Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 3005 21 пікір 29 Қыркүйек, 2022 сағат 10:55

Кремльдің кезекті саяси тактикасы

Орыс билігінің саяси жүріске әбден машықтанған әккілігі Путиннің Украинаға басқыншылық әрекетінен де көрінді. Қан қасап соғысты «Арнайы операция» деп бүркемеледі. Жеріне бір оқ атылмастан, бір украин сарбазы баса көктеп кірместен мобилизация жариялады. Луганск, Донецк, Запорожск, Херсон қатарлы төрт облысты әлем мойындамаған заңсыз референдум арқылы Ресей жері деп танып, енді міне соғыс бастаушы елден зардап шегуші елге айналып, мүсәпір күйге енбек. Әскерге барудан қашқан боп, шетелге ағылған халық нөпірін байқамаған, шарасыздық танытқан болып отыр. Әскер қатарына алынғандарға патша заманындағы қара мылтықты үлестіріп, сапқа тұрғызғаны да күмәнді.

Елцин кезінде Шығыс Еуропаны шынжырлаған «Варшаво шарты ұйымының» орнына «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы» құрылды. Путиннің тұсында «Еуразия экономикалық одағы» іске кірісті. Бірі – әскери, енді бірі – экономикалық, екі одақ Ресейдің бұрынғы кеңестік республикаларға ықпалын жүргізу құралына айналды. Оны ішкі-сыртқы көші-қонды реттей алмай отырған қазақ билігінің Ресейден ағылған орыс көшіне ұстанған позициясынан-ақ аңғаруға болады.

Жеңілгенді де, шегінгенді де білетін, қулығына құрық бойламайтын Путин билігі ең жаман сценарийге де дайын отыр. Нақтылап айтқанда өздері қайталаудан жалықпайтын «НАТО-ның шығысқа кеңеюін» тоса алмасына көзі жетіп, тағы бір аймақты – Орталық Азияны қолдан бермеудің қамын жасап жатыр. Коронавирус тарағалы бері Кремль саясаткерлерінің Қазақстанның территориясына шек келтіретін мәлімдемелерінің қарша борағаны белгілі. Кезінде Қытаймен шекарадағы аз ұлттардың азаттық көтерілісіне дем беріп (Шығыс Түркістан, Манжурия, Моңғолия, Тибет) аралық мемлекет құруды Сталин бастаған. Қазір Путинді аузына қаратқан Дугин соны қайта тірілтіп жүр. Кремльдің есебінше өз алдына егемен ел болған Орталық Азия мемлекеттерінде орыс тілі, халқы басым орынға шыққанда ғана «аралық» рөлін сәтті атқармақ. Кеңес одағы ыдырағанда орыс орманына қотарыла көшкен өктем халықтың қайтадан суыт жүріспен кері келіп жатқан себебі сол. Путиннің «Кеңес одағын қалпына келтіру», «Руский мир» идеясының насихатталғанына ширек ғасырға жуықтады. Кеңестің қалдықтарын айтпағанда импералистік пиғылмен ауыздықтанған жаңа буын өсіп жетілді. Оларды батыстың демократиясы да, қазақтың қонақжайлығы да өзгерте алмақ емес.

Өкініштісі «Ұлтымыздың саны еселеп артып, жерімізде басым үлеске ие болғанда тіл мәселесі өз-өзінен шешіледі» деген ертегі ойлап тапқан әрі соған имандай сенген, орыс көшін аса меймандостықпен қарсы алып жатқан қазақ билігі мен бүгіншіл халқы өздерінің «руский мирдің» айырылмас бөлшегіне айналып кеткенін сезінбей жатыр. Кремльдің кезекті саяси тактикасының көздегені де сол. Украинаны қарумен ала алмаса да, қазақты жұмсақ күшімен қалпақтай ұрып аларына бек сенімді. Біздің бос байбаламнан ары аспаған дәрменсіз күйіміз соның айғағы.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

21 пікір