Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 4902 5 пікір 14 Қыркүйек, 2022 сағат 12:38

Ахмет Байтұрсынұлының тарихи бейнежазбасы

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТАРИХИ БЕЙНЕЖАЗБАСЫ ЖӘНЕ КӨЗАЙЫМ БЕЙНЕСУРЕТТЕР

Алаштанудың өзегі, іргелі саласы – ахметтану – құпиясы көп, қатпары қалың, қажырлы еңбекпен соңына түсіп, із қуалап барып аршып алмасаң, алдырмайтын тұлғатанудың ірі саласы. Осы саланы ғылыми ізденістеріне арқау еткендердің бірі біз де едік. Сәтін салып, әр ізденісіміз нәтижесіз болған емес.

Әр нәтижелі еңбектің артында игі бастамалар тұрады. Әуелі қазіргі қазақ ғылымын ұйымдастырудағы кейбір оң шешімдердің нәтижелерін де айта кету керек: 2021 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитеті ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдардың идеяларын қолдау, жүзеге асыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми конкурс жариялағаны белгілі. Сол конкурсқа ұсынылған «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» тақырыбындағы жобамыз мақұлданған 25 жобаның бірі ретінде  осы жылдың май айынан бастап қаржыландырылды. Әуелі осы дұрыс бастама үшін Министрлік пен Ғылым комитетіне зор алғыс айтамыз.

Бұл жоба бойынша жақында, 21-29 тамыз аралығында Әзербайжанның Баку қаласына ғылыми іссапарға ұйымдастырылып, ондағы мұрағаттардан 1926 жылғы Бүкілодақтық 1-түркологиялық съездің құжаттары мен суреттерін және видео, аудиожазбаларын іздестірдік. Нәтижесінде Съездің қазақ ғылымына беймәлім кейбір құжаттары мен суреттері, оған қатысқан қайраткерлер туралы жан-жақты мәліметтер және Ахмет Байтұрсынұлы қысқа бейнекадрда 7 рет көрінетін бейнежазбасы табылды. Осы бейнежазбаны іздеу, табу барысы өзінше қызық, бейнежазба кадрларында көңіл аударатын мәселелер көп, болашаққа да сұрақтар қалдырып отырғандықтан, бұл көлемді мақалаға арқау болып тұр.

Іссапар бір аптаға жоспарланғанымен, архивте жұмыс істеу мүмкіндігі тек 5 күн болғандықтан, іссапарға шығудан бір айдай бұрын Интернет арқылы Әзербайжандық деректер базасынан қандай мұрағаттар барын мұқият қарадық. Ақыры әзербайжандық көптеген мұрағаттардың ішінен 4 мұрағатқа баруға шешім қабылдап, оларға 10 күн бұрын Институт атынан хат жібердік. Бірнеше күннен кейін Әзербайжан Республикасы Ұлттық архив басқармасының директоры Расулов Аскер мырзадан (Rəsulov Əsgər Adiloğlu) «Мұрағаттарда жұмыс істеуге болатыны, жан-жақты қолдау көрсететіні» туралы хат алдық. Мұрағат басшылары мен қорлары, жұмыс графигі туралы ақпараттармен толық танысып, Институттың жас маманы Әрлен Сейтбатқал екеуміз Бакуге тыңғылықты дайындықпен аттандық.

Шындығында Бакуге барудағы басты мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлының өз дауысын (тірі дауысын) табу болатын. Қаншама жылдан бері ойда жүрсе де, Баку – аяқ жетпей жүрген қала еді, бара қалсақ, іздегенімізді табатынымызға тым сенімді болдық. Себебі біршама жыл бұрын Әзербайжандық YouTube каналдарында Съездің 6-7 минуттық бұлыңғыр бірнеше бейнежазбасы тараған. Содан аталмыш Съезд бейнекадрға түсірілгенін білетінбіз. Съездің 416 беттік стенографиялық материалы да белгілі және онда Съездің аудиожазбасы бар деген ойға жетелейтін бірнеше себептер бар еді. Мысалы, стенографиялық есепте баяндамашылардың баяндамасы барынша дәлдікпен хатқа түсірілген және қатысушылардың баяндалған мәселеге қатысты түрлі эмоциялары (қол шапалақтау, наразы болу т.б.) да беріліп отырған. Мұның сыртында бейнежазбасы түсірілген жерде аудиожазбасы да болуға тиіс деген интуициялық болжам да болды.

Әзербайжандық YouTube каналдарына көлемі азайтылып немесе фотоплёнканың ертеректе бейнежазбаға аударылған ескі нұсқасы жүктелгендіктен, тым сапасыз, бейнекадрлар анық көрінбейді және толық нұсқасы емес. Сондықтан кей зерттеушілер Съезд бейнежазбасында атақты Исмаил сарайынан шығып келе жатқан тұрпаты, әлпеті ұқсас бір-екі адамды Ахмет Байтұрсынұлы деп ағат жариялап үлгерген. Бірақ мұның ағат екені де кейін нақты анықталған. Біз тапқан бейнежазбада ол адамдардың Ахмет Байтұрсынұлы емес екені анық көрінеді (1-суретке қараңыз) және ғалымның бейнесі басқа тұста күмәнсіз анық танылады.

(1-сурет. Ахмет Байтұрсынұлы деп ағат танылған ғалымдары)

Түпнұсқа бейнежазба Әзербайжан Республикасының Ұлттық архив басқармасында орналасқан Кино фото-құжат архивінен табылды, бірақ дыбыссыз. Өйткені сол заманда кинокадр мен дыбыс бір құрылғыға біріктірілмеген, тіпті дыбыс жазудың өзі күрделі жұмыс болған. Бейнежазбаның әр кезеңде фотоплёнкадан көшірілген 3 нұсқасы сақталған. Үшеуінің сапасы үш түрлі, бірақ бәрі бір бейнежазба:  экранда біреуі сарғыштау болып көрінеді (08.05 минут, файл көлемі – 1,4 Gb), екіншісі қаралтқым (07.54 минут, файл көлемі – 10,2 Gb), ал үшіншісі – ақшылдау, ең анық көрінетін нұсқа (07.50 минут, файл көлемі – 10,1 Gb).

Архив қызметкерлерінің жылы қабылдауы мен бауырлас қазақ ұлтына, Қазақстанға деген құрметінің арқасында  біз бейнетаспа сақталатын қойманың өзіне кіруге мүмкіндік алдық. Қоймадағы сөреден Съезд видеоплёнкасын алып таныстық. Сары түсті дөңгелек қалбырға салынған видеоплёнка сыртына «SP26 – P950» деген белгі қойылған, видеоплёнканың жалпы ұзындығы «224 м» деп көрсетілген және қорабының қырында «1» деген жазу бар.

(2, 3-суреттер)

Мұны көргеннен кейін Съезд бейнекадрының бұл бірінші бөлімі емес пе екен, жалғасы, екінші, үшінші бөлімдері бар шығар, мүмкін осыншама ұзын видеоплёнка толық көшірілмеген болар деген зерттеушіге тән болжамдар, күдікті ойлар туындай бастады. Дегенмен, қордың жауапты қызметкерінен «Бұл бірінші бөлімі сияқты, мұның жалғасы, екінші, үшінші плёнкалары бар ма?» деп сұрағанымда, «Жоқ, осы біреу ғана» деген жауап алдым. Бұл жауаптан кейін киноплёнка сөресінен келесі бөлімдерін қарау ыңғайсыз болатындықтан, жауапты қанағат тұттық. Бұл қазірге дейін мендегі шешімін таппаған жұмбақ  ойдың біреуі болып қалды. Съезд плёнкасы қойылған сөренің астыңғы қатарларында мұның екінші, үшінші бөлімдері тұрғандай-ақ сезіле береді.

Қоймадан шыққаннан кейін видеотехникалар орналасқан арнайы бөлмеде киноплёнканың видеоға айналдырылған түпнұсқасын көрдік. Жауапты маманның компьютерінде 3 файл дайындалып қойылыпты. Сол компьютерге мені отырғызды да, Қор басшысы қасымда тұрып үш файлдың бірінші тұрғанын ашып, бейнежазбаны толық көрсетті. Бұл экранда сарғыштау көрінетін (уақыты 8 минут 5 секунд, көлемі 1,4 Gb) сапасы ең төмендеу бейнежазба болатын. Осының өзінен Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше жерде анық көрінді. Қатты қуандық. Бейнежазба аяқталған бойда, ұяттау болса да, өз бетіммен екінші файлды ашып қалдым. Онда алғашында Съезге қатысы жоқ кадрлар көріне бастады. Әр жерінен жылжытып қарағанымда, орта тұсынан Съезд кадрлары көрінді. Сосын Съезд кадрларының басталатын жерін тауып, соңына дейін қарадық. Бұл алдыңғы нұсқамен бірдей, бірақ одан әлдеқайда анық екен (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Сосын үшіншісі файлды да өзім ашып, жылдамдатып әр жерінен ақтара бастадым. Бұл видеофайлдан да Съезд кадрлары табылды. Бұл бәрінен анық нұсқасы болатын (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Алдыңғы екі нұсқасында байқалмаған Ахмет Байтұрсынұлының бейнелері бұл нұсқада анық көрінді. Әр нені артықша сұрап, ыңғайсыз болмас үшін осымен тоқтадық та, осы бейнежазбаларды беруді сұрадық.

Сол күні бейнежазбаны бірден ала алмадық, Архивтің ішкі тәртібі бар екен, қазір көшіріп алу көп уақытты алмаса да, келесі күні берілетінін айтты. Содан соң суреттер каталогын  қарап, Ахмет Байтұрсынұлының суреттерін таппадық. Мұрағат қорында тек Съезд бейнежазбасынан скриншот жасалған суреттері ғана бар екен (4, 5-суреттер).

(4, 5-суреттер)

Ештеңе таппаған соң, Елден дайындап келген, осыдан үш-төрт жыл бұрын әзербайжандық сайттардан өз бетіммен тапқан (http://photoirs.musigi-dunya.az/elm/agazade_f.html) Ахмет Байтұрсынұлы суреттері мен Съезд суреттерін көрсетіп, мұның түпнұсқасын қайдан табуға болатынын сұрадым. Мұрағат қызметкерлері біраз іздестіре келіп, бізді, біз баруды жоспарламаған «Әзербайжан Республикасының Әдебиет және өнер мұрағатына» апарды. Сол мұрағаттан Сәмед Ағамалыұлы (Səməd Ağa Ağamalıoğlu), Бекир Чобанзаде (Bekir Çoban-zade), Фархад Ағзадә (Fərhad Rəhimğlu Ağazadə), Әли Низами (Əli Nəzmi), Әли Хұсейнзадә (Ali bey Huseynzade), Рухулла Ахундов (Ruhulla Ahundov), Хабиб Габиев (Həbib Cəbiyev) т.б. Әзербайжан қайраткерлерінің қорларында сақталған істерге тапсырыс бердік. Олар құжаттарды алдын ала дайындап қойған екен. Осы тұлғалардың ішінде Әзербайжанның ғылым қайраткері, латынграфикалы жаңа әзербайжан әліпбиінің теориялық мәселелерін дайындауға атсалысқан Фархад Ағзадәнің қорынан бұған дейін зерттеушілерге белгілі де және ең маңыздысы – бірнеше белгісіз түпнұсқа суреттер табылды (6, 7-суреттер). Бірақ бұлар да бейнежазбалармен қоса, келесі күні  ғана қолымызға берілетін болды. Осы олжамен іссапардың алғашқы күнін аяқтап, мұрағаттан қуанып шықтық.

(6, 7-суреттер)

Сол күні қонақүйге келген бойда Интернеттен мәліметтер іздеп, ескі киноқұрылғылар мен киноплёнкалардың тарихын, олардың жұмыс істеу механизмдерін зерделей бастадым. Орыс және ағылшынтілді деректерден бұл туралы біршама ақпараттарға қанықтым. Негізгі мақсатым 224 метр киноплёнка небәрі 8.05 минут болатын-болмайтынына көз жеткізу еді. Интернет ақпараттарынан плёнка қалай бейнежазбаға айналатыны, 1926 жылдары шамасында қандай киноқұрылғылар болғаны туралы біршама ақпараттар алдым.

Келесі күні мұрағатқа бейнежазбаларды алуға барғанда, осы ақпараттар туралы айтып, осындай құрылғылар бар-жоғын, фотоплёнканы түпнұсқадан көруге болатын-болмайтынын сұрадық. Бірақ мұрағат қызметкерлері ондай көне құрылғылар жоқ екенін айтты. Содан соң, киноплёнканы түпнұсқадан көрудің мүмкіндігі жоқ-ау деп түйдік те, жоспардағы келесі мұрағаттарға баруды ұйғардық. Бір күн күткен CD диск де қолымызға тиді. Алған құжаттарымыздың дұрыстығын тексеріп көргенімде, дискіге жазылғаны экранда сарғыштау көрінетін ең нашар бейнежазба нұсқасы екен. Бірден кеше өзіміз көрген өзге екі нұсқа жоқ екенін айтып едім, «бәрі бірдей емес пе» деді. Біз өзге екі  нұсқаның сапасы бұдан жақсы екенін айтып, соны да беруді өтіндік. Мұрағат қызметкерлері, олай болса, бүгінгідей тағы дайындап қойып, келесі күні берілетінін айтты.

Бейнежазба табылғаннан кейін, түс ауа, оның басқа нұсқасын және дыбыстық жазбасын да тауып қалармыз деген үмітпен әуелі Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұрағатына бардық, бірақ онда жоқ болып шықты. Дегенмен, архив қорынан осы Съездің шақырылуына негіз болған профессор А.Н. Самойловичтің 1924 жылы 21 мартта Ленинградта жасалған баяндамасы табылды. Бұдан өзге Әзербайжан Жаңа әліпби комитетінің құрылуына, олардың жұмысына қатысты бірнеше құжаттарға қол жеткіздік. Бұдан соң, тағы да сол дыбыстық жазбадан үміттеніп, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік дыбыстық жазбалар мұрағатына бардық, бірақ мекеме басшысы Съездің дыбыстық жазбасы жоқ екенін айтты. Сенбей тұрғандай болмас үшін бұл жауаптан соң архив каталогын өз бетімізбен қарап көру туралы өтініш айта алмай, мұрағаттан жылдам қайттық. Осымен бейнежазбаның басқа нұсқасы мен дыбыстық жазбасын табу туралы үмітіміз үзілгендей болды. Бір жағы жоқ екеніне нанғандай, көзіміз жеткендей болды. 23-тамыз осымен аяқталды.

24-тамыз түстен бұрын бейнежазбаның өзге екі нұсқасын алуға мұрағатқа келдік. Бірақ мұрағат қызметкерлері бір видеофайлда бірнеше бейнекадрлар біріктірілгендіктен және көлемі тым үлкен, 1-1,5 сағатқа созылатындықтан, дайындап қоя алмағанын, тіпті оны беруге болмайтынын айтты. Біз видеофайлдағы тек Съездің бейнекадрын ғана қиып беруін сұрадық. Біз үшін өте маңызды екенін сезінген болуы керек, бұл нұсқаларды да беруге келісті. Ақыры алғаш келген күні бейнежазба көрген кабинеттен бейнежазбаларды түгел алдық.

Біз сол күні күтпеген жерден видеоплёнканы түпнұсқадан көруге мүмкіндік алдық. Видеофайлдың керек жерін қиып берген маманға деректерін алдын ала дайындап алған ХХ ғасыр басындағы ескі киноқұрылғыларды YouTube арқылы көрсеткенімде, мұндай ескі аппараттар жоқ екенін, бірақ видеоплёнканы көретін басқа құрылғы бар екенін айтты және бізге оны көрсетті. Алғаш келген күні бұл маман жоқ еді, еңбек демалысынан келмеген. Ол біздің осы құрылғы арқылы көруге қатты ынталы екенімізді байқаған болуы керек, видеоплёнканы бірден көрсете алатынын айтты. Осылайша көне киноплёнканы түпнұсқадан екі түрлі видеоқұрылғы арқылы көрдік (8, 9-суреттер). Осы маманнан білдік, сөйтсек сол кездегі киноплёнкаға 1 секундта 24 кадр түсірілген екен. Содан кейін ғана видеоплёнканың ұзындығы 224 метр болса да, оның небәрі 8 минуттық екеніне, толығымен видеофайлға айналдырылғанына көз жеткіздік, көңілдегі бір күмән түйіншек тарқағандай болды.

(8, 9-суреттер)

Бейнежазбаның 3 нұсқасын толық алғаннан кейін жайғасқан қонақүйде бейнежазбаны сан рет қайталап көрумен болдық. Өйткені бейнежазбалар біршама анықтау болғандықтан, қандай да маңызды деректі жіберіп алмау үшін ондағы әр нәрсеге назар аудару қажет еді. Әсіресе Съезд қатысушыларының түр-тұлғасы, онда қолданылған техникалар маңызды. Қазірше Съезге қатысқан 70-қе жуық адамның түрлі деректері мен өмірбаянын, 30-дан астам аса ірі тұлғалардың бейнежазбадағы түр-тұлғасын анықтап отырмыз. Бұған қоса, ең маңыздысы, Съезд 3 жерден кинокадрға түсірілген. Бізге белгілісі тек осының біреуі ғана, қолымыздағы жәдігер. Ал оның қалған екеуі президиумның қақ алдынан, өте жақыннан түсірілген. Демек, қалған екі нұсқадағы бейнежазбалар өте анық та қанық болуы сөзсіз.  Мұны табу, Ахмет Байтұрсынұлы мен басқа да Алаш арыстарының айқын бейнелерімен қауышу  –  алдағы үлкен міндеттердің бірі.

Мұны біз Съезд бейнежазбасын үңіле зерделеп, түрлі-түрлі техникалық құрылғыларды байқағаннан кейін айтып отырмыз.  Кинохроника түсіру барысында жарықтандыру аппараттарының екі қабырғада орналасқаны және оларда суретке түсіру кезінде көтеріп жүргені байқалады. Сондай-ақ залдың сол жақ алдыңғы жағында екі белгісіз құрылғы тұр. Мұның кішкене сандық тәрізді біреуін бір адам камерасына қарап оң қолымен айналдырып тұр. екіншісі штативтің үстіне қойылған (10, 11-суреттер).

(10, 11-суреттер. Кинохрониканы түсіруге пайдаланылған техникалық құрылғылар)

Бұлардың фотоаппарат немесе кинокамералар екендігін анықтау үшін тағы да Интернетке жүгіндік. Мұндай алғашқы құрылғыларды 1884 жылы Пол Нипков жасаған көрінеді (12, 13-суреттер). Дәйекті суреттерді көрсететін механикалық құрылғы айналмалы дискіден, жарық көзінен және кескін жазылған пленкадан құралған.

(12, 13-суреттер)

Трибунада және президиумның ортасында екі жерде белгісіз дөңгелек құрылғы қойылған. Мұны алғашында біз бүгінгі көзқараспен диктофон болса екен деп үміттендік. Егер олай болса, Ахмет Байтұрсынұлының «тірі» дауысын да табамыз ба деген нәзәк үміт еді... Кейін түрлі дереккөздерден іздестіргенімізде, бұл құрылғының америкалық өнертапқыш Эмиль Берлинер 25 жасында, 1887 жылдар шамасында патенттеген көміртекті микрофоны екендігі белгілі болды (14, 15-суреттер). Бұның жұмыс істеу механизмін ол ұзақ жылдар бойы жетілдіріп отырған екен.

(14, 15-суреттер)

Диктофонның бірден пайда бола салмай, оның алғашында  фоноавтограф, палефон, фонограф, граммафон, патефон түрінде пайда болғанын білдік (16, 17, 18, 19-суреттер). Бұл құрылғылардың көлемі тым үлкен, дыбыс жазу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ғасыр басында көпшілік қатысқан шараларда қолданылмаса керек. Ал диктофон атауының өзі 1907 жылы алғаш тіркелген екен.

Осылайша 1926 жылы Бакуде өткен Түркітанушылардың І съезінде кинохроника түсірілгенімен, оның дыбыстық жазбасы болмаған деген болжамға келуге мәжбүр болдық. Есесіне Съезд жұмысы стенографияға тиянақты түсірілген, оны жылдам жазатын арнайы мамандар хаттап отырған. Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі көрінетін суреттің бірінде (18-сурет), президиумның алдындағы столда екі адамның қарама-қарсы отырып жазу машинкасын басып отырғаны анық көрінеді. Біздіңше,  бұлар – стенографтар. Алдағы уақытта олардың қолынан өткен жазбалар да іздестірілгені жөн.

(18, 19-суреттер)

Сонымен, көзайым болған бейнежазба бізге көптеген мәселелерді анықтауға жол ашып отыр. Бұл бейнебаянды тереңдеп зерттеу барысында әлі көптеген тың деректерге ұшырасарымызға күмән жоқ. Мәселенің техникалық жағы, бейнежазбаның табылу жайы осымен тәмамдалады.

Бұл тарихи бейнесуреттер біз үшін несімен құнды? Әрине, Алаштың рухани көсемінің Бакуге, Бүкілодақтық І түркологиялық съезге барғаны, онда әлденеше рет сөз сөйлеп, маңызды баяндама жасағаны сол жылдары ұлы жиынның стенографиялық есебі толық басылып шыққан ғылыми кітаптан белгілі. Әйтсе де ол ғылыми жазба-есептен біз ардақты ұстаз, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынұлына қандай құрмет көрсетілгенін нақты айқындай алмаушы едік. Көзі тірісінде «Қазақ жазуының атасы» атанған, әлемдік дәрежедегі лингвист ғалымдар бірауыздан ол түзген қазақ әліпбиін «Байтурсыновский алфавит» деп өз зерттеулері мен сол заманның энциклопедияларында айшықтаған қайраткердің түркітанушы ғалымдар алдындағы мәртебесі мен абыройының ерекше асқақ екен осы бейнебаян қолға ұстатып тұр.

Съезге ресми түрде жалпы 131 адам қатысса да, басталған алғашқы күнінде төралқаға, президиумға 22 адам дауыс беру арқылы сайланады. Мәртебелі алқа мүшелері «Исмаилия» сарайының (оның өзінің қызықты тарихы бар) сахнасына сыймай, екі қатарға отырғызылады. Біздің көкірек кере мақтанатымыз – Ахмет Байтұрсынұлы аты-жөндері күллі әлемге мәшһүр, түркі жұртындағы ең беделді қайраткерлермен, ғұлама ғалымдармен, өз елінің мәдени-рухани дамуы мен ұлт азаттық күресі жолындағы өшпес орны бар ірі тұлғалармен бірге ең көрнекті орыннан, төрдің өрінен табылады. Бұл ұлттың ұлы ұстазы, көшбасшы ғалым Ахмет Байтұрсынұлына, ол түрлеген қазақ әдеби тіл мен жазуға, ұлттық әліпбиге көрсетілген құрмет болатын.

(20, 21-суреттер. Ахмет Байтұрсынұлы президиумда)

Біздің қолымыздағы бейнежазбада Ахмет Байтұрсынұлы 7 рет, жеті қырынан көрінеді.  Бірде баяндамашыны ерекше зейін қойып, мұқият тыңдап отырса (20-сурет),  келесі көріністе шешеннің сөзін қостап, ризалықпен қолын шапалақтайды (21-сурет). Енді бірде үзіліс сәтінде қаумалаған көпке өз пікірін дәлелдеп,  кеңес құрып тұрғанын көруге болады (22-сурет). Бұл топтың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының әңгімесін зейін қоя  тыңдап тұрған Елдос Омарұлы, Нәзір Төреқұлов, Әміре Қашаубаев сынды Алаш арыстарының бейнесі анық таңбаланған.

(22-сурет. Ахмет Байтұрсынұлы шәкірттерімен бірге: 1 – Ахмет Байтұрсынұлы, 2 – Елдес Омарұлы, 3 – Нәзір Төреқұлов, 4 – Әміре Қашаубаев)

Тарихи мәні зор Съездің кинохроникасы мен қолда бар оншақты түпнұсқа фотосуреттер әлі де нақтыланып, талай ізденістерге тамызық болмақ. Алдағы уақытта әлі талай түпнұсқа суреттер табыларына күмәніміз жоқ. Олардың негативтерін де, фотонұсқаларын да іздестіруді жалғастыруымыз қажет. Өйткені 1926 жылғы өткен съезд өзінің саяси маңызы жағынан да, оған қатысқан делегаттардың құрамы жағынан да, түркі халықтарының ірі қайраткерлерінің (олардың баршасы кейінгі сталиндік «Үлкен террордың» құрбаны болды) басқосуы тұрғысынан да бірегей ұлы жиын болды. Оны қаны бір, тілі ортақ түркі жұртының тұңғыш Құрылтайы дегеніміз орынды болмақ. Сол себепті бұл тарихи бейнесуреттер тек Алаш арыстарының ғана емес, туысқан өзбек, қырғыз, саха қайраткерлері мен ғалымдарының да бейнесін таңбалап, түсін түстеуге нақты дерек көзі болып отыр. Ал олар туралы тарқата айту келесі бір келелі әңгіменің еншісі.

Сөз соңында тарихи мәні зор Съездің құнды бейнежазбасына қол жеткізуге көмек көрсеткен Әзербайжан Республикасының мұрағат қызметкерлеріне, әсіресе ӘР Ұлттық архив басқармасының директор Расулов Аскер мырзаға, бізге жолбасшы болған Гүнел ханымға зор алғыс айтамыз. Түркі жұрты тұтас болып, ғылыми, рухани, мәдени, саяси бірлігінен ажырамасын тілейміз.

PhD Ермұхамет Маралбек,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары

Abai.kz

5 пікір