Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 3025 4 пікір 27 Қыркүйек, 2022 сағат 14:50

«Қостанайдың партизандары» пайда болды

Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысының қаншаға созыларын кім білсін, алайда өз елінен қашқан босқындардың Қазақстанға есепсіз ағылуының зардаптары орасан болары сөзсіз.

Оның алғашқы белгілері еліміздің солтүстік өңірінде қазірдің өзінде-ақ, анық байқалуда. Күні кеше ғана Қостанай қаласының темір жол бекетінің жанында «Z» белгісі салынған машина табылды. Мұны бейне кадрға түсірген белгілі блогер Асқар Шайғұмаровтың айтуына қарағанда, барша әлем фашистік белгі деп таныған әріп бейнеленген темір тұлпар осы жерде «маған не істей аласыңдар?» дегендей бір тәуліктен астам тұрыпты. Осыны көрген біреулер полиция шақырыпты. Бір ғажабы, мен осы бейнефильмді бірер минут қана көргеннен кейін, ол әлеуметтік желіден жойылып кетті. Шайғұмаровтың өз арнасынан іздеп те таба алмадым. Оның кімге зияны тигендігі мүлдем белгісіз. Мүмкін, біздің билік тарапынан да болған тыйым шығар? Әйтеуір, оны кім бұғаттағаны бегісіз. Мұндай жайтты жасырмай, қайта арандатушылықтың қандай да көрінісін қалың жұртшылыққа жедел хабарлап, келешекте мұндайлардың алдын алуға ұмтылған жөн емес пе?

Бұл жерде мен мұны осында қашып келген орыстардың ісі деуден гөрі осындағы жергілікті шовинист орыстардың жымысқы әрекеті ме деп қаламын. Олар осылайша қасақана арандатушылық жасап, кейін Володя көкесін шақыруы әбден мүмкін.

Ал әкіміміз Архимедтің шашбауын көтеруден қолы тимейтін жергілікті баспасөз бұл мәселеге келгенде мүлдем ауыз ашпай отыр. Осылайша «Қостанай партизандарының» «ерлік істері» жұртқа жарияланбай, құпия күйінде қалып отыр. Оның кімге пайдалы екендігі айтпаса да түсінікті.

Бұл жай бәрімізге де сабақ болғаны абзал. Әрине, Ресейден бізге шұбырғандардың барлығына да қауіптене қарау тым артық болар. Алайда олардың барлығы бірдей соғысқа қарсы немесе Путиннің шапқыншылық саясатын қолдамайды дегенді мүлдем білдірмейді. Бұлардың дені қарақан басының қамын ойлап, қайтсем соғыстан аман қалып, жан сақтаймын деген пенделік тірлікті таңдағандар. Сонымен қатар, бұлардың ішінде арандатушылық элементтердің де болатындығын жоққа шығаруға болмас.  Оның дәлелі -осы жақында ғана Қостанай облысының шекарасында таза соғыста қолданатын үлкен әскери пышақ пен арнайы балтамын мұздай қаруланған үш бірдей күдіктінің ұсталуы.

Екіншіден, бұл шұбырғандарды құшақ жая қарсы алып, қазақы дәстүрмен қонақжайлығымызды көрсетемін деген дарақылықтан да аулақ болған жөн. Олар мұныңды құлдық ұру деп түсірініп, күні ертең күліп кетуі де бек мүмкін. Мәселен, әлімжеліде көрсетіп жатқан өзіміздің Орал қаласындағы бұл босқындарды ерекше қонақ ретінде әспеттен қарсы алу - осындай таза дарақылық демеске лаж жоқ. Мүмкін, қатты қиналып тұрғандарға көмек қолын созғанның сөкеттігі жоқ болар. Алайда, әр нәрсенің де өзіндік орны мен реті бар. Асыра сілтеу ешкімге де абырой әпермейді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596