Жұма, 29 Наурыз 2024
Айқай 2238 2 пікір 22 Қыркүйек, 2022 сағат 11:55

«Ұлы дала жорығының» дүбірі

Өткен ғасырдың 80-жылдары жазылған марқұм Омарғазы Айтанұлының:
«Көріп келемін пойыз терезесінен
Кім екен ол
Қосар ат жетелеп
Бара жатқан суыт ен далада төтелеп?!

Кім екен ол
Тағдыр оны жазмышта
Осы атқа мінуге бұйырған?!
Бейіт пе, жоқ ,әлде ескі мұнара ма,
Елестейді бір белгі
Сонау алыс қиырдан...» деп келетін «Қосар ат» атты өлеңі бар еді. Жаңа заманның жүрдек көлігінде ауыр ойда отырған ақын ары қарай:
«Есіңе түседі ежелгі
Ерлер мен серілер
Бара ма екен, әлде, қыз алып қашқалы?!
Әйтеуір бір асығыстық
Бұлдырайды алыстан
Бұлаң құйрыққа басқаны...

Қайырылып байланған қос таралғы
Жарқылдайды күміс ер мен пыстан.
Дер едік қой
Заманы болса егер жорықтардың
Қайсы батыр екен оққа ұшқан?!» деп ат жалында өткен бабалар өмірін көз алдыға елестетіп, сағынышты қозғайды. Өлеңін:
«Қайырулы кетер ме
Қос таралғы сол күйі?!
Ат сағынғандай тақымым
Ойға баттым ұзынды күн осымен.
Үлкен қалаға кіріп
Сәулетті сарайға түскенімде
Ұмытылып кетті, бірақ, бәрі есімнен» деп аяқтайды. Көп өтпей құдай оңдап қазақ елі егемендік алды. Қосар ат иесіз қалмады. Оның айғағы қыркүйектің 17-күні ел ордадағы «Қазанат» бәйге алаңында парламент төрағасы Ерлан Қошановтың, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтің, Астана қаласының әкімі Алтай Күлгіновтың қатысуымен ашылу параты өткен «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесі дер едік. Президент Тоқаевтің құттықтау сөзі еліміздің әр өңірінен жиналған 12 күнде 1200 шақырымды бағындырып, соңғы мәре – киелі Түркістанға жетуді көздеген тақымы берік шабандоздарға, өкпесі тесік арғымақтарына ерекше қуат бергендей. Күллі ел көз тіккен марафон бәйге ертесі Астана іргесіндегі Қаражар ауылынан басталды. Таңғы сағат жетіде шабандоздар тізгінді қоя берді. Алғашқы үш күннің қортындысы бойынша Маңғыстау облысы командасы 27 сағат19 минут нәтижемен алға шықса, Шымкент командасы 27 сағат 40 минутпен екінші орында, Ақтөбе командасы 27 сағат 49 минутпен үшінші орында келеді екен. Қазіргі басқан-тұрғаның қалтаға салмақ салатын нарықтық заманда мұндай ауқымды шараны ұйымдастырудың, үдесінен шығудың оңай емес екені белгілі. «The Great Steppe Tour» ұйымдастыру алқасының мүшесі Ғани Дүйшеновтың айтуынша олардың 30 үйлестірушісі 15 жұмыскері бар. Көшпелі қызмет көрсететін 35 техника 15 аспаз бар. Әр 50 шақырым сайын салбурынмен келе жатқан шабандоздарды түстендіріп, әр 100 шақырым сайын боз далада 200 адамдық шатыр тігеді екен. Бұдан бөлек тұлпарлардың тұяғы тиген өңірлердің атқа мінерлері мен атымтай жомарттары да қолдау білдіруде.

Ұлытауда «Ұлттық құрылтай» өткенде шын қуанған халық, міне енді кең байтақ қазақ жерін дүбірлеткен «Ұлы дала жорығына» куә болып отыр. Қызыл идеологияның кесірінен астындағы атынан, аузындағы ағынан айырылып, ашаршылықты, қанды соғысты көріп, отырықшы өмірге еріксіз бой үйреткен халқымыздың ұлттық рухы қайта оянғандай. Тұлпарлар дүбіріне қиқу қосқан жұрттың ыстық ықыласы соны аңғартады. Аламанның белортасында жүрген абыз ақын Светқали Нұржанның жазбалары көрінде бір аунап түсіп күңіренген ата-баба аруағының сәлеміндей естіледі. Шабандоздарға қайрат, түлпарларға шабыс тілейміз. «Ұлы дала жорығы» жаңа асуларды бағындырады деп сенеміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2278
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596