Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2491 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 09:47

Досым Сәтпаев. Біз тәуелсіздігімізді қалай жоғалтамыз?

Жуықта қазақстандық танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев мемлекет тәуелсіздігінің зәру мәселелері жөніндегі ойын Region.kz интернет-сайтында жария етіпті. «Дос жылатып айтады» дегендей, саясаттанушының пікірі газет оқырманы үшін де, Ресеймен одақтасуға аңсары ауған Қазақстан билігі үшін де қызғылықты екенін ескере отырып, осы мақаланың аудармасын жария етуді газетке ұсынып отырмын.

Әдетте қоғамдық ортаны тіліп түсердей тәуелсіз пікір айтатын талантты саясаттанушының бұл жолғы пайымын билік пен оппозицияның ортасындағы алтын қазық деп қабылдағым келеді. Бірі - Ресеймен одақтаспай күніміз жоқ дейтін, екіншісі - орысқа отар болудың неоколониалдық саясатына құл болмауға мұқым халықты шақырған - әзірге әлсіз текетіресте осындай ой орамына дес берген абзал шығар.

Қалай болғанда да, Еуразиялық интеграция мәселесінің саясиланған соңы халықтың қатысынсыз шешілмесі анық. Ақорда қаншама күштімін, жалпақ елді жұмылған жұдырығымда ұстап отырмын десе де, орыс пен қытай мәселесінде шешуші дауысты халық айтады. Олай болмаған жағдайда одақтасу орайын билік менбілемдікпен «тізеге салып» шешер болса, назарбаевтық тұрақтылықтың тағаны теңселіп кетеді.

Бұл - көрегендік емес. Бұл - бүгінгі тәуелсіздік жағдайының өзінде орыстану ауруы меңдеген елдің иммунитетке айналған иманы.

Жуықта қазақстандық танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев мемлекет тәуелсіздігінің зәру мәселелері жөніндегі ойын Region.kz интернет-сайтында жария етіпті. «Дос жылатып айтады» дегендей, саясаттанушының пікірі газет оқырманы үшін де, Ресеймен одақтасуға аңсары ауған Қазақстан билігі үшін де қызғылықты екенін ескере отырып, осы мақаланың аудармасын жария етуді газетке ұсынып отырмын.

Әдетте қоғамдық ортаны тіліп түсердей тәуелсіз пікір айтатын талантты саясаттанушының бұл жолғы пайымын билік пен оппозицияның ортасындағы алтын қазық деп қабылдағым келеді. Бірі - Ресеймен одақтаспай күніміз жоқ дейтін, екіншісі - орысқа отар болудың неоколониалдық саясатына құл болмауға мұқым халықты шақырған - әзірге әлсіз текетіресте осындай ой орамына дес берген абзал шығар.

Қалай болғанда да, Еуразиялық интеграция мәселесінің саясиланған соңы халықтың қатысынсыз шешілмесі анық. Ақорда қаншама күштімін, жалпақ елді жұмылған жұдырығымда ұстап отырмын десе де, орыс пен қытай мәселесінде шешуші дауысты халық айтады. Олай болмаған жағдайда одақтасу орайын билік менбілемдікпен «тізеге салып» шешер болса, назарбаевтық тұрақтылықтың тағаны теңселіп кетеді.

Бұл - көрегендік емес. Бұл - бүгінгі тәуелсіздік жағдайының өзінде орыстану ауруы меңдеген елдің иммунитетке айналған иманы.

Дүйім дүниеде дербес ел болуға құмар халық ендігі жерде Ақорданың айдауымен отарлық езгіге ене қоймайды. Сондықтан ел ішіндегі осындай есті ойларды екі жақ та, «мәмбет» пен «мәңгүрт» те ескере жүргені ләзім.

Ермұрат БАПИ

 

Қасқырлар, қойлар және иттер

Қазіргі әлемде ешкім бәсекелесті қоздатуға құмар емес. Қазақстан басқа елдермен қандай да стратегиялық әріптестік және тату көршілік келісімдер жасасса да, жаһанның барлық елдерін «қасқырларға», «қойларға» және «иттерге» бөлетін әлемдік саясаттың қатаң тәртібі бар.

«Қасқырлар» - өз ойын тәртібін өзгеге таңатын гегемондар. Дегенмен, трансұлттық компаниялардың, халықаралық террорлық ынтымақтастық пен ұйымдасқан қылмыстың, сол сияқты Интернеттің дегені басым жағдайда басқаға ойын тәртібін таңудың қисыны қиындап барады.

«Қойлар» - ізбасарлар тобындағы елдер. Жекелеген саясаттанушылар оларды басқа елдерге ғана емес, тіпті трансұлттық компанияларға (ТҰК) да мүдделі болуға мәжбүр мемлекттілігі жоқ мемлекеттерге балайды.

Дәл осы жағдайда «иттер» өз территориясымен бірге өз «қойларын» де сақтауға тырысады. Сөйте тұра, олар жаҺандық жарысқа түскісі келеді. Әдетте мұндайларға аймақтық масштабтағы елдерді жатқызады.

Әрине, Қазақстанның басты мақсаты - «қой» болмау. Оның үстіне бізді «қасқырлар» мәртебесіне ұмтылған елдер: Ресей мен Қытай қоршап тұр. Қазақстандық қоғамның бір бөлігі дәл осы екі елді біздің егемендігімізге емеурін танытушылар деп санайды. Әзірге бұл емеурін экономикалық салада ғана сезіледі.

 

Үкіметке ТҰК тұтқа

2009 жылы «Азат» партиясы Қазақстанның мұнай-газ саласына Қытайдың қатысуы кеңейіп бара жатқанына алаңдаушылық танытқаны бар. «Билік саясатында біздің елдің экономикасына Қытайдың қатысуына кеңшілік берілген ауытқушылық пайда болды, - деп жазды сол кезде «Азат». - Өндірілген өнімнің үштен бірі қытайлық компанияларға тиесілі, ал бұл жылына 20 млн. тоннадан асады. Біз экономиканың шикізат секторында да өзара тиімді және тең дәрежелі қарым-қатынасты қолдаймыз. Бірақ «мемлекетаралық әріптестіктің» біздегі мысалдары экономикамызға, тіпті еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне орны толмас нұсқан келтіруі мүмкін».

Ал ҚР мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қазақстанның мұнай-газ саласына Қытайдың 2010 жылғы инвестициясы 22%-ды құрайды деген ресми деректі ғана жауап ретінде жария етті.

Мұнай-газ бен егемендік тақырыбының жалғасы жырғап тұрған жоқ. Мұнайдың дәлелденген қорының 90%-ы үш ірі кеніштің: Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанның үлесіне тиетінін ескерсек, біздегі жағдай бірегей еместігі көрінеді. Ал бұлардағы шетелдік компаниялардың пәрмені басым.

Айтпақшы, 2012 жылдың қазан айында Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев үкімет отырысында елдің экономикалық жоспарлары Қарашығанақ пен Қашаған сияқты ірі мұнай-газ жобаларын дамытуға мүдделі екендігін мойындады. Яғни, елдің экономикалық саясаты шетелдік компаниялардың қимылына қатысты болғаны. Дегенмен, егер сұйық көмірсутегінің жалпыреспубликалық көлемде «ҚазМұнайГаздың» үлесі небәрі 28% екендігін ескерсек, бұған таңданудың да реті жоқ.

 

Таяқ кімнің басына тиеді?

Ресейге қатысты айтар болсақ, Қазақстандағы ұлт патриоттарының бір бөлігі оның империялық арынына: алдымен республика экономикалық тәуелсіздіктен айырылған соң, Ресей, Қазақстан және Беларусьтің Бірегей экономикалық кеңістігі Еуразиялық одаққа көшкен кезде саяси тәуелсіздікке де қатер төнеді деген алаңдаушылық танытады.

Оның үстіне АҚШ мемхатшысы Хиллари Клинтонның Дублинде адам құқықтары шеңберінде өткен конференцияда айтқан: Кедендік одақ мүшелері Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда «советизацияны тірілтуге» әрекет етіп жатыр деген сөзі ұлт патриоттарының қолтығына су бүріккендей болды. Ал бұл таяқ Ресейдің басына тигені анық.

Мынадай деректе де мән бар: Өткен жылы «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов Ресей мемлекеттік банкілерінің қазақстандық қаржы жүйесіне енуі Қазақстан қаржы және монетарлық билігінің бақылауында болуы керек, себебі бұл жағдай елдің экономикалық егемендігіне қауіп төндіреді деп мәлімдеме жасады. Ал оның алдында «Халық банкі» басқармасының бастығы Үміт Шаяхметова да Ресей мен Қытай мемлекеттік банкілері тарапынан Қазақстанға қызығушылық өсе берер болса, бұл коммерциялық мүддеден бұрын, саяси мүдде болуы керек деген ойдың ұшығын қылтитты.

Ол мүдделердің артында кім тұруы мүмкін?

Кез келген шетелдік ірі бизнестің тасасында әдетте белгілі бір мемлекеттің сұлбасы тұрады. Ол сұлба Қазақстан саяси элитасында өз мүддесін белсенді түрде жетектейтін лоббистік топтың болғанын қалайды. Ал бұл дегеніңіз біздің елдің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қатер төндірер жағдай деп қарау керек. Оның үстіне Ресейдің, Қытайдың, Түркияның, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінің бизнесі Қазақстанның экономикалық жағдайына көндіккендік белгі танытады. Көп жағдайда мұндай көндігу осы елдер мен аймақтар компаниялары үшін бізде қалыптасқан экономикалық ойын тәртібіне (мәселен, жоғарғы деңгейдегі жемқорлық пен басқарудың ашық емес жағдайына) дағдылануға байланысты. Ал мұндай жағдайда Қазақстанның саяси және бизнес-элитасынан өздерінің әсер етуші агенттерін табу аса қиын болмайды. Егер осы келеңсіздік осындай екпінмен өрши берер болса, қуыршақ режимге айналудың ауылы да алыс қалмайды.

 

Қалдықты экономика

Демократиялық АҚШ пен Еуропалық одақ ұйықтап жатып, Қазақстанды жаңа азиялық «барысқа» балайды деуге алдануға болмайды. Вашингтон, Брюссель және G8-дің бірнеше мүшесі билік жүргізетін Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанның болашақта енуі біздің елдің экономикалық тәуелсіздігін жоғалтуына соқтырады деген пікірлер қазірдің өзінде айтылып жүр.

Бұл қауіп негізсіз де емес. Қазақстан көптеген елдерге өз өнімдерін өткізетін рынок және әлемдік экономиканың қоржыны (придаток) ретінде ғана қызғылықты. АҚШ сауда өкілі Деметриос Марантистің өткен жылғы маусым айында айтқан сөзінің адалдығына илану қиын: «Қазақстанның БСҰ-на кіруі қазақстандық өнім өндірушінің басқа елдер рыногына енуіне мүмкіндік береді. Бұл сонымен бірге басқа мақсатқа жетуге - өз экономикасын диверсификациялауға жағдай жасайды. Қазір Қазақстанды мұнайы мен газы бойынша таниды, ал ДСҰ-на кірген соң, Қазақстан экономиканың басқа секторында да танымал бола бастайды».

Дәл осы сәтте американдық бизнестің өзі біздің республикамыздың шикізат саласына ғана қатысуда және ол қазақстандық экономиканы әртараптандыруға сондайлық әсер етпеуде. Деметриос Марантистің осы мәтін тұрғысындағы Қазақстанның ДСҰ-на кіруі « Қазақстан бизнес жүргізуге ашық жолды, елде бизнес жүргізуді жеңілдететін сауда саясатын қалап алған ел ретінде барша әлем инвесторларына белгі береді» деуі екіұшты естіледі. Себебі, бұл арада «қойлар» емес, «қасқырлар» жасаған және солар тықпалаған сауда саясаты жөнінде сөз болып тұрғаны өзінен-өзі белгілі.

Қазақстанға да соққы болған әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс республикамыздың сыртқы факторларға мүдделі екендігін көрсетті. Дағдарысқа қарсы бағдарлама жасаудың өзі үкімет елдің негізгі экономикалық даму бағытына қатысты стратегиялық бастаманы білмей, әлемдік экономиканың басқа елдері үрлеген отқа ұмтылған өрт сөндірушілер сияқты болғанын көрсетті. Дәл осы сәтте ел ішіндегі экономикалық үдерістерді қазақстандық үкімет емес, шикізат нарығындағы баға конъюнктурасы реттегеніне көз жетті. Бізде тіпті ел бюджетінің өзі мұнайдың бағасына байланысты жасалады. Мәселен, 2013 жылы мұнайдың бір баррелі 90 доллар, ал келесі екі жылда - $88,5 көлемінде болады деген бал ашуға болжам жасалды.

Ал әлемдік нарықтағы мұнай бағасы Қазақстанның қалауы мен тілегіне емес, кез келген жағдайға - Нигериядағы жаңа терактілерге, Ливия немесе басқа да мұнай өндіруші елдердегі биліктің ауысына, Сауд Аравиясының мұнай саясатына, Қытайдың экономикалық өсім ырғағына байланысты болады. Бейнелеп айтқанда, қазақстандық бюджеттің кіріс жағы әлемдегі басқа аймақтар мен елдердегі экономикалық немесе саяси жағдайға байланысты жасалады.

Осы көрініс тұрғысынан келгенде ҚР премьер-министрі Серік Ахметовтің өткен жылғы қараша айында Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі негізінен трансұлттық компаниялардың қатысуымен жасалған ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға байланысты кемуде деген сөзі таңданыс тудырады. «Бүгінде ІЖӨ-дегі ШОБ-тің үлесі  20%-ға жуық, - деді премьер «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында. - Әрине, молырақ болғаны жақсы еді. Ресейдегі сияқты Қазақстан экономикасының құрылымы да мұнай-газ және тау-кен өндірісіне байланысты. Мұнайгаз саласында қосымша өнім көлемін беретін және ІЖӨ-дегі осы саланың үлесін үлкейтетін біршама елеулі жобалар жүзеге асуда. Сондықтан бізде ШОБ пен агрокешеннің үлесі кеміп жатыр».

Яғни, ел мұнай-газ саласының сыртқы нарыққа тәуелділігі экономиканың басқа саласындағы бәсекелестікті соққыға тап қылып, оны шикізат қоржыны ретінде ғана қалдырады деген сөз. Ал кез келген шикізат көзі тәуелсіз бола алмайды. Қазақстан экономикасындағы шикізат өндіруге қатысы жоқ басқа салалардың дистрофиялық жағдайы елімізді өндірістік және азық-түлік тағамдарының импортына тәуелді етуге алып келді. Бұл, әрине, біздің ДСҰ мен Кедендік одаққа қалыптасуымызға қолғабыс етеді, бірақ республикамыздың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Қазір бізде егеменді елдің елесі ғана бар: өз территориямыз, шекарамыз, әскеріміз, мемлекеттік аппаратымыз, құқықтық жүйеміз, экономикалық және әлеуметтік жүйеміз бар. Енді осы факторлардың барлығы тиімді жұмыс істеуге көшуі тиіс.

 

Шөліркеудің себебі

Таяуда Қытай елі алдағы 50-60 жылдың ішінде су ресурстарына шөліркеген солтүстікке оңтүстік өзендерін бұру үшін $77 млрд бөледі деген хабар тарады. 2012 жылы біздің көршіміз бұл мақсатқа $10 млрд қаржы жұмсады. Осының бәрі Қытайдағы су қоры проблемасы жылдан-жылға ушығып келе жатқанын білдірсе керек. Ал бұл ҚХР-мен бірнеше жылдар бойы трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан Қазақстан үшін де проблема. Су мамандарының айтуына қарағанда, Қытай жағы Қара Ертістен су алуды азайтпайтын болса, 2050 жылға біздің көршіміз бүкіл өзенді бұрып алатын көрінеді. Бұл жағдайда Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуеті әдірам қалады деген сөз.

Тұтас Орталық Азия аймағында су тапшылығы қатері ушығып бара жатқанын ескерсек, бұл - проблеманың бір жартысы ғана болмақ. Мәселен, өзінің «ұлттық қауіпсіздігін» ойлаған Бішкек суды мұнай мен газ сияқты тауар етуден кетәрі емес. Әрине, оған Қазақстан мен Өзбекстан қарсылық көрсетуде.

Мұздақтарда ауыз судың үлкен қоры (Орталық Азиядағы қордың 60%-ы) арқылы аймақтағы су ресурсын реттеуші ел Тәжікстанның да қырғыздардан қалғысы жоқ. Сырдария мен Әмударияның басын құрайтын таулы аймақтарда қазірдің өзінде мұздақтардың жедел еру үрдісі жүруде. Жуық 50 жылдың ішінде мұндағы су қоры 40%-ға қысқарады деген болжам бар.

Қазірдің өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, республика өзендеріндегі су қоры жедел кему үстінде. Бұл жөнінде таяуда өткен «Трансшекаралық өзендер мәселесін шешу жолдары жөніндегі» дөңгелек үстел барысында ведомствоның вице-министрі Марат Толыбаев мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше/шақырым екен. Оның ішінде көрші елдерден келетін судың мөлшері 44 т/ш: Ресейден - 7,4 т/ш, Өзбекстаннан - 13,7, Қырғызстаннан - 3, Қытайдан - 19,9 т/ш су келеді.

 

Азықты бақылау арқылы адамды бақылау

Өткен жылдың қазан айында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко да 2050 жылы Қазақстанның мұздақтары еріп бітеді деген болжам айтты. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. «Ауа температурасының өсуі жем-шөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстүк Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді» (2010-2020 жылдарға арналған «Қазақстан экологиясы» мемлекеттік бағдарламасының жобасынан).

Әлдекім: «Астық пен тәуелсіздіктің қандай қатынасы бар?» деп сұрауы мүмкін. Бұл сауалға халықаралық аренадағы қатал ойын тәртібін жақсы түйсінген адамның сөзімен жауап беруге болады. АҚШ-тың бір кездергі мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер айтқан екен: «Мұнайға бақылау жасау арқылы сіз тұтас мемлекетке бақылау жасайсыз; ал азық-түлікке бақылау жасау арқылы халыққа бақылау жасайсыз», - деп.

Қорыта келгенде, біздің ішкі экономикалық саясатымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін экономикалық, азық-түліктік, экологиялық қауіпсіздігіміз үшінші елдерге байланысты екен. Ендеше осы аларместикалық болжамның барлығы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Индустриалдық-инновациялық бағдарламасына сай келер-келмесі түсініксіз болып қалады. Енді жиырма жылдан соң біз инновациямен айналысудың орнына көршілермен су үшін соғысып жүрмейміз бе? Немесе табиғат апатынан зардап шеккен мыңдаған босқындарды қоныстандыру үшін, олардың алдына бас иіп баруға мәжбүр болмаймыз ба?


Ақпараттық отарлау

Бәсекеге қабілетті БАҚ-ның тапшылығы Қазақстанды бөгде ақпарат пен басқа елдің идеологиясын тұтынуға мәжбүр ететін ақпараттық периферияға айналдыруы мүмкін. Мамандардың айтуына қарағанда, «егер мемлекет әлемдік ақпараттық-телекоммуникация жүйесіне дербес ойыншы ретінде ене алмаса, мұндай мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігі үлкен қатерге тап болады».

Бұны ресми билік те мойындай бастаған сияқты. Мәселен, 2009 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов былай деген-ді: «Қазақстандық БАҚ-на қаншама құрмет көрсетсек те, әлеуметтанушылардың сауалнамасына зер салар болсақ, елдің 55 % тұрғындары ресейлік ақпарат кеңістігінде тұрып жатқан көрінеді».

2010 жылы премьер қазақстандық жастардың санасына шетелдік сериалдардың кері әсер етіп жатқанына алаңдаушылық танытты. «Мәселен, Таразда өткен құқық қорғау өкілдерінің жиналысында жекелеген сериалдар халыққа біздің барлық насихатымыздан да қатты әсер ететіні жөнінде айтылды», - деді премьер-министр 2011-2020 жылдарға арналған білім беру бағдарламасын талқылау барысында.

«ҚР ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңның ақпараттық қауіпсіздікке қатысты 23-ші бабында Қазақстанның ақпараттық мұқтаждыққа тап болуына және басқа елдер тарапынан ақпараттық экспансия мен блокада жасауына жол бермеу жөнінде нақты жазылған. Ал қазір биліктің ақпараттық алаңмен жұмыс жүргізу жөніндегі стратегиялық бастамасы жоқтың қасы екенін білеміз. Соның нәтижесінде қоғамдық сана мен пікірге коммуникацияның биресми арналары: Интернет (биліктің әсері босаң балама ақпараттық арналарға азаматтардың көшуі), балама ақпараттық орталықтар (оның ішінде радикалдысы да бар) және өсек-аяң (бір кемпір айтыпты дегендей) барлық ресми БАҚ-нан қатты әсер етуде.

Ал қоғамдық санаға әсер ететін ақпаратты басқара алмаған адам әдетте өз мемлекетін де басқара алмайды. Ондайда алдымен миссионер, одан соң - саудагер, ал соңында - әскер келеді деген сөз. Басқаша айтқанда, алдымен ақыл тұтқындалады, одан кейін - әмиян, ақыр соңында мемлекеттің өзі тұтқынға айналады. Жүздеген жылдар өтсе де, осындай қатаң ойын тәртібін әлі күнге дейін ешкім өзгерте алған жоқ.

Досым СӘТПАЕВ,

саясаттанушы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (177) 17 қаңтар 2013 жыл

0 пікір