Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3109 0 пікір 14 Қаңтар, 2013 сағат 12:44

Атуға үкiм шығарғанымен...

 

Жазылған жайдың жаңғырығы

"Жас Алаш" газетi, "Алаш" тарихи-зерттеу орталығы, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы бiрiгiп "Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннiң өмiрбаяндық деректерiн айқындау, жерленген орнын табу, сүйектерiн елге жеткiзу - ұрпақ парызы" деген конференция өткiзгенi мәлiм. Конференция көтерген мәселеге орай редакциямыз­ға хаттар өте көп келiп түсуде. Бiз бүгiн осы хаттардың iшiнен iрiктеп, екi хатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Бұл тақырып өткен жылдағыдай биылғы жылы да газет бетiнде жалғасын табады.

1991 жылдың наурыз айында республикалық радиодан хабар берiлдi. Хабарда Торғай облысы, Арқалық ауданы, Қа­йыңды кеңшарының тұрғыны Мырсалық Исмаилов ақсақалдың Сәкен Сейфуллин туралы әңгiмесi берiлдi.

Сол Мырсалық ақсақалға Рымжанның атынан хат жазып, мынадай жа­уап алдық (Мақала авторы Қарпық Құса­йынов - Сәкен Сейфуллин­нiң күйеубаласы, ал Рымжан - Қ.Құ­сайы­новтың жұбайы, Мәжит Сейфул­линнiң кенже қызы - редакция):

 

Жазылған жайдың жаңғырығы

"Жас Алаш" газетi, "Алаш" тарихи-зерттеу орталығы, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы бiрiгiп "Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннiң өмiрбаяндық деректерiн айқындау, жерленген орнын табу, сүйектерiн елге жеткiзу - ұрпақ парызы" деген конференция өткiзгенi мәлiм. Конференция көтерген мәселеге орай редакциямыз­ға хаттар өте көп келiп түсуде. Бiз бүгiн осы хаттардың iшiнен iрiктеп, екi хатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Бұл тақырып өткен жылдағыдай биылғы жылы да газет бетiнде жалғасын табады.

1991 жылдың наурыз айында республикалық радиодан хабар берiлдi. Хабарда Торғай облысы, Арқалық ауданы, Қа­йыңды кеңшарының тұрғыны Мырсалық Исмаилов ақсақалдың Сәкен Сейфуллин туралы әңгiмесi берiлдi.

Сол Мырсалық ақсақалға Рымжанның атынан хат жазып, мынадай жа­уап алдық (Мақала авторы Қарпық Құса­йынов - Сәкен Сейфуллин­нiң күйеубаласы, ал Рымжан - Қ.Құ­сайы­новтың жұбайы, Мәжит Сейфул­линнiң кенже қызы - редакция):

"Қарағым Рымжан! Сiздiң жазған хатыңызды алдым. Мен қазiр 88 жастамын. Көзiм көрмейдi, құлағым естiмейдi. Өзiм 18 жыл түрмеде отырып келдiм. Менiң Сәкен туралы бiлетiнiм төмендегiдей: Алматыда 1937 жылдың март айына дейiн "Сосновый парктiң" түрмесiнде отырдық. 1938 жылдың март айында ату жазасына бұйырылдық. "Атылды" деп хабарлады. Бiрақ бiздердi (Сәкен тiрi) жабық машинамен, жабық пойызбен Игарка деген жерге алып келдi. Одан Бодайбо деген жерге апарды. Содан кейiн Соловкiге апарды. 1942-нiң аяғы, 1943 жылдың басында Сәкен Сейфуллин қаза тапты. Сәкендi мен орыс жiгiтiмен шұқыр қазып көмдiк. Содан кейiн мен ол жерден кетiп, бiздi қайтадан Бодайбоға әкелдi. Ол кiсiнiң сүйегiн тауып алу мүмкiн емес.

Сәкеннiң еңбектерiн толық шығарып, ел игiлiгiне ұсынсаңдар, үлкен ғанибет сол ғой. Менiң ақылым: Сә­кеннiң сүйегiн iздеп, текке әуре болмаңдар! Табу өте қиын.

Сәулем Рымжан! Үлкен талабың бар екен, орындалуы екiталай, өзде­рiң шешiңдер. Сау бол, бақытты бол! Үй-iшiңе тегiс сәлем.

Тiлектестiк ниетпен Исмаилов Мырсалық ақсақал. 07.04.1991 жыл".

Мiне, Мырсалық ақсақалдың бiзге қайтарған жауабы. Хаттың түпнұсқасы сақтаулы. Ешбiр өзгерiссiз келтiрiп отырмыз.

Ал осы Мырсалық ақсақал кiм? Бұл жөнiнде жақында ғана "Жас Алашта" басылған мақаласында әдебиет сыншысы Жұма-Назар Сомжүрек былай дедi:

"М.Исмаилов - қазiргi Қостанай облысы, Аманкелдi ауданы тарихында аты қалған тарихи тұлға. Аманкелдi ауданы 1928 жылы құрылғанда, аудандық партия комитетiнiң ең алғашқы бiрiншi хатшысы болып қызмет атқарған. 1938 жылы халық жауы деген жала жабылып, сотталып, ату жазасына бұйырылған. Бiрақ әлгi ату жазасына бұйырылғандар бұл үкiмнiң күшi де жойылмай, қайтадан да қаралмай, Сiбiр лагерле­рiн­де айдауда болып, қара жұмыстар­ға жегiлген.

Сталин өлгеннен кейiн ақталып, елге оралып, сол Аманкелдi ауданының Қа­йыңды кеңшарындағы орта мектепте зейнеткерлiкке шыққанға дейiн мұғалiм болды. 1993 жылы 89 жасында дүниеден озды. "...1938 жылы 18 наурыз күнi 18 адамға ату жазасы бұйырылды. Ату жазасына үкiм шығарылғанымен, еш­қайсымыз атылған жоқпыз. Үкiм орындалды деп iс қағаздарын жазды да, Сiбiр лагерьлерiне жұмысқа айдап жiберiп жатты. 72 адамды алдымен Игаркаға, одан Камчатка етегiндегi Соловка лагерiне апарды...", - дейдi Мырсалық ақсақалдың өзi..."

Көрдiңiз бе, ату жазасына үкiм шығарады да, оларды атпайды, Сiбiрге жер аударады. Осы мәселенi түбейттеп зерт­теу керек сияқты.

Қарпық Құсайынов,

Алматы қаласы.

 

"МАГАДАНҒА МОЛА IЗДЕП БАРА БЕРМЕ..."

Конференцияда келтiрiлген дәйектерге зейiн салып, ой елегiнен өткiз­ген­нен кейiн мен осы конференцияда өз пiкiрiмдi бiлдiрдiм де. Дегенмен, өз пiкiрiмдi тағы да жүйелей түсейiн деген ниетпен пiкiрiмдi "Жас Алашқа" жолдап отырмын.

"Ақ боз атты құлатқан жала керме,

Магаданға мола iздеп бара берме.

Сәкен деген халықтың рухы ғой,

Рухтар көмiлмейдi қара жерге", -

деп ақын Ғалым Жайлыбай өте әдемi жазды.

Сәкенге, Мағжанға қатысты алыпқашпа әңгiмелердiң көбейiп кетуiнiң себебi неде? Мұның себебi де жоқ емес. Сол кездегi үкiметтiң саясаты бойынша, атыл­ғандардың туыстарына "10 жылға хат алмасуға тыйым салынып, сотталды" деп жалған ақпарат берiп отырған. Мiне, "олар атылған жоқ, сотталып кеттi..." деген сыбыс осыдан кейiн өрбiген. Үкiмет неге жал­­ған ақпарат берген? Өйткенi атыл­ғандардың саны көбейiп кеткен. 1937 жылы жалпы сотталғандардың 44 па­йызы атылса, ал 1938 жылы бұл көр­сет­кiш 59 пайызға жеткен. Сол се­бептi де НКВД-ның 1939 жылдың 11 мамырында "атыл­ған адамдардың туыстарына жалған ақпарат беру жөнiнде" құпия қаулысы шыққан. Сөзiмiз нақтырақ, дәлелдi болу үшiн мысал келтi­рейiк. Тұрар Рысқұловтың туыстарына "ол 1943 жылы Қостанайда ауырып өлдi" деген анықтама берген. Мен Тұрар Рысқұлов жайлы деректi фильм түсiру барысында "1938 жылы 8 ақпанда ату жазасына кесiлсiн" деген үкiмдi кездестiрдiм. Ресейдiң ФСБ қызмет­кер­­лерiнен "оған ату жазасы берiлiп едi ғой, Қостанайда қайдан жүр? Сот үкiмi орындалмай түрмеге қамалсын деп өзгертiлсе, сол жөнiн­де­гi құжат қайда?" дедiм. Осыдан кейiн олар маған оның 1938 жылы 10 ақпанда атылғаны туралы анықтаманы бердi. Одан соң оны кiмнiң атқанын, қайда жерлен­ге­нiн таптық. Сол қасiреттi жылдары қазақтың 130 мыңдай арыс-азаматтары сотталып, 25 мыңы атылып кеттi. Атылғандардың бiрi де аман қалған жоқ. Мәскеу өзiнiң жауыздық саясатын, қылмысын жасыру үшiн, өздерiн сүттен ақ, судан таза етiп көрсету үшiн, атылғандардың туыстарына әдейi "ауырып өлдi", тағы басқа себептермен өлдi деп, жалған ақпарат берiп отыр­ған. Аңқау қазақ әлi де соған сенiп келе жатқандай...

Арыстарымыздың сүйегiн Магаданнан iздеу "науқанын" тоқтату керек. Әйтпесе, күннен-күнге "көргендер" онан сайын көбейiп кетуi әбден мүмкiн. Ендi Бейiм­бет Майлинмен де айдауда бiрге болып, оны көргендер табылып жатыр. "Елден ақша жинайық, қор құрайық" деушiлер де бар. Сондықтан да алып­қашпа әңгiменi тоқтатқан жөн.

Еркiн Рақыш,

кинорежиссер.

"Жас Алаштан": Бiз мұны Еркiн Рақыштың жеке пiкiрi ретiнде жариялап отырмыз. НКВД-ның "үкiм орындалды" деген тiлдей қағазына сенiп, талай мақала, кiтап жазғандар, кино түсiргендер тiрi куәлардың табылғанына нелiктен сенбестiкпен қарайтыны түсiнiктi. "Атылғандардың саны көбейiп кеткендiктен "атылған адамдардың туыстарына жалған ақпарат беру жөнiнде" құпия қаулы шықса (Рақышевтың пiкiрiнше), ол қаулы қайда екен? "Атылғандардың саны көбейiп кеткен соң", сондай жазаға кесiлгендерге шығарылған үкiм орындалмастан, оларды қара жұмысқа салу, бiрақ тiрi қайтармау туралы құпия қаулы болса керек" дейтiн де болжам айтылар. Қайсысына сенсек те, немесе сенбесек те, арыстарымызды iздеудi тоқтата алмаймыз. Ол "елден ақша жинап, қор құру" үшiн емес, ұрпақтық парызымызды өтеу үшiн керек. Асыл азаматтарының шынайы жоқшысы бола алмаған ұлттан үмiт күту бекер.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір