай екіарада өтті емес пе?! Одан кейін сол әжей қайтыс болғанда, үйде тығылып тұрған Құранды ұлы шешесімен бірге жерлейді. Кейін ұлы өзі қайтқанда оның ұлы бала кезінде көзі көрген көріністі есіне түсіреді. Түпкі бөлмеге барып, сандықтың ішінен он бес жыл бұрын құлаған мемлекеттің партбилетін алып, әкесімен бірге жерлейді. Осы әңгімесі кешегі кеңестік идеологияға өлердей сеніп өткен, сол жүйенің құрбаны болған қазақтарға орнатылған ескерткіш сияқты. Қазақтар неге болса да - сеніп өткен халық. Сол атеистік қоғамның бір қайыры болар деп, үйіндегі баласына партия туралы бір жаман сөз айтқызбаған әкелер мен шешелердің обалы сол жүйені құрушыларға. Жүрегіңе аяныш тудыратын, тұтас бір кезеңді еш боямасыз, қарапайым жеткізген.
Бұл әңгімесінен басқа, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ақшоқы» деген әңгімесі жарық көрді. Дертке шалдыққан Оқастың психологиясы арқылы туған жерге деген сағынышты дерттен де ауыр қылып суреттейді. Қалада тұрақтап қалып, қызын әжесінің қолына ауылға жіберіп, ұлын өзіне жақын ұстамақ болған Оқастың бұл ісінен ештеме өнбейді. Керісінше, кейін өскенде ұлға қарағанда, қызы жанына жақын болады. Бұның бар себебін ойласа, біреу ғана екен. Ол - ауыл топырағы мен қала асфальтінде өскен ұрпақтың парқы. Төсекке таңулы қалпы, ауылдасы Дүйсенмен болған кездесуді, самырсын иісін сағынып, өз ойымен арпалысқан Оқас туған жері - Ақшоқыны ойлап жатады. Төсекке таңылып жатқан адамның жан баласының жылы сөзін, мүсіркегендігін естігісі келмейтінін де сәтті жеткізеді. Оның бәрі Оқастың әйелі ауылға барып келгенде, айтқан әңгімесіне жасаған реакциясынан анық сезіледі. Есіктен біреу кірсе болды, Дүйсен екен деп елеңдейтін адам көңілін нанымды суреттеген қаламгер, кейіпкерінің көз алдына туған жер пейзажын елестетеді. Жазушы жай ғана ландшафтық суреттеу жасамайды, Ақшоқы қойнауын көз алдыңа әкелетін, бейне сол жерде кетіп бара жатып, «Мынау бұлақ, мынау тау» деп көрсеткендей ғып, оқырманын сендіреді. Иландырады. Дүниеден өтіп бара жатып та туған жерін аңсаған адамның қимас сезімін жырлайды. Дидахмет Әшімханұлы әңгімелерінің ерекшелігі - мазмұн сонылығында. Шарль Бодлердің «Әдемілік қалай да таңғалдырмай қоймайтын елден еректік» - депті. Әшімханұлының елден еректігі - тың ой, өміршең философияға құрылған адам өмірінің қарапайым көріністерінен құралған әңгімелері. Егер сіз Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығымен таныс болсаңыз, бірден аңғарар едіңіз. Есіңізге «Жер аңсаған Сарыатан» мен «Босағаны» алыңыз. Мұны біз Бодлерше қорытып, әдемілік дер едік.
Тұрсынжан Шапай. Бұл қаламгердің «Қазақ Әдебиеті» газетіне «Әулиеағаш», «Керексіз» деген әңгімелері бірге шықты. Әдеби орта үнсіз қалған екі әңгіменің де көтерген жүгі ауыр. «Әулиеағашта» жапанда қалған, зәулім дарақ аспан - жер - шыңырау түнекті бір өзі тұтастырып тұрған киелі ағаштың түсін баяндайды. Қаншама ғасырды өткерген ағаштың ойы деп қаламгер өзінің дүниетанымын көрсетеді. Көзқарасын білдіреді. Әңгімедегі әулиеағаш - символдық қызмет атқарады. Ол - осы әлем. Жер. «Ағаш - құсқа пана, жыланға да - өз үйі. Қанша балапан жем болды, қанша жылан опат болды - есебі жоқ», - дейді. Бұл жерден біз ешқандай философиялық мән іздеп, бас қатырмаймыз. Өмірдің қарапайым қағидалары. Құс пен жыланның арасында болатын соғыс дарақтың көкке жайған бұтағында талай рет қайталанған. Талай рет дәуіт жыланның көзін шұқыған. Жер бетіндегі жақсылық пен жамандықтың арасындағы күрес. Сол ағаш енді көктен түсетін найзағайды күтіп отыр. Ол - ең соңғы күн. Ал біздің өміріміз әулиеағаштың көрген түсіндей, болғаны болмағаны белгісіз, өң мен түстің арасындағыдай әсер қалдыратынын жалпы мазмұннан қарап білуге болады. Осындай қарапайым ойды тың форма арқылы жеткізген қаламгердің шеберлік қуатынан «Керексіз» деген әңгіме туады. Әлем әдебиетінде «простая сложность» деген ұғым бар. Тұрсынжан Шапайдың әңгімесі осы ұғымға саяды.
«Әулиеағашқа» қарағанда, «Керексіз» - үлкен философияға жетелейтін әңгіме. Күллі адамзаттың қасіретін арқалаған әңгімедегі «керексіз» кім дейсіз бе? Қазір оны сіз екеуіміз табамыз. Әңгіме: «Ол шаршады. Шынымен-ақ шаршады. Әзелден айналысқан шаруамен айнымаспын деген сертінен қажыды» деп басталады. Кім қажыған? Неден қажыды деген сұрақ қоймас бұрын осы сөйлемдерде үлкен мысқыл, ашу-ыза, терең сарказм жатыр. Оған сіздің көзіңіз әңгіме соңында жетеді. Басында кейіпкердің аты аталмайды. Өзінің керемет білімін көп адамдарға үйретіп жүріп, екінің бірі бұның шәкіртіне айналғанда, ол өзінің керексіз екенін сезеді. «Кімге насихат айтып, жөн сілтесе де, «өзім білем» деп, жүре тыңдайтынды шығарды». Осылай өзінің қадірі кете бастағанда айдаладағы баяғыда өзінің ілімін қабылдамай қойған елдімекенге барады. Сондағы кездескен Мақсұт деген жігітпен сөйлеседі. Мақсұт бүкіл жақсылық атаулының жиынтық образы сияқты. Оның «Мақсұт» аталуы да бекер емес. Өйткені, адам баласының мақсұты - ізгілік. Екеуінің арасындағы шағын диалог арқылы қоғамның қалай өзгергенін, қандай топтарға бөлінгенін астарлап көрсетеді. Ілімін жетпеді деп барған мекенге өзінен бұрын шәкірттерінің барғанын естігенде: «Ым-м... Опасыз шәкірттері, ақыры, мұнда да алдын ораған екен. Бұған барар жер, басар тау қалдырмаған...» деп, кейіпкердің ішкі күйзелісін жеткізеді. Онда шәкірттері ойларына келгенін істеп, мекеннің жарты тұрғындарын қалаға әкетіп, өздерінің ұстаздары үйреткен ілімнен де асып түсіп жатқанын баян етеді. Соңында өзінің шәкірттерінен теперіш көрген ұстаздың ішкі күйін суреттеп, басынан жасырған кейіпкерінің атын айтады. Мен де жазушы сияқты сізге айтпай отырып алмайын, есімі - Сайтан еді. Жоғарыда алғашқы сөйлемдер есіңізде болса, жазушы адам баласының қазіргі жай-күйіне, соншама азғындалып бара жатқанын айтпақ болған. Шәкірттері ұстазынан озып, ұстазының кім екені соңында белгілі болғанда, үлкен күйзеліс пен ашынудан туған әңгіме екенін ұғасыз. Жалпы Адамзаттың шағын портреті іспетті бұл әңгіме - Тұрсынжан Шапайдың қаламынан туған кесек шығарма.
Серік Нұғыманның жақында ғана «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жоқ іздеуші жан» кітабы турасында ой айтпақпыз. Серік Нұғыманның прозасы психологиялық бағытқа негізделіп жазылған. Оны әңгімелері мен повесінен аңғару еш қиындық туғызбайды. Ерекше оқиға табуға емес, бір ситуациямен де адамның ішкі монологы арқылы адам жан дүниесінің шындығын суреттеуге талпынысы әр әңгімесінен сезіліп тұралды. «Әзәзіл» деген он беттік әңгімесі бар. Бұл әңгімесінің формасы ерекше. Жанынан өтіп кеткен әдемі бойжеткенге бір қараған кездегі жігіттің ойын шарпып өткен сезім. Ой. Соны баяндайды. Ойға беріліп кеткен жігіт көшеде келе жатып, машиналардың ішіне қалай кіріп кеткенін байқамай қалады. «Әй, иттің баласы... өлгелі жүрмісің мұнда?! - Кенеттен әлдекім саңқ етті әлдеқайдан» деп, кейіпкерінің хәлін баян етеді. Формасы бізді қызықтырды, әрине. Осы бір екі арадағы ойды он беттен жазу көпсөзділік емес пе екен?! Оқырманын жалықтырып алады деп ойлаймыз. Әйтпесе, бұндай форма арқылы үш-төрт беттік әңгіме жазсаңыз, оқырманын «мына менің басыма неге келмеген» дегізетін ой туар еді. Жазушының «Мұңлық» пен «Қыршын» әңгімелерінің айтары бір. Ішіндегі жағдайлар да ұқсас. Бірдей сәтке тап болған кейіпкерлердің әр түрлі психологиялық құбылуларын емес, ұқсас жақтарын жазғаннан кейін де нанымсыз шыққан. «Түнек» атты әңгімесінде қара түн мен адам жанының қараңғылығы контрасты суреттеледі. Әке мен бала арасындағы ішкі арбасу адам жанының сан түрлі құбылуын баяндайды.
Қаламгердің кітабын оқып отырып, есімізде қалған жылы образ - жоқ іздеуші жан. Повестің тақырыбы да осылай. Қартайған шағында аудан орталығынан сұрап алған жаман тайы жүйрік шығып, талай бәйгеде олжалы болады. Сол жүйрігі бір жазда жайлаудан түспей қалады. Жұрт Мысықкер атап кеткен, жүйрігін іздеп шыққан жоқшының бір күнгі ойы баян етіледі. Шығармада кейіпкер нені көріп, нені сезінсе, сол ғана суреттеліп, баяндалады. Сөйтіп, баяндаушы мен кейіпкер бір субъектіге, бір тұлғаға айналды. Бұл оған дейінгі прозада дара-дара тұратын авторлық баяндау мен суреттеудің, автор сөзі мен кейіпкер сөзінің ара-жігін жымдастырып кіріктіріп жібереді. Бұндай тәсіл бұрын Шыңғыс Айтматовта («Ғасырдан да ұзақ күн», «Қош бол, Гүлсары»), Тынымбай Нұрмағамбетовта («Атақоныс») ұшырасатын. Сана ағымы кейіпкердің ішкі дүниесіне тереңірек үңілуді талап еткен жағдайда пайдаланылады. Серік Нұғыман осы тәсілді жақсы қолданған.
Мысықкерін іздеуге шыққан ақсақал бұрынғы өзіне таныс мекендерді көріп, сол жерлерде өткен өмірін есіне түсіреді. Ұлы Қапардың қалай қайтыс болғанын, өмірінің соңында алданышына айналған қотыр жабағысына қалай жолыққанын, махаббатын, ағайыншылдығын, бәрін есіне түсіреді. Өзінің жоқ іздеп жүргенін мүлде есінен шығарған қарт өткен күндерінің ішіне еніп кетеді. Арасында қаламгер жоқ іздеуші жанның психологиясын жақсы жеткізе білген. «Әй, осы сол таудың етегінде болуы керек. Басқа қайда барады дейсің?!», - деп, сенімді шыққан іздеушінің ол жерде іздегенінің жоқтығын көргенде, одан арырақ еңіске қарай түсіп бара жатқан үйірді көріп, «жылқының арасында болар жануар, бөлініп қайда барады», - о жерге де нық сеніммен барғанда жоқ боп шығады. Осылай әр жерді көрген сайын со жерде шығар деп іздей беретін, таппағанша көңілі тыншымайтын іздеушінің характерін сәтті суреттейді. Бұндай психологияны мал бағып жүріп, жоқ іздеген жан бірден түсінер еді. Серік Нұғыман соны өз басынан өткергендей баяндайды.
Повесті оқып біткенде сіз жоқ іздеуші жанның символдық қызметін, мәнін аңғарасыз. Өмірде адам баласы - жоқ іздеуші жан сияқты. Бәріміз өміріміздің басынан соңына дейін белгісіз нәрсе үшін жанталасып ғұмыр кешеміз. Ақыры күніміз аяқталып, межелі жерге жеткенде аялдайтынымыз хақ. Қаламгер осы идеясын оқиғаның тізбекпен баяндалуы арқылы астарлап жеткізеді. Серік Нұғыманның шығармашылығын оқып отырып, жазушының әңгімеге қарағанда повестке ыңғайы бар екенін байқар едіңіз. Ұзақ баяндау мен ішкі монологқа жақын қаламгер шағын әңгімелер арқылы өзінің ойын толық жеткізе алмайды. Және әңгімелеріндегі ситуациялар бір негізде, ұқсас. Ал «Жоқ іздеуші жанының» олардан бір саты биік тұрғанын байқап, осындай қорытынды жасаймыз.
Бұл үш қаламгер де жастық максимализмнен өткен, өздерінің орындарын таба бастаған. Біреуге үлгі етіп те көрсетейік деп тұрған жоқпыз. Тек соны ізге, жаңашылдыққа құмарлықтары бізді қызықтырады.
Қазіргі біздің жазушылардың арасында тенденция алған пікір - ерекше стилі болу. Дұрыс стилі болу керек. Бір білгір «стиль ол - адам» деген еді. Яғни сіз өзіңіз қалай жаза аласыз, солай жазыңыз. Сол - сіздің стиліңіз. Міндетті түрде әлем әдебиетінен біреуді үлгі тұтып, соның ізімен жазу емес қой стиль қалыптастыру. Оларды оқып, білімін үйрену керек те, өзімізге сіңіру қажет. Батыстың модернизмі, постмо­дер­низмі ешқашан бізге модернизм, постмодернизм бола алмайды. Бізге өзіміздің жаңашыл болғанымыз керек. Бүгінгі біздің прозамыздың көркемдік деңгейі көркем әдебиеттің талаптарына еркін жауап бере алмайды. Біз көркемдікті басқа нәрсемен шатастырып алдық. «Предательство слова» деген бар. Біздің әдеби тіл деп жүргеніміз, «көркемдіктің» тонын жамылған кеңсенің тілі екенін Асқар Сүлейменов баяғыда айтып кеткен. Публицистиканың тілімен әңгіме жазып, өмірден деталь іздемей, тек фотографиялық көшірмелерін беретін шығармаларды қалай көркем әдебиетке жатқызамыз. Бізде әдеби орта бар. Бірақ қолдан қолға кететін шығарма әлі туған жоқ. Осындайда бір кітаптан оқыған «Әдеби ортаны талант жасамайды, талант әдебиетті жасайды» деген сөз ойыңа түседі. Әр нәрсенің тоқырау кезеңі мен қайта өрлеу дәуірі болады. Мүмкін біз де осы кезеңнен аман өтерміз. Оқырман әлі де бар. Олар жазушыларынан жақсы шығармалар күтеді. Жақсы шығарма туу үшін үлкен ізденістер, биік талғамдар қажет. Мұхтар Мағауиннің «Нарқызыл» әңгімесінде қойшы әбден қажыған, болдырған атын саумалмен күтпейтін бе еді. Суарған кезде шетінен тамызып отырып, мөлшерін күнде көбейтіп, кейін тек саумалмен суаратын болады. Талғам да осындай күтуді қажет етеді. Еңбекті талап етеді.

1982 жылы Ғабит Мүсіреповтің сексен жылдығында жасаған баяндамасында Әбіш Кекілбаев Ғабеңнің ізденімпаздығына, еңбекқорлығына таңдана келіп: «Бір өкініштісі, айтулы шебердің осындай елгезектігі біздерден кейінгі іні қаламгерлерден сирек кездеседі. Көбіміздің шығармаларымызды оқып отырғанда, әдеби творчествоның таза суреткерлік лабораториясында, әр жанрдың поэтикасы мен даму тенденциясында, біздің тұсымыздағы отандық, әлемдік творчестволық процесте ешқандай өзгеріс, ешқандай жаңа нышан жоқтай, баяғы бір ескі машықтарды жиі ұшырастырамыз. Мұндай түр салғырттығының ар жағында мазмұн жадағайлығы, ойдағы бойкүйездік жатқаны жанға батады» деген болатын. Әбіштей суреткерден, Әбіштей қазақ әдебиетінің аналитигінен, қариясынан асып айтар сөзіміз жоқ.

"Қазақ әдебиеті" газеті

 

0 пікір