Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3280 0 пікір 10 Қаңтар, 2013 сағат 07:58

«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІСІ» ЖАУАП БЕРУДЕН НЕГЕ ҚАШТЫ?

Редакциядан: Бір саланың пұшпағын илеп жүрген соң жуырда «КТК» телеарнасының журналисі Дина Төлепберген  «Жылдың ең үздік тележүргізушісі» атанғанда елең ете қалғанымыз рас.  Еліміздегі жүздеген тележүргізушілер арасынан қара үзіп шығып, мұндай атаққа қол жеткізу әсте оңай болмаса керек. Оның кәсіби біліктілігі мен телеарнадағы еңбегіне шәк келтіруден аулақпыз. Дегенмен Динаның «Астарлы ақиқат» бағдарламасы төңірегінде соңғы кезде қоғамда әр алуан пікірлер айтылып жүргенін жоққа шығаруға болмас. Оның бір парасын «Жаңалықтар емес, қылмыс хроникасы» деген тақырыппен газетіміздің 21 желтоқсан күнгі нөмірінде де жариялағанбыз. Бірақ кейде артық қылам деп тыртық қылып алып жататын тележүргізушінің кем-кетік, олқы тұстарын сыртынан сыпыра жамандағанша, өз аузынан естиік деген ниетпен өзіне хабарласып, ел ішіндегі алып-қашпа әңгіменің аптығын басу үшін бірнеше сауалдар жолдаған едік. Әдетте «астарлы ақиқатты» анықтау үшін өзгелерді түрлі сауалдармен төмпештеп,  тығырыққа тіреп үйренген Дина ханым бұл жолы біздің өткірлеу сауалдарымызға жауап беріп жатуды намыс көрді ме, «Телеарнаның саясатына қайшы келетін және оның бедел-абыройына нұқсан келтіретін сауалдарға жауап бермеймін», - деп үзілді-кесілді бас тартты. Динаның өз мәнерінде қоюға тырысқан сұрақтарымыз шымбайына батыңқырап кеткенін аздап ішіміз сезеді.

Редакциядан: Бір саланың пұшпағын илеп жүрген соң жуырда «КТК» телеарнасының журналисі Дина Төлепберген  «Жылдың ең үздік тележүргізушісі» атанғанда елең ете қалғанымыз рас.  Еліміздегі жүздеген тележүргізушілер арасынан қара үзіп шығып, мұндай атаққа қол жеткізу әсте оңай болмаса керек. Оның кәсіби біліктілігі мен телеарнадағы еңбегіне шәк келтіруден аулақпыз. Дегенмен Динаның «Астарлы ақиқат» бағдарламасы төңірегінде соңғы кезде қоғамда әр алуан пікірлер айтылып жүргенін жоққа шығаруға болмас. Оның бір парасын «Жаңалықтар емес, қылмыс хроникасы» деген тақырыппен газетіміздің 21 желтоқсан күнгі нөмірінде де жариялағанбыз. Бірақ кейде артық қылам деп тыртық қылып алып жататын тележүргізушінің кем-кетік, олқы тұстарын сыртынан сыпыра жамандағанша, өз аузынан естиік деген ниетпен өзіне хабарласып, ел ішіндегі алып-қашпа әңгіменің аптығын басу үшін бірнеше сауалдар жолдаған едік. Әдетте «астарлы ақиқатты» анықтау үшін өзгелерді түрлі сауалдармен төмпештеп,  тығырыққа тіреп үйренген Дина ханым бұл жолы біздің өткірлеу сауалдарымызға жауап беріп жатуды намыс көрді ме, «Телеарнаның саясатына қайшы келетін және оның бедел-абыройына нұқсан келтіретін сауалдарға жауап бермеймін», - деп үзілді-кесілді бас тартты. Динаның өз мәнерінде қоюға тырысқан сұрақтарымыз шымбайына батыңқырап кеткенін аздап ішіміз сезеді. Бірақ үнемі «ақиқатты» бетке тіліп айтатын журналист бұл жолы да сондай ірілік танытар деп ойлағанбыз. «Телеарнаның саясаты мен бедел-абыройына нұқсан келтіреді» деп тапқан (ал сұрақтардың ішінде телеарна туралы ләм-мим сөз жоқ) тележүргізушінің оң жамбасына келмей, жауапсыз қалған сауалдарымыздың сыңайы төмендегідей. «Жетім» сауалдарға үнсіздіктің өзі жауап беріп тұрғандай...

1. Дина, ең алдымен «Жылдың ең үздік тележүргізушісі» атануыңызбен құттықтаймыз! Еңбегіңіздің еленгені жұмысқа деген құлшынысыңызды арттырып жатқан болар...  Бұған дейін қандай мақтау-марапаттарға қол жеткізіп едіңіз?! Әлде бұл сыйлығыңыздың басы ма?

2. «Астарлы ақиқатта» жантүршігерлік оқиғаларды қорықпай баяндайсыз. Жұртшылық сізді батыл журналист санайды. Бірақ сізге сын айтушылар да бар. Ғаламтордағы түрлі пікірлерді осыған дейін аңғарған шығарсыз.  Біреулер сізді: «бағдарламаны жұлқынып отырып жүргізеді, кейде тіпті ыңғайсыз тақырыптарды қозғап, этикадан аттап кетеді», - дейді. Біреулер: «бетпақ», - дейді (кешіріңіз әрине), енді біреулер: «мен-мен деп тепсінген біреу», - дейді. Қойшы әйтеуір, сіз туралы ала-құла пікір көп. Осындай пікірлерді қалай қабылдайсыз?

3. Мұндай әңгімелер «Саз әлемі», «Мамма Мия» сынды жобаларға сарапшы болғаныңыздан да айтылса керек. Өйткен, қарапайым көрермен ретінде біздің де: «Динаға осы не ұнайды екен?» - деп аңырып қалатынымыз бар. Жұрттың бәріне ұнаған дүние сізге ұнамай жатады немесе керісінше. Кейде тіпті белден төменді де сөз етіп кетесіз. Бір қарасаң, ұлттық нақыштағы дүниелер сізге ұнамайтындай көрініп, жаңарудың, заманауилықтың жағында болып отырасыз. Енді бірде басқаша. Сондайда сізді түсінбей кетеміз. Сарапшы болғаныңызда әділдікті айтуды емес, «не айтсам менің пікірім өзгелердікінен ерекше болады» дегендей ерекшеленуді ойлап отыратын сияқтысыз. Әлде мен қателесіп тұрмын ба?! Кейде сіздің есіміңіз аталғанда «атың шықпаса жер өрте дегеннің кері ғой» деген сөздер де айтылып қалады. Неліктен деп ойлайсыз?

4. «Астарлы ақиқатта» халық өмірі боямасыз беріліп, қиюын таппаған мәселелер сіздердің араласуларыңызбен шешіліп жатады. Бірақ бағдарламаңызға бірнеше сын да айтылды. «Прайм-таймда қан-жын, мәйіт, ұрып-соғып, зорлап кету сынды жантүршігерлік оқиғаларды береді» деген сын айтыла-айтыла жауыр болды, мәселен. «Жалаңаш дене мен эротикалық сипаттағы көріністерді көрсетеді», - деп те сыналдыңыздар. Бүгінгі болмыс сондай делік, жарайды. Жуырда бір хабарыңызда пародист Олжас Сыдықбек туралы сюжетте қыз бен жігіттің жақындасуын бейнелеген анайы көрініс бердіңіздер. Олжас пен сюжет кейіпкерінің төсекте қалай жақындасқанын ыңғайсыз видео арқылы көрсетпесе де түсінікті ғой.  Осындай оспадарлықтың қажеті қанша еді?

5. Мұндай сауалдар қойылғанда сіз үнемі: «Кешіріңіздер, қоғам сондай болса, оны жасырудың қажеті қанша?», - деп жатасыз... Бірақ қазақы менталитетіміз бар, айтатын-айтпайтын, көрсететін-көрсетпейтін дүниелер бар дегендей.  Орысшаға жүйріксіз. Сұрайын дегенім, қазақтілді ортада көбірек боласыз ба, әлде орыстілді ортада ма? «Ойбай» - деп шоршып-шошитын дүниелердің сіз үшін жай әшейін дүние болып көрінуі орысқолды екеніңізден емес пе?

 

6. Телеарнаға кезінде қатаң талаппен қабылдайтын, қазір екінің бірі эфирде жүргізуші болып жүр. Мұны осы саланың кәсіби мамандары да жиі айтады. Соның ішінде сіздің де есіміңіз аталып жатады, мысалы,  «сөйлем құрауы дұрыс емес, үндестік заңын сақтамайды» деген сын сізге жиі айтылады. Әрі кальканың алдында дәрменсіздік танытып, эфирден «үстіміздегі жылы», «ағымдағы жылы» деп сөйлейсіз. «Бұқпасыз болмыс», боямасыз шындық» деп сөйлейсіз, қазақ «бұқпасыз» деп емес, «бүкпесіз» деп сөйлеуші еді?!  «Қайшыкес көзқарас»  дейсіз тағы. «Қайшылас», «қайшылықты» көзқарас десеңіз бірсәрі...

7. Жоқ жерден кемшілік іздеп, жіпке тізді демессіз. Бірақ бұрындары берген сұхбаттарыңызда осындай бірді-екілі сын айтылғанда: «Мені сынап, тіпті эфирден алып тастауды талап етіп жатқан кісілерге өкпелемеймін. Көреалмаушылық, қызғаныш - бұл  осал адамның қасиеті», - депсіз. Көре алмады дейтіндей, сіз өзіңізді болып-толған, өз салаңыздың әккі маманы немесе телеэкранның «жұлдызы» санайсыз ба?

8. Алдында әлдекімдердің сізді сотқа беріп,  10 млн. теңге өтемақы талап еткенін әлеуметтік желілердің бірінен көзіміз шалып қалған. Сол істің соңы не болды? Ақиқатты айтқаныңыз үшін үстіңізден арыз жазатындар, қорқытып-үркітетін оқиғалар жиі болып тұра ма сонда? (Осы жерде кеңірек тоқталсаңыз болар еді басыңызда кездескен жағдайларға)

9. Жұмыс барысында жанды түршіктіріп, жаға ұстататын жағдайлардың ортасында жүресіз. Некрофил, педофил, гомосексуалистердің, қаңғыбастар мен кейбір екіжүзді «жұлдыздардың» оқиғаларына етіңіз үйреніп кеткен шығар... Негативті ақпараттан шаршайтын кезіңіз бола ма? Ондайда көңіліңізді неге бұрасыз?

10. Эфирден халық үнемі өз-өзіне сенімді, ақиқатқа келгенде кімнің де болсын апшысын қуыратын Динаны көреді. Ал өмірдегі Дина қандай? Әсіресе жарыңыздың алдында... (отбасыңыз туралы айта кетсеңіз)

11. «Астарлы ақиқат» бай-манаптардың үлкен-үлкен басқосуларына, бастаңғыларына барады. Кілең сәнқой ханымдар мен қалталы азаматтар келетін сән апталықтарында жүреді. Шыныңызды айтыңызшы, «КТК»-дан алған жалақыңыз осындай салтанатты кештерге киіп баратын сәнді көйлегіңіз бен қымбат әшекейіңізге жете ме?

Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Халық сөзі» газеті

0 пікір