Сейсенбі, 27 Қыркүйек 2022
Билік 1497 14 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 14:32

Тоқаевтың сын сағаты...

Әсілінде, сөз бен істің ақтығы – ел алдында ірі етеді. Адалдық пен әділдік қай қиырда болмасын жүзіңді нұрландырады, бос мақтау мен арамдық – абыройыңды төгіп, жігеріңді құм етеді. Анығы сол, жақсы басшы сын сағатта сетінемейді, керісінше елін түлетеді. Жаман басшы – жүдетеді. Алмағайып кезеңдерде билік тізгіндеген Тоқаев қай санатта? Сүзгілеп көрелік...

2019 жыл 20 наурыз Қасым-Жомарт Кемелұлы таққа отырып, ант қабылдады. Алдымен бірқатар заңдарға өзгеріс енгізіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жіті мән берді.

Әу дегенде бизнес өкілдерін заңсыз тексеруге мораторий жариялап, кәсіпкерлердің тынысын кеңейтті. Одан қалса, жемқорлықпен ұсталған мемлекеттік қызметшінің бірінші басшысы да отставкаға кететінін кесіп айтты. Президенттің жастар кадрлық резервін жасақтау жөнінде тапсырма берді. Мұның бәрі қоғамның әр саласына серпіліс сыйлады.

Мойындау керек, 2020 жыл еліміз ғана емес, әлем сын сағатын басынан өткерді. Ентелеп келген індет адамзаттың тағдырын талқандаумен қатар елдердің экономикасын есеңгіретіп тастады. Сол мезетте әлем бойынша 93 млн адам кедейлікке душар болды.

Ал елімізде төтенше жағдай мен жарияланған локдаун салдарынан мыңдаған кәсіпкерлік субьектілері жұмысын тоқтатты. Қазақстандықтар несиесін төлей алмай, мемлекеттен араша сұрады. Індеттің шарықтау кезінде 4,2 млн адам жұмыссыз қалып, 2 млн-ға жуығы ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болған.

Әйткенмен, «Ақылды басшы алдырмас». Дәл сол мезетте бірқатар санаттағы азаматтардың кредиттері кешірілсін деген тапсырма берді Тоқаев. Нәтижесінде, 440 мың қазақстандық несиесінен құтылды. Оған қосымша 629 мың борышкердің өсімпұлдарын мемлекет қаржысымен өтеді.

Індет салдарынан зардап шеккен ағайындарға 42500 теңгеден төлеп отырды. Әлбетте, бұл тез арада қабылданған шешім болғандықтан жобаның олқы тұстары ойсырап тұрды. Әйткенмен, ешкім кесепатын көрген жоқ, керісінше, шапағаты көп адамға тиді.

Кейіннен Қазақстан азаматтары зейнетақы қорын­да­ғы жеткіліктілік шегінен асатын қара­жатты пайдалану туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, 74 мыңнан астам Қазақстан азаматтары «Отбасы банктері» арқылы баспалы болды. 149 мыңнан астам азамат қаражатын емделуге жұмсады.

Осынау екі жылдағы алмағайып сәттерді алаш жұрты Президентімен бірге қатаң талап, жүйелі жоспар нәтижесінде еңсерді.

БҰҰ дерегінше, 2020-2021 жылдар аралығы экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік осал саясат салдарынан әлемде мәжбүрлі қоныс аударуда рекордтық көрсеткішке жеткен: 100 млн адам пана іздеп шекара асқан. Оның 40 пайызы балалар. Яғни, бұл көрсеткіш нәубет кезеңдерде өз елін, болашақ ұрпағын асырай алмаған мемлекеттер де жетерлік екенін айғақтайды.

Індеттен есін жия алмаған қазақ даласы тағы бір сын сағатына ілікті. Еліміздің Оңтүстігінде әскери қоймалар жарылып, 7000 мыңнан астам үйлер қирады. Дәл осы Оңтүстікте су тасқыны да орын алды.

Осынау қиын сәттерде елдің көбесі сөгілмей, алға қарай адымдай берді. Мұның бәрінің басында ел Президенті тұрғаны айқын.

Жәә, сынаққа сынбай, ел ішін демократияландыру саясатын да жүйелі жүргізіп келеді. Соның бірі – Бейбіт митинг өткізу туралы Заң. Бұл 2020 жылы 25 мамырда қабылданды. Бастапқыда бұл қадам үшін әкімдіктерден рұқсат алу міндет-тін. Қазір тек бейбіт митинг өткізер алдында ескерту қағазын ғана бересіз. Екіншіден, ауылдық округ әкімдерін тұрғындардың өзінің таңдауына еркіндік берілді.

Биылғы жыл «Қаңтар қасіретімен» басталды. Дербестігіміз таразы басына қайта көтерді. Мысықтабандап енген пасық пейілділер бейбіт елдің берекесін қашырып, күшпен билікті басып алғысы келді. Ұлтым деп кеудесін соғып жүргендер ойлап қара басты, шетел асты. Осынау сын сағатында Мемлекет басшысы: «Мен қандай жағдай болса да, ешқайда кетпеймін. Кету туралы жоспарым болған жоқ», - деді. Керісінше, ел ішінде жүріп, өзінің халқына адал Президент һәм перзент екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Одан қалса, «Біз Тайванды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принцип біздің ойымызша, Луганск және Донецк болып табылатын квазимемлекеттік аумақтарға қолданылатын болады. Бұл сіздің ашық сұрағыңызға ашық жауап», - деп Украина аумағында әскери қимыл ашқан РФ Президенті Путинді қолдамайтынын ашық жеткізді. Бұл қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін, ой еркіндігін алты құрлыққа дәлелдеген қадам болды.

Демократияға бастаған жарқын көрініс – референдум арқылы Ата-заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан қайта құрылды.

Ондағы өзгерістердің бірі – Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін заңмен шегендеді. Сонымен қатар Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары бола алмайды әрі Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

Көптің көңіліне серпіліс сыйлаған тағы бір сәт – ақтаңдақтарымызды ақтарып, тұлғаларымызға тарихи бағасын бергендігі.

Бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алға қарай қарышты қадам басты. Биылдың өзінде өткенімізді өрнектеу жолында жоспарлы жұмыстар қолға алынды. Айталық, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы аясында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды. Алаш арыстары есімімен астасып жатқан Семей қаласының мәртебесінің өсуі, облыстың Абай аталуы, қазақ хандары мен билері табанының табы қалған өлкені Ұлытау деп ұлықтауы – ойымның айғағы. Тіпті, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілуі – алмағайып тұста 43 қала салдырған тау тұлғаны ұлықтаудың көркем көрінісі. Мұндай қадам – алаш жұртын рухани серпілтті. Әрі бос сөз, құрғақ уәде емес, жоспарлы жұмыстың жемісін көрсетті.

Әлбетте, ел ішінде Тоқаев Назарбаевтың тұсында билікке келген кадр деп айыптау көп. Әйткенмен, әлемдік тәжірибе бойынша мықты реформаторлар бұрынғы биліктен шығады. Айталық, Испания, Португалия, Жапония билігі де аспаннан түскен жоқ. Ең бастысы, ескінің қателігін қайталамай, одан сабақ алып, өзгеріске бет алғандығы. Ал бұл қадам Тоқаев үшін жалғыз жүріп жол тауып, Абай айтқандай «мыңмен жалғыз алысумен» тең.

Жуырда оппозиционер, ескі жүйенің қас жаулары болған Әкежан Қажыгелдиннің Президент кеңесшісі болуы, тұңғыш ғарышкеріміз, ұлттың ұлы Тоқтар Әубәкіровты Тоқаевтың жеке қабылдауы – үлкен өзгерістердің алдындағы дайындық іспетті көрінеді.

Ендеше, мұндайда халық қолдауы маңызды. Себебі, Президентіміз де «Біріксек көппіз, бөлінсек жоқпыз» деген қағидатты жақсы біледі, түйсінеді. Ері – еліне, елі – еріне болысқан қоғам құлдырамасы хақ.

Қайнар Жұмағожа

Abai.kz

14 пікір