Сейсенбі, 27 Қыркүйек 2022
Көршінің көлеңкесі 1865 30 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 13:28

Референдум: сепаратистер үрей үстінде

Украина әскерінің Харьков облысындағы сәтті қарымта шабуылы Ресей билігі мен сепаратистер арасында үрей тудырды. Басқыншы қолындағы облыстың басым бөлігін жылдам азат ете білген Украина әскері, енді Луганск облысын азат етуге кірісті. Луганск облысы 100 пайыз Ресей қолына өткен жалғыз аймақ болатын. 

Ресей әскері Северодонецк пен Лисичанск қалалары үшін қанды шайқас жүргізіп, екі қаланы басып алғаннан кейін, Луганск облысы шілде айының соңында толық Ресейдің қолына өтті. Киевтің Харьков облысындағы сәтті шабуылы облысты азат ету мүмкіндіктерін ашты. Украина сарбаздары Луганск облысын азат ету операциясын бастап, кеше Белогоровка қалашығын азат етті. Бұл Луганск облысындағы сепаратистерді селк еткізген жайт болды.

Киев оңтүстік бағытта шабуыл жасауды жалғастыруда. Басқыншы қолында қалған Херсон және Запорожье облыстарын азат ету әрекеттері бір сәт тоқтаған емес. Зымыран кешендерін қолдану арқылы, Украина әскері Ресейдің әскери қоймалары мен штабтарын жоюда. Херсонның батысындағы Ресей әскері қоршауда қалып, берілудің амалын жасауда.

Луганск облысын азат ету операциясының басталуы Ресей мен сепаратистердің үрейін арттырып, "референдумды жылдам арада жасауға тиіспіз" деген үндеуді жасауына әкелді. Луганск және Донецк сепаратистері референдум жасап, сол арқылы Украина әскеріне қарсы әрекетті күшейтуге болады деп санайды. Луганск және Донецк сепаратистері Ресейге қосылып, Ресейдің субъектісі болайық деп отыр. Сарапшылар жалған референдум нәтижесін Мәскеу әп-сәтте мойындап, артынша Ресейге шабуыл жасалды деу арқылы, жаппай мобилизация жасауы мүмкін деп санайды.

Референдум жасауды Ресейдің бұрынғы президенті Медведев былай деп сипаттайды: "Референдум жасау Ресейдің даму векторын ондаған жылға өзгертеді. Тек қана біздің елдің емес. Ресей құрамына жаңа аймақтарды қосу әлемдік геосаясатта үлкен трансформацияны бастайды. Ал Ресей аумағына қол салу, үлкен қылмыс және ол үшін біз барлық күшті қолдануға құқылымыз. Ал ең маңыздысы, біз Конституциямызға бұл шешімдерді ешкім өзгерте алмайды деп бекіткен болатынбыз. Міне, сол себепті Батыс та, Киев те бұл референдумдардан өлердей қорқады. Референдумды жасау керек". 

Ал ресми Киев болса, ешқандай да референдум Украина әскерін тоқтата алмайды деп отыр. Мәскеудегі МемДума болса, референдум жақын аралықта өтеді деген ойда.

Abai.kz

30 пікір