Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3840 0 пікір 5 Тамыз, 2009 сағат 08:53

Бек Датұлы. Кесілген бастың киесі

Жақында әлемнің әділет сүйер қауымын селт еткізген, тәуелсіздік аңсап өскен өрендерді өрекпіткен ерекше оқиға болды. Еуропада. Африкада. Бұрынғы отарлаушы Голландия мен отар Ганада. «Нидерланд Сыртқы істер министрлігі Гана елінің өкілдеріне осыдан тура 171 жыл бұрын жазаланған көсемдері Баду Бонсу ІІ-нің кесіліп алынып формальдегидке сақталған басын салтанатты түрде қайтарып берді» дейді Associated Press агенттігі. Баду Бонсу ІІ - Еуропаның отарлаушы мемлекеттерінің бірі нидерландықтармен жан алып, жан беріп шайқасқан батыр. Көсем. Қара нәсілділердің пір тұтары. Отаршыл елдің №1 жауы. Елінің ардақты ұлы.

Жақында әлемнің әділет сүйер қауымын селт еткізген, тәуелсіздік аңсап өскен өрендерді өрекпіткен ерекше оқиға болды. Еуропада. Африкада. Бұрынғы отарлаушы Голландия мен отар Ганада. «Нидерланд Сыртқы істер министрлігі Гана елінің өкілдеріне осыдан тура 171 жыл бұрын жазаланған көсемдері Баду Бонсу ІІ-нің кесіліп алынып формальдегидке сақталған басын салтанатты түрде қайтарып берді» дейді Associated Press агенттігі. Баду Бонсу ІІ - Еуропаның отарлаушы мемлекеттерінің бірі нидерландықтармен жан алып, жан беріп шайқасқан батыр. Көсем. Қара нәсілділердің пір тұтары. Отаршыл елдің №1 жауы. Елінің ардақты ұлы.

Ганалықтар көп уақыт бойы өз көсемдерінің басын іздеп, кеудесінен кесіліп әкеткен киелі басты отанына оралтуға күш салған болатын. ХХ ғасырдың соңына дейін нәсілдік кемсітушілік деген хайуани мінезден толық арылып үлгермеген елде батырдың басын туған топырағына қайтарып беру мүмкін болмады. Гананың бақсылары өз елдерінің экономикалық мешеу халін «басы олжаға айналған Баду Бонсу ІІ-нің аруағы риза емес» деп түсіндірді. Көсемнің басы оның тайпалары мекен еткен қазіргі Гананың аумағында генерал Ян Вервеердің бұйрығымен кесіліпті. Баду батыр құл саудасының көрігін қыздырған голландиялық екі эмиссардың басын кескені үшін айыпты болып ғазиз жанынан баз кешіпті. Сөйткен батырдың басы жақында Лейден қаласындағы университеттің медицина орталығының қоймаларынан кездейсоқ табылды.

Бір жарым ғасырдан көп уақыт формальдагидке сақталып келген көсемнің басын салтанатты түрде табыстаған Голландия сыртқы істер министрлігінің өкілдері «алдағы уақытта тарих бетінде таңбаланған осы бір масқара жайттар қайталанбасын деп тілейік, біз Баду Бонсу ІІ-нің халқынан иіліп кешірім сұраймыз» десті. Ганалықтар болса талай ғасыр бойғы езгі елді мешеу күйге түсіргенін, талай марғасқа ұлдарының жазықсыз оққа ұшқанын еске алып, оның барлығын ұмыту тарихқа жасаған қиянат боларын, сондықтан Голландияның айып ретінде Ганада мектептер мен ауруханалар салып беруін талап етуде.

            Аспан астындағы қара құрлықтың шерлі шежіресі біздің талайсыз тағдырымызбен қандай ұқсас еді?.. Біз де солар секілді құлдық қамытын кидік. Өзекке құрт түсіп, жерімізді жау алды. Біздің де талай арысымыз дұшпанмен арыстанша алысып тәуелсіздік үшін, бостандық үшін жанын пида етті. Тіпті, екі халықтың азаттық үшін күрескен көсемдерінің басы кесілген уақыт та шамалас екен: Баду Бонсу ІІ 1838 жылы жау қолынан қаза тапса, Кенесары Қасымұлының еш пендеге иілмеген басы 1847 денесінен бөлініп Ресейге кетіпті. Бірақ баду Бонсу ІІ бақытты екен. Оның артында іздеушісі, табанды тілекшісі, жансебіл жоқтаушысы бар екен. Енді оның тайпасы жоғалтқан рухын қайта табатын шығар. Ал біз ше?

            Кенесары Қасымұлы 45 жасында абайсызда дұшпанның қақпанына түсіп мерт болған қазақтың соңғы ханы. Оның бар ғұмыры отаршыл Ресей патшалығымен күресте өткені белгілі. Аңсағаны - тәуелсіздік, арманы - ұлтын ұшпаққа шығару болды. 1841 жылы үш жүздің жайсаңдары оны ақ киізге отырғызып хан сайлады. Ол атасы Абылайдың ісін жалғастырды. 1837-1846 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісте Кене ханның бастауымен атқа мінген арыстар тәуелсіздік үшін күресті. Ол патшалық Ресейдің жаулап алу саясатын тани білді. Сол үшін оны отаршылдар жек көрді. Қазақ жеріне ішкерілей еніп елдің егемендігін езіп-жаншыған әскери-әкімшілік орталықтар мен форпосттарды құртуды тәуелсіздікке апаратын жол деп таныды. Кенесары ең болмағанда Қазақ елінің Ресеймен қатынасы вассал мемлекет деңгейінде болуын қалады. Оның көтерілісін Орта жүз түгелдей, Кіші жүз бен Ұлы жүздің біраз рулары қолдады. 1846 жылы патша әскерінің қысымына шыдамай шегініп, жағдайын түзеп алғанша қырғыздың іргесіне бекінді. Алайда ажалын да осыннан тапты. Патшаға жағынған манаптар Есік көлінің жағасында Кене ханды ақыры өлтіріп тынды. Елі үшін қапияда қаза болған оғландар секілді оған да өлген соң маза бермеді. Өлтіргендері аздай оның басын кесіп патшаға тарту етті. Орта Азиядан келген осыбір соғыс олжасын (Кененің басын) ақ патша Кунсткамераға қойғызып, елдің есін алды. Өзіне қарсы шыққанның тағдыры осылай боларын танытқысы келді.

            Ұлт тарихының осы бір мұңлы беттері әлі жылаулы күйде. Тәуелсіздік алып, өркениетті заманда еркіндікке соғыссыз қолымыз жетсе де рухымыз қайта тірілген жоқ. Хан Кеннің басын қайтарып, оны арулап көмгенше қазақтың ұлттық рухы тірілмек емес. Бұл біздің ұлтымыздың бетіне түскен таңба. Кенесары хан жалтаққойлардың, пайдакүнемдердің кесірінен ұлттың басын қоса алмай кеткен еді. Ол аңсаған сол бірлік бізге әлі жеткен жоқ сияқты. Бүгінгі тірліктің бәрі бір күндік. Өйткені ұлттық рухымыз өлік кейпінде. Өлік емес-ау, кесілген бас күйінде құмыраға салынып еріккен жұрттың ермегіне айналып мұражайда тұр. Бұл біздің аянышты халімізді әйгілейді. Себебі, әлі күнге Ресейге жалтақтап, орыстарға құлдық дейміз. Көнекөз қариялардың айтуынша, православие шіркеуі қазақтың соңғы ханы туған жеріне арулап жерленер болса қазақтың ұлттық рухы тіріледі деп қорқады екен.

Орыстың танымал саяхатшысы П.П. Семенов Тянь-Шанский Кенесарыны Римнің Таяу Шығысқа экспанциясында басты қарсылас болған көне Понттың патшасы Митридатқа теңесе, поляктың саяхатшысы әрі жағрафиятанушысы А. Янукевич Кенесарыны француздарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысын жүргізген күрескер, Алжир халқының ардақты ұлы Әбді әл-Кадерге теңеген. Ол да Кенесары Қасымұлының замандасы болған.

Кенесары ханның басын қайтарып алу туралы мәселе аз көтерілмей жүрген жоқ. Бірақ тек ғалымдар сөз қозғап, ғылыми деңгейден аспай қалуда. Марқұм Манаш Қозыбаев бұл бағытта көп шаруалар атқарды. Кенесары Қасымұлының 200 жылдығын атап өтерден бұрын оның бастамасымен, тарихи-мәдени құндылықтарды елге қайтару жөніндегі арнайы комиссия құру қолға алынған. Алайда, ғалым мезгілсіз көз жұмған соң арнайы комиссия құру арман болып қалды. Ол мәселені атқару жүктелген сол кездегі білім және ғылым министрі Владимир Школьник оған бас ауыртқысы келмеді. Оны қойып, біздің елімізде күні бүгінге дейін тарихи-мәдени ескерткіштерді бағалау және елге қайтару жөніндегі толыққанды нормативтік құжат жоқ. Оның үстіне Ресей мәдени құндылықтарды реституциялау жөніндегі халықаралық келісімдердің біріне қол қойса, келесісіне қол қоймаған. Сондықтан бірқатар халықаралық міндеттемелерді орындаудан аулақ ниет танытуда.

Кейбір мамандар Ресей үкіметінің қазақтың тарихи құндылықтарын, соның ішінде хан Кененің басын қайтарғысы келмеуін - ол жәдігерлердің қолды болғанымен түсіндіреді. Кезінде Ресей ғылым академиясы президумының өкілі Забродин «Хрушевтың тұсындағы жылымықты пайдаланып пысықайлар жүздеген жәдігерлерді шетел асырған» деп мәлімдеді. Ондай болған жағдайда мәселеге мәдени құндылықтарды саудалайтын халықаралық ұйымдардың неге назарын аудармасқа?

Бірақ әлемде мәдени-тарихи құндылықтардың ауыс-түйісін реттейтін көптеген заңдар, конвенциялар мен хаттамалар әрекет етеді. Көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бар. Құндылықтарды қайтару мәселесін тек ұлттық құқықтық реттеумен шеше алмаймыз. Бұл қарым-қатынастар халықаралық құқықтық нормаларымен шешілетін мәселе. Өкінішке орай бізде ондай заңдар жоқтың қасы. Ол үшін саяси ерік керек. Кенесарының басын қайтару мәселесіне тек қана ғалымдар емес, тікелей билік ат салысуы керек.

            Хан Кененің басын бүгін қайтарып алмасақ ертеңгі ұрпақтың бетіне қалай қараймыз?! Бұл масқаралықты бір күнгіні ойлаған біз ұмытқанмен уақыт ұмытпайтынын ескеруіміз керек. Ата-бабамыз ақ киізге орап хан көтерген Кенекемнің аруағы риза болмай қазақтың ерлік, елдік рухы қайта тірілмек емес! Ешқашан!

Намазға жығылып жатқанда сатқындар сыртынан пышақ ұрған Махамбет батырдың, ақтар пен қызылдардың орта жауына айналған Кейкі батырдың да бастары да көрмеде жүр. Ал ақ патшаның сойылын соққан, кейіннен большевиктердің жансызы болған  түбі ойрат Жа Лама дейтін сұмырай тірідей сыпырып алған қазақ Ақымбеттің тұлыбы Чех республикасының астанасы Прага қаласындағы Ұлттық музейдің  «жәдігері». Жалпы, Ресей аумағында сүйектері шашылып, музейлердің әр бұрышында қалған 380 қазақтың мүрдесі бар көрінеді. Хан Кенемен бірге осылардың барлығын қайтарып алып, арулап жерлеу қажет. Бұл біздің елдігімізге сын.

 

 «Абай-нформ».

0 пікір