Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2182 6 пікір 29 Қыркүйек, 2022 сағат 11:43

"Солтүстік ағын" газ құбырлары жойылды

«Солтүстік ағын-1» және «Солтүстік ағын-2» газ құбырларының үш жеріне зақым келген, енді олар жарамсыз болып қалады, деп болжайды «Der Tagesspiegel» газеті неміс үкіметінің ақпарат көздеріне сілтеме жасап. Басылымның жазуынша, егер құбырлар тез арада жөнделмесе, көп мөлшерде тұзды су кіріп, коррозияға ұшырайды. Еурокомиссия секілді Германияның қауіпсіздік органдары мен Германияның Федералдық барлау қызметі (BND) оқиғаны қасақана ұйымдастырылған деп есептейді.

BND оқиғаны тергеу барысында газ құбыры жарылғанға дейінгі спутникпен түсірілген суреттерін қарап, «Солтүстік ағын-1» және «Солтүстік ағын - 2» құбырларының  үш жерінен келген зақым әдейі жасалған деген ойға келген.  Өйткені саңылаулардың көлемі өте үлкен және құбырлардағы қысым қатты төмендеген көрінеді. Оқиғаның бір нұсқасы сүңгуір қайықтар «Солтүстік ағын-1-дің» екі құбырына және «Солтүстік ағын-2» құбырының бір құбырына жарылғыш заттарды бекіткен дегенге саяды. Бұл оқиғаны Германияның Сыртқы істер министрлігінің дағдарыс штабы да зерттейді, бірнеше федералды министрліктер мен федералды канцлер департаменті болған оқиғаның салдары туралы кеңес береді. Бірінші қадам ретінде федералды полиция Германияның аумақтық суларын бақылауды күшейтеді, оның кемелері елдің маңызды инфрақұрылымының бағыттарын мұқият бақылайды. Сонымен қатар, федералды Штаттардың билігі Солтүстік және Балтық теңіздерінің жағалау аймақтарын қорғауды күшейтеді. Сұйытылған табиғи газды қабылдау бойынша салынып жатқан терминалдарға, сондай-ақ су асты және телекоммуникациялық кабельдерге ерекше назар аударылатын болады.

Der Tagesspiegel мәліметтері бойынша, болжамды диверсияның екі ықтимал сценарийі айтылады:

"Солтүстік ағындарды" бірнеше рет сынаған Украинамен байланысты күштердің қатысуы; Ресейдің " жалған жалауша " операциясы. "Бұл қосымша қауіп тудыруы мүмкін, яғни соңғы уақытта Еуропада күшейген энергия құнының дағдарысын одан әрі арттыру үшін газ бағасын көтеруге итермелеуі мүмкін", – деп түсіндірді мақала авторы.

«Солтүстік ағындардағы» диверсия қаупі туралы биыл шілде айының басында ескертілген болатын. Америкалық барлау қызметі осы ақпаратты Еуропадағы әріптестеріне жіберді, ал неміс барлауы мұндай мүмкіндікті жоққа шығармады.Бірақ еуропалықтар бұл ескертулерге немқұрайлы қарады. Мәскеу Еуропаны «газ беруді тоқтатамыз» деп бопсалады. Сондықтан Еуропа бопсадан әбден мезі болып, газды  басқа жақтан іздей бастады.

Сонымен қатар, ресейлік газ жеткізуді минимумға дейін қысқарту туралы саяси шешім қабылданды, сондықтан «Солтүстік ағындар» мен олардың тағдыры Еуропа үшін мүлдем қызықсыз болды. Еуропа үшін Ресей газ құбырының жарылғаны маңызды емес болып отыр. Оларды қалпына келтіру қазір өте қиын. Еуропалықтар бұған қатыспайды. Ал олардың қатысуынсыз қалпына келтіру жұмысы көптеген жылдарға созылуы мүмкін, өйткені Ресейлік тарап құбырларды тексеретін кемені алу үшін Дания мен Швеция билігінен рұқсат алуы керек. Ресейге қарсы қазіргі санкцияларды ескерсек, мұны істеу мүмкін емес. Бір қызығы, бұл оқиғаға еуропалық елдер қатты алаңдамаған.

Бір жағынан бұл түсінікті. Біріншіден, қоршаған ортаны қорғау органдары оқыс оқиғалардың қоршаған ортаға әсері тұрғысынан алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Екіншіден, «Солтүстік ағын-1-ден» бірнеше аптадан бері газ жіберілмей жатыр, «Солтүстік ағын-2» де жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан Германияның өзінде «бұл құбырлар қазір маңызға ие емес» деген пікір бар. Берлин оларды кім жарып жібергеніне басын ауыртпайды.

«Теориялық тұрғыдан алғанда, Украина бұған мүдделі болуы мүмкін, бірақ қазір оның басқа мәселелері жеткілікті, оған қоса бұл құбырлар соғыс аяқталғанша жұмыс істемейді деген пікірлер бар», - дейді олар.

Қалай болғанда да, Кремль енді «Солтүстік ағындарды» ұмытуға мәжбүр. Ресей Еуропаны соңына дейін боплауды ойлағанымен, өзі қазған орға өзі түсіп отыр.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

6 пікір