Жұма, 26 Сәуір 2024
1650 3 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 10:42

Алматыда қарақалпақ белсендісі ұсталды

Жұма күні кешке Алматы маңында қарақалпақ белсендісі Раиса Құдайбергенова ұсталды. Медицина орталықта врач-кардиолог болып істейтін белсендіні жұмыс орнынан алып кеткен.

Ол Өзбекстан конституциялық құрылысына нұқсан келтірді деген күдікке ілінген. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды. Басылым қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбайдың сөзіне сүйенеді.

"Ол сағат 18:30-да жұмысынан хабарласып, қабылдауында пациенттер отырғанына қарамастан бірнеше адамның кіріп, өздерімен бірге жүру қажет деп айтқанын жеткізді. Мен осыған дейін қамалған Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовті қорғап жүрген адвокаттарға хабарластым. Адвокат қарсыласпай, заң аясында әрекет етеміз деп айтты. Кейін Құдайбергенованың көмекшісі хабарласып, оны үш адам алып кеткенін хабарлады. Біреуі өзін таныстырған, екеуі кім екенін айтпағанмен Өзбекстаннан келгенін жеткізді. Мен оны арнайы сұрадым" деді Ақылбек Мұратбай "Власть" сайтына.

Оның айтуынша, Раиса Құдайбергенова Өзбекстан конституциялық құрылысына нұқсан келтірді деген күдікке ілінген. Осы апта басында дәл осындай күдікпен Алматыда екі қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов ұсталған еді. Ақылбек Мұратбайдың айтуынша, екеуінің қамау мерзімі 40 күнге ұзартылған.

Алматы полициясы белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме бермеді.

Abai.kz

3 пікір