Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық-қанығы 3050 16 пікір 27 Қыркүйек, 2022 сағат 15:12

ҰҚШҰ: Одақтастар бөлінуге ниетті

Күні кеше ғана Армения Қорғаныс министрлігі Қазақстанда өтетін ҰҚШҰ жаттығуларына Армения әскері қатыспайтынын айтты. 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ҰҚШҰ аясында Қазақстанда үш түрлі жаттығу өтпек. Олар: «Өзара ықпалдастық – 2022», «Іздеу – 2022», «Эшелон-2022» жаттығулары.

Армения әскерінің жаттығуларға қатыспайтыны Әзербайжан шекарасындағы күрделі жағдаймен түсіндіруде. Алайда ресми себеп осы болса да, бейресми тұрғыдан бұл ұйым ішіндегі алауыздықты білдіреді дейді сарапшылар. Нақтылап айтқанда Армения билігі ҰҚШҰ ұйымынан көңілі қалған және сенім арта алмайтынының көрінісі.

2022 жылдың 13-16 қыркүйек арасында Армения мен Әзербайжан арасында қарулы қақтығыс болды. Бұл 2020 жылы болған 44 күндік соғыстан кейінгі ең қанқұйлы қақтығыс деуге болады. Әзербайжан әскері Армения шекарамызды бұзып кірді десе, Армения Бакуды айыптады. Ереван «әзербайжан әскері біздің аумағымызға кірді, дәлеліміз бар, ҰҚШҰ аясында әскери көмек сұраймыз» деген болатын. Алайда Пашинян биыл төрағалық ететін ҰҚШҰ Жоғары Кеңесі әскери көмек беруден бас тартып, мәселені бейбіт әрі дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Бұл жолы да ҰҚШҰ әрекетсіз қалатынын Ереван нақты түсіне бастағандай. 2020 жылы да ҰҚШҰ әрекетсіз қалған болатын.

Арменияда ҰҚШҰ ұйымынан шығу туралы митингтер өтті. Әлі де өтіп жатыр. Бір апта бұрын Тайуаньға сапары күллі әлемді дүр сілкіндірген Нэнси Пелоси Арменияға барып, Ереванға қолдау білдірді. Бұл армян қоғамындағы «ҰҚШҰ-дан шығып, Батысқа жақындайық» деген ұранды күшейтті. Ереван көшелеріндегі Ресей туларын лезде АҚШ туына алмастырған армяндар, ҰҚШҰ-ның текке қажеті жоқ деген ойда.

Арменияның сарапшылары ҰҚШҰ аясында Қазақстан мен Қырғызстан Әзербайжанға қарсы бірде бір қарулы операцияны қолдамайды деген ойда. «Астана мен Бішкекке бауырластық байланыстар одақтастық міндеттерден әлдеқайда артық» дейді олар. Ал Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық байланыстар ұлғайған сайын (транзиттік-логистикалық байланыстар) Арменияның ҰҚШҰ аясындағы талаптары Астанаға ұнамайды дейді олар.

Бішкек демекші, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс та бұл ұйымның маңызсыз екенін көрсетіп тұрғандай. Бішкек те, Душанбе де ҰҚШҰ-ға мүше, алайда соған қарамастан екі ел арасында қақтығыс артты, мемлекеттер соғыс жағдайында тұр. Ресми Бішкек Тәжікстан сарбаздары бізде өтетін жаттығуға келмесін, өзіміз де бармаймыз деп отыр. Бұл ұйымның ішінен ыдырап, шашырап бара жатқанын нақты көрсетсе керек.

Әлемдік геосаяси жағдай ушыққан сәтте, ҰҚШҰ өзінің дағдарыстық жағдайды дер кезінде, жылдам әрі эффективті реттей алмайтынын аңғартты. Ұйымдағы елдер түрлі қақтығыстарға қатысуда және бір-бірін нақты қолдаудан қашқақтауда. Бұл да болса ұйымның статусы төмендеп, өзара сенім капиталы сарқылып келе жатқанын көрсетсе керек…

Асхат Қасенғали

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594