Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 3979 9 пікір 16 Қыркүйек, 2022 сағат 13:42

Назарбаев Горбачёвтен гөрі тәлейлі болып шықты

Кеңес одағын қайта құрамын деп күйретіп тынған КСРО-ның алғашқы әрі соңғы президенті Михаил Горбачёвке қарағанда Нұрсұлтан Назарбаев анағұрлым бағызор, тәлейлі болып шықты. Олай дейтініміз Горбачёв 1990 жылы 15 наурыздан 1991 жылы 25 желтоқсанға дейін президенттік лауазымды 1 жыл 9 ай 10 күн атқарса, Назарбаев табаны күректей 28 жыл президент болды. Тағы 2 жыл Қауіпсіздік кеңесін басқарды.

Қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Тырнақ алды сайлаудың басы-қасында жүрген марқұм Серікболсын Әбділдин жариялық кезіндегі саяси доданы былайша сипаттап еді: «1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ ССР-і Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты советтік Қазақстанның президенті етіп сайладық. Салтанатты ант беру рәсімі 10 желтоқсанға белгіленді. Сол екі ортада Беловеж оқиғасы араласып, СССР-дің таратылғанын жариялады. Ол кезде жоғары кеңес төрағасы болған Ерік Асанбаев вице-президенттікке сайланып, төраға міндетін мен атқарып отырғанмын. Беловеж келісімінен кейін біздің алдымызда «Жаңадан сайланған президентті қандай елдің президенті деп атау керек?» - деген мәселе тұрды. Сол себепті желтоқсанның 10-ы күні таңертең ант беру рәсімінен бұрын Республиканың атын Қазақстан Республикасы деп асығыс өзгертуге тура келді. Түстен кейін сағат 15.00-де қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс өткізіп, Қазақ ССР жоғары кеңесінің атынан қаулыға қол қойып, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының президенті» деген куәлік тапсырдым. Назарбаев осылайша Қазақ ССР-інің президенті болып сайланып, Қазақстан Республикасының президенті болып шыға келді».

Сол заманда атағы дүркіреп тұрған «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы, әйгілі ақын Олжас Сүлейменов президенттікке түсетінін мәлімдеп, жеме-жемге келгенде Назарбаевты қолдайтынын айтып, өз еркімен бас тартқан.

Екінші бір үміткер Қасен Хожа-Ахмет Назарбаев бір ай қол жинау мерзімін он-ақ күнге қысқартып, төменгі шекті дауысты жинай алмады деген сылтаумен өзін әдейі шеттеткенін айтумен келеді.

1995 жылы 29 сәуірде жаңадан құрылған Қазақстан халықтары ассамблеясының бастамасымен жалпыхалықтық референдум өтіп, Назарбаев президенттік өкілетін 2000 жылға дейін ұзартып алды. Мерзімінен бұрын өткен 1999, 2011, 2015 жылғы сайлауда да шаппай бәйге алды. Өз уақытында, жаңаша форматта өтті делінген 2005 жылғы сайлауда президенттіктен дәмелі: Жармахан Тұяқбаев, Әлихан Бәйменов, Ерасыл Әбілқасымов қатарлылар пікір таластырған теледебадқа Назарбаев қатысқан жоқ.

1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса, бір ғана Алматыда 40-қа жуық қоғамдық-саяси қозғалыс жұмыс істесе. 1991 жылы «Азат», «Алаш», «Қазақстан социал демократиялық партиясы» құрылды. «Невада-Семей», «Қазақ тілі», «Желтоқсан» қозғалыстары өте ықпалды ұйым болды. Барлық саяси күрес ұлттық бағытта өрбіді. Демократияға жат, еркін нарықтық қатынасқа қайшы жүргізілген «Жаппай жекешелендіруден» кейін, елдің саяси атмосферасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев сипаттағандай Назарбаевтың «Үш тағанды» (Мемлекеттің саяси, экономикалық ресурсын отбасына, атқосшы шенділерге, оллигархтарға үлестіріп берген) билік жүйесі қалыптасты.

2000 жылдың алды-арты партия жауған кезең болды. 1999 жылғы президенттік сайлаудағы Назарбаев жақтастарының штабы сайлаудан кейін «Отан» партиясы болып өзгерді. Қазақстандағы ірі жер иелерінің бірі, экс-министр Сергей Терещенко төраға болды. «Қаңғып келген шүрегей» Машкевичтер «Қазақстанның Азаматтық партиясын», «Жас түркілер» «Ақжол» партиясын, үлкен қыз «Асар» партиясын құрды. Бұлардың ішінде «Ақ жол» ғана оппозиция қалпағын сақтап, қалғанының бәрі «Нұр Отанға» бірікті. Осыдан-ақ, Назарбаев дәуіріндегі саяси ортаның шынайы бейнесін бағамдауға болады.

Саяси қастандықтың құрбаны болған марқұм Заманбек Нұрқаділов Назарбаевты ескі тәсілінен бас тартып, әділ сайлау өткізуге үндеп, өзін орталық сайлау комисиясының төрағасы еткенде ғана, оның өзгергеніне көз жеткізіп, рақайласатынын мәлімдеген еді. Назарбаев Нұрқаділовтың аруағын, демократиялы сайлауды қорлағандай құдасы Берік Имашевты сайлауға жауапты органның басшылығына тағайындады.

Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Баспанасыздар» ұйымының атынан мінберге шығып, сөз алған азамат Нұрсұлтан Назарбаевтан шүйінші ретінде өздері басып алған жатақхананы заңдастырып беруін сұраған еді. Арада 31 жыл өтті. Назарбаевтың Кувейтті басып озу, отыз елдің қатарына қосылу уәделері сол беті орындалмады. Жер көлемі жөнінен әлемде 9-шы орын алатын елде милиондаған адамдар 9 шаршы метрлік баспанаға зар боп жүр. Республикадағы ең ірі мегаполис Алматыда жатақханаға сыймаған студенттердің Метро, саябақтарға түнеп жүргені мәлім болды. Халықтың мүшкіл халіне қарамастан алда тағы да кезектен тыс сайлау: Жыл соңына қарай – президент, келер жылы – парламент сайлауы. Екі сайлаудың шығыны – 45 миллиард тенге.

Жеңімпазы о бастан белгілі екі саяси аламаннан кейін халық тұрмысы жақсарып кетеріне үміттен күдік басым.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір