Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
1782 1 пікір 22 Қыркүйек, 2022 сағат 12:39

Ресейде мобилизацияға қарсы митингтер өтті

Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өткен мобилизацияға қарсы акцияларда жүздеген адам ұсталды.

Мәскеуде Старый Арбат, Санкт-Петербургта Исаакиев шіркеуінің алдында жиналғандар "Балаларымызға өмір" "Путинді окопқа" және "Соғысқа қарсымыз" деп айқайлады.

"ОВД-Инфо" құқық қорғау ұйымының Мәскеу уақыты бойынша сағат 01:00-ге қарата жариялаған мәліметіне сәйкес, Санкт-Петербургта мобилизацияға қарсы акцияға шыққан 537, Мәскеуде 535 адам ұсталған. 21 қыркүйекте мұндай акциялар Ресейдің 38 қаласында өтіп, өлке бойынша ұсталғандардың жалпы саны 1410 адамға жеткен.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин өлкеде жартылай мобилизация жариялағанын мәлімдеген. Путиннің соңынан мемлекеттік телеарналар арқылы сөйлеген Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация аясында 300 мыңға жуық адам әскерге тартылатынын айтты. Министр армияға негізінен запастағы және әскери қызметтен өткендер шақырылатынын айтып, олар қосымша дайындықтан өтеді деді.

20 қыркүйекте Мемлекеттік дума елдің Қылмыстық кодексіне "мобилизация", "әскери ахуал", " әскери мезгіл" деген түсініктер енгізіп, дезертирлердің жазасын күшейтіп, өз еркімен тұтқынға түскендерге, қорғаныс тарабынан мемлекеттік бұйрықты орындаудан бас тартқандарға жаза мерзімін анықтаған. Бұл мобилизацияға дайындық ретінде сипатталған.

Abai.kz

1 пікір