Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Деп жатыр 2254 24 пікір 22 Қыркүйек, 2022 сағат 11:48

Ел саясатындағы "өтпелі шақтың" көлеңкесі

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның егемендігінің 30 жылдық тарихындағы маңызды әрі басты тұлға болды. Алайда қаңтар қасіретінен кейін оның мәртебесі мен құзіреттерінен, бас қаладағы атынан біртіндеп бас тартып жатырмыз. Оған ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен болар. Бірақ, оған негіз болатын қандай бір мемлекеттік деңгейде ұстаным жоқ. Өйткені, қазіргі уақытта Бірінші Президентке тарихи тұрғыда баға берілмеді. Тарихи тұрғыда баға беру дегеніміз – тұлғаның атқарған ісіне биліктің диалектикалық тұрғыда мемлекет көлемінде көзқарас қалыптастыруы және халыққа айқындап беруі. Онда заңдық-құқықтық ұстанымдар емес, тарихи өлшем басым болады. Бұндай баға беру көшбасшыларға тарихтан бері, әр елде беріліп келеді.

Мен тарихи тұрғыда баға беруді екі түрге бөлемін. Бірі – биліктің сол тұлға туралы қорытынды ұстанымы мен бағасы. Екіншісі – халықтың ол тұлғаға қаратқан көзқарасы. Алдыңғысына қытай коммунистерінің көсемі, ҚХР құрушы Мау-ды мысал етуге болады. Ол жүргізген басқа науқандарды айтпағанда, бір ғана «Мәденииет төңкерісі» аталатын саяси науқаны 10 жылға жалғасып, мемлекет аса зор шығынға ұшырады. Ондаған мың адамдар өлтірілді және қуғындалды. Өндіріс, білім беру мен денсаулық сақтау толықтай күйреді. Алайда, кейінгі буын мемлекет басшылары оған: "Мау жолдастың басшылық етіп жүргізген «Мәдениет төңкерісі» мемлекет үшін өте үлкен дағдарыс әкелген қателік болса да, бірақ оның мемлекетті құру мен дамытудағы еңбегі онан да зор"-деп тарихи бағасын беріп «ақтап» алды. Күні бүгінге дейін қытай ақшасында тек қана Мау-дың суреттері тұр. Екіншісіне күні кеше өмірден озған Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета жақсы мысал болады. Оған деген халқының құрметі қандай жоғары екенін көріп, риза болып отырмыз. Биліктің берген тарихи бағасы мен халықтың берген бағасында ұқсамастық болуы табиғи. Себебі, билік саяси мән-мағынаға көңіл бөлсе, халық шынайы бейнесін басшылыққа алады.

Ел тарихында шешуші рөл атқарған тұлғаларға тарихи баға беруде ұлы философ Сократтың «диалектика теориясы» бойынша қарама-қарсы көзқарастардың пікір таластарының диалогы негізінде ақиқатқа жетуге талпыну тұрғысынан қарауымыз әділ болатын секілді. Сондықтан біз Бірінші Президентке баға беруде, оның президент ретінде Қазақстанның барлық басқару салаларындағы еңбегін таразылауымыз керек. Оның ең басты жіберген кемшілігі - экономиикалық жақтағы тәжірибесіздігінің салдарлары екенін көреміз. Бұл кемшіліктің бастауы - жекешелендірудегі экономиикалық саясатының дұрыс болмауынан бастау алып, одан кейінгі кездегі өнеркәсіп пен бизнесте «Орта Азяда немесе ТМД елдерінде теңдесі жоқ, тіпті әлемде сирек кездесетін» делінетін гигантизм ұстанымымен жалғасын тауып жатты. Нәтижесінде күнделікті қажет сан-түрлі тұрмыстық бұйымдарды өндіруге шынайы мән берілмеді. Оған Қытайдың арзан бағалы тауарларының да нарықты жаулап алуы да әсер етті. Гигантизмнен гөрі, халық үшін қарапайым заттар экономикасын дамытудың маңызы зор еді. Алайда, бағыт басқа арнаға бұрылып кетті де халық күткендей экономикалық өсім болмай, ақша құнсызданып, жұмыссыздық етек алып, инфляция шарықтады.

Ал Н.Әбішұлының Қазақстан Республикасының құрылуының алғашқы кездеріндегі ішкі, сыртқы саясат, халықаралық қатынастар, қарулы күштер, шекараны бекемдеу, шетелден қандастарды көшіру, «Болашақ» бағдарламасы, ел астанасын Алматыдан Астанаға көшір және т.б. еңбектерін халық жылы қабылдаған. Біз Бірінші Президентке тарихи баға беруде осындай диалектикалық теория тұрғысынан, жіберген кемшілгі мен сіңірген еңбегін жарыстырып бағалауымыз қажет. Оның экономиканы дамытудағы саясатының соңында сәтсіздікке ұшырауының басты себебі: Н.Әбішұлы – Кеңес Одағының жоспарлы экономикасы тәрбиесінде жетілген саясаткер, бірақ нарықтық экономиканың заңдылығын меңгерген экономист немесе қаржыгер емес. Біз мәселені осы тұрғыдан бөле-жара қарастырсақ біраз дүниеге көз жеткізе аламыз. Егемендіктің алғашқы жылдарында елімізде, тіпті Кеңес Одағы территориясында нарықтық экономиканы білетін білікті мамандар өте тапшы болды. Сондықтан жекешелендіруде ағаттықтар кетті. Бірақ, оның барлық жауапкершілігін бір адамнан іздеу лайықты болмас. Сол кездегі өкімет басы, министрлер, әр дәрежелі әкімдердің де, тіпті ұжымдық шаруашылық (колхоз, совхоз) басшыларының да белгілі деңгейде жауапкершілігі бар екенін ескерген жөн. Бірақ, әрине басты тұлға ретінде Бірінші Президенттің алатын жауапкершілігі басым екені даусыз.

Біз секілді қарапайым халық үшін мемлекет басшыларының жұмысындағы сан-алуан қиындықтары, күрестері, шаршап-шалдығуы белгісіз. Бізге белгілісі – базардағы тұрмыстық тауар мен азық-түлік пен баспана бағасының көтерілуі, айлықтың өсуі немесе жолдың, мектеп пен емхананың жағдайы секілді күнделікті көріністер. Себебі, халыққа керектісі осылар. Ал бұлар қолжетімсіз немесе әділетсіз болғанда басшылардың саясаттағы еңбектерінің құны көк тиын болып шыға келеді. Анығы сол – лауазымы биік адамның міні де сонша үлкен көрінеді. Өйткені, оның берер пайда-зияны да зор. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Қателесуден қорықпаңыз, қатені қайталаудан қорқыңыз» -деген екен Теодор Рузвельт. Мәселе сол –Назарбаев мемлекет басына қиын кезеңде келді, күрделі шешімдер қабылдауға тура келді, қателесуі де әбден мүмкін болды. Бірақ ол қателігінен сабақ алды ма? мәселе сонда.

Ал көпшіліктің шыдамын түгеткен жемқорлық тақырыбына келетін болсақ, сыбайластық, өтірік мәлімет беру, жоғарғыға жарамсақтану Кеңес кезінде бар дерт еді. Кеңес Одағының ыдырауындағы ең басты себептің бірі де сол болған. Оны егемендік алған соң нарықтық қатынастармен бірге келген «жаңалық» деудің қажеті жоқ. Алайда, жемқорлықтың өсуіне жүйенің әсері де болды. Жемқорлықтың әлеуметтік салалардан, экономикалық салаға өтуі отандық өндіріс пен халықтың әл-ауқатын тығырыққа тіреді. Ал оған Егемендіктің алғашқы жылдарында ұлттық экономиканы нарықтық жолмен дамыту үшін ұлттық буржуазияның қажет болуы түрткі болды. Міне осы кезде биліктегі және оларға жақын адамдардың бизнеспен айналысу тарихы басталды. Бұған алдымен мемлекеттің мүдделі болсада, ол мүдделілік – таза әрі бәсекелестікті талап ететін шынайы нарықтық заңдылықтарға бой ұсынудан, мемлекеттік мүддені жоғары қоюдан, қалтасын қампитуды көздейтін жеке мүдденің аясына өтіп кетті. Олар бұл мүмкіндік пен үмітті ақтай алмай қалды. Нәтижеде жемқорлық желдей есті. Бірақ, өз еңбегі мен табысқа жеткен азаматтардың да бар екенін мақтана айтамыз. Алайда олар саусақпен санарлық еді. Соңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай:«Қазақстан байлығы 163 олигархтардың қолына өтіп кетті». Н.Әбішұлы ел тұтқасы ретінде оған жол бермеуі керек еді. Халықтың басты наразылығы да осында.

Тұлғаға тарихи баға берудің қажеттілігі сол адаммен тікелей қатысы бар жағдайларда бірден көзге шалынады. Мысалы, жақында елімізде Нұрсұлтан Әбішұлына тікелей қатысты екі шара өткенде "жұмбақ жасырылғандай" болды. Бірі – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші кезекті съезі. Бұл съездің авторы және оны 2003 жылдан бері сан мәрте өткізген адам – Н. Назарбаев болатын. Алайда, бұл жолғы бас қосуға ол кісі келмеді. Себебі анық емес. Ол кісі келіп қатысса қалай болар еді?. Қатысқанда халқымыздың ішкі сыйласымдылығы мен өзара құрметі шетелдік қонақтарға ой салар еді. Екінші шара – Астана атының қайта оралуы. Бұл қаланың қалыптасып, дамуына күш-жігерін салған адам сол еді. Қысқа уақыт ішінде аты алынып тасталды. Алғаш Нұр-Сұлтан болып өзгергенде, халықтың наразылығын ескермей, қос қолдап келісім берген депутаттар мен кейбір зиялы қауым өкілдері енді «тарихи әділдік орнады»-деп жарыса айтып, жазды. Қос палаталы парламент депутаттары бір ауыздан келісім берді. Мені таңырқатқаны да, осы мақаланы жазуға да түрткі болғаны осы болды. Сонда халық қалаулыларының өз ұстанымы, жеке көзқарасы жоқ па? Еш болмағанда бірлі-жарым адам өзгеше үн қатуына болады ғой. Осының басты себебі де- тарих баға берілмеуінде. Алайда, тарихи баға беруге ат саласатын халық қалаулылары "ұя бұзбас" тәртіпті оқушылардай тегіс қол көтеріп отыр. Мен бұдан қайталанған ескі сарынды көргендей болдым. Егер осындай бірыңғайлық жалғасын тауа беретін болса, Қазақстанның жаңаруына әлі біраз уақыт қажет болар.

Астана атының өзгерісі үдеріске айналып, келешекте тағы да өзгеріп жатса, ол дұрыс емес. Ал қала өзгерді деп Назарбаев атындағы университет, мектеп, көше, аэропорт аттарын өзгертуді айтып жүрген азаматтар да бар. Алайда ол - таза саяси науқан боларын ұмытпағанымыз жөн. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін қалаға, көшеге ат беруде адамның есімін емес, қасиетті қазақ жерінің тау-суы, орман-көлі, қаласы мен даласының атын беруді дамытуымыз керек.

Сөз соңында айтпағым – мемлекеттің дамуында бейбітшілік пен тұрақтылық ауадай қажет. Үлкен өзгерістердің аяқасты орын алуы халықаралық деңгейде елдің имиджіне кері әсер етеді. Ал оның негізгі атрибуттары саналатын Ата Заңы, астана аты жиі өзгеретін болса, онда мемлекет аты, Ән ұраны, Ел таңбасы мен Туы да өзгеріске жиі түсіп кетуі ғажап емес. Ал мемлекет тарихындағы кез-келген басты тұлға өз өрнегімен тарихта қалады. Сондықтан қалай болмасын Назарбаев қазақ елінің тарихында қалды. Ол біздің тарихымыз, біз өз тарихымызды өзіміз жоққа шығара алмаймыз. Ал тарихи баға беруді болашақтың емес, бүгінгі күннің еншісіне қою керек. Болмаса, саяси тұрғыдағы "өтпелі шақтың" көлеңкесі сейілмейді. Ал ол халық көңіліне көп сұрақ ұялатып, белгісіздікке бастай береді.

Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525