Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2659 0 пікір 5 Тамыз, 2009 сағат 10:01

Алашқа адал болған...

Қазақта халық атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азаматтар көп болған. Олар Қазақстанның әр түкпірінде жүріп-ақ бірін-бірі жақсы білген, бір-бірінің ниетін айтпай түсінген, тіршіліктерінде бір-біріне көмек көрсеткен. Байқасаңыздар, сонау солтүстікте, Арқада өсіпнген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар біраз ғұмырын оңтүстік өңірде өткізген, елеулі еңбектерін сонда тудырған. Өйткені онда өздері сияқты халық қамын жеген, жұртшылық жоқтаушысы ретінде танылған Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, C.Қожановтай ардагер азаматтар қызмет еткен. Қуғын-сүргін көріп, бастарына қауіп төнгенде, ашаршылыққа тап болып, халқына талғажау іздегенде әлгі арыстар осылардан қолдау көрген.

Өзің - Шыңғысхан!

Ұлтжандылығы, рухы, мінезі, ниет-мақсаты жағынан әлгі аталған Арқа ардагерлеріне әсіресе С.Қожанов етене жақын болған. «Ақ жол» газетінің алғашқы редакторы ретінде озық ойлы азаматтарды бауырына тартып, олардың кітаптарын шығарып, қамқорлық жасаған.

Қазақта халық атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азаматтар көп болған. Олар Қазақстанның әр түкпірінде жүріп-ақ бірін-бірі жақсы білген, бір-бірінің ниетін айтпай түсінген, тіршіліктерінде бір-біріне көмек көрсеткен. Байқасаңыздар, сонау солтүстікте, Арқада өсіпнген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар біраз ғұмырын оңтүстік өңірде өткізген, елеулі еңбектерін сонда тудырған. Өйткені онда өздері сияқты халық қамын жеген, жұртшылық жоқтаушысы ретінде танылған Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, C.Қожановтай ардагер азаматтар қызмет еткен. Қуғын-сүргін көріп, бастарына қауіп төнгенде, ашаршылыққа тап болып, халқына талғажау іздегенде әлгі арыстар осылардан қолдау көрген.

Өзің - Шыңғысхан!

Ұлтжандылығы, рухы, мінезі, ниет-мақсаты жағынан әлгі аталған Арқа ардагерлеріне әсіресе С.Қожанов етене жақын болған. «Ақ жол» газетінің алғашқы редакторы ретінде озық ойлы азаматтарды бауырына тартып, олардың кітаптарын шығарып, қамқорлық жасаған.

Бұларды өзара осынша жақын-дастырған идеал өз халқына деген шексіз сүйіспеншілік, оның болашағына деген ерекше қамқорлық, өз ұлтын теңдікке жеткізсек деген арман-аңсар еді. С.Қожановты да революцияға дейінгі қазақ халқының мемлекеттігі, жұртшылығы, елдігі болмағаны қатты толғандырған. Әр ұлттың өз мемлекеті болуын армандаған.

Сонау 1921 жылы-ақ Түркістан компартиясының VІ съезі қарсаңында әр ұлтты бірлікке, елдікке шақырған, өз жұртшылығын жасаудың, мемлекетін құрудың қажеттігін түсіндірген. 1920 жылы қазан айында Ташкентте қырғыз-қазақ институты ашылды. 1924 жылы оны тұңғыш рет жеті шәкірт бітіріп шықты. Осыған қуанған Сұлтанбек «Ақ жол» газетінде «Жас буын, жаңа жұрт жаңа жолға түссін» атты мақаласын жариялады. Онда ол ел-жұрттың тыныс-тіршілігіне сын көзімен қарады, орынды өкпе айтты, нақты міндеттер қойды. Орта Азияны ұлт ретімен, әр ұлтты өз шекарасымен бөлу тұсында ел болу, жұрт болу, мемлекет құру мәселесі Сұлтанбек назарын бұрынғыдан да қатты аударды. Бірақ ол бөлініп, өз алдына жұртшылық болудың басқалардан гөрі қазақ, қырғызға қаттырақ тиетінін, қиындықты көбірек әкелетінін жақсы түсінді.

Осы қиындықтан өз халқын құлатпай алып шығып, тезірек есін жиғызып, ел етіп жіберу үшін Сұлтанбек ірі әрекеттерге барды. Кезінде бұл талас-тартыс қаһарлы Сталиннің де құлағына жеткен. Ол Сұлтанбектің өз халқының жанын сала жоғын жоқтауын жақтырмаған.

Жалпы, С.Қожанов қайсар да батыл адам болған. Көп мәселелерде оның айтқанынан қайтуы, иілуі қиын көрінеді. С.Мұқановтың: «Ол - өзге түгіл, Сталиннің өзімен де жұлқыса кетуден тайынбайтын адам. Бір жиналыста Сталин Қожановқа қалжыңдап: «Қалың қалай, Шыңғысхан?» - десе, Қожанов оған: «Мен емес, өзің - Шыңғысхан!» - депті. Ол - сондай батыл сөйлейтін адам» («Есею жылдары». - А., 1964, 125-бет), - дегенінде шындық бар.

Тынбай тіршілік ете беруге, батыл басып нығая түсуге, белестен-белеске асуға, табыстан-табысқа жетуге жұмылған Сұлтанбек осы жолда қажымас қайрат, қайтпас жігер, жалынды жүрекпен еңбек еткен. Ол - қазақ халқының ұлы Одақтағы терезесі тең, іргелі ел, ірі республика болуына зор үлес қосқан Алаш азаматы.

Басқа лайық бөрік

Өнер-білім әр елді, әркімді әр кезде өрге сүйрейді. Өнері өсіп, сауаты артқан, білікті зиялылары көбейген халық елдікке тез жетеді, бай тарих, мол дәстүрге ие болады. Біздегі оқу-ағарту майданы қайраткерлері қатарында, бұл саладағы ірі тұлғалардың тобында С.Қожанов та тұр. Сұлтанбектің оқу, оқыту және тәрбие мәселелерімен шұғылдануына екі түрлі себеп болған. Біріншіден, қызмет бабы лауазымы, яғни Түркістан Орталық атқару комитетінің орынбасары, төрағасы, республикалық Орталық партия комитетінің хатшысы, оқу-ағарту халық комиссары, кейінірек қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, БК(б)П Орталық комитетінің нұсқаушысы, Орта Азия бюросының үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болуы оның халық ағарту ісімен тынбай шұғылдануын, ұйымдастыру жағынан басшылық етуін қажет еткен.

Екіншіден, «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттеріне редакторлық етуі, Орта Азия политехникалық институтының директоры болуы оны жалпы жұртты, студент жастарды оқытып, тәрбиелеумен тікелей айналыстырған. Дәл осы тұста Сұлтанбек: «Қазақ, қырғыз қара бұқарасына ең керегі - өз тілінде оқытатын ұлт мектебі. Әзірше ең болмаса ана тіліндегі бастауыш мектептері болуы шарт. Балалар білімді де, тәрбиені де өз ана тілінде алуы керек. Жат тіл - тәрбие ісінде қиын, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Ұлт мектептері жоқта оқығандардың көбі тілмаштар, арамқорлар болып шықты», - дегенді ашып айтты.

Жалпыға бірдей ұлт мектептерін ашып алған соң, Сұлтанбек шаруа ғылымын үйрететін, тұрмыс-тіршілікке жаттықтыратын, яғни әрі оқытып, әрі баулитын кәсіптік еңбек мектептерін ойластыруды, оларда да оқуды ана тілінде жүргізуді міндет етіп қойды.

Ағартушы қайраткердің осыдан 70-80 жыл бұрынғы бұл пікірлері, қойған проблемалары күні бүгінге дейін маңызын жойған да жоқ, шешімін тауып болған да жоқ.

Оқу, тәрбие жұмысындағы мұғалімдер рөліне Сұлтанбек үлкен мән берген. «Жұрт болу, мемлекет құру, қатардан қалмау білімді болуға байланысты. Бұл үшін мектеп керек болса, мектеп үшін мұғалім қажет», - деп талмай түсіндірген.

Қорыта айтқанда, С.Қожанов - ағартушы, ұстаз қайраткер. Ол өз тұсында, «соқырдың тілегені - екі көзі» дегендей, қазақ халқының іздегені оқу-өнер, мәдениет екенін, елдің бұл ынтық-зарын қанағаттандыру үшін «басқа лайық бөрік» секілді тұрмысқа лайық оқу-ағарту мекемелері қажеттігін жақсы түсінді. Мәдениет майданының үлкен ұйымдастырушысы, білікті жетекшісі ретінде ағарту ісіне зор үлес қосты.

Жалаң ұрандардан іске өту керек

С.Қожанов бір өлеңінде жастарға осылай үміт артқан. Олардың ел билігін өз қолдарына аларын білген, «еңбекпен ер көгерер, жас жетілер, теңелер» деп ұрпақ болашағына сенген. Мұны Сұлтанбек 20-жылдардың бірінші жартысындағы екіталай заманда, жікшілдік желпініп, жалаулатып тізгін бермей тұрған тұста, ел тағдыры тарих талқысына түсіп жатқан шақта айтқан.

Бірде ол: «Міндет - енді жетіп келе жатқан, бұзылмаған жас буыннан басшылар әзірлеу. Партияны осылардан жасау керек», - деп ашық айтқан. Бірақ бұл орайда таптық көзқарастың болуын ерекше ескерткен.

Сұлтанбектің саяси сауаттылығын мына сөздерінен де аңғаруға болады: «Жас екен деп жастардың бәріне бірдей құлай беруге болмайды. «Көрген көргенін біледі, көсеу түрткенін біледі» дегендей, әркім өз білгені, өзіндік дүниетанымына орай, болмыс-құбылысты өз тұрмысына лайық бағалай білуі қажет. Осы кезде сөз болып жүрген партия ішіндегі демократия деген жол еңбекшілер негізінде құралған партия ұйымдарына ғана жүргізілуі керек. Ол демократия партия жасау жолында пайдаланылуы керек. Демократия - тілмаштар үшін емес, партия жұртшылығы үшін! Демократия - әсемдік үшін емес, жұртшылықты қоздыру үшін!» («Ақ жол» газеті, 13.1.1924).

1925 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының екінші нөмірінде Сұлтанбек «Жалаң ұрандардан іске өту керек» деген проблемалық мақаласын жариялады. Онда зерделі қайраткер кадр мәселесіне, олардың кейбірінің іс-әрекет сиқына кең тоқталды, ел ішін кең жайлап кеткен былықты қатты сынады. Мақала соңында қалам қайраткері: «Орталық өзгерді, Ақмешітке көшіп, қалың қазақ арасына келдік. Шарт өзгерді, уақыт өтті. Жаңа қоныста жаңа істерге кірісейік», - деп жұртты жаңа тұрмыс құруға, ынтымақты еңбекке, берекелі бірлікке шақырды. Жастар жанашырының пікірінше, сол тұстағы үлкен кемшілік - көпшілік жұрттың өзі біліп, іске жұмылуының жоқтығы. Мұның себебін ол мынадан деп біледі: «Қалада өсіп, Еуропа тәрбиесін алып, қара халықтан аулақ кеткен оқығандарымыздың жұртпен бірге жасай алмай, жұрттың мұңын сезе алмай, сырттан тон пішіп, аңыз, әңгімемен алжасып жүргендігі, патша үстемдігі дәуірінде орыс тілімен күн көрген тілмаштар мен үкімет пен халық арасына делдалдық жүргізіп, жұрт билеуді дағды қылған атқамінерлердің күні бүгінге дейін сол кәсіптен тыйылмай, жұртты түтіп жеп келе жатқандығы». Бұл кемшіліктерден арылу үшін ел басшылары жұрттан шығып кеткен адамдардан болмай, сол қалың елмен бірге жасап, бірге ашығып, бірге тоғайып жүрген, еңбекшілермен шаруа қамы бір, тұрмыс талабы бір адамдардан болуы керек.

Яғни автор пікірінің түйіні елге құрғақ ақыл соғатын басшы керек емес, ауыртпалықты жұртпен бірге басынан кешіріп, жұртпен тағдыры байланысқан басшы керек дегенге саяды.

Бұл - жарлылар съезі!

1921 жыл, маусым айының бірі.
Бүгін мұнда Жетісу облыстық қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының тұңғыш съезі ашылмақшы.
Сағат 10. Съезді сол кездегі мұсылман коммунистері Жетісу облыстық бюросының төрағасы Ораз Жандосов ашты. Ол жарлы-жақыбайларды тұңғыш съезімен құттықтау үшін сөзді Түркістан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары С.Қожановқа берді. Жұрт ду қол соқты. Мінбеге ортадан жоғары бойлы, ашаңдау келген Сұлтанбек көтерілді:

- Жолдастар, Жетісу қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының, басқа езілген таптың тұңғыш съезіне Түркістан Орталық атқару комитетінен һәм ортақшылдар партиясының кіндік комитетінен құтты болсын айтамын!

Бұл съезд - жарлы-жалшылардың тістілердің азуына, тырнақтылардың шеңгеліне түсу түгіл, олардың өзін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, үкіметтің шылбыр, тізгінін қоса алғызар съезі. Көркейетін жарлылар съезі! («Кедей еркі», 6.6.1921).

 

Мұқан ӘБДІРАМАН, Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті

"Алаш айнасы" газеті, 4.08.2009

0 пікір