Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Аласапыран 3166 3 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 12:56

Лиман: Ресей әскері толық қоршауда қалды

Ресей билігі бүгін Украинаның төрт облысындағы жалған референдумдарды мойындау бойынша жиын өткізбек. Жиында Путин көлемді мәлімдеме жасайды деген ақпарат бар. Кремль билігі түнде Херсон және Запорожье облыстарын дербес, тәуелсіз аймақ деп танитын құжатты жариялады. Ол құжатты әлемде есі дұрыс ел мойындамасы анық. Мойындайтындардың қатарына Солтүстік Корея мен Сирия болуы ықтимал. 

Ресей билігі жалған референдумдар өткен аймақты өз территориямыз деп танып, артынша бұл аймақтардың әкімшілік аумағын толық қалпына келтіру үшін операцияны жалғастырамыз дейді. Соғысты соғыс деп атамайтын Путин билігі, бұл жолы "арнайы операция" деген сөзді "антитеррор" деп өзгертіп, "өз аймағымызда лаңкестерге қарсы соғысып жатырмыз" деп мәлімдеме жасамақ.

Путин билігі жалған референдум арқылы өз халқын алдаусыратып жатқанда, Украина әскері Луганск және Донецк бағытында сенімді түрде алға жылжуда. Нақтылап айтқанда Лиман бағытында Ресейдің 20-шы армиясы қоршауда қалды. Толық қоршауда 20-армиямен бірге арнайы жасақ өкілдері және вагнерлік жендеттер де қалған. Мәскеу қоршауда қалған әскерді құтқару амалын жасауда салғырттық танытуда. Керісінше Лиман бағытындағы кей әскери бөлімшесін кері шегіндіруде. Сарапшылар Лимандағы Ресей әскері 3-5 күннің ішінде не толық жойылады, не толық беріледі деген ойда.

Донецк облысының солтүстік бағытынан шабуылдап жатқан Украина әскері Ресей әскерін толық қоршауға алу үшін, енді арнайы жасақ арқылы Лиман қаласын қыспаққа алып, оңтүстік бағыттан да шабуылды күшейтті. Осылайша 3 мыңнан астам әскері бар Ресейдің жасағы бұл бағытта қоршауда қалып отыр. Шегінетін жолдың барлығын Украина артиллериясы соққы астына алуда, ал өткелдер мен кішігірім жолдар Украина дрондарының бақылауында.

Украина әскері Лиман қаласына тікелей шабуыл жасамайы, қаланы қоршауға алып, артиллериялық дәл соққымен жау әскерін жоюды ойластыруда. Бұл шабуылдаушы тараптың әскери шығынын азайтады.

Ресей Лиманда қоршауда қалған әскерін құтқаруға тырыспайтын сияқты. Бірақ Балтық елдері мен Финляндия шекарасында тұрған әскерінің жартысын алып, Украинаның Луганск және Донецк облысына жібергені белгілі болды. Ресей мобилизациядан кейін 20 мың әскерді Беларусь жеріне топтастыруға дайындалуда. Осылайша Украинаға солтүстік бағыттан шабуыл жасау қаупі де артатын сияқты.

Ал қазіргі қалыптасқан жағдайда Ресейдің Лиман қаласындағы әскері толық қоршауда қалып отыр. Ресей әскері Лиманда толық қырылатын не тұтқынға түсетін болса, онда бұл ресейлік сарбаздардың рухына үлкен соққы болмақ.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

3 пікір