Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 2390 7 пікір 26 Қыркүйек, 2022 сағат 14:09

Қазақстанды қалай көгертеміз? (жалғасы)

Бірінші бөлім: Тарихи шегініс

2. Бөлім. Тәуелсіздік кезең

Кететіндер кетіп, біраз оралмандар келіп, Қазақ халқы елімізде жартыдан асып, етек жеңімізді саяси жағынан жинаймыз деген ойымызды, тұрмыстық ауыртпашылықтар (жарқырап тұрған свет аяқ асты жоқ болды; товар тапшылығы, өндірістердің тоқтауы...) тұралатпастай басып алды! Оның бәрі «бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді...» атты догматикалық сылтаумен түсіндірілді. Ала дорба дәуірі басталып, өмірі әйелге бағынышты болмаған (ер-азамат қазан-ошаққа араласу, қатынның ісін қадағалау, шаштараз, аспаз сияқты т.б. кәсіптерді ежелден ар санаған)  қазақ еркегі үйде омалып, қазақи-адамдық қадірін жоғалтты.

Жекешелендіру ең алдымен қазаққа қарсы бағытталғандай жүрді, купон беріп алдау, ауылда жер, мүлік үлесін бермеу, берсе де ең бір құрығандарын татырып, жылы-жұмсақты бастықтар өздері иемденуге ашық кірісті. Ірі завод-фабрикалардағы құралғыларды, совхоз-колхоздардағы техниканы жаңасымен қосып металл сынығына өткізу басталды (Қытайдың да күрт дамығанына сол оңтайлы болды). Ел байлығын ашық қарақшылықпен тонаған бастықтарды көрген қарапайым жұрт «әкеңді жау шапса, қоса тона» дегендей жер-жердегі түрлі-түсті металы бар кабелдерді қазып алып, сатып күнін көрді. Ауылдағы жағдай бір қап ұнға екі қой, бір қорап фильтрсіз «Полет» темекісіне алты жұмыртқа беруге дейін жетті.

Саяси өмірде әбден сансыраған қазақты «бізде әйтеуір соғыс жоқ, соған тәуба» деген желеумен қорқытып, «алдымен экономика, саясат кейін, сосын» деп арбап (ол саясаттың мүлде қате екенін қаңтар әшкерелеп берді! Жалпы саясат дегенде біздің билік саясатты билікке таласу деп ұқты), билікті бір қолға жинап, узурпациялау басталды. Оның анық көрінісі біршама ел мүддесін соғатын Серікболсын, Шерхан ағалар сияқты азулы халық депутаттарының билігін тарату, оппозицияға өтірік саясаткерлерді қосып іріткі салу арқылы көрініп, аярлықпен іске асырылды. Онысы іске аса салысымен НӘН айналасына өзіміздің жағымпаздарға қоса, шетелі бар, басқасы бар күманды тұлғалар шоғырланып, елді одан ары тонау басталды. Түкке қажеті жоқ урбанизация (ауылдарды көшіріп алып келіп, қала маңынан ауыл салып, қазір мақтанатын миллиондық қалалар), шекаралық Семей өңірін әдейі қытайға босатып беру қажеттілігіндей әсермен қарқындады. Қарақшылық (рэкет) қазақ баласының идеалына айналды (қазір сол рэкеттердің балалары ер жетіп, заң орындарында қолдарын айқара ашып, көздерін бақырайтқандар елге еңбек етеді деп ойлайсыздар ма?).

Ауыл шаруашылығын реформалаймыз делініп, НӘН-нің өзі «қызыл директорларды құрту керек» деп столды тоқпақтап, қытай моделі дегенді басшылыққа алып, жерді үлеске бөлді (ол кезде кетпенмен-ақ тырбыңдап, аздаған жерін шұқылап, тырбаңдаған қытай қайда, алып танаптарды техникамен игерген біз қайда, соның айырмашылығын ешкім түсінбеді). Ең ақымақтық сол дер едім, өзіңіз ойлаңызшы, егістікке ғылыми негізделген тыңайтқыш-мәпелеу-баптау беру керек, сонда ғана өнім аласың, ал, оны іске асыратын агротехниканың басты қажеттілігі ауыспалы егіс жүйесі болса, сонда, мысалы оңтүстік-оңтүстік шығыс өңірлерде қолына тиген 3-4 га жерде қандай «севооборот» болуы мүмкін? Бұл жерде де қазақ ұтылды, өйткені, жаңағы билікті өз уысынан шығармаған «қызыл директорлар» шұрайлы жердің көбін басып алды, үлес бөлген кезде, өкіметтік фонд деп талай жерді алып қалып, өзлері иемденді, оған шет елге кеткендердің, қайтыс болғандардың, тастап кеткендердің т.б. үлестерін қоссаңыз және бұрыннан қалған техниканы, материалдық-техникалық базаны иемденгендер аяқ асты латифундистер, ауылдық феодалды-буржуазия болып, шыға келді (балаларын қалаға жіберіп, кей бизнес түрлерін игерді). Үлесін жалаң қолмен игере алмаған қазақ тағы сорлап, соларға жем болды. Ауыл шаруашылығында (А.ш.) ғылыми жетістіктерді игеру, тұқым саласын жақсарту, алдыңғы қатарлы агротехникалық жүйені алға шығару т.б. түсініктер елеске айналып, кешегі жер игеруден мүлде мұрнына иісі бармайтындар жерді әлі күнге дейін зорлап, қорлап келеді. Аграрлық саладағы барлық институттар (агрохимия, топырақтану, жерге орналастыру, суғару жүйесі, ғылыми мекемелер, тұқым-сұрып зерттеу, химияландыру, өсімдік қорғау, карантин) жоққа айналды. Мал шаруашылығында жеткен жетістіктер күлге ұшты, ондаған жылдар жалғасқан селекция жетістіктері, жерлестірілген мал түрлері, сұрыпы, алдыңғы қатардағы ветеринария қызметі көзден бұл-бұл ауып, меншіктегі қойлары «мәлішке» айналып, тана-торпағы буаз болып, одан алған төлі «арамзаланып» өспей қалып, апарған еті өтпей, ақыры, алыпсатардың қолына түсіп, ісі кері кеткен де өзіміздің қазақ екені ешкімге жасырын емес шығар.

Қазақстан жер байлығын адам басына шаққанда дүниедегі ең бай мемлекеттер қатарында, (алайда, қазір ол қазақ баласына қызмет етіп отырған жоқ) соның арқасында ақша да табылып, ел жағдайы әжептеуір жақсарды. Саяси өмірде толықтай клептократия жеңіп, оның ең бір адам түсініп болмас авторитарлы-тоталитарлы-кландық-рулық-олигархтық-феодалдық түрі орнады, жәй халық биліктен мақұрым аластатылды. Бұрын атын ғана естіген ру өздерін «таңдаулы» деп санауға көшті, қарапайым халық бұрын басқадан көрген қорлық-зомбылығын өздерін «құдайдың ұлындай» санап кеткен солардан көрді. Өкімет билігі үш тармақтан (заң шығарушы, атқарушы, сот) тұрады десек, солардың бәрі кландық-отбасылық топқа өтті! Бір ғана мысал, ауданымызға Б. Назарбаев келгені есімде, құдай сақтасын, оның жандайшаптары, қиқулатып соңынан ілескен полиция жасақтары, тура бір өзге елдің мәртебелі мемлекет басы келгендей, шала бүлінді. Ал, шындығына келсек, ол кісі мүлде мемлекет қызметіндегі де тұлға емес, қатардағы «кәсіпкер», өзі сұхбатында айтқандай 18 жыл қатардағы жүргізуші болған жан емес пе?! Басқалары шетелдегі кинода ғана көретіндей еш қымсынусыз, фантастикалық байлықтағы өмір кешті және оларын өздерінше, дұрыс деп ойлады (ол байлық қалай келгеніне нувориштер мүлде бас қатырмады)...

Кейбір, мемлекетті тонамай, өз еңбектерімен байлыққа қолы жеткендер, аналарға қарап, еліктеп, өзінен «төмендерге» мұрнын шүйіре қараушылық шықты (ондай сәттерді өмірде күнде көреміз, қымбатырақ, «крутой» номері бар машиналардың жылдамдық ережелерін қасақана бұзып, жүйіткіп өтуі...т.с.с.). Ал, ондай жағдайлар «төмендегілердің» еріксізден психологиялық-табиғи теңдікті аңсаған көңіліне әр сәтте қаяу түсіретіні анық! Елдің өмірінің барлық саласында таптық-«касталық» жүйе пайда болды: олигархтар – «аспан» тұрғындары, қолы жеткендер «өзін көк тұрғындары санау, ал, қарапайым ел (әсіресе, ауыл қазағы) өз елінде, өз жерінде жүріп «мәмбетке» айналды!

«Аспан» тұрғындарына арналған халық тобы барын да ұмытпаңыз, жалпы ол топ қалай құралатынын түсіну үшін, бар ел, барлық жағынан билікке түбегейлі тәуелді етілгенін естен шығармаңыз (қызмет, жұмыс, оқу, пәтер алу, үй салуға жер телімін алу, тіптен, балаларға арналған жәрдемақы алу, жұмыссыз ретінде биржаға тіркеліп, қоғамдық жұмысқа тартылу...т.б.), міне бұған барлық бюджеттегілерді, студент-оқушыларды қоссаңыз, сол арнайы топ шыға келеді! Бастық келгенде тұрып, күліп гүлмен қарсы алу, жалған («Нұрсұлтан-Қазақстан, Ел тірегі Нұр-Отан, Президент біреу, Халық оған тіреу...т.б.) ұрандау, өз жеке бас пайдасын ойлаған арнаулар...осының бәрі бір жағы күлкілі, көбірек жағы жеккөрініштік қалыпқа айналды!

Жағымпаздардың «ел басқарудағы Назарбаев құрған моделі әлемге үлгі» дегенді ел мазақтап қарсы алды, шынымен ойлансақ, ол қандай үлгі, әбден «жемқорлыққа» кеңірдегіне дейін батқан қоғам ба? Бәрі, бәрі де сатылады (генерал шені 100-120 мың, аудан әкімінің орны 300 мың доллар т.б. ал, енді соншама ақшаны қалтасына қайтару үшін әкім не істеуі керек, әрине, елді, тонауы керек...), олай болса, адал түсінік, адами қасиет, обал, ұят сияқты ата-бабадан келе жатқан ұлтымыздың құндылық-тәрбиесі аяққа тапталды. НӘН-ді қызының де Гольге, Мүстафа Кемалға теңегенін қайтерсіз? Жалпы алғанда, ол кісі кейінгі кезде психикасы маразматизмге көбірек ауысып (Обамамен қатар тұруға ұмтылуы, екі сиыр, орташа жалақы 500 мың т.с.с. дегендері), реалды өмірден басқаша әлемде жүргендей көрінді. Көзі тірісінде қойылған ескерткіштер, астана т.б. көптеген обьектілерге есімі берілуі, жеке басқа табынудың ең бір сорақы түрінде жүрді. Олай дейтініміз, бар халық сүйіспеншілікпен, шынайы көңілмен сондай нәрселерді істеп жатса, сөз жоқ еді ғой, өкініштісі, оның бәрі ел тілегісіз, билік тарапынан жағымпаздықпен іске асырылды. Ақыры оның бәрі қағаз ойыншық үйшік (карточный домик) екені бір сәтте ашылды. Негізі, тарихи көптеген ескерткіштер бұзылмай-ақ тұр ғой, өйткені, олар халық кеуілінен шықққан дүниелер (қазақ ежелден аруақ сыйлаған), ал мынаусы...

Мемлекеттік қызмет тек баю жолын ашқан себепті, меритократиялық принцип, шынайы бағалау жоғалып, білікті мамандар билік басынан шеттетіліп, рулық-тамыр-таныстық (трайбалиизм) арқылы билікке келу орнағандықтан билік жай халықпен санасуды мүлде қойды. Әкімдердің есебі деген бар, сонда екі сөзді қосып айта алмайтындар үшін мынандай тәсіл ойлап табылды, алдымен жиналған жұртқа (таңдап алынған адамдарға, титушкаларға деп түсініңіз) кино көрсетіледі де, артынан әкім шығып бір-екі парақ құттықтауды ежіктеп оқып, ары қарай жүргізушілер мараппаттау рәсімін орындайды. Керемет! О. Бендердегідей резинадан жасалған Полыхаев тірі адамды ауыстыра салады! Қазіргі күнде қолдарына ақша түскендердің, сатып алған дипломы мен таныстарының арқасында билікке келуі көбейді. Бастығың анандай болған соң, өз-өзінен бюрократтық аппарат домалатқанда жабысқақ сулы қардай жабысып өсе береді, өсе береді! Ең сорақысы ешкім ештеңеге жауап бермейді, жеке бастың жауапкершілігі мүлде жоғалған. Сол күй айналып-айналып келіп, қара халықтың да басына бойкүйездік, шарасыздық, немқұрайлылық орнады...

Жалғасы бар...

Азкен Алтай

Abai.kz

7 пікір