Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық 3206 11 пікір 26 Қыркүйек, 2022 сағат 13:11

Ешбір референдумды мойындамаймыз!

Қазақстан Украинаның сепаратистік аумақтарында өткен референдумдар туралы нақты ұстанымын білдірді.

23 қыркүйекте Ресейлік басқыншылар бақылауына алған Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарында «Ресейге қосылу туралы» референдумның басталғаны туралы жарияланды. Әлемнің өркениетті елдері бұл референдумдарда ешқандай ереже сақталмай, қарулы адамдардың бақылауында өтіп жатқанын айтып, оны мойындаудан бас тартты.

Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Украина аумағында өтіп жатқан референдумдарды мойындамайтынын ресми мәлімдеді.

«ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады.

Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Қазақстанның Луганск пен Донецкі егемендігін танымайтынын жеткізген болатын.

«Бізде бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 не, 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа апарады. Сондықтан біз Тайуаньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз», - деді Тоқаев.

Ал, референдум өткізушілер үш күн ішінде қарумен қорқытып, референдумға қатыстырған сайлаушыларының Луганскіде 76,09 пайызы, Донецкіде 77,12 пайызы келді деп жариялаған, сонымен референдум өткен болып есептелмек.

Айжан Темірхан

Abai.kz

11 пікір