Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 4281 9 пікір 17 Қыркүйек, 2022 сағат 14:32

Қазақ көшіне тағы қауіп төнді

Біз, қазақтар, ерекше көнбіс (толерантты) және болашақтан ешқашан үміт үзбейтін халықпыз. Содан да болар, Жаңа Қазақстаннан үмітіміз көп еді. Өткен отыз жылға салауат дегенбіз. Бірақ ұстараның жүзіндей төңкеріліп тұратын дүниенің сырын әлі ұқпаған сияқтымыз. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев билігі жүзеге асырған біраз өзгерістер халыққа кәдімгідей үміт сыйлаған болатын. Жіліктің майлы басын ұстап, байлық пен мансапқа әбден құнығып алғандар оңайшылықпен беріле қоймайды екен. Күрестің тәсілі тым күрделіленіп барады. Қисапсыз байлық пен шексіз билік бірте-бірте қолдарынан сусып бара жатқандар Президент Қ.Тоқаевты сүріндірудің жаңа тәсілін ойлап тапқан сияқты.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында көші-қон саясатына байланысты: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» -  деп мәлімдеді. Бұдан біздің түсінгеніміз – бұдан былай Қазақстан билігінің көші-қон саясаты қазақ дейтін халықтың ұлттық мүддесін ең басты орынға қояды екен және қандастардың көшіп келуіне, ішкі миграцияға, демографиялық дамуға басымдық береді, сондай-ақ экономикалық үрдістерді ескере отырып жүргізіледі екен. Мінсіз ба? Мінсіз! Бірақ бір таң қаларлығы жақында ғана Президент жолдауына орай тым асығыс түрде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан дайындалған «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жарық көрді. Президенттің айтқанын министрліктің лауазымды қызметкерлері түсінбеді ме, жоқ біз түсінбей қалдық па?! Нәтижесі адам шошырлық! Сөзбе-сөз оқып көріңіз. Тұжырымдаманың 15-бастамасында: «Қандастарды қоныстандыру саясатын қайта қарау. Құжаттарды қабылдау кезеңінде келу орнын айқындау тетігін енгізу және 5 жылдық болу мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау» делінген. Бұл жерде тайға таңба басқандай айқын жазылып тұр. «Бес жылдық болу мерзімінен кейін азаматтық беру азаматтық бере отырып, еңбе күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру» дейді. Елге көшіп келетін қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануды міндеттесең және бес жыл бойы кірменің күйін кешіріп, азаматтық бермей зар еңіретсең, мұның қай жері «ынталандыру»?!  Сонда Президент айтқан қандастардың көші-қон саясатына жасаған түбегейлі өзгерістің сиқы осы болды ма?! Меніңше, Президенттің «Ұлттық мүддені басшылыққа алу, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру» дегені әдрем қалған сияқты. Біздің ұғымымыздағы ұлттық мүдде – ол Қазақстанда жасап жатқан қазақтардың ғана мүддесі емес, тұтас әлемдегі иісі қазақтың мүддесі және олардың өз тарихи Отанына топтасып құдіретті күшке айналуы, мызғымайтын ұлттық мемлекетті мәңгілікке қалыптастыруы. Ал демографиялық өсімде қазақ көшінің  алар орны ерекше. Экономика адам капиталымен тікелей байланысты. Бұл жерде қателесу атымен болмайды! Тек саннан ғана сапа туады. Бұл -  философиялық аксиома. Қазақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар туады» дегенді осыған қарата айтқан. Қазақстан билігі ұзақ жылдар бойы адамдарды проблема ретінде қарастырып келеді. Сол себепті де, тиімді демографиялық саясат атымен болған жоқ. Олардың ойынша адам қанша аз болса, проблема да соншалық аз болатын көрінеді. Олар ұзақ жылдардан бері қызығын армансыз көрген қазба байлықтарға ортақтасатын адамның аз болғаны тіптен жақсы.  Сол себепті де олар ұлттық демографиялық өсім мен қазақ көшіне тіс-тырнағымен қарсы болды.  Бір кезде премьер- министрдің орынбасары лауазымын атқарған Дариға Назарбаеваның оңтүстік Қазақстан өңіріндегі сапарында оңтүстік аналардың баланы тым көп туатындығын, сол себепті мемлекеттің мектеп салуға үлгермей жатқанын айтып ренжігенін жұрт әлі ұмыта қоймаған болар. Енді олардан құтыла бастадық па деп жүрсек, онымыз бекер екен. Олар әлі де биліктің негізгі тұтқасында қазаққа қарсы жымысқы саясатын жалғастырып жатыпты. Ең қорқыныштысы, көші-қонға мүдделі, еліміздің ұлттық мемлекет ретінде салтанат құруын армандайтын аса қомақты сайлаушыларды қыр астында тұрған Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлына қарсы бағыттағандығында. Ертең сайлау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсыластары: «Міне, көрдіңдер ме?! Назарбаев билігі кезінде жаман-жақсы болсын миллиондаған қазақ елге оралды ғой, енді Тоқаев билігі тұсында шеттегі қазақтар есіктен сығалай алмайтын болады» деуі үшін әдей жасалып отыр деп ойлаймын. «Іштен шыққан жау жаман» дегенді қазақ осындайда айтады. Бұл жерде әңгіме министр Тамара Дүйсенова туралы екен деп қалмаңыздар. Бұл сұмдықты жоспарлаушылар дәл сол Президент әкімшілігінің өзінде отырған болуы әбден мүмкін.

Мәселе көші-қон саясаты жайында болған соң жолдауда айтылған  көші-қон жайлы Президент Тоқаевтың пайымдарына да аздап тоқтала кеткенді де жөн көріп отырмыз. Ол кісі: «Жалпы, адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі. Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет. Әсіресе, шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек. Мен тиімді көші-қон саясаты туралы айтып отырмын. Сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ, олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет» - деді өз жолдауында.

Әрине, еліміздің дамуы үшін білікті маман, қомақты қаржы керек. Бір таңқаларлығы Қазақстанда туып-өсіп, шет елдерде және Қазақстанда дайындалған көптеген мамандар және шет елдерде туып-өсіп, білім алып, ерекше дарындылығымен көзге түскен қандастарымыз өз мамандығы бойынша елімізде кәсіп таппай сенделіп жүреді. Үміті үзілген соң, шет елдерге кетеді. Нағыз әділетті қоғам, ашық нарықтық қатынастар орнаған елдерде біздің қазақтың балалары тәп-тәуір танып үлгереді. Сол елдерде кірпіш боп қаланады. Ал біз керісінше шет елдерден маман шақыруға құштармыз. Және оларға Қазақстандықтардың түсіне кірмейтін жалақы төлейміз. Президент Тоқаев осы бір қисынсыз үрдісті жалғастыратын сияқты. Одан да сорақысы, үш жүз мың АҚШ долларын төлеген адамға он жылға тұрақты тұруға виза береді екенбіз. Алысқа бармай-ақ, іргедегі Қытайдың өзінде үш жүз мың долларға дені түзу баспана сатып ала алмайсың. Егер Пекин, Шанхай, Гуанчжоу, Шынжын сияқты ірі қалалардың кез-келген тұрғыны бір ғана баспанасын сатып, үрім-бұтағымен он жыл бойы Қазақстанда еркін сайрандауға мүмкіндік алады. Сонда біз күткен жаңа инвестициялық саясаттың сиқы осы ма?! Бұл біз күткен ұлттық мүддемен мүлде қабыспайтын саясат. Қандастардың құқығын тежеп, қазақ көшін құрдымға жіберіп, «тиімді көші-қон саясаты» туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз емес пе?! Мұндай сұрқия саясат тағы қандай кеңесшілердің бақай есебінен шықты екен деп таңқалмасқа шара жоқ. Ескі жүйенің шырмауында қалған жаңа Президентімізге  шынымен жаның ашиды екен!

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

9 пікір